Қандастар Ассамблея

Ежелгі Үнді еліндегі саяси ойдың ерекшеліктері

13.08.2014 16705
Ежелгі Үнді еліндегі саяси ілімдер мифтік және діни көзқарастар түрінде қалыптасты.

Ежелгі Үнді еліндегі саяси ілімдер мифтік және діни көзқарастар түрінде қалыптасты. Бұның өзі ежелгі үндіс қоғамында ұзақ ғасырлар бойы олардың рухани және әлеуметтік - саяси өмірінде үстем болған брахмандарға тікелей байланысты болып келеді.

Брахманизм идеяларының алғашқы көріністері б.з.б екі мыңыншы жылдықтағы «Веда» ескерткіштерінде кездеседі. «Веда» - «білім, кіріспе» (санскрит тілінде) деген ұғым білдіреді. Бұл ведаларда адамдардың төрт варнаға (кастаға) бөлінетіндігі және олардың ішінде брахмандар (діни абыздар) – Пуруши құдайдың аузынан, кшатрийлер (әскери шонжарлар) – құдайдың қолынан, вайшилер (қалың бұқара халық) – құдайдың санынан, шудралар (құлдар) – құдайдың табанынан жаратылды деп айтылады. Ману заңдарының 96 бабында «Тірі нәрселердің ішіндегі ең қасиеттісі – жандылар, жандылардың ішінде адам, ал адамдардың ішінде брахмандар» деп айтылады.

Веда бойынша барлық варналар мен олардың мүшелері құдай көрсетіп берген «дхармаға» - заңдарға, міндеттерге, құқықтар мен ережелерге бағынуы тиіс. Дхармадағы ережелер бойынша брахмандар қоғамда жоғары дәрежеде және үстемдік жағдайда  көрсетіледі. Оқу, білім, дін ілімін, құрбандық шалу, өзіне және өзгеге арнап садақа үлестіру, садақа алу ісін құдай брахманға міндеттеген.

«Ману заңдары» бойынша патшаның өкілдігі шектеулі, ол брахмандардың ақыл-кеңестерін тыңдаумен қатар кейбір талаптарға да сәйкес  болуы керек. «Ману заңдарының» 3- бабында «ақылсыздықпен өз елін азапқа салған патша уақыт күттірместен өзінің ағайын-туыстарымен бірге елден кетуі тиіс және ол өмірден айрылады» деп айтылады.

Б.з.б VI ғасырда Будда (данышпан) деген атпен белгілі болған Сиддхартха Гаутама «Веда» ілімін сынға алады, құдайдың адамдар өміріне араласуын, олардың билігі мен заңдарын жоққа шығарады. Оның айтуынша, адамзат ісі адамдардың өздерінің белсенді әрекеттеріне байланысты. Будда діні бойынша брахмандардың жоғары дәрежесі мен артықшылықтары жоққа шығарылды. Будда «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, оның адамгершілігі» деп үйретті. Буддистер үшін брахмандар артықшылыққа ие болған варна мүшесі емес, қарапайым адамдардың бірі.

Будда ілімін жақтаушылар дхарманы табиғи заңдылықты басқарушы әлем ретінде көреді. Дхарма түсіндірмелерінде адамдардың бір-біріне бауырмалдығы, қайырымдылығы, жамандыққа жамандықпен емес, жақсылықпен жауап беруі ғана бұл әлемде ізгілікті өмірге қол жеткізетіндігі баяндалады.

Б.з.б. IV-III ғасырларда жазылған «Дхаммападе» жинағында брахманизмге қарағанда жазаның рөлі мен азайғандығы байқалады.

Б.з.б. ІІІ ғасырдан бастап буддизмнің көптеген идеялары әлеуметтік-саяси маңызға ие болып, мемлекеттік саясат пен заңдылыққа да ықпалын тигізе бастады.  Үндістанды бір орталыққа біріктірген Ашока патшаның билігі кезінде (б.з.б. 268-232 ж.ж.) буддизм мемлекеттік дін болып жарияланды. Буддизмнің ықпалы кейіннен Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон елдеріне де тарады.

Ұқсас материалдар