Есімовтердің көрмесінде апорт таратылды

04.11.2016 2840
Көрме

Кеше «Астана» ұлттық сурет галереясында ҚР Суретшілер одағының мүшелері – мүсінші Еркінбек Есімов пен суретші Алмагүл Есімова «Өнердегі қос қанат» атты отбасылық көрмесі ашылды.

Көрмеге келген суретшілердің әріптестері мен достары оларды құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

«Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов өнерлі отбасының шығармашылық потенциалына тоқталды:

– Біз кезінде Еркінбек, Алмагүл бәріміз бірге оқыдық. «Керамика» бөлімін бітірген Алмагүл кейін кескіндеме өнерінен өз жолын тапты. Ол кескіндеме жанрына жаңаша бір пластикалық көзқарас енгізіп, декоративтік үн қоса білді. Шетелде суретшінің еңбектері жоғары бағаланады. Өйткені, оның ешкімге ұқсамайтын, «аутентичный» қолтаңбасы бірден көзге түседі.

Ал, Еркінбек – қазірге дейін шағын пластика өнерінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген талантты мүсінші. Оның өмір бойы ешқандай басқа салаға ауыспай, қиындықтарға қарамастан, өнерге адалдығын жоғалтпай жүргенін мақтауға тұрарлық тұрақтылық деп санаймын.

Ал, бизнес және менеджмент колледжінің оқытушысы Роза Әбен әріптесі Алмагүл Есімованың ұстаздық келбеті туралы сүйсіне баяндады:

– Алмагүл Сарқытқызы – тамаша педагог. Ол кісі 3 жылдан бері бізбен бірге жұмыс істеп келеді. Әрқашан шәкірттеріне кескіндеме өнерінің қыр-сырын ерінбей-жалықпай үйретеді. Аяулы әріптесімізге тек сәттілік тілейміз.

Көрмеге мүсінші Еркінбек Есімовтің қыштан жасалған бұйымдары мен мүсіндік топтамалары, ал, жұбайының кескіндеме туындылары қойылды. Атап айтқанда, мұнда мүсіншінің «Қарға», «Садақшы», «Арқар», «Аңшы», «Бота»  сияқты қоладан жасалған мүсіндері мен «Сұрмерген», «Алдар көсе», «Асан», «Үсен» секілді терракоталары бар.

Ал, Алмагүл Есімованың «Жер-ана», «Таң», «Қайнар» гобелендері, «Сыр сақтаушылар», «Күту», «Той шеруі» және т.б. картиналары қойылған. Жалпы алғанда, залда мүсіншінің 30-дан астам, суретшінің 17 жұмысы тұр.

Салтанатты шара соңында Еркінбек Есімов келген жұртқа алғысын білдірді. Ол жұбайымен студенттік шақта алма теруге барғанда танысқандықтан, көрме қонақтарына Алматының апорттары таратылды.

Суретшілер Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының (оқу орнының қазіргі атауы) сәндік-қолданбалы қолөнер бөлімін бітірген. Бүгінде Еркінбек елордадағы Оқушылар сарайында балаларға «Қыш пен мүсін» үйірмесінде сабақ береді.

Ал, жұбайы Алмагүл – бизнес және менеджмент колледжінің оқытушысы. Олар 1993 жылдан бері республикалық және халықаралық көрмелерге, симпозиумдарға тұрақты түрде қатысып келеді. Ерлі-зайыптылардың туындылары тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Жапония, Түркия, Қытай, Германия, Ресей елдерінде жеке топтамаларда сақтаулы тұр. Сондай-ақ, Есімовтердің аты-жөні «Қазақстан өнері» энциклопедиясының «Көркемсурет» бөліміне енген. Олар алдағы «Эскпо – 2017» халықаралық көрмесінде шетелдік қонақтарға қазақтың бейнелеу өнерін таныстыруды мақсат етіп отыр.

«Өнердегі қос қанат» көрмесі 7 қарашаға дейін жалғасады.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ