Қандастар Ассамблея

Флешмоб: Жас домбырашылар астаналықтарға тосын сый жасады

15.04.2015 5982
Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Керуен» сауда ойын-сауық орталығына келушілерге тосын сый жасады.

Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Керуен» сауда ойын-сауық орталығына келушілерге тосын сый жасады. Қолдарына домбыра ұстаған оқушылар бір-бірден сауда орталығының үшінші қабатындағы алаңға жиналып, күй тарта бастады. Бірер минуттан соң бес-алты домбырашының саны отызға жетті. Келушілер аң-таң. Күй атасы Құрманғазының «Сарыарқасымен» басталған күй шашу Адай, Балбырауын, Дәулеткерейдің «Кероғлы», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» деген күйлерімен жалғасын тапты.

«Елім деп соғады жүрегім» атты патриоттық флешмобты ұйымдастырушы «Болашақ» қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, шараның басты мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптеу арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту.

Акция кешенге келушілер үшін күтпеген оқиға болды. Көпшілігі музыканттарға қарап, өздерінің таңданыстарын жасырмады, әсіресе жас бүлдіршіндер қуаныштан күй ырғағымен билеп, мәз-мейрам болды.

Айтолқын Тоқтаған, Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі домбыра, жетіген үйірмелерінің жетекшісі:

Біздің мектебімізде өнерге жақын, дарынды балалар бар. Оқушылардың біразы ұлттық аспаптарға ерекше қызығушылық танытатын болғандықтан, мектеп ішінде «Жігер» домбырашылар ансамблі құрылған болатын. Бүгін міне сол ансамбль толық құрамда өз өнерлерін ортаға салды. Жақында ансамбль Италияда өткен Халықаралық музыка фестиваліне қатысып, бірінші орын алды. Біздің жастарымызды қолдайтын бүгінгі шаралар көбейе берсін. Шараны ұйымдастырушы «Болашақ» қауымдастығына алғыс айтқым келеді.

Абуталиф Ақылбеков, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы:

Домбыра тарту менің бала кезден келе жатқан хоббиім. Кішкентайымда досымның анасы домбырадан сабақ беретін, сол кезден бастап қазақтың әсем күйлеріне қызығушылық пайда болды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді ғой, сондықтан сабақтан қолым босаған кезде домбыраға барып, ата-баба мұрасын кейінге өнеге қылсам деймін. Бірақ, жоғарыда айтып кеткендей, ол тек менің хоббиім, алдағы уақытта техникалық мамандықтың иесі болуды жоспарлап жатырмын.

«Болашақ» қауымдастығы  дәстүрлі қазақи құндылықтарды, оның ішінде мемлекеттік тілді дамытуға айтарлықтау көңіл аударып келеді. 2011 жылдан бастап Қауымдастық танымал голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жобасын жүзеге асыра бастады. Осы 5 жыл ішінде 10 фильм аударылып, балалар шетелдік мультфильмдерді қазақ тілінде көруге мүмкіндік алды.


Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА

Суреттер авторы - Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар