Қандастар Ассамблея

Ет пен балық өнімдерінің сапасы қалай тексеріледі?

03.06.2016 8512
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Бүгін Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринарлық инспекторлары сапасыз мал шаруашылығы өнімдерінің сауда-саттық орындарын жою мақсатында кешенді шара жүргізді. Бұл рейд азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.

Астана қаласы бойынша 14 ішкі сауда объектісі бар. Барлық ішкі сауда орындарында ветеринария саласының мамандары бекітілген. Олар бақылауға түскен жүктерге, мемлекеттік ветеринариялық бақылау жүргізіп, арнайы ветеринариялық ілеспе құжаттарын береді. Сондай-ақ, жануарларды тексеріп, шикізат өнімдері мен басқа да өнімдерді бақылайды. Барлық базарларда мал өнімдеріне сараптама жүргізетін арнайы лицензиясы бар ветеринарлық-санитарлық зертханалар жұмыс істейді.

Жыл басынан бері тексеру қорытындысы бойынша ветеринарлық инспекторлар 3 миллион теңге көлемінде 70 айыппұл салған. Оның ішінде ілеспе ветеринариялық құжаттары жоқ, шыққан орны көрсетілмеген және көлікпен тасымалдаған кезде ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтамау фактілері анықталған.

2015 жылдан бастап қазірге дейін лабораториялық зерттеулер негізінде сальманеллез ауруы анықталған 98 тонна құс еті тәркіленіп, жойылды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекторлары «Нұрдәулет», «Әлем», «Астаналық базары» сауда үйлерінен құжатсыз 60 келіден аса құс етін тәркіледі. Польша және Германия елдерінен әкелінген 32 мың 666 тонна сиыр бауырынан «Listeria monocytogenes» және ішек таяқшаларының бактериялары анықталды.

Қазір барлық ішкі сауда орындары арнайы компьютерлік техникамен жабдықталған.

Әрбір ішкі сауда орнында  инспекцияның сенім телефонының нөмірлері жазылған: 32-77-12, 32-75-01.

Керек дерек

Астана қаласында 10 ветеринариялық клиника, 5 ветеринариялық дәріхана, 45 уақытша сақтау қоймасы, 6 кедендік уақытша сақтау қоймасы, 6 мал сою пункті, 14 ішкі сауда объектілері, 13 жеке зертхана (ішкі сауда объектілерінде), 2 мемлекеттік зертхана жұмыс істейді.

Айтбай Тайжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы:

– 2015 жылдың қорытындысында, жеке және заңды тұлғаларға қатысты 67 әкімшілік іс қозғалды. Оның жалпы сомасы – 2 млн 874 мың. Ал, 2016 жылдың алғашқы 5 айында көрсеткіш екі есеге өсті. Атап айтқанда, заң бұзушыларға 3 миллион 170 мың теңге көлемінде 70 айыппұл салынды. Айыппұл сомасының екі есеге көбейді дегеніміз – бақылау күшейді деген сөз. Астана қаласы аумақтық инспекциясы күнделікті келіп жатқан жылқы еті болсын, шошқа еті болсын, бәрін қадағалайды. Негізгі мақсатымыз – халыққа сапалы өнім беру. Отандық ет өнімдері Астана қаласы нарығының 70-80 пайызын қамтып отыр. Олардың басым бөлігі елордаға солтүстік аймақтардан әкелінеді.

Сырттан келіп жатқан малды Астана қалалық Ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірге тексереміз. Осы айда 15 әкімшілік іс қозғалып, жеке тұлғаларға айыппұл салынды. Атап айтар болсақ, «Шапағат» базарында – 1, «Әсем» базарында – 2, «Әлем» базарында – 3, «Евразия» базарында – 1, «Рахмет» сауда орталығында – 1, «Гүлжан» сауда орталығында – 1, «Бекшанхай» сауда нүктесінде 2 әкімшілік іс қозғалды.

Кейбір азаматтар мал дәрігерлерін күтуге ерініп, құжатсыз келеді. Біз постта тұрғанда құжатсыз келгендерді тоқтатып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Алдымен зертханаға жіберіп, нәтижесін күтеміз. Теріс нәтиже шыққан жағдайда оның заңға сәйкес өзіндік жойылу тәртіптері бар.

Талғат, «Әсем» сауда орталығының ет сатушысы:

– Мен «Әсем» базарында 3 жылдан бері ірі қара малдың етін сатамын. Етті негізінен Ақмола облысының маңындағы ауылдардан алдырамыз. Өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Кафе, тойханаларға да ет жіберіп тұрамыз.

Бақытгүл Шақарова, «Әсем» сауда орталығының ветеринариялық-санитарлық сарапшысы:

– Алдымен, әкелінген малдың құжаттарын тексереміз. Содан соң, басын кесіп қараймыз. Тілінде ісік бар ма, жарақат бар ма, оны да тексереміз. Сосын тамағын, жүрегін қараймыз. Малдың бауырының пішіні түзу, түсі мен иісі қалыпты болуы тиіс.

Егер еттің жарамды екеніне күмәндансақ, қосымша зерттеу жүргіземіз. Оның жас не кәрі малдың еті екенін анықтаймыз, құрамындағы бактерияларды тексереміз. Бәрін болған соң, еттің азғантай бөлігін 14 күнге тоңазытқышқа қоямыз. Зертханада еттен бөлек, жұмыртқаны тексереміз, сүттің тазалығы мен майлылығын  да қараймыз.

Бізге мал еті алғаш әкелінгенде онда төртбұрышты таңба болады. Барлық процесс біткен соң, етке сопақ пішінді таңба саламыз. Бұл – «ветеринариялық-санитариялық тексеруден өтті» деген белгі.

 «Ажар» сауда орталығының Сәуле есімді балық сатушысы орталық ашылғалы бері осында істеп келеді. Ол көбіне ақсерке, скумбрия, эсколар секілді балықтарға сұраныс жоғары екенін айтады. Бұл балықтар Норвегия елінен әкелінетіндіктен, бағасы сәл қымбаттау.

Гүлзада Мәмбина, «Ажар» сауда орталығының ветеринариялық-санитарлық сарапшысы:

– Алдымен, балықтардың қайдан келгенін тексереміз. Сосын олардың жүзбеқанатын, желбезегін қараймыз. Одан соң, ішкі ағзаларын тексереміз. Тексеруден өтпей қалғандарын да өңдеуге жіберіп, кәдеге жаратамыз.

Бізге көбіне балықтар Қорғалжыннан, Балқаштан келеді. Анда-санда Атыраудан тұқы балықтар әкелінеді. Тұрғындар көбіне майшабақ, мөңке сияқты балықтардан уланады.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Ұқсас материалдар