Қандастар Ассамблея

Еркін елдің көсегесі биік, тілі үстем

01.03.2014 2679
Қазіргі Қазақстанның саяси картасындағы жаңа мемлекеттің шынайы болмысын 1990 жылғы Егемендік туралы Декларация айқындаған болатын.

Қазіргі Қазақстанның саяси картасындағы жаңа мемлекеттің шынайы болмысын 1990 жылғы Егемендік туралы Декларация айқындаған болатын. Осы аса маңызды құжат Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңмен  толық құқықтық күшіне енген-ді.

Тәуелсіздік, ең бірінші, саяси азаттық. Бұл, сонымен қатар, рухани бостандық, оның өзегі болып табылатын тілдің еркіндігі. Сол себепті қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуының қайта құру кезеңінен бастау алып, 1989 жылы бұл туралы арнайы Заң қабылдануы жайдан-жай емес еді. Бұл мәртебе еліміз егемендікке жетіп, мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін конституциялық шешімін тапты. 1997 жылғы  «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда тіліміздің негізгі құқықтық қағидалары одан әрі дамытылды. Осы Заңды жүзеге асыру мақсатында бірнеше маңызды құжаттар қабылданып, алдағы басым бағыттар мен міндеттер айқындалған-ды.

Өткен жылдардың басты қорытындысы – республика аймағындағы ежелгі елдің, қазіргі тұрғындардың  басым көпшілігін құрап отырған қазақ халқының тілін білу - өмірлік қажеттілік деген пікірдің бірте-бірте қоғамдық ой-санаға ене бастауы.

Туған тілімізге тұрақты қамқорлық жасап келе жатқан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясындағы Қазақстан жастары мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында  жұмыс істеу мүмкін болмайтынын білуге тиіс деген сөзі ана тілімізді жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Бұл тек жастарға ғана бағытталған емес. Бұдан өзін еліміздің азаматымын деп сезінетіндердің барлығы қорытынды шығарулары керек.

Тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына он жеті жылдан асты.

Бұл - тілдік кеңістікте күрделі бетбұрыс жасауға жетерлік уақыт. Алайда әзір нақты іс-әрекеттен сөз басым. Бүгінгі ана тілдік кеңістікте әлі шешуін табатын мәселелер жеткілікті. Оның негізгісі - қазақ тілінің қазақ отбасында, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қарым-қатынас тілі бола алмай отырғандығында. Мұның қандай себептері бар? Тәуелсіздік қашан, қалай ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі толыққанды жұмыс істеуіне ықпал ете алады?

Адамзаттың бар тіршілігі сияқты, тілге үйрену де отбасынан бастау алады. Кешегі кеңестік кезеңнен басталған қазақ отбасындағы күрделі өзгерістер, бүгінгі жаһандану жағдайында жаппай жалғасуда. Қалалы жердегі ата-енесіз қалыптасып отырған көптеген отбасыларындағы жастардың негізгі қарым-қатынас тілі – орыс тілі. Сол себепті дүниеге келген ұрпақ ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан,  көп халыққа ұқсай бермейтін салт-дәстүрі бар ұлттық ұядан тыс өсіп, ең бірінші ана тілінен айрылады. 

Еліміздің солтүстік облыс орталықтарындағы қазақ балабақшаларынан шыққан жеткіншектердің өз тілінен өзге тілді басым білуі, орыс мектебінде пәлен жыл қазақ тілі мен әдебиетін оқыған қазақ баласының, тіпті кейде қазақ мектебін бітіргендердің  өз тілінде сөйлей алмауының себебі де олардың осындай отбастарында  өсіп, тәрбиеленгендіктерінде жатыр. Мұндай жағдайды Астана қаласындағы қазақ балабақшалары мен мектептерінен күнделікті көріп жүрміз. Мұны жоғары оқу орындарының қазақ топтарындағы студенттерінен де айқын анғаруға болады. Сол себепті қазақ тілінде тәрбиеленетін мектепке дейінгі балалар мекемесін көбейту бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр. Атқарушы органдар бұған айрықша көңіл бөлулері керек. 

Күнделікті өмірде тағы бір байқағанымыз – басқаларға қарағанда қыз балалар, олардың аналары да өзге тілде сөйлеуге ыңғайлы. Бұл әдеп көптен қайталанып келеді. Тіпті олардың кейбіреулері қазақша сөйлегісі келмейтінін жасырмайды. Бұл жай емес. Бұл - белгілі жағдайда қазақ тіліне деген бүгінгі және келешек аналарымыздың қатынасы, олардың ұлттық саналарының деңгейі. Бұдан шығатын қорытынды – ана өз тілінде сөйлегенде ғана, бала ана тілінде  сөйлейді. Тіліміз «ана тілі» деп бекер аталмаған екен. Мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі осында жатыр. Мұнсыз тілдік кеңістіктегі

іс-әрекетіміз тиісті нәтиже бере қоймайды. 

Бүгін басқа қоғамдық өмірімізде де орыс тілдік орта басым. Енді алдымызға  ағылшын  тілін  дамыту  жөнінде  міндет қойылып отыр.

Бұл - қоғамдық қажеттілік. Алайда бұл бағыттағы әңгіме көбіне жалаң айтылады. Қосымша қанша тілді білсек те, оның тұғыры ана тіліміз болуға тиісті екенін көбіне ұмыт қалып жатады. Мұның үстіне жаңа қоғамның ішкі дүниесін түгендеп алмай, есікті айқара ашудың нәтижесінде ертеден кешке дейін телехабарларымыздағы ұрыс-керіске, адам өлтірудің тоқсан тоғыз айласына толы шетелдік сериалдар, кез келген жерде ашылып-шашылып жатқан шетелдік газет-журналдар мен біздің өмірімізге қайшы саналуан хикаяға толы кітаптар қазақ көрермені мен оқырманын рухани тұншықтыруда. Тек жастарды ақшаға қызықтырудан басқаға үйрете қоймайтын казино, әр түрлі берекесіз ойындар  қала біткенді жаулап алды. Бұл бағытта Астанамыз да үлгі көрсете алмай отыр. Ал жеткіншектерімізге пайдалы нәрсеге келсек, тиісті мекемелер былқ етпейді. Мысалы, басты қаламыздағы мектеп балаларына арналған жалғыз шахмат клубы бір бөлмеге орналасқан. Мен осы жөнінде кезінде қала әкіміне де жазғанмын. Ол кісі хатқа жауап беру қажет деп де есептеген жоқ. Осының  барлығы бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына барынша сіңіре алмай, жадағай өсуіне алып келіп отыр. Ұл-қыздарымыздың бойындағы ұлттық басты нышанымыз - тілдің әлсіреуі оларды төл мәдениетімізден бірте-бірте алшақтатып барады. Егер тиісті шара қолданбасақ, бұл оңалмас қиындықтарға, рухани жүдеушілікке алып келері сөзсіз.

Қазақ тілінің мемлекеттік органдарда дағдарыс күйінен шыға алмай отырғанын бұрын да айтқанбыз. Республиканың мемлекеттік ұйымдары мен мекемелерінде мемлекеттік тілге қатысты конституциялық, заңдық нормалар тиісті орындалмай, мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі аударма тілге айналып, іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасауда қосалқы сипатта қалып отырса, басқа не деуге болады? Конституцияда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп, ал «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабының екінші бөлігінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» дегендердің бәрі әзір қағаз жүзінде. Тіл туралы Заңның  23-бабының “Мемлекеттік тілді  белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді” деген практикалық пайдалы норма бақылаусыз күйде. Үкіметтің 1998 жылғы 14 тамызында қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысында   «орталық атқару органдары 1999 жылдың 1қаңтарына дейін өздерінің ресми шараларын, алқа мәжілістері мен түрлі жиындарын өткізетін залдарын ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етсін» деген тапсырма да қадағалаусыз қалды. Осындай жиындарда сөйленген сөздер екінші тілге аударылмай, негізінен қазақ тілділер өзінің табиғи құқығын пайдалана алмай, кейбіреулердің айтатынындай, түсінікті тілде - орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып жүр. Сөйтіп, қазақ азаматы өз тілінде ақпарат алу және өз тілінде сөйлеу құқығынан айырылып, конституциялық норма тікелей бұзылып отыр.

Мемлекеттік билік органдарының ішінде бірден-бір ұлттық сипаты басымы Парламент болуға тиісті. Алайда онда ілеспе аудармаға жап-жақсы жағдай жасалса да,  қаракөз депутаттарымыз қазақша сөйлей қоймайды. Кәсіби заң шығарушы орган саяси сахнаға келгелі бері Үкімет  оған бірде-бір заң жобасының түп нұсқасын мемлекеттік тілде ұсына алған жоқ. Жұртшылық мұның бәрін көріп-біліп отыр. Билік басындағылардың мемлекеттік тілге деген жанашырлықтарын өздерінен бастағандары әлдеқайда тиімді болар еді.

Ана тіліміздің қадірін түсіріп отырған ешкім емес, өзіміз. Әйтпесе, оралымдылығы мен ойлылығы, тереңдігі мен мазмұндылығы жөнінен ана тіліміз еш тілден кем емес, артық болмай-ақ қойсын. Сонан соң сан ғасырдан бері сағымдай арман болып келген саяси азаттық идеясын жаңа жағдайдағы санамызды жаңарту процесімен, ұлттық құндылықтарымызды түгендеумен, мұраттарымызды батыл шешумен жалғастырып, дәстүрлі рухани бұлақтан суғара алмадық. Кешегі «кеңестік интернационализмді» ту еткен тоталитарлық билік тұсында қоғамда пайда болған ұлтсыздық сана бүгін де жалғасын тауып,  жаһандану жағдайында тіпті күшейе түсуде. Сөйтіп, кескіні қазақ, тілі басқа ұрпақтар тобы өсіп келеді. Бұлар күні ертең бірнеше есеге көбейеді. Сонда шын қауіп туады. Осы жерде Ұлы Отан соғысының айбынды қаһарманы  Бауыржан Момышұлының осыдан алпыс екі жыл бұрын билік басындағыларға айтқан: «Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық  көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын  неге көрмейсіңдер» деген сөзі еріксіз еске түседі. Аруағыңнан айналайын,  Баукең осыны бүгін айтып тұрған сияқты.

Бүгін мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жобасын жасау жөнінде әңгіме жоқ емес. Ондай заңдар басқа елдердің тәжірибесінде бар. Алайда, Конституциядағы орыс тілі туралы ресмилік норма, әсіресе, тіл заңындағы

21-бап тұрғанда бұл қадам тиісті нәтиже бермейді. Кейбіреулердің заңға қарай бермеу керек дегені артық әңгіме. Заңнан аттауға болмайды. Біз құқықтық мемлекет құруды алға мақсат етіп отырмыз.

Қорыта айтқанда, қол жеткен тәуелсіздік туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесін биіктете түсуі үшін мемлекеттік батыл шаралар қажет. Бұл үшін бүкіл қоғам болып күресуіміз де керек. Қазір әрқайсымызда ұлттық намыстың жоғары және ұлтжандылық қасиеттің күшті болуы қажет-ақ болып тұр. Сонда ғана туған тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміз баяндырақ болатынын естен шығармаған абзал.   

Әдебиеттер

1.Краткий статистический ежегодник Казахстана 2005. -Алматы, 2005. -216 с.

  1. Әйтімова Б. «Ұстаздарға жеңілдіктер жасалуы керек». /Жас қазақ. 2006. 10 қараша.- 3 бет.
  2. Бұл да сонда.  

//Заң газеті, №210 (1016), 5 желтоқсан, 2006 жыл.

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Ұқсас материалдар