«Фатима» деректі фильмі жарыққа шықты

20.10.2016 2779
Қазақ киносы

Таяуда Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген «Фатима» толықметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

 Бұл деректі фильм қазақтың үш ұлы тұлғасы — ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров және жазушы Мұхтар Әуезовтің музасы және өмірлік серігі бола білген Фатима Ғабитованың (1903-1968) күнделігі мен хаттарының негізінде жасалған.

Фатима Ғабитова өзінің күнделігін 1916 жылдан бастап жүргізген. Күнделікте өзінің ойлары және мәдениет қайраткерлерімен жазысқан хаттары арқылы жиырмасыншы ғасырда орын алған елеулі оқиғалар – 1916 жылғы көтеріліс, төңкеріс, азаматтық соғыс, Қазақстандағы сауатсыздықты жою науқаны, қазақ әдебиетінің дамуы, шығармашыл зиялылылар қауымының қалыптасуы, 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін,  1940 жылдардағы «жылымық» көрініс тапқан.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті және фильм идеясының авторы Бақыт Қайырбеков фильмнің тұсаукесерінде:

– Фатима Ғабитова туралы 2010 жылы маған оның І.Жансүгіровпен жазысқан хаттарын аударуды ұсынған кезде білдім. Жазғандарын оқи отырып оның рухы биік, жігерлі әйел екенін аңғардым. Бір қызығы,  «Фатима» атты кітаптан оның жазғандарының жарыққа шығуына көмектескен менің әкем – Қазақстанның танымал ақыны Ғафу Қайырбеков екенін білдім. Фильм көрермендерді Фатима Ғабитованың тауқыметке толы тағдырымен таныстырады. Көрермендердің айтқандары орынды, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары шығып жатқан бұндай фильмдерді республикалық телеарналардан көрсету керек. Өскелең ұрпақ өз халқының тарихын тек оқулықтардан емес, сонымен қатар, осындай фильмдер арқылы да танығаны дұрыс, – деді.

Ал, Фатима және Ілияс Жансүгіровтің немересі Жанар Жандосова әжесінің өз бойында терең білім мен мәдениетті ұштастырған әйел болғанын баяндады.

 Фильм туралы ақпарат:

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Фильм идеясының авторы: Бақыт Қайырбеков

Режиссері: Алексей Каменский

Операторы: Александр Вертяков

Композиторы: Артур Оренбургский


 Суреттер "Азаттық" сайтынан алынды

                     Дереккөз: "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі



Ұқсас материалдар