Қандастар Ассамблея

Еуро-2016: Соңғы топтағы сенсациялар

15.06.2016 1235
Еуро-2016

Биылғы Еуро бірсыдырғы, таңдай қағарлық жаңалықтарсыз өтіп жатқанына үйреніп алғандай да едік. Бұл командалардың үлкен сынға асықпай кірігуінен екенін де жақсы түсіндік. Алайда жанкүйер көңілі бәрібір ерекше нәрсені күтетіні анық. Германия ұтты ма – заңды нәрсе, Франция жеңді ме – алаң иелері ғой. Бірақ көңілдегі фавориттер тақтан түспей қойса, ол да жаман. Сондықтан биылғы Еуроның топтық турнирдегі І туры еш сенсациясыз аяқталуы мүмкін екеніне іштей дайын болатынбыз.

Бұл қауіптің бәрін Ғ тобы жоққа шығарды. Футболда күтпеген нәтижелердің болмай қоймайтынын осы топтағы екі кездесу қатар дәлелдеді. Әуелі Бордо қаласында Венгрия құрамасы «айды аспанға бір-ақ шығарды». 1986 жылдан бері ірі турнирлерді көрмеген бұл команда ұлы жеңістерге керемет шөлдеп қалғанын бірден аңғартты. Өз тарихындағы ең бір талантты буын өкілдерін жинады делінген Австрия құрамасы мадиярларға қарсы ештеңе істей алған жоқ. Адам Салаидің тура соққысын жіберіп алған соң, қарымта қайтару орнына, олар ойын арқауын одан ары босатып алды. Драгович алаңнан қуылды, ойын соңына қарай Штибердің тура соққысын да қақпа төрінен бір-ақ көрді. Венгрия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еурода қақпасына гол дарытқан жоқ. Ал Габор Кирай Лотар Маттеустің (Германия) рекордын жаңартып, құрлық біріншілігінің финалдық кезеңінде ойнаған ең қарт (40 жас, 74 күн) футболшы болды. «Біз Австрияның негізгі футболшыларын тұсап ұстап, дегенімізге жеттік» деді Венгрия құрамасының бас бапкері Бернд Шторк.
Екінші матчта Португалия Исландияның туын жыға алмады. Қарсыластар бір-бірінің қақпасына гол алмасқан соң да бірнеше сәтті мүмкіндікті пайдалана алмады. Екі қақпашы өте сенімді ойын көрсетті. Ал құрама сапында 127 матчын өткізіп, Фигудың рекордын қайталаған Криштиану Роналду бұл күні шеберлігінің жүзден бір бөлігін де көрсете алған жоқ. Түрік төрешісі Жүнейт Чакыр қосымша уақытқа тағы екі минут қосып, Роналдудың екі айып добын қатар орындауына жол ашып еді. Әлемнің 3 дүркін үздік футболшысы екі ретте де тура тосқауылды көздеді. Исландия құрамасы өзі қатысқан Еуро додасының ең алғашқы матчында осылайша үлкен ерлік жасады.

Сөйтіп, бұл топта күтпеген жерден Венгрия көш бастады. Бірақ бұл ұзақ жолдың басы ғана, жағдай күрт өзгеріп кетуі де бек мүмкін.
Ғ тобының кездесулерінде Қазақстан құрамасына тікелей қатысы болған екі тұлға көзге түсті. Венгрия құрамасының бас бапкері Бернд Шторк кезінде біздің құраманың тізгінін ұстаған-ды. Оның жұмыс нәтижесі көптің көңілінен шықты дей алмас едік. Бәрібір Шторк өзінің футбол әлемінде орны бар екенін дәлелдей алды. Енді Венгрия құрамасы күтпеген жерден күрт нашарлап, топтан шыға алмаса да Шторк тарихта қалады. Мадиярлардың бүгінгі ойыны ерекше әсер қалдырды. Ендеше, Шторк шәкірттері әлі де жанкүйерлерді таң қалдыруға қабілетті. Ал Исландия құрамасының жартылай қорғаушысы Биркир Бьярнасон Португалия қақпасына қарымта гол соқты. Бұл «викинг» 2015 жылдың ерте көктемінде Астана төрінде Қазақстан құрамасының қақпасын бір емес, екі рет дәл көздеген болатын.

Австрия – Венгрия – 0:2 (Салаи, 62, Штибер, 87)

Португалия – Исландия – 1:1 (Нани, 31 – Бьярнасон, 50)

Ұқсас материалдар