Қандастар Ассамблея

Футболдан Ұлттық студенттер лигасының жеңімпазы – Н.Гумилев атындағы ЕҰУ командасы!

05.12.2014 2957
Футболдан Ұлттық студенттер лигасының жеңімпазы – Н.Гумилев атындағы ЕҰУ командасы!

Ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Красножанның айтуынша қазақстандық студенттердің оқу-білімнен бөлек футболға деген махаббаты да ерекше.

Бүгінге дейін қазақстандық студенттер футбол бәсекесінде өзара кездесіп жүрді. Бірақ, олардың арнайы турнирі болмағандықтан студенттер арасындағы үздік футбол командасын анықтау қиын еді. Ресми түрде тек республикалық универсиадаларда ғана кездесіп жүрді. Ендігі ретте қазақстандық студенттердің футболдан өз лигасы бар, ол – Ұлттық студенттер лигасы деп аталады. 2014 жылдың 24 маусымында ҚР Футбол федерациясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы меморандумға сәйкес биыл бірінші маусымын бастап отыр.

Ұлттық студенттер лигасы бұдан былай жыл сайын өтетін болады. Оған 10 мыңға жуық студенттер атсалысады. Ол үшін әр университеттің өз ішінде іріктеу турнирлері өтіп, құрамасы жасақталады. Содан кейін республикалық турнирге қатысуға өтініш жасайды.

Биылғы маусымда Алматы мен Астана қалаларында дәл осындай іріктеу турнирлері өтіп, командалар жасақталды. 

Биыл ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай "Астана-Аренада" ең үздік командалар доп тепті. Финалға үздіктердің үздігі шықты. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ командасы финалға шығып, ақтық бәсекеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасын 3-0 есебімен жеңді. Аренаға 7 мыңға жуық жанкүйер жиналып, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртас көңілді әншашуын ұсынды. 

Алматылық команданың бірі финалда ұтылса, бірі қола жүлде үшін кездесуде басым түсті. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің командасы үшінші орын үшін кездесуде астаналық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің командасын 3-2 жеңді.

Естеріңізге сала кетейік, жарыс жеңімпазы (Н.Гумилев атындағы ЕҰУ командасы) осы жеңісі арқылы УЕФА чемпиондар лигасының финалдық бәсекесін тамашалау (2015 жыл, 6 маусым, Берлин қаласы) бақытына ие болды. Күміс жүлдегерлер (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы) УЕФА Еуропа лигасының финалын тамашалайды (2015 жыл, 27 мамыр, Варшава). Ал, қола жүлдегерлер (Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің командасы) УЕФА суперкубогы кездесуіне жолдама алды (2015 жыл, 12 тамыз, Тбилиси).

ҚР Футбол федерациясының вице-президенті Сейділда Байшақов:

ҚР Футбол федерациясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы меморандумға сәйкес өтіп жатқан бұл турнир өз нәтижесін берді. Біріншіден, Елбасының Жолдауда айтқан салауатты өмір салтын насихаттау, екіншіден студенттер лигасы әуесқой футболшыларымыздың әуселесін көрсетті, арасында деңгейі жоғары орындаушылар бар екеніне көз жеткіздік, – дейді.

Әзірлеген – Досжан Мейірбек. 

Ұқсас материалдар