Қандастар Ассамблея

Facebook компаниясының «М» виртуалды көмекшіcі қалай жұмыс істейді?

27.10.2015 2305
Google әлеуметтік желі әлеміне (Google +) енсе, Facebook пайдаланушыға қажетті ақпаратты табу мен оған қызмет көрсету міндетін (Facebook M) атқаруға кірісті.

Google сіздің достарыңыздың кім екенін, кіммен сөйлесетініңізді (чат арқылы), кімнің жаңалықтары сіз үшін маңызды екенін біле бермейді. Дәл солай Facebook те сіздің поштаңызда не бар екенін, сіздің нені іздейтініңізді (интернеттегі іздеу қызметі арқылы), Android телефоныңызда не болып жатқанын білмейді. Мүмкіншілігі өте көп екі алпауыт компания жеке адамға қызмет көрсету бойынша бір-бірінен осылайша қатты ерекшеленеді. Дәл осы қалпында бұлардың арасында үлкен бәсекелестік бар деп айтуға да болмайды.

Шекаралардың жойылуы

Алайда соңғы жылдары аталмыш екі ұжым бәсекелесудің жаңа кезеңіне өткендей. 

Facebook  әлеуметтік желісіне тікелей бәсекелес болуға тиісті Google + 2012 жылы іске қосылып, осы күнге дейін көзделген мақсатқа жете алмай келеді. Белсенді пайдаланушылар үйреншікті әлеуметтік желілерді тастап Google + желісіне өте қойған жоқ.

Ал Google Now cервисіне бәсекелес болуды көздейтін Facebook M жобасы енді ғана іске қосылуда, сол себепті оның болашақтағы рөліне баға беру қиын, бірақ қалай жұмыс істейтінін білуге болады.

Үстіміздегі жылдың 26 тамызында Facebook компаниясы өзінің «М» аттты виртуалды көмекшісінің жарық көргені туралы хабарлаған болатын. Жаңа жоба Facebook Messenger мессенджерінің ішінде жұмыс істейтін болды. Көмекшінің атауы осыған байланысты болуы да мүмкін. Әзірге М мүмкіндіктері Силикон алқабымен шектелуде. Толыққанды іске қосылуы қашан жүзеге асатыны әлі белгісіз.

Facebook M виртуалды көмекшісінің ерекшеліктері

Siri, Google Now және Cortana ассистенттеріне қарағанда, М виртуалды көмекшісі бұйрықты дауыс арқылы емес, жазба мәтінмен алады. Пайдаланушы Facebook Messenger мессенджерінде виртуалды көмекшіге қарапайым адам тілінде бұйымтайын жаза алады. Егер бірден жауап беру мүмкін болмаса, қажетті ақпаратты мейлінше дәлдікпен табу үшін М   қосымша сұрақтар қоюы мүмкін.  

Бүгінде сервис рейтингі жоғары ресторандарды тауып, алдына ала тапсырыс беріп, кино билеттерін сатып ала алады, сыйлықты таңдауға және тапсырыс беруге көмектеседі. Қажет болған жағдайда М ұшаққа билет алып, Uber көмегімен әуежайға көлік шақырып, сапарыңызды жоспарлай алады.

Жасанды интелектті үйрету үшін Facebook «жаттықтырушылар» (қарапайым адамдар) тобын жинады. Олар М көмекшісінің дамуына көмектеседі. Сондай-ақ, жаттықтырушылар сервистің жұмысын бақылап, нәтиже дұрыс болмаған жағдайда оған түзетулер енгізіп отырады.

Жаңа мүмкіндіктер

Қазіргі таңда M командасы сервистің әрекеті жаттанды және қарабайыр болып қалмау үшін көптеген талпыныстар жасауда. Мысалы, тестілеуді жүргізіп отырған адам М көмекшісіне досының туған күніне орай мерекелік кешкі асты ұйымдастыруды тапсырады. Сервис ресторанға тапсырыс беріп, такси шақырып, кештің соңында күтпеген жерден туған күн қонақтарына сыйлық жасады.

Дәл осылай М көмекшісі сіздің ініңізге сыйлық таңдап бере алады. Ол үшін бар болғаны оның жасын, жұмсалуы тиіс максималды қаражатты және сыйлықтың санатын (киім, ойыншық және т.б.) көрсетсеңіз болғаны. Сондай-ақ, сервис демалысты тиімді өткізетін (қонақүй, кафе, ресторан және т.б.) орындарды да қиналмай тауып бере алады.  

Атап өтелік жайт, әзірше М жасанды интеллект пен шынайы адамдардың буданы (гибрид) болып қала бермек. Атақты «Терминатор» фильміндегі SkyNet деңгейіне жету әлі алыс. Сонымен қатар сервистің Siri, Google Now және Cortana сервистеріндегідей дауысы жоқ. Алайда дауысы бар сервистердің мәтінді тану бойынша проблемалары бар. Бұл тұрғыда М көмекшісі пайдаланушы үшін қолайлы. Мәселен, офисте отырғанда «Siri, маған киноға билет алып берші!» – дауыстап айтудың орнына жай ғана мәтінді тере салу әлдеқайда ыңғайлы.

М виртуалды көмекшісінің тағы бір артықшылығы – ол ешқандай платформаға байланбаған. Егер Siri тек iOS платформасында, Google Now Android платформасында, Cortana Windows платформасында жұмыс істейтін болса, М көмекшісі үшін бар болғаны Facebook Messenger мессенджерін жүктеп алу қажет.  


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар