Қандастар Ассамблея

«Гүлдене бер, менің Қазақстаным!»

03.06.2016 7249
Астанада алғашқы гүл фестивалі басталды

Бүгін елордада «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты гүлдер фестивалі басталды.

«Қазақстан» спорт сарайының жанындағы Студенттік паркте алғаш рет  ұйымдастырылған шара барысында гүлдердің 32 мыңнан астам түрі көпшілік назарына ұсынылды. Олардың ішінде шырайгүл, лобелия, алиссум, цинерария, дельфиниум және тағы басқа гүлдер бар.

«АстанаКөгалдандыру» Басқарма төрағасы Әділхан Әбілдинов шара басталмас бұрын гүлдер фестивалін өткізудегі басты мақсат «гүл өсіру дәстүрін жаңғырту, мәдени кеңістік мүмкіндіктерін кеңейту, елорда тұрғындары мен қонақтарын қаланың экологиялық дамуына тарту» екенін түсіндірген-ді.

Ұйымдастырушылар  фестиваль қонақтарына қызықты бағдарлама әзірлеген. Мәселен, «Гүлден сабын жасау» шеберлік сабағына қатысқан ересектер мен балалар өз қолымен хош иісті сабындар мен балауыздар жасауды үйренді. Сондай-ақ, мерекеде бір жылдық гүлдер отырғызу бойынша шеберлік дәрістері өтті. Қонақтар фестивальдегі гүл базарынан жергілікті және отандық өндірушілердің өнімдерін, түрлі ағаштар мен бұталарды сатып алды.

Айта кетейік, шара сенбі-жексенбі күндері (4-5 маусым) де жалғасады. Сағат 10-00 – 13-00 аралығында фестиваль өз қонақтарын күтеді.

Тынысбек Арашапов, Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

–       «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» фестивалі биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Бүгін мынау студенттік саябаққа 100 мыңнан астам гүл отырғызылды. Бір алаңқайдың жасанды газон шөбін алып тастап, ол жерде еуропалық зона ұйымдастырдық. Бұл саябақ жаз бойы осылай гүлмен көмкеріліп тұрады. Оларды күтіп-баптау мәселесін қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін «АстанаКөгалдандыру» мекемесі өз мойнына алды.

Фестивальдің ашылуында гүлзарлардың көпшілігін балалар өздері отырғызды. Алдағы уақытта да балабақша тәрбиеленушілеріне өсімдіктерге қалай күтім жасау керектігін үйретеміз. Мұның бәрі де – тәрбиелік мақсатта ұйымдастырылған жұмыстар.

Болашақта фестивальді дәстүрлі шараға айналдырғымыз келеді. Биыл мұны тек бір саябақта ғана өткізіп отырмыз. Шамамыз жетсе, келесі жылдан бастап, фестивальді елорданың бірнеше көрікті жерінде өткізсек деген ниетіміз бар.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар