Қандастар Ассамблея

Футбол. Қазақстан һәм Исландия

27.03.2015 2351
28 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу аясында Астанада Исландия құрамасымен кездеседі.

28 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу аясында Астанада Исландия құрамасымен кездеседі.  

Қазіргі кезде Исландия құрамасы 4 матчта 9 ұпай жинап, А тобында екінші орында келеді. Ал Юрий Красножан шәкірттері әзірге жалқы ұпаймен соңғы сатыға орналасқан. Соңғы кездері керемет көрсеткіштерімен таңқалдырып жүрген Исландия футболы туралы біз не білеміз? Бүгінгі әңгіме сол туралы болмақ.

Исландия – Еуропа мен Солтүстік Американың арасындағы Атланта мұхитының аралында орналасқан мемлекет. 1944 жылы Даниядан бөлініп шыққан. Астанасы – Рейкьявик. Халық саны – 321857 адам.

Исландияның халық саны біздің Павлодар қаласының тұрғындарымен шамалас. Соған қарамастан соңғы жылдары бұл елде футболмен айналысатындардың саны артып келеді. Ұлттық құрамасының көрсетіп жүрген нәтижесі де жаман емес. Бразилияда өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз тобында екінші орын алған болатын. Тек қосымша матчта Модрич бастаған Хорватиядан ұтылып, төрт жылдықтың басты додасына қатыса алмай қалды. Сол тарихи ойынды Исландия халқының 90-95 пайызы тамашалаған көрінеді. Әрине, бұл көрсеткішке теледидар арқылык көргендерде кіреді. Бірақ 17 миллион халқы бар Қазақстан 30 мың стадионды толтыра алмай жүргенде, 300 мың тұрғынның түгелі футбол көрген Исландияға қалай қызықсаңызда өз еркіңізде. Осындай жанкүйері бар команданың жеңілуге қақысы жоқ қой. Бәлкім бізге де осы жетіспейтін шығар?

Өткен жылдың қазан айында ФИФА-ның ай сайын жариялайтын рейтигінде Исландия 28-ші орынға дейін көтерілді. Мұндай өрлеудің себебі Лагербек шәкірттерінің әлемнің үздік құрамаларының бірі Голландия мен кез келген қарсыласпен қорықпай ойнайтын Түркияны және Латвияны ұтуы себеп болды. Ал қазір 35-ші орында тұр.

Ең қымбат футболшы

Біз футболды дамыту туралы көп айтамыз ғой. Исландия 2011 жылдан бері ФИФА рейтингісінде 78 сатыға көтерілген. Мұндай өсу әлемдік футболда үлкен жетістік болып саналады.

Біздің құрамадағы барлық футболшылардың бағасын қосқанда, 10 миллионға жетпесе, , Исландияның көшбасшысы Гильви Сигюрдссонның өзі 11 миллион еуро тұрады.

Исландияға қарсы кездесуде жанкүйерлер Александр Меркель алаңға шығатын шығар деп күткен еді. Бірақ жұлдызды футболшымыздың дебюті кейінге қалып отыр. Қазақстан құрамасында өкінішке қарай, Меркель мен Константин Энгельден басқа Еуропада доп тебетін ешкім жоқ. Олардың өзі қосалқы құрамда отыратын ойыншылар. Ал Исландияның елуге жуық футболшысы кәріқұрлықтың беделді клубтарында өнер көрсетіп жүр. Кезінде ПСВ, «Барселона», «Челси» клубтарында ойнаған Эйдур Гудьонсен құрамаға қайта оралды. Одан бөлек «Аякс», «АЗ Алкмаар», ПСВ «Чарльтон», «Суонси», «Кардифф», «Брондбю», «Копенгаген», «Орхус», «Верон», «Чезена», «Гетеборг», АИК, «Русенборг», «Викинг» «Волеренг», «Реал Сосьедад» командаларында өнер көрсетіп жүрген футболшылары бар.

Жоғарыда айтқан Эйдур Гудьонсен құрама тарихындағы ең атақты футболшы болғанымен, оның жұлдызды шағы артта қалды. Сондықтан Исландия жанкүйерлері 36 жастағы ардагерге қарағанда, Англияның «Суонси» командасында өнер көрсететін 25 жастағы Гюльфи Сигурдссоннан көбірек үміт күтеді. Бұл футболшы Ағылшын біріншілігінде биылғы маусымда 5 гол соғып және әріптестеріне 9 нәтижелі пас беріп үлгерді. Ал Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде 4 голдың авторы атанды. Әсіресе, Голландия қақпасына дубль орындағаны футбол жанкүйерлерінің ерекше есінде қалды.

Шабуыл

Исландияның шабуыл шебіндегі басты үміт – Колбейн Сикторссон. Голландияның «Аякс» командасында ойнайтын футболшы 2010 жылдан бері құрама сапында 27 ойын өткізіп, 16 гол соққан. Сондай-ақ «Реал Сосьедад» сапында өнер көрсететін Альфред Финбогассон мен Мәскеудің «Торпедосының» шабуылшысы Арнор Смаросон бар. Әрине оларды паспен қамтамасыз ететін керек кезде өзі де алыстан соққы бағыттаудың шебері Гюльфи Сигурдссон екені түсінікті шығар.

Қорғаныс шебі

Исландияда тек шабуылшылар ғана емес, қорғаныста да тәуір ойнайтын футболшылар жетерлік. Мысалы, осы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу матчтарында Рагнар Сигурдссон ерекше әсер қалдырды. Ресейдің «Краснодар» командасында ойнайтын 28 жастағы қорғаушының бойы соншалықта ұзында емес (187). Бірақ соған қарамастан әуедегі допқа жақсы таласады. Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген Ровин ван Перси, Бурак Йылмаз секілді шабуылшылар Рагнардан өте алмай қойған еді. 
Одан бөлек артқы шепте ойнайтындардан Биркир Сьяварссон («Бранн»), Кари Арнасон («Ротерем Юнайтед»), Ари Скуласон («Оденсе») секілді тәжірибелі ойыншылар бар.

Бапкер

Құраманы 2012 жылдан бері тәжірибелі 66 жастағы швед бапкері Ларс Лагербек жаттықтырады. Бұл маман бұған дейін Швеция құрамасын үш Еуропа чемпионатына (2000, 2004,2008 жылдары) және екі әлем біріншілігіне (2002, 2006 жылдары) бастап барған болатын.

Лагербек Исландияның тізгінін ұстаған кезде, оған күле қарағандар болған еді. Бірақ ол өзінің мықты маман екенін өткен іріктеу кезеңінде көрсете білді. Әлем чемпионатының електік додасында Словения, Норвегия, Албания, Кипрды артқа қалдырды. Алайда әлем чемпионатына қатысуға аздаған сәттілік жетіспеді. Сол армандарын енді жүзеге асыруға керемет мүмкіндіктері бар. Құрлық біріншілігіне қатысуға әр топтан 3 команданың үміті бар екенін ескерсек, Исландияның әзірге алғашқы қадамдары жаман емес.
Құрама командалармен жұмыс істеудің шебері Ларс Лагербек тактика мен футболшыларды психологиялық тұрғыдан дайындай білудің маманы.

Намыс...
Исландия футболшылары патриот келеді. Әнұранды беріліп айтады. Қай матчта болмасын соңғы секундқа дейін ойнайды. Барлығы бір үйдің баласындай. Намысқа тырысып ойнаудың шеберлері.

Инфрақұрылым

Исландияның ауа-райы Қазақстанға ұқсас. Қазаннан мамырға дейін далада доп тебу қиынның қиыны. Сондықтан Исландия футбол федерациясы 2000 жылдары жабық манеж салуды қолға алды. Қазіргі кезде қыста да доп тебуге барлық мүмкіндік жасалған. 15 жылдың ішінде өте үлкен өзгеріс орын алды. Бүгінгі таңда елде 17 жасанды алаң, 7 жабық кешенді стадион, 130 арнайы спорт залдар бар. Ол жерде футзалшыларда өнер көрсете алады.

Сол 2000 жылдары футболға енді-енді қадам басқан Гильви Сигюрдссонның замандастары бүгінде құрамасын өрге сүйреп жүр. Демек, инфрақұрлым жақсарған кезде нәтиженің өзі-ақ келетінің тағы бір дәлелі осы болса керек.

Қазақстан – Исландия

Қазақстан мен Исландияның ұлттық құрамалары бұған дейін кездесіп көрген емес. Есесіне, 2009 жылы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» мен «Хабнарфьордюр» командаларының жолдары түйісті. Самат Смақов бастаған жігіттер сырт алаңда 4 гол соқса, Ақтөбеде 2:0 есебімен жеңген еді. Одан кейін Еуропа чемпионатының електік додасы аясында жастар құрамасы өзара жолықты. Сырт алаңда өткен алғашқы кездесуде қарсыластың жолы болса, былтыр көктемде Астанадағы матчта жерлестеріміздің бағы жанды. Саулюс Ширмиялис шәкірттері 3:2 есебімен ұтқан болатын. Жеңіс голын жартылай қорғаушы Исламбек Қуат соқты. Сол жеңісті жолды енді ұлттық құрамамыз жалғыстырса деген ниетіміз бар.

Екі құраманың ең қымбат 5 футболшысы:

Қазақстан

Бауыржан Исламхан – 600 мың еуро
Дмитрий Шомко– 600 мың еуро
Константин Энгель – 450 мың еуро
Ермек Куантаев – 400 мың еуро
Аслан Дарабаев – 400 мың еуро

Исландия

Гильви Тоур Сигюрдссон – 11 млн еуро
Альфред Финнбогасон – 5 млн еуро
Кольбейдн Сигторссон – 4 млн 500 мың еуро
Рагнар Сигюрдссон – 4 млн еуро
Арон Эйнар Гюннарссон – 3 млн еуро


Әзірлеген: Бек Төлеуов

Ұқсас материалдар