Елордада әкемтеатр мұражайының көрмесі ашылды

20.09.2016 3345
Астанаға кім келді?

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесі ашылды.

Шараның ашылу салтанатына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, театр директоры  Ерлан Біләл, ҚР Халық әртісі, профессор Есмұқан Обаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,  халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежановалар қатысты.

Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

– Бүгін сонау Алматыдан әкемтеатр өзінің 90 жылдығына орайластырып, осындай көрмені біздің музейімізге әкеліп отыр. Бұл – тек бір театрдың тарихы ғана емес, бүкіл қазақ өнерпаздарының, қазақ интеллигенциясының тарихы. Біз осы көрмеде суреттері қойылған, кезінде театрда тер төккен ардақты аға-апаларымыздың рухына басымызды иеміз. Сол буынның өнерін жалғаған, өнегесін көрген Асанәлідей ағаларымызға алғысымызды айтамыз. Дәл осындай шараның ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырылуы – біз үшін үлкен құрмет.

Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:

– Мұндай көрмелер халыққа үлкен білім береді, өскелең ұрпақты келешекпен таныстырады. Мына көрмедегі әр суреттің бағасы қымбат. Аукционға салсаң, әрқайсысының құны миллионға татиды. Әлгінде осындағы суреттерді қарап, өзім таңғалдым. Бәрі де кезінде бірге істеген, бір сахнада ойнаған адамдар. Сағынасың... Театрдың корифейлерінен алған тәрбиеммен осы күнге жеттім. Серағаңдар (Серке Қожамқұлов) есіктен кіріп келе жатқанда, қабырғаға жабысып тұра қалатынбыз. Құрмет деген – осы. Ал, қазіргі жастар  үлкендерді қаға-соға өте беретін болды. Елдің дәстүрін, мәдениетін ұмытыңқырап бара жатырмыз. Осы мәселе ойландырады, қынжылтады...

Ерлан Біләл, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының басшысы:

– Алатаудан арқалап, Арқаға әкелген көрмеміз 90 жылдық тарихы бар театрымыздың өткен күндерінен сыр шертеді. Бұған дейін бұл мұражайды әкемтеатрға келген көрермендер ғана көрген болуы мүмкін. Мұнда әкемтеатрда әр кезеңде қызмет еткен сахна саңлақтарының костюмдері, жеке заттары, портреттері, кітаптары қойылған. Астаналықтар осы көрмеден көңілдеріне көп ой түйіп, театрымыз туралы көп мағлұматқа қанығады деп үміттенеміз.

Анықтама

Қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының 48 жылдық тарихы бар.

Мұражай жәдігерлері арасында Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова, Шәкен Айманов, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев және т.б. әйгілі театр және кино әртістерінің құнды заттары сақталған. Олардың арасында әртістердің сирек кездесетін суреттері, әр жылдардағы сахналық киімдері, афишалар, спектакльдердің макеттері мен эскиздері, театр өнері майталмандарының портреттері және жеке заттары бар. 

Аталған көрмеге театрдың 90 жылдық тарихынан сыр шертетін осы жәдігерлер қойылып отыр.

Көрме 5 қазанға дейін жалғасады.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар