Қандастар Ассамблея

Ежелгі Рим саяси ілімінің жалпы сипаттамасы және оның даму кезеңдері

14.08.2014 34659
Ежелгі Рим саяси және онымен байланыстағы құқықтық ойлардың тарихы бүтіндей мың жылды қамтиды, сондай-ақ өзінің эволюциялық дамуында Ежелгі Римнің ұзақ уақытқа созылған әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндегі айтылу өзгерістерді білдіреді.

Ежелгі Рим саяси және онымен байланыстағы құқықтық ойлардың тарихы бүтіндей мың жылды қамтиды, сондай-ақ өзінің эволюциялық дамуында Ежелгі Римнің ұзақ уақытқа созылған әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндегі айтулы өзгерістерді білдіреді. Рим тарихы өзі үш кезеңге бөлінеді: 1) Патшалық Рим (б.з.б. 754-510 ж.ж.); 2) Республикалық Рим (б.з.б. 509-28 ж.ж.); 3) Императорлық Рим (б.з.б. 27 – б.з. 476 ж.ж.). Сонымен бірге біртұтас Рим империясы  б.з. 395 жылы екіге бөлінді, Батыс және Шығыс Римге. Шығыс Рим – Византия империясы 1453 жылға дейін өмір сүрді.

Ежелгі Римдегі саяси-құқықтық институттар мен көзқарастар халықтың әртүрлі топтары – патрицийлер мен плебейлер, нобилиттер (патрицилер мен байыған плебейлер) мен кедейлер, оптиматтар (қоғамның ақсүйектер тобы) мен популярлар (төменгі халықты қолдаушылар), еріктілер мен құлдар арасындағы өткір күрес жағдайындағы ұзақ тарихы бойында үнемі дамып отырды.

Ежелгі Рим тарихында өздерінің құқықтық және әлеуметтік жағдайын патрицийлермен теңестіру жолындағы плебейлер күресі маңызды рөл атқарды. Плебейлердің бұл күресі Римнің алтыншы патшасы Сервий Туллийдің реформа жасауына әкеліп соқты. Аталған реформа бойынша плебейлер «Рим халқының» құрамына қосылды және мүліктік белгісі бойынша бес разрядқа бөлінді.

Реформа байлардың мемлекет басқарудағы артықшылығын бекітіп берді. Плебейлер халық жиналыстарына қатысуға және қоғамдық меншіктен үлес алу құқығына ие болды. Бірақ олардың құқықтық жағдайы патрицийлермен толық тенесе алмады. Сондықтан патрицийлерге қарсы күресін ұзақ уақыт бойы жүргізуіне тура келді.

Ежелгі Римнің саяси ойы жалпы теориялық ізденісте сол деңгейдегі ежелгі грек концепцияларының едәуір ықпалына душар болды. Б.з.б. V ғасырдың орта кезінде плебейлер жазба заңды құрастыруды талап еткен кезде гректің заң шығару ісімен, әсіресе Солон заңдарымен танысу үшін Грецияға Рим елшілері жіберілді. Осындай танысудың нәтижесінде ежелгі Рим құқығының басты құжаты ХІІ кесте  заңдары құрастырылды. Алғашқы он кесте б.з.б. 451 жылы, екі соңғы кесте б.з.б. 450-449 жылдары жасалып, қабылданды.

Ежелгі Рим ойшылдарының маңызды табыстарының бірі құқықтануды жеке ғылым ретінде қалыптастыруы болды. Рим заңгерлері мемлекет пен құқықтың жалпы теориясы саласында саяси-құқықтық мәселелерге және жекелеген заң пәндеріне (азаматтық құқық, мемлекеттік және әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, халықаралық құқық) кешенді түрде талдау жасады.

Ұқсас материалдар