Қандастар Ассамблея

Ербол Азанбек: "Жұмысқа тұрған күннен бастап тойға, үйге деп ақша жинай бастаңыз!"

24.11.2014 7822
Әртүрлі баспасөз беттерінде қаржылық сауаттылық туралы жиі мәселе қозғап, егжей-тегжейлі жазып жүрген журналист, банктің баспасөз хатшысы, PR маманы Ербол Азанбекке үнемшілдік, қаржы жинау төңірегінде бірнеше сауал жолдадық...

Әртүрлі баспасөз беттерінде қаржылық сауаттылық туралы жиі мәселе қозғап, егжей-тегжейлі жазып жүрген журналист, банктің баспасөз хатшысы, PR маманы Ербол Азанбекке үнемшілдік, қаржы жинау төңірегінде бірнеше сауал жолдадық...

– Үнемшілдік туралы жиі жазып жүрсіз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз...

– 2013 жылы банкке баспасөз хатшысы болып келдім. Қаржы саласының асүйіне келген соң бұрын білмеген мәліметтерді ала бастадым. Банк өнімдерін түгел түсініп, зерттеуге тура келді. Әдеби кітаптардың орнын қаржы туралы кітаптар баса бастады. Бұрын банкке клиент немесе солар туралы жазатын журналист кезімдегі банк туралы ойларым, түсінік, ақпараттармен салыстыра бастадым. Оның үстіне жұмыс барысында көптеген адамдардың проблемаларын естисің. Байқағаным, көп адамдар несие алу кезінде келісім-шартқа, несие алғаннан кейінгі тәуекеліне мән бермейді. Өнімдерді зерттемейді. Әрине, кез-келген мәселенің екі жағы бар. Бірақ, көбіне салғырттық, жауапкершілік, сене берушілік деген нәрселердің салдарынан адамдар өмірлерін қиындатып алады. Жұмысқа кірген соң, 20 күннен кейін бір оқиға болды. Жалақысы 60 мың теңге, күзетші болып жұмыс істейтін жігіт, несиеге ол кезде жаңа шығып жатқан iPhone5 алған. Келісім-шартты оқымаған. Ертең төлей алмаймын-ау деп ойламаған. Өзі айына 30 мың теңге төлеп, Шаңырақта пәтерде тұрады. Қалған 30 мың теңгеге күнделікті күнкөріске жұмсай ма, несие төлей ма ойламаған. Телефон оның жұмысы үшін маңызды болса бір жөн. 3 айдан соң, телефонды жоғалтқан. Ол жоғалған соң, несиені төлеуге құлқы азайған. Қарызы жинала берген. Тағы бір 3 айдан соң жұмыстан шығып қалған. Қарыз үстіне қарыз. Иә, біздің қоғамда киімге, ұстаған затыңа қарап сыйлайды. Бірақ, айналаңдағы адамдар сыйласын деп өзіңді сонша зорықтырудың қажеті қанша. Сосын айналамдағы қаржысы бар, кәсіпкерлік көзқарастағы адамдардың өмірін зерттеп қарай бастадым. Бұлардағы ең басты ұстаным, үнемшілдік. Кіріс-шығысын жазып, ай сайын кірісін арттырып, шығынын азайтып, артық қаражатты жинап инвестициялауға мән береді. Кәдімгі компания сияқты. Бизнестегі жетістік - кіріс, шығыстардан соң, қанша таза табыстың қалуымен есептеледі. Шығыны көп, проблемасы шашетектен болса, оны кәсіпкерлік нысаны деп айтудың өзі ұят. Сондықтан кәсіпкерлер барлығын жоспарлап, тәуекелді алдын-ала бағамдап, кіріс-шығысын есептеп, кәсібін тек дамытуға тырысады. Бұл көзқарас әрбір жеке адамда болуы керек. Алайда, бізде қоғамның басым бөлігі «несие алып едім. Оңбаған банктер жеп бітті» деген ұстанымда. Мүмкін несие алардан бұрын бәрін бағамдап, егер оның пайызы жоғары болса бас тартып, қаржы табудың басқа көздерін іздеп көру керек шығар. Қайбір жетіскеннен несие алады дейсің дегенді көп естимін. Егер жетісіп жүрмесеңіз, несие алудың қажеті жоқ. Несие ешкімді байытпайды. Мәселеңізді уақытша ғана шешеді. Бірақ, пайызы бар, комиссиясы бар, бірнеше жылдарға созылатын қарыз қалады ғой. Мүмкін несие алудың орнына кіріс-шығыс есебін жүргізіп, қаражатыңызды үнемдеп, артық шығындардан бас тартып, қаржы мәселесін шешудің басқа жолдарын қарастырып көрерсіз. Бірақ, мұны түсіндіріп, айтып, жазып жүрген ешкімді байқамадым. Адамдар оқып, ойланатын контент аз. Әсіресе қазақ тілінде. Бірнеше БАҚ-қа ұсыныс жасадым. Жазсаңыздар, айтсаңыздар деп. Бірақ, қаржы қолбайлау дегенді естідім. Қаржы сарапшысы емеспін, бірақ қаржы мекемесінде жұмыс істейтіндіктен, мәселені көріп отырғаннан кейін, қаржылық өнімдер бойынша материалдар жазуды қолға алдым.

Үнемшілдік туралы жазғанда өз басыңыздан өткенді ғана сөз етесіз бе, әлде өзгелердің өмір тәжірибесі арқау бола ма?
– Өз басыңнан өткен бір-екі оқиғаны жазуың мүмкін. Бірақ, бір адамның оқиғалары аздық етеді. Сондықтан жүрген жерімнің бәрінен «азық болар» оқиғаларды іздеп жүремін. Таныстарымнан сұраймын. Проблемасын айтып келген танымайтын адамдарды әңгімеге жиі тартып, не үшін қарызға батқанын зерттеп көремін. Олардың сұрақтары негізінде басқа адамдардың оқиғаларынан жауап іздеймін. Көбіне соның негізінде жазылады.

Жалпы «бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген бар, «бас біреу» кезде адам қалай ақша жинауы керек деп ойлайсыз?
– Ақша жинау үшін отбасылы, бойдақ деген «статус» кедергі емес. Ақша жинауды негізі бала күннен ата-аналарымыз үйретуі керек еді. Бірақ, біздің көпшілігіміздің ата-аналарымызға КСРО кезінде ақша туралы ойлатпаған. Нәтижесі сол, олар бізге де қаржы туралы тәрбие бере алған жоқ. Өз басым ата-анамның ақша үнемдеу, жинау туралы айтқанын естімеппін. Іс-әрекеттерімен де «үлгі» көрсеткен жоқ. Тек, ақшаның жетіспеушілігін сезетінмін. Меніңше біздің қоғамда көпшілігінің солай өскені даусыз. «Пәленшекең қатты адам ғой, бір тиынына дейін жазып, түк татырмай отырады екен», «Ақшаның соңынан кетіп оңған адамды көрген жоқпын», «байып еді, ешкімді танымай қалыпты» деген тұрмыстық әңгімелерді немесе «алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деген сияқты мақалдарды оқып, байлардың жаманшылығы туралы шығармаларды оқып өстік. Мұның барлығы бізді ақшаға деген жеккөрушілік болмаса да, оны төлем құралы ретінде дұрыс пайдалану, басқаруды үйрете қойған жоқ. Салдары сол қазір нарықтық қатынас заманы келгенде, қолы жеткені жемқорлық арқылы, жетпегені несие арқылы ақша проблемасын шешкісі келеді. Ақшаға деген көзқарас дұрыс емес. Шын мәнінде ақшаңыз жәй төлем құралы. Оны табу керек, көбейту керек, өміріңізді дұрыс, тыныш, қамсыз болуына тырысу керек. Бірақ ақша табу үшін өмір сүрудің қажеті жоқ. Бізде қазір мемлекет бизнесті, қор нарығын дамытуға күш салып жатыр. Бұл үрдістер қиын жүзеге асуда. Егер бала күннен қаржылық сауатты болып өссе, адамдар кәсіпкерлік көзқараста болса, бізде бизнес те, қор нарығыңыз да өздігінен дамитын еді. Сондықтан мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық» туралы пән қосу керек. Оның да уақыты келер деп ойлаймын. Тікелей сұраққа келсек, меніңше адамның отбасын құрғанға дейін белгілі бір мөлшерде жинағы болуы тиіс.

Үйленген соң барып пәтер алу керек еді дегендерді көп естиміз. «Жаздың қамын қыс ойлау керектігі» мұнда да бар. Үйленгенге дейін пәтер қамын ойластырған дұрыс. Әрине, пәтер сатып алу қымбат. Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп, жұмысқа жаңа тұрған адамға пәтер алу ертегі сияқты. Бірақ, оған қарамастан алуға талпыныс жасау керек. Алдымен жұмысқа тұрған күннен бастап депозитке қор жинай бастаңыз. Мейлі, 1000 теңге салсаңыз да. Үй алуға жетпесе де, алғашқы жарнаға деген мақсатпен жинаңыз. Алғашқы жарнаға жетпеген күннің өзінде үйлену тойыңыз кезінде өзіңізге өзіңіз көмек жасайсыз. Қолдағы ақша тұрмайды деген қағидағаны ұмытпаңыз. Сондықтан көрінбейтін жерге, депозитке салыңыз. 4000-5000 доллар болғанда шағын кәсіпке салуға болады. Менің бір танысым депозитке 5000 доллар жинап, кейін қолданыста болған автокөлікті сатып алып, сатумен айналысып, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен депозит ашып, кейін үйленген соң «Көкжиек» шағын ауданынан екібөлмелі пәтер алғанын білемін. Өзі әлі де көлік алып-сатумен айналысады. Осы жерде тағы бір кеңес, жалақыға ақша жинау мүмкін емес дейтіндер көп. Менің жаңағы танысым сияқты қосымша жұмыспен айналысыңыз. Аудармамен айналысып, қосымша қаржы табатын таныстарым бар. Аудармаңыз сапалы болса, тапсырыс үзілмейді. Бір танысым автокөліктің майда-шүйде заттарын сататын досының кәсібіне 2000 жылы 3 000 доллар инвестиция салып, 5 жылдан кейін, салған ақшасы 45 000 долларға дейін жеткен. Танысым оның 20 мыңына екі жер телімін алып, екі жылдан кейін әрқайсысын 35 000-нан сатқан. 25 мың доллары әлі танысының кәсібіне салулы. Өзі онымен бірге зат тасып, сауда жасап әуре болмайды. Сонау қиын кезде ақшасын салған, сонысы үшін айналымнан табыс тауып отырады. Әрине, сенімді серіктестерді таба білу де керек. Жер телімінен түскен пайдаға тағы жер алып, үй салып жатыр. Бәрі жұмысынан тыс табыс. Тек жалақыға қарау – табыс көзі емес.

Ретімен тізбектесек:

Жұмысқа тұрған күннен бастап тойға, үйге деп ақша жинай бастаңыз.
Негізгі жұмысыңыздан бөлек қаржы табуға мүмкіндік беретін қосымша жұмыспен айналысыңыз.
Депозитке жинақталған қаражатты көбейтудің жолдарын қарастырыңыз, сенімді, болашағы бар істерге инвестиция салыңыз. Инвесторлықты аз ақшамен де бастауға болады.
Несие тарихыңызды «таза» ұстаңыз.
Тұрғын үй алуға арналған ең арзан бағаны мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана алуға болады.
Үйлену үшін несие алмаңыз. Әрі баспанаңыз болмаса тіпті жоламаңыз.
Қаржылық біліміңізді жетілдіруге күш салыңыз. Көліктің дөңгелегін шығаруды білмесеңіз, екі-үш есе ақысына білетіндер шығарып, жасап, салып береді. Қаржыңызды көбейтуді, басқаруды білмесеңіз де солай.
Қаржы жинау үшін кіріс-шығыс есебін жүргізуді үйрену керек. Кірісті арттырып, шығысты азайтуға күш салыңыз.
Сізге қажетті ақпарат бере алатын адамдармен көбірек сөйлесіңіз.
Қаражатты көбейту, басқару туралы ақпаратты көбірек оқыңыз.

Әзірлеген: Жандос Байділда.

Ұқсас материалдар