Қандастар Ассамблея

Ерекшеленудің дұрыс және бұрыс жолы

15.10.2015 2778
Көлік иелерінің бірталай қаржы жұмсап, «крутой» нөмір алуы, немесе ұялы телефон пайдаланушыларының бірдей саннан тұратын нөмір алуға ұмтылуы мені ылғи таңғалдыратын.

Көлік иелерінің бірталай қаржы жұмсап,  «VIP» нөмір алуы, немесе ұялы телефон пайдаланушыларының бірдей саннан тұратын нөмір алуға ұмтылуы мені ылғи таңғалдыратын. Менің түсінгенім, бұл құбылыстың жалғыз себебі бар және ол өзге жұрттан ерекшеленуге деген талпыныс. Әрине, ерекшеленуде тұрған ешнәрсе жоқ, мен ерекше болуды қолдаймын, әйтпесе бәрі бірыңғай болып кетсе, тағы болмайды. Алайда, ерекшеленудің де өз жолы бар, дұрыс ерекшелену мен бұрыс ерекшеленуді ажырата білген жөн.

Дұрыс ерекшелену деген не?

Адам о бастан өзгелерден ерекше болып туады және өскен сайын бұл ерекшелік арта береді. Бізді шынайы ерекше ететін ол біздің келбетіміз, дауысымыз, мінезіміз, адамдығымыз, мәдениетіміз, біліміміз, жеткен жетістігіміз және тағы басқа. Егер адам өте сыпайы, мәдениетті және адал болса, ол көпшіліктен ерекшелене түседі. Сондай-ақ, білімі көп, бірнеше жетістікке жеткендер де өзгелерден қатты ерекшеленеді. Мұндай ерекшеленуді мен құп көремін және бұл адал ерекшелену.

Бұрыс немесе жасанды ерекшелену деген не?

Өз қолыңмен, жаратылысыңмен ерекшелене алмай, қосымша дүниелер арқылы ерекшелену.

Мысалы, қымбат нөмір алу. Көліктің жағдайында «VIP» нөмірдің құны 250 мың теңгеден жоғары тұрса, ұялы телефон жағдайында ең кемі 200 доллар тұрады. Мұндай нөмір алғаннан көлігіңіз қатты жүріп, ұялы телефоныңыздың қуаты артып кетпейтіні анық.  Мұндағы мақсат қарапайым жұртты таңғалдыру, «Қарашы, мына пәленшенің нөмірі қандай әдемі», «Өңкей жетіден тұратын нөмір, қандай керемет» деген секілді пікір қалыптастыру. Біріншіден, дәл бүгінгі жағдайда адамдардың дәл осылай таңдануы екіталай, екіншіден, адамдарды дәл осылай таңғалдырғаныңызбен сізге келіп кетер ешқандай пайда жоқ.

Тағы бір мысал. Жұрттардың көбі құны ары кетсе 200 мың долларға дейін баратын көлік мінеді. Бірақ кейбір адамдар жұрттан ерекшеленіп 1 немесе 2 млн. доллар тұратын супер көліктер сатып алып жатады. Тағы сол ерекшелену. Әрине, 1 млн тұратын көліктің мүмкіншілігі көп, дегенмен мұндағы мақсат сол мүмкіншіліктерді тиімді пайдалану емес, сол мүмкіндігі көп нәрсенің иесі ғана болу. Осы мысалды айтқанда, қолдарында айфоны бар, бірақ соның ішінде GPS бар екенін білмей, адасқан кезде көшедегілердің мазасын алатын адамдар есіме түседі.

Студент кезімде Burberry брэндінің пакетін біреуден сұрап алып, сабаққа ұстап келетін студенттерді көретінмін. Сондағы мақсат жұрт мені осы брендтің киімін сатып алған екен деп ойлап қалсын деген оймен рахаттану, өзін ерекше сезіну.

Менің бұл пікірімді қабылдау әрбір адамға қиын тиеді және мен оны түсінемін да. Бірақ эмоцияның бәрін алып тастап қарау арқылы, белгілі бір ортақ пікірге келуге болатын сияқты.

Біз Марк Цукербергтің, Стив Джобстың қарапайым киінгеніне таңғаламыз. Бізді сондай-ақ, жағдайы мықты еуропалықтардың шағын көлемді қымбат емес көлік мінуі де таңғалдырады.

Мұның себебі неде?

Менің ойымша, бұл жердегі негізгі мәселе – құндылықтар жүйесінде.

Біз үшін бірінші кезекте не құнды? Біреудің біз туралы жақсы ойлағаны ма? Егер шынымен де жақсы адам болсақ, уайымдамасаңыз да болады, қоғам соқыр емес. Бірақ көп жағдайда біз өзіміз туралы пікірді әсірелеп жеткізгіміз келеді ғой. Жалпы, менің ойымша, қоғамнан мұндай жасанды жолмен ерекшелену белгілі бір деңгейде мәдениетсіздіктің белгісі.

Тағы да айтамын, ерекшеленуге қарсы емеспін, тек дұрыс жолмен, табиғи жолмен, еңбек жолымен ерекшеленейік. Жасанды ерекшелену уақытша нәрсе, ол алдамшы нәтижеге жетелейді.

Аталмыш мәселенің танымалдылыққа да қатысы бар. Неліктен екенін білмейміз, біз әйтеуір танымал болғанды қалап тұрамыз, бізді білсе екен, таныса екен деген ой маза бермейді.

Егер бізді көп адам таныса, үстімізде қымбат әшекей болса, бізден асқан бақытты жан жоқтай көрінеді. Олай емес, шын мәнісінде бұл алдамшы нәрсе. Дәл осы жерде батыс бізден қатты ерекшеленеді. Олар үшін негізгі құндылық: сөз бостандығы, отбасының амандығы, сапалы білім, өз салаңның кәсіби маманы болу, қоғам дамуына үлес қосу. Бізге осы құндылықтар жетіспейді.

Сондай-ақ біз мақсат қоюдан да қателесетін сияқтымыз. 

Әрине, өзіңді танытуда тұрған ешнәрсе жоқ. Бірақ бұл басты мақсат, миссия болмауы тиіс. Егер сен бірнәрсемен айналыссаң, сол айналысқан салаңды бүге-шігесіне дейін меңгерсең, сөйте тұра қоғамға бір пайда тигізсең, танымалдылық өздігінен келеді. Адамның мақсаты қоғамның лайықты мүшесі болу, азамат болу, өз салаңның кәсіби маманы болу және т.б.

Сұрақ: Генри Форд өз машинасын жасаған кезде ойында ең бірінші танымал болу тұрды ма, әлде сапалы машина жасау тұрды ма? Илья Ильин ауыр атлетикамен айналысуды бастаған кезде бірінші кезекте танымал болуды көздеді ма, әлде ауыр атлетші ретінде әлем чемпионы, олимпиада чемпионы атануды көздеді ма?

Шәмші Қалдаяқов ешқашан танымалдыққа ұмтылған емес, бірақ ол халықтың жадында мәңгілікке қалды. Неге? Себебі ол бізге өшпестей із қалдырды. Міне біздің мақсатымыз да, миссиямыз да осы болуы қажет.

Бүгінгі жағдайда, біз көбіне-көп атың шықпаса жер өртенің кейпіндеміз. Мәселен, Оңтүстік Кореяны алып қарайық. Әлемдік деңгейде бұл елдің танымалдылығы бізден әлдеқайда жоғары. Бірақ бұларды әлем қалай таныды, жиындар арқылы ма? Жоқ. Кәріс халқы өз техникасымен, технологиясымен, медицинасымен танылды. Олар бастапқы мақсат ретінде танымалдылықты қоймады, ерекшеленуді ойламады. Олар мемлекет ретінде дамуды ойлады.

Қорыта келгенде, танымал болуға, ерекшеленуге ұмтылудың қажеті жоқ. Бұл – өздігінен келетін дүниелер. Бастысы – еңбек етіп, кәсіби маман атанып, шығармашылық табыстарға қол жеткізу.


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар