Қандастар Ассамблея

Эпиграфикалық ескерткіштер – тарихи мұра

22.07.2016 6833
Тарихты түгендеу

Эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің ғылыми қоғамы құрылады. Мұндай ұсынысты Оралдағы «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми семинарда тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов айтты.

– Қазақ құлпытастарынан ислам өркениетімен келген мәдениетті де, көне түркі дәстүрінің жалғасын де көруге болады. Біз ескерткіш тастарды «құлпытас», «сандықтас» дегенімізбен, оны жасаушы шеберлердің «балбал» терминін қолданғанын осы жолы Ордадағы Хан зиратын зерттеп келген ғалымдар айтып отыр. Мұның өзі көне түркіден жеткен жалғастықты білдіреді. Біз ХҮІІІ-ХХ ғасырлардың ескерткіштерін менсінбей қарамауымыз қажет, себебі олардан бұрынғы ескерткіштер сияқты бұлар да жоғалудың аз-ақ алдында тұр, – деді семинарда ғалым Әшірбек Муминов.

Қазақ құлпытастарының функциясына тоқталған ғалым: «Біріншіден, олар мемлекеттік шекара белгісі ретінде қызмет атқарған. Еліміз бойынша осы Батыс Қазақстандағыдай жұмыс атқарылса, құлпытас таңбаларына қарай отырып, сол кезеңдегі территориямыз анықталар еді. Екіншіден, отырықшылық мәдениетіне көп мән бергенімізбен, көшпелі қоғам қалыс қалып жатады. Ал құлпытастарда ру, тайпа көрсетілуіндегі мақсат – сол кездегі қоғам ішіндегі ынтымақты, бірлікті, ағайындықты білдіру. Бұл жағынан да құлпытастар сол кезде аса маңызды рөл атқарды деп ойлаймын» деді.

Жуырда Жапонияда ғылыми семинарға қатыстым. Токио зерттеулер институты ұжымымен сөйлестік. Жапон ғалымдары Қазақстанның колониялдық кезеңін зерттеуде. Негізінен мұрағат құжаттарымен жұмыстар атқаруда. Бірақ мұрағат құжаттары бір жақты кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан ел ішіндегі деректерді де зерттеу қажеттігін айттым. Біздің қазір постколониялдық кезеңдеміз. Сол себепті ғылымда стереотиптер толып жатыр. Көкшетау өңірі мен Бөкей ордасындағы құлпытастардағы аз ғана ақпараттың өзі сенсациялық болып жатыр. Себебі қазақ тарихы идеология жасаушылардың қолымен жазылды. Қазақ үш жүзден құралды деген ұғым санаға сіңілді. Ал біз құлпытастарды оқи отырып, ондағы септіктердің қолданылуынан-ақ қазақ халқы әрқашан біртұтас болғанын көрдік. Стереотиптерден арылуымыз үшін зерттей түсу қажет. Жапон зерттеушілері қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс жасауға әзір. «Бір бөлігін біз де жариялауға жәрдем берейік» деп ұсыныс айтты. Тек Жапония емес, өзге де шетелдік ғалымдардың қызығушылығы үлкен.  Болашақ істеріміздің шеңбері кеңейді,-деген Әшірбек Муминов Қазақстандағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің ғылыми қоғамын құруды ұсынды. Себебі зерттелген құлпытасты басқалар қайта зерттеп жүрмеу үшін, зерттеулер жоғалмау үшін эпиграфиялық ескерткіштердің ортақ реестрін құру қажет. Сондай-ақ жоспарлы жұмыс жасау үшін де үйлестіруші кеңес керек. Мәдени құндылықтарды сақтау, қалпына келтіру, сандық жүйеге түсіріп, келешек ұрпаққа жеткізу мәселесі тұр.

«Бұл жағынан жапониялық ғалымдардың бай тәжірибесін пайдаланса да болады. Олар тіпті эпикалық жырларының телевизиялық нұсқасын да жасауда. Жапондар өз құндылықтарының ешбіреуінің жоғалып кетуіне жол бермейді, соған бар күшін салады. Ал бізде мына құлпытастар өте тез жоғалып бара жатыр. Мал сүйкеніп сындырып, топыраққа көмілуде. Қалғанына экология зардабы тиіп, жазуы жоғалуда. Сол себепті ескерткіштерді есепке алып, зерттеу мәселесін кешіктіруге болмайды. Оларды жинақ қып жариялау арқылы да келешекке жеткізуге болады» деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Муминов. Ғалымның ғылыми қоғам құру жайлы ойын батысқазақстандық ғалымдар қолдап, семинар соңында қарар қабылданды.

«Құлпытастарда өнер тарихын зерттейтін ғалымдарға да, әлеуметтанушыларға да қызықты мәлімет көп» деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов Оралда өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми семинарда.

– Ислам діні пайда болғаннан кейінгі ең көнесінен бастап бері қарайғы ескерткіштерді ғалымдар зерттеп келді. Араб жазулы ескерткіштер көп аймақ Иран деп есептелді. Бірақ кейінгі кезде Орта Азияда аз еместігі белгілі болды. Көне ескерткіштер жайлы 18 томды парақтап шыққанымызда, оған тек Ферғанадан 5-6 ескерткіш кірген екен. Біз білетін Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстаннан табылған ескерткіштер аз болған екен. Біздің аймақтың әлемдік жинаққа енбеуі кеңес кезіндегі жабық саясатқа байланысты. Бұл мәселе Француз институтында көтерілді. Онда Қазақстандағы эпиграфиялық ескерткіштерден әлем ғылымының хабары жоқтығы айтылды. Яғни бұл аймақтағы ислам өркениеті толық зерттелмеген. Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мың эпиграфиялық ескерткіш бар екені қазір мәлім болып жатыр. Тың деректер молынан. Барлық ғалымдар ат салысуы қажет.

Батыс Қазақстанда жергілікті ғалымдардың, белсенді азаматтардың жақсы әрекетін көріп отырмын. Үлкен қызығушылық, жанкүйерлік бары қуантады. Жыл өткен сайын бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы артып келеді. Сондықтан осы іске араласып жүрген батысқазақстандықтарға алғыс айтамын, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Муминов.

Ғалымның айтуынша, бұрын Малбағар Медіғұлов, Серік Әжіғалиев сынды ғалымдар көне ескерткіштерді зерттегенмен, ондағы жазуды терең қаузамаған. Бірақ сол зерттеулер болашақ ізденістерге негіз болады.

– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша біраз жұмыс жасалды. Маңғыстау облысында өңірлік бағдарлама бойынша екі кешен жазулары зерттелді. «Шақпақ ата», «Сисен ата» деген 2 том еңбек жарық көрді. Бұл жобаның келешегі үлкен, ауқымы кең. «Даналар сөзі» сериясымен 100 том шықса, эпиграфиялық ескерткіштер бойынша одан да көп еңбек жинақталуы мүмкін. Себебі іс жүзінде 1 том жинақта 300 шақты ғана ескерткішті қамтуға болатыны белгілі болды. Егер үш тілге аударып, суреттерімен беріп, әлемдік ғылыми стандартпен шығарса, 300 ескерткіш бір кітапқа сыйып тұр. Бұл өңір не университет аясындағы жұмыстар емес, ел үшін, әлем ғылымына үлес боларлық дүние, – деді ғалым.

Араб жазулы эпиграфиялық ескерткіштердің тарихына тоқталған ғалым: «Орта Азиялық құлпытастардың тарихы терең. Мысалы, Самарқандтан табылған Х ғасырға жататын құлпытастардың материалы – күйдірілген кірпіш. Ал Қараханидтер кезеңінде (ХІ-ХІҮ ғ) қайрақтастар қолданылған. Қараханид кезеңінде Х ғасырда өмір сүрген ғұламалардың құлпытасы қайрақтастармен жаңартылған. Мұның қайтыс болған адамға құрмет қана емес, идеологиялық себебі де болды. Қазақ құлпытастарының да осындай мәні бар. Сол себепті ескерткіштерді зерттегенде барлық жағына мән берілу керек: кімге қойылды, не жазылды, қандай материал қолданылды, шеберлер кімдер? Құлпытастарда өнер тарихын зерттейтін ғалымдарға да, әлеуметтанушыларға да қызық мәлімет көп. Бір сөзбен айтқанда, эпиграфиялық ескерткіштер – тың деректер қоры. Сондықтан оны зерттеушілерге қойылатын талап үлкен, әлем ғылымы алдындағы жауапкершілік мол», – деді.


Нұрлыбек РАХМАНОВ

Ұқсас материалдар