Гүлмира Сұлтанбекованың жеке көрмесі ашылды

15.09.2016 3418
"Астана" Ұлттық сурет галереясы

 "Астана" Ұлттық сурет галереясында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақстандық суретші әрі дизайнер Гүлмира Сұлтанбекованың "Жан иірімдері" атты жеке көрмесі ашылды. 

Көрмеге ұлттық нақышта жасалған «Тереңдік тынысы» және «Күлгін түстер» атты графикалық жұмыстардың сериясы қойылады. Сондай-ақ экспозицияда суретші декорациялаған (матадағы өрнек) киімдер топтамасы ұсынылады. Көрмеде суретші түсті графикада матамен үйлестіре жасалған сан алуан жұмыстарын көрсетті.

Гүлмираның ұзтасдарының айтуы бойынша, галереялар мен сурет мектептерінде алған балалармен жұмыстың үлкен тәжірибесі, мұғалімдік қызметі суретшіге түстерге деген жақсы талғам қалыптастырып, кәсіби шеберлігін арттырған. Оның жұмыстары әрқашан алуан түрлі. Мұнымен ол көптеген өнер сүйер қауымның назарын аударады.

 

Гүлмира  Сұлтанбекова ҚР дизайнерлер одағының мүшесі. Ол Халықаралық және республикалық фестивальдер мен көрмелердің қатысушысы.

Ол Қарағанды облысында дүниеге келген. 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Киім дизайны» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы оқуын Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Сценография» мамандығының магистратурасында білімін жетілдірді.

Гүлмира  Сұлтанбекова, суретші, дизайнер:

— Бұл көрмені мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнадым. Әдетте, біз, өнер адамдары жасаған дүниемізді көрсетуге ұяламыз. Алайда бүгін "Астана" Ұлттық сурет галереясы берген мүмкіндікті пайдаланып, жеке көрмемді ұямдастырып отырмын. Бұл көрме менің өнер жолымның тек басы ғана деп білемін. Болашақта жұмыстарым мұнан да қызық әрі ерекше болатынына сенімдімін.

Көрменің «Жан иірімдері» деген атауының себебі — автор матаның пластикасы мен түстердің гармониясы арқылы өз жанының иірімдерін көрсеткен.

Көрменің ашылу салтанатынан кейін суретші шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік дәрісін өткізді.

"Астана" Ұлттық сурет галереясында өтіп жатқан көрме 2016 жылғы 20 қыркүйекке дейін жалғасады!


Алмас САУДАНБАЙ

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар