Ежелгі татарлар

16.08.2016 3825
Қойшығара Салғараұлы

ЕЖЕЛГІ ТАТАРЛАР

 Көненiң көзiндей болып бүгiнге жеткен көне жазба деректемелердi сараптай оқып, олар берер мағлұматтарды өзге дереккөздерiмен салыстыра зерделеген сайын, көшкінші халықтардың тарихына тек олардың көшпелi өмiр сүру салты тудырған заңдылықтар тұрғысынан ғана қарау қажеттiлiгi айқындала түседi. Бұл қажеттiлiктi ескермей, түрк халықтарының іргелі бір бұтағы – қазақ  халқының төл тарихын өз болмысы тұрғысынан зерттемей, бұрынғы қалыптасқан әдетпен отырықшы елдер тарихының жазылу үлгiсiнде, соның талап-талғамына қарай тұжырым жасау – шындық үшiн де, ұрпақ үшiн де қиянат болмақ.

Көшкіншілер тарихы, соның iшiнде қазақ халқының тарихы да, уақыт кеңiстiгi аясында сан ғасырлар бойы бiр-бiрiмен сапырыла араласып,  Шығыс пен Батысты жалғастыра әрi-берi жосылған көшпелi жауынгер жұрттың тұлпарының тұяғының iзiнде жатыр. Бұған қазақ халқының халық болып қалыптасуына үлес қосқан ежелгi халықтардың бiрi – дунху халықтары жөнiнде Қытайдың көне жазба деректемелерiнде, атап айтқанда, «Хән кiтабы» («Хәншу»), «Соңғы Хән кiтабы» («Хыухәншу»), «Жаңа Таң кiтабы» («Сиңтаңшу») секiлдi әулеттiк шежiрелерi мен «Дзы джы туң-жиән» («Өткеннiң тәжiрибесi бүгiнгi билеушiге  өнеге») тәрiздi хронологиялық жүйемен жазылған, жалпы тарихы топтастырылған материалдар арқылы толық көз жеткiзуге болады.

Дунху – ежелгi заманда Қытайдың солтүстiк-шығысындағы иен даланы мекендеген көшпелi түрлi халықтарға көне қытайлықтардың берген жалпылама ортақ атауы. Бұл атау қытайдың «дун – шығыс» және «ху – жабайылар» деген екi сөзiнен құралып, «шығыстағы жабайылар» деген мағынаны бiлдiредi. Бұл күнде дунху атауының болмысына қарап, әрине, осылай аталатын  халықтардың шыққан тегiн де, сөйлеген тiлiн де тап басып танудың қиын екенi белгiлi. Сондықтан қытайдың байырғы жазба деректемелерiнде кездесетiн ежелгi халықтардың қай-қайсысының да атына емес, затына, олардың өмiр сүру салтына, тұрмыс-тiршiлiгiне, халықтық болмысына ыждағаттықпен үңiлу қажет.Ал бұл өз тарапынан ежелгi көшкінші халықтар көшiнiң соңына iлесiп, кiмнiң қайдан шығып, қайда барғанын, онда кiммен араласып, кiмге қосылғанын, кейiн кiмнен iрге ажыратып, бөлiнiп шыққанын, жалпы заманалар дауылының өтiнде сапырылысып, кезектесе алмасқан осы толып жатқан бірігулер мен ыдырау-ларда жиi өзгерiске ұшырап отырған олардың атауларын – бәрі-бәрiн жiпке тiзiп, жаңылыспай дәл бiлiп отыруды тiлейдi. Бұл дегенiңiз, былайша айтқанда, Қытайдың жазба деректемесiнде кездесетiн бiр халықтың өткен тарихы жөнiнде бiрдеме бiлу үшiн сол кезде сол өңiрде тiршiлiк еткен басқа халықтардың да тарихын зерделеп, оларды бiр-бiрiмен сабақтастыра салғастыру арқылы кезең шындығына көз жеткiзу деген сөз.

 Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде, осынау «дунху» деген жалпылама атау ұғымының аясына енетiн халықтардың тарихы туралы әңгiме болғанда,  олардың ежелгi замандардан бергi көршiсi, тарих тегершігiнiң айналымында бiр-бiрiне кезектесе үстемдiк жүргiзiп, бiрде шабысып, бiрде табысып, өмiр жолдары домбыраның қос ішегiндей қатар тартылып, сан ғасырлардың қилы-қилы асуларын iрге ажыратпай бiрге басып өткен, екiншi осындай бiр қытайлық жалпылама атау шаңырағының астына бiрiккен «сиуңну» атты халықтардың тарихына үңiлiп, әр деректi ғылыми зерде таразысына тартуға тура келедi. Онсыз аттап басу мүмкiн емес. Өйткенi, олар тарихта бiр-бiрiнен ажыратуға болмайтын егiз ұғымдар. Көне тарихшылардың сиуңнулар туралы сөз болса, әңгiмесiнiң бiссiмiлләсiн дунхулардан, ал дунхулар туралы болса, сиуңнулардан бастайтындары да содан. Қытайдың көне жазба деректемелерiндегi қазақ халқының халықтық негiзiн құрайтын ежелгi халықтар туралы материалдарды iрiктей топтастырғанда түрк-сиуңну халықтары жөнiндегi деректерге iлестiре түрк-дунху халықтары туралы мағлұматтарды екшеуiмiздiң мәнiсi де осында. Осы жинақтың алдыңғы «Түрктер», «Мұңғұлдар» аты бөлімдерінде әңгіменің орайына қарай аталған екi халықтың төл атаулары жөнiнде ой қайталаудан қашпай, арнайы сөз еткенбіз. Сонда әйгiлi шығыстанушы, чуваш халқының ұлы перзентi Никита Яковлевич Бичуриннiң (1777-1853 жж.)  «Азия тарихшылары» деп ерекшелейтiн шығыс елдерiнiң ерте кездегi тарихшыларының еңбектерiнде айтылатын мұңғұл және татар халықтарының тарихы мен қытай жазба деректемелерiндегi сиуңну және дунху халықтары тарихын салыстыра зерттеу негiзiнде сиуңнулардың байырғы мұңғұлдар, дунхулардың байырғы татарлар екенiн өз шамамызша дәлелдеген болатынбыз. Сондықтан енді оны тағы қайталап жатуды басы артықшаруа санадық.

 Бұл арада мәселе, түптеп келгенде, атауда емес, ол сиуңну-дунху бола ма, жоқ әлде моңғол-татар бола ма – бәрiбiр. Мәселе – осылай  аталатын ежелгi халықтардың бүгiнгi қазақ деп аталатын халықтың қалыптасуына, оның әргi-бергi тарихына қатысы бар ма, жоқ па, болса қандай дәрежеде екенiнде.

Мiне, мәселе осыған келiп тiрелгенде, егер нақтылыққа бақсақ, көп дүние күңгiрт тартып жүре бередi. Көптеген зерттеушiлер дунху халықтарын тек тунгустардың (1 Көне заманда Орталық Азия халықтарында жылдың белгiлi бiр мерзiмiнде өздерi киелi тұтатын жерге бүкiл ел болып жиналып, Көк-Тәңірге, Жер-Анаға, ата-баба рухына арнап құрбандық шалатын дәстүр болған. Құрбандыққа жылқы малын, оның iшiнде ақбоз түстісiн шалу ерекше құрметтелген. Алайда, кейiн келе шапқыншылығы мол жаугершiлiк заманда«ер қанаты – аттың» қажеттiлiгi күшейiп, жылқысы аз елдер құрбандыққа жылқы шалуды бiрте-бiрте түлiктiң басқа түрiмен ауыстырған. Түрк тектес халықтардың шығыс жақтағыларының бiразы жергiлiктi шығыс халықтарымен араласып, солардың ықпалыменқұрбандыққа доңыз (шошқа) шалатын болған. Осыған орай батыс жақтағылар оларды кемсiтiп, әуелде «құрбандыққа доңыз шалатындар», «доңыз шалатындар» деп, содан келе-келе оларды «доңыздар» деп атап кеткен. Кейiн орыс шығыстанушылары осы «доңызды» өз тiлдерiнiң ерекшелiгiне қарай бұрмалап, «дунгуз», «тунгус» деп атап, оны қиыршығыстықхалықтардың жалпылама ортақ халықтық атауы ретiнде ғылымға енгiзген ) ғана еншiсiне қалдырып, солардың арғы тегi деп танып, қазақ халқының халық болып қатысуына түк қатысы жоқ деп есептейдi. Мұндай тұжырымдаманың өмiрге келiп қалыптасуының негiзiнде, жасыратыны жоқ, шығыстанушы ғалымдардың сиуңну халықтарының шығу тегiн түрктерге жатқызып, ал дунхуларды моңғолдардың арғы атасы (протомоңғол)  деп тұжырымдайтын таным-түсiнiгi жатқаны анық. Алайда, мұндай пайымдаудың көшпелi халықтардың өмiр сүру заңдылығын ескермегендiктен, халықтар қозғалысының болмысына ден қойып зерттемегендiктен, ежелгi замандардан жеткен деректердiң айтарына құлақ қоймағандықтан, осының салдарынан әуелде шетелдiк ғалымдардың ортағасырлық түрктер құрған қағанатты Сиуңну империясының тiкелей мұрагерi етуiнен шыққан жаңсақ пiкiрдiң негiзiнде пайда болғанын ашып айтқан жөн. Мұндай тұжырымдама жасаушылар, неге екенi белгiсiз, сиуңнуды түрк, дунхуды мұңғұл дегенде осылармен тектес, тiлдес, бүкiл ғұмырында  моңғолдармен қатар көршi өмiр сүрiп, өзара жауласып,  арпалысты тiрлiк кешiп келе жатқан, бiр тiлде сөйлеп түсiнiскен көне татарларды (прототатарларды) мүлде ұмыт қалдырады. Ал бұл өз тарапынан нақты жауабын тiлейтiн бiрнеше сауалды тудырады

Бiрiншiден, егер қазiргi айтылып жүргендегiдей, дунхулар шынымен көне моңғолдардың (протомоңғолдардың) тегi болса, сонда көне татарлардың (прототатардың) тегi кiм болғаны?

Екiншiден, сиуңнулар – көне түрктер, дунхулар – көне мұңғұлдар болса, онда сан ғасырлар бойы бiр-бiрiмен көршi тұрып, бiрде табысып, бiрде шабысып келе жатқан қытай жазбаларындағы сиуңну мен дунху халықтарының көне түрктер мен көне мұңғұлдар болғаны ғой. Олай болса, осы халықтардың тарихын жазған Рашид ад-Диннiң, Хондемирдiң, Әбiлғазының тарихтарында бұл жөнiнде, көне түрктер мен көне моңғолдардың көршi тұрып, үнемi арпалысты ғұмыр кешкендерi жайында, ең болмаса, бiрауыз сөздiң айтылмауын қалай түсiндiругеболады? Олардың жазуында өзара соғысушылар көне түрктер мен көне мұңғұлдар емес, керiсiнше, көне мұңғұлдар мен көне татарлар  емес пе едi? Аланша ханның тұсында Едiл мен Жайықты мекендеген Түрк мемлекетiнен бөлiнген екi хандық –Мұңғұл хандығы мен Татар хандығы кейiн Байду ханның тұсында бiр-бiрiмен  соғысып, жеңiлген татарлар шығысқа қашып, мұңғұлдар өкшелей қуып,  ақырында х. э. дейiнгi бiрiншi мыңжылдықтың аяғына қарай ежелгi қытай жерiнiң шекарасына жетпейтiн бе едi? Әлде бұл мұңғұлдар мен татарлар басқа халықтар ма? Егер басқа болмай, әңгiме осы халықтар жөнiнде болып отырса, онда осылардың бәрiн ескермей, сиуңнуды көне түркке, дунхуды көне моңғолға апарып телiп, ешқандай дәлел келтiрмей, нақты дерекпен  анықтамай көне татарларды тунгус халықтарына қарай итере салуға бола ма? Жалпы көне қытай дерегі түрікті сиуңну, мұңғұлды дунху десе, сонда татарларды  кім деген? Зерттеушілер оны неге ашып жазбайды? Осы тәрiздес бiрiнен-бiрi туындайтын сауалдарға жауап бермей тұрып, кезiнде әлдекiмдердiң баспатөрелiк жасаған терiс түсiнiгiнiң негiзiнде ежелгi  дунху халықтарын түрк тектес халықтардан бөлiп тастау да, оларды бүгiнгi қазақхалқының қалыптасу тарихына қатысы жоқ деу де ақиқатқа қиянат болса керек. Дунху халықтарының қазақтың көне тарихына қатысы барлығы

Ұқсас материалдар