Қандастар Ассамблея

F тобы. Мессидің басты арманы!

27.05.2014 3874
Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз.

Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Назарларыңызға бүгіннен бастап «F» тобындағы командалар ұсынылады. Бұл топта Аргентина, Иран, Босния және Герцеговина, Нигерия құрамалары өнер көрсетеді.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Аргентина құрамасы

Бас бапкер: Алехандро Сабелья

Команда капитаны: Леонель Месси

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Хавьер Санетти (145)

Ең көп гол соққан ойыншы: Габриэль Батистута (56)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 7

Оңтүстік Америка футболы жайлы сөз қозғағанда, ауызымызға алдымен Бразилия мен Аргентина оралады. Қос елдің футболшылары әлемдік деңгейде талай рет жоғары орындардан көрініп жүр. Оның үстіне аталған елдердің халқы футболмен тыныстап, футболмен ауырады. Доп теппейтін бала некен-саяқ. Таланттар өте көп шығады. Сондықтан Еуропаның бай клубтарының скауттары осы екі мемлекеттен жас футболшыларды іздеп жүреді.

Аргентина – әлем чемпионатында топ жарған сегіз құраманың бірі. Олар төртжылдықтың басты додасында екі рет жеңімпаз атанған (1978, 1986).

«Аспан түстес» құрама алғаш рет 1930 жылы Уругвайдағы әлем біріншілігіне қатысты. Сол жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынында дейін жетіп, финалда алаң иелеріне жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Осы біріншілікте 8 доп соққан Гильермо Стабиле ең үздік сұрмерген болды.

Кейіннен Стабиле ұзақ жылдар бойы құраманы жаттықтырды. Бұл бапкердің тұсында Аргентина Америка кубогында алты рет жеңіске жетті. Бірақ әлем біріншілігінде ешқандай жоғары нәтиже көрсетпеді. Бұдан кейін 1958-1974 жылдар аралығында 23 бапкер ауысып үлгерді. Команданың ойынын ешқайсысы  ілгерілете алмағандықтан, көбісі бір жылдан артық тұрақтамады. Тек 1974 жылы тағайындалған Сесар Луис Меноттидің тұсында ғана жасақталған құраманың қарқыны қуанта бастады.

Менотти алғаш келген кезде жағдай аса мәз емес еді. Елдегі «Ривер Плейт», «Бока Хуниорс» секілді көшбасшы командалар өз ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермей қойды. Соның салдарынан 1975 жылы Америка кубогында топтағы бірінші орынды басты бәсекелесі Бразилияға беріп қойып, жарысты ерте аяқтады. Ал 1978 жылғы әлем біріншілігін өткізу құқығын Аргентина жеңіп алғанымен, елдегі саяси ахуал күрделі болатын. Оның үстіне құраманың ойыны да дағдарысқа түсті. Дегенмен жанкүйерлер өз елдерінде өтетін чемпионатта құрамадан жоғары табыс күтті. Сесар бапкер бұл тығырықтан шығу үшін үш жылдық жоспар құрады. Құраманы негізінен  «Санте-Фе» мен «Кордоба» секілді ауыл командаларының ойыншыларынан және легионерлерден жасақтады. Сол кезде енді көрініп келе жатқан 17 жастағы Диего Марадонаны бас бапкер соңғы сәтте әлем чемпионатына қатысатындардың тізіміне қоспай қойды. Бұл жағдайды Менотти кейіннен футболшының мінез-құлқына байланысты деп түсіндірді. Дегенмен Аргентина Марадонасыз да өз жеріндегі додада қарсылас шыдатпады. Топтық кезеңде Италиядан ұтылғандары болмаса, қалған ойындарда үздік нәтиже көрсетті. Ақтық сында әйгілі Ринус Михелс жаттықтыратын Нидерландымен жолықты. Осы чемпионатта «тики-такамен» талайды тамсандырған «қызғалдақты» елдің футболшыларын алаң иелері ғана тоқтатты. Финалдағы кездесу 120 минутқа созылды. Өйткені негізгі уақытта екі команда бірін-бірі ала алмаған болатын. Қосымша уақытта жарыс қожайындары екі доп соғып, өз тарихында тұңғыш рет чемпион атанды.  Алты доп соққан Марио Кемпес турнирдің ең үздік мергені атанды.

Карлос Билардо жаттықтырған тұста 1986 жылы Диего Марадона бастаған жігіттер арада 8 жыл салып, екінші рет әлем біріншілігінде топ жарды. Бұл әйгілі «Мексикадағы футбол тойы» болатын. Марадонаның Англияның бес қорғаушысын бірдей алдап өтіп гол соғуы да осы турнирдегі оқиға. Жалпы, Диего Армандо Марадона Англия және Бельгия құрамаларымен болған ойында екі рет дубль жасады. Жарыс аяқталған соң, ФИФА даңқты футболшыны «біріншіліктің үздік ойыншысы» деп танып, «алтын доп» тапсырғаны да күні кеше (мұның «Франс футболға» қатысы жоқ).

Төрт жылдан кейін Италияда тағы да финалға дейін жеткенімен, ақтық сында Германия құрамасынан ұтылып қалды. Бұл жолы немістер сол Мексикада кеткен есені қайтарды десе де болады. Міне, содан бері Аргентина әлем біріншілігінің жартылай финалына да жетіп көрген емес. Биыл Месси бастаған жігіттер Бразилияда тек бас жүлдеге таласамыз деп отыр.

Аргентина құрамасы – ФИФА туы астындағы барлық додада жеңіске жеткен екі құраманың бірі (екіншісі Франция). Екі дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиаданы да қатарынан екі рет ұтқан (2004,2008). Сондай-ақ Америка кубогында 14 рет топ жарған. Бұл жөнінен Уругвайдан (15) ғана артта. Конфедерация кубогының да бас жүлдесі бар (1992).

Қазіргі құрам

2010 жылғы әлем біріншілігінде Диего Марадона жаттықтырған құрама ширек финалдан аса алмады. Осыдан соң тізгінді Серхио Батиста ұстады. Бірақ Батиста да Америка кубогында нәтиже көрсете алмай, өз орнын Алехандро Сабельяға босатып берді. Соңғы үш жылда құраманы Сабелья жаттықтырып жүр. Команданың қазіргі капитаны – төрт дүркін «алтын доптың» иегері Лионель Месси. «Барселона» шабуылшысының қазіргі кездегі басты мақсаты – әлем чемпионатында топ жару. 

Бас бапкер Бразилияға баратын футболшылардың алдын ала тізімін жасады. Қазіргі кезде бұл тізімде 30 футболшы бар. Екі маусымда осының ішінен негізгі 23 ойыншыны іріктеп алады. Қақпашылар – Серхио Ромеро («Монако»), Мариано Андухар («Катания»), Агустин Орион («Бока Хуниорс»);  қорғаушылар – Эсекьель Гарай, Лисандро Лопес (екеуі де – «Бенфика»), Мартин Демичелис, Пабло Сабалета  (екеуі де – Манчестер Сити»), Уго Кампаньяро  («Интер»),  Федерико Фернандес («Наполи»), Хосе Басанта («Монтеррей»), Маркос Рохо («Спортинг»), Николас Отаменди («Порту»), Габриэль Меркадо («Ривер Плейт»); жартылай қорғаушылар – Лукас Билья («Лацио») , Хавьер Маскерано («Барселона»), Эвер  Банега,  Макси Родригес (екеуі де – «Ньюэллс Олд Бойз»), Анхель Ди Мария («Реал»), Аугусто Фернандес («Сельта»), Фернандо Гаго («Бока Хуниорс»), Рикардо Альварес («Интер»), Энцо Перес («Бенфика»), Хосе Соса («Атлетико»), Фабиан Ринаудо («Катания»); шабуылшылар – Гонсало Игуаин («Наполи»),  Эзекиль Лавесси (ПСЖ), Лионель Месси («Барселона»), Серхио Агуэро (Манчестер Сити»), Родриго Паласио («Интер), Франко Ди Санто («Вердер»).

F тобында өнер көрсететін командалар: Аргентина, НигерияБосния және Герцеговина және Иран.

Бек Төлеуов 

Ұқсас материалдар