Қандастар Ассамблея

Электровоз құрастыру зауытындағы екпінді жастар (фоторепортаж)

26.01.2015 6120
El.kz Электровоз құрастыру зауытында.

Астана қаласының «Индустриялық паркінде» орналасқан Электровоз құрастыру зауыты 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауыттың ашылу рәсіміне қатысқан ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жаңа электровоздарды ТМД және Кедендік одақ мемлекеттеріне жеткізудің маңызына тоқталып, зауыт жұмысына «Болашақ» бағдарламасы бойынша инженер мамандығын бітірген түлектерді жұмысқа тарту қажет екендігін ерекше атап өткен болатын. Бұл өз кезегінде отандық инженерлік-техникалық кадрларды қалыптастыруға жақсы үлгі болар еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы қаншалықты орындалғанын анықтау мақсатында осы объектіге жол тарттық. 

Бізді зауыттың Коммерциялық директорының көмекшісі Ермек Ишов қарсылап алып, осында еңбек ететін жас мамандармен таныстырды. Жол-жөнекей Ермекті әңгімеге тартып, зауыт туралы сұрадық.

Ермек Ишов, Коммерциялық директордың көмекшісі:

- Зауыт негізгі төрт бөліктен тұрады. Ең алдымен дәнекерлеу бөліміне жүріңіздер. Енді зауыт туралы айт десеңіз... Электровоз құрастыру зауыты Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған болатын. Бұл бағдарлама көптеген жастардың жұмысқа орналасуына әрі ел ішіндегі транспорттық инфрақұрылымның дамуына зор ықпал берді.  Зауыт «Alstom Transport» француз компаниясының технологиясы бойынша салынғандықтан, жаңа айтқанымдай көбіне жас мамандар  жұмысқа тартылып, индустрияландыру саясатына атсалысып жатыр. Биыл міне индустриялық даму бағдарламасы жаңа белеске өтті. Бұл да біздің зауытқа үлкен сын. Міне, дәнекерлеу цехына келіп жеттік - деп, бізді осы бөлімнің жауапты қызметкері Ерболмен таныстырды.

Ербол Есемсейітов, дәнекерлеу цехының  шебері:

- Мен осы жерде зауыт ашылған кезден бастап жұмыс істеп келем. Бастапқыда металл дәнекерлеушісі болдым. Қазір электровоз шанағын (кузов) дайындайтын цехтің шебері қызметіндемін. Менің міндетім цехтағы жұмысшылардың жұмысын ұйымдастыру. Жаңа орналасқан мамандарға қызметтік міндеттерін түсіндіріп, көмектесу. Жұмыстың тоқтап қалмай, үздіксіз жүруін қадағалау. Сізге айтқан шығар зауыт француз технологиясы бойынша жұмыс істейді. Сондықтан, белгілі бір мерзім аралығында Францияға барып, біліктілік арттыру курстарынан өтеміз. Мысалы 2013 жылы бес дәнекерлеуші және бірнеше инженер-технологтармен бірге Францияның шығысындағы Бельфор қаласында орналасқан электровоз құрастыру зауытына бардық. Сол жерден Еуропаның озық технологияларымен жақынырақ танысып қайттық. Енді міне көрген-білгенімізді, жинақтаған тәжірибемізді осында іске асырып жатырмыз. Бастапқыда дәнекерлеу цехында 14 адам жұмыс істеген, қазір олардың саны 34-ке жетті. Айта кетерлік жайт, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде біздің бірнеше қызметкерімізге пәтер беріліп, әлеуметтік қолдау жасалып тұрады. Өзіңіз ойлаңызшы, қаншама жастар жұмысқа тұрды, қаншама отбасылар құрылды. Сондықтан, осы бағдарламаның жүзеге асуына негіз болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Сырт көзге жұмсақ көрінген Ерболдың цех қызметкерлерін қатаң тәртіпте ұстайтыны байқалды. Әңгіме соңында менің сұхбаттасушым цехтың бөлімдерімен таныстырды. Мына жерде электровоздың сыртқы қаңқасы дәнекерленеді.

Бірінші цехпен таныстығымыз аяқталған соң, Ербол бізді екінші және үшінші цехтардың жауапты қызметкерлеріне табыстады. Осы жерден біз күтпеген жерден Болашақ мамандарының түлектерімен таныстық.

 Ануар Жұмабаев, инженер-технолог:

- Осы жерде жұмыс істегеніме екі жылдай болып қалды. Ол кезде мына көріп тұрғаныңыздай кабельді цех, құрастыру цехтары болған жоқ. Біздің зауытта технологияның стандарттарға сәйкестігін тексеретін арнайы бөлім бар, онда француздар жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз солардың технологиясын өзімізге ендіру. Зауытта төрт цех бар: электровоздарды дәнекерлеу, бояу, құрастыру және сынақтан өткізу. Мен, Азат және Шыңғыс құрастыру цехында жұмыс істейміз. Құрастыру цехының ең маңызды міндеті - барлық сынақтан мүдірмей өтетін, яғни толықтай дайын электровоз жасап шығару. Қазіргі таңда ішкі сұранысты қамтамасыз етумен қатар шет мемлекеттерден тапсырыс алып жатырмыз. Мысалы біз Қазақстанға арнап құрастырылған электровоздың құжаттарын түгендеп алдық, енді алдағы уақытта Әзірбайжанға электровоз құрастыру жоспарда бар. Сондықтан, біздің зауыт мемлекеттің транспорттық инфрақұрылымының гүлденуіне өз үлесін қосып жатыр деп батыл айтуға болады.

Ұлыбританияның жоғары оқу орнын тәмамдаған Ануардан "жұмыстан бос уақытыңда немен айналысасың?" деген сұраққа жас инженер: 

- Осы жердегі әріптес, дос-жолдастарыммен футбол ойнап тұрамыз. Біздің ұжым өте бауырмал, бірге мұзға айдынына сырғанауға барамыз, жазда табиғатқа шығып тұрамыз. Одан басқа жұмысқа қатысты, электровоздар туралы шетелдік ғылыми журналдарды оқимын, - деп жауап берді.

Зауыттағы келесі кейіпкеріміз Шыңғыс Сейдигазимовтің айтуынша бұл жерге жұмысқа тұру үшін ең алдымен ағылшын тілін білу керек екен. Қарағанды Техникалық мемлекеттік университетінде электротехника мамандығы бойынша білім алып, кейін бір жылдай Чехияда оқып келген Шыңғыс өзінің осы зауытқа қалай келгендігі жөнінде былай деп әңгімелейді:

- Оқу бітіргеннен кейін жұмыс іздеп бірталай уақыт жүрдім. Бұрынырақ осы зауыттың ашылғанын естіген болатынмын, сол есіме түсіп, осы зауыттың кадрлар бөліміне түйіндемемді қалдырып кеттім. Артынан маған хабарласып, "іріктеу сұхбатына келіңіз" деді. Кейін мені жұмыс тәжірибеме байланысты құрастыру цехына жіберді. Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл жерде біз сияқты тәжірибесі аз жастарды жұмыспен қамтып, жақсы мүмкіндіктер беріп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жастар атынан алғысымды айтқым келеді. Болашақта француздық технологиямен шектеліп қалмай, өзіміздің, отандық жаңа технологиямызды жасап шығарғым келеді. Сонда бұл сектор одан бетер ұлғайып, жастарға жаңа көкжиектер ашылады.

Азат Жұмағұлов, инженер-механик:

- Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Аризона университетінде (Аризона штаты, АҚШ), инженер-механик мамандығында оқыдым. «Болашақ» ассоциациясы ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесінде осы зауыттың үстеліне түйіндемемді тастап кеткен едім. Кейін маған хабарласып, жұмысқа шақырды. Әрине талап жоғары болды. Біріншіден ағылшын тілін жетік білу керек және міндетті түрде инженерлік жоғары білім болу керек. Зауыт туралы айта кетейін. Зауыт төрт цехтан тұрады. Алдымен электровоздың шанағы (кузов) дәнекерленіп, құрастырылады. Одан кейін екінші цехта боялады. Үшінші біздің цех. Онда электровоздың ішкі техникалары жабдықталады. Ішкі жабдықтарды орнатқаннан кейін кейін төртінші цехқа жібереміз. Төртінші цехта электровоз диагностикадан өтеді. Міне жұмысымыздың тәртібі осындай. 

Зауытта жастарға жақсы жағдайлар жасалған. Таңертең алып кетіп, кешке апарып тастайтын көлік берілген. 

Зауыт ұжымы өте тату екені байқалады. Олар бос уақытында ұжым болып футбол ойнап тұрады. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" - дегендей қабырғасы қайыспайтын ұжымы бар зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі осылай өтіп жатыр.


Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА

Суреттердің авторы - Солтан ЖЕКСЕНБЕКОВ 

Ұқсас материалдар