Қандастар Ассамблея

Елбасының телеарна журналистеріне берген сұхбатындағы негізгі ойлар

22.12.2014 3306
ҚР Президентінің елдің алдыңғы қатарлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдыңғы қатарлы телеарналарының жүргізушілеріне сұхбат беріп, аяқталып қалған 2014 жылды қорытындылап, ел жастарын мемлекетіміздің дамуына барынша үлес қосуға шақырды. Президенттің іліп алар ойлары мен сөздерін ұсынамыз. 

«Нұрлы жол» бағдарламасы туралы

«Нұрлы жол»  теміржол және автомобиль жолдарын, электр желілерін ғана емес, жаңа электр стансаларын, сондай-ақ тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты да қамтиды. 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде тәжірибе жинадық, бізде дағдарысқа қарсы әлем мойындаған үздік бағдарлама болды».

«Қазақстан небәрі 20 жылда ғажап табыстарға жетті. Экономика 16 есеге, халықтың табысы 17 есеге артты. Яғни, осы уақыт бойы біз жасампаз еңбек үрдісінде болдық. Бұл елдегі бейбіт өмірдің арқасында ғана мүмкін болды. Хаос жағдайында бұлай болмайды».

Қазақстан халқы ассамблеясы туралы

«Ассамблея бүгінде біздің өмірімізге берік енді, өзімізді онсыз елестете алмаймыз. Ол этникалық азшылықты ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды біріктіреді. Біз сол арқылы түрлі мәселелерді талқылап, халықтың мұң-мұқтажын біліп отырамыз. Ол Қазақстанның тұрақтылығының айшықты атрибуты. Сол себепті де мен әрдайым үлкен міндеттер арта отырып, бүкіл халықтың қолдауына ие болу үшін Ассамблеяға жүгінемін».

Сыртқы саясат туралы

«Біздің көпвекторлылық ұстанымыз айналамыздағылардың бәрімен достық қатынасқа әкелді. Ешқандай мемлекетпен арамызда шешілмейтін дауымыз жоқ. Шекарамыздың барлығы сызылған, делимитацияланған, демаркацияланған».  

«Мен Қазақстан Ресейге де, Украинаға да бірдей қарайды деп есептеймін. Бізде ешқандай мүдде қақтығысы жоқ. Мен – ешбір тарапты жақтамайтын, бейтарап ұстанымдағы әрі қандай да бір үлес қоса алатын, шынайы көзқарастағы менеджермін».

Терроризм туралы

«Құранда «Бір жазықсыз адамды өлтірсең, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» деген сөз бар. Сондықтан, терроризмді жалпы адамзаттың жауы деп санау керек».

«Өкінішке қарай, қазір қаражаты жоқ, жұмысқа орналаспаған, жағдайы дұрыс емес, ауру-сырқау адамдарға ақша береді дағы, түрлі жолдармен экстремистік ұйымдарға тартады. Халыққа айтатыным, жастарға айтатыным – ондай жаман пиғылдан, болашағы жоқ пиғылдан аулақ болу керек».

Қазақ мемлекетінің тарихы туралы

«Менің қатарластарым, менен кейінгі келе жатқан буын кезінде тек қана Октябрь революциясынан бергі тарихты ғана біліп, соны оқыдық. Басқасы жоқ сияқты болатын. Біздің жастар, біздің халық мың жылдық тарихымыз бар екенін білуі керек».

«Керей мен Жәнібек – олар да Шыңғыс ханның ұрпақтары. Дегенмен, қазақ болып бөлініп шығып, хандық құрған кез – сол кез. Содан бастап қазақ хандығы пайда болды, Керей мен Жәнібек 550 жыл бұрын Шудың бойында өздері бөлініп шығып, мемлекет құрды».

«Қазақтың қай түпкіріне барсаң да, тілінде ешқандай диалект жоқ. Әдет-ғұрпымызда айырмашылық жоқ. Қазақстанның барлық тарихы бірігуден, бірге болудан тұрады. Үш жүздің баласы жан-жақтан жиналып, әскер құрып, соғысқа шыққан кезде ешбір жау төтеп берген жоқ. Біз бөлініп-жарылған кезде ғана жау алды.  Осыны еске сақтау керек».

«Біз кеше ғана аспаннан салбырап түскен халық емеспіз. Біздің тарихымыз бар. Ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. Мынау Жайықтың бойында, Ұлытаудың төңірегінде қаншама хандардың жерленген орындары бар. Түркістанда қаншама батыр бабаларымыз бен хандарымыз жатыр. Соның бәрінің тарихын біз дұрыстап оқымадық. Біздің тарихымыз Совет одағының тарихы деп келдік. Енді ес жиып, осыған көңіл бөлетін кез жетті. Соны біз осы хандықтың 550 жылдығынан бастаймыз».

«Мәңгілік Ел» идеясы туралы

«Мәңгілік ел» атауы ежелден славяндар мен түркілерге түгел таныс. Ол алғаш Тоныкөк деген бабамыздың аузынан шыққан болатын. Біздің жырауларымыздың да аузынан шыққан. Бұл енді ізгі тілек қой. Мына мемлекетіміз мәңгі болсын, еліміз мәңгі болсын, тіліміз өшпесін, халқымыз өшпесін, ұзағынан болсын барлығы деген сөз».

Жаһандық дағдарыс туралы

«Валютаның ауытқуы әрдайым болып тұрады. Бұл – бүкіл әлемдегі қалыпты құбылыс. Доллардың бағасы 50 жыл бұрын да, қазір де барлық елде әркелкі. Біз Қазақстанның жағдайында азық-түлік пен киім-кешек сатып алуды, жол жүруді теңге арқылы жүзеге асырамыз. Біз ішкі тұрақтылықты, барлық әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етеміз».

«Қазақстан халқына алаңдаудың қажеті жоқ. Бізде мұнай бағасы барреліне 70, 60, 50, 40 доллар болатын жағдайға арналған жоспар бар. Тұрғындарды қолдап, тұрмыстарының нашарлауына жол бермейтін резервтеріміз бар».

Орта мектеп туралы

«Биыл бір жылдың ішінде 265 мың бала мектептің бірінші класына барды. Бұл бір ғана Орал қаласының тұрғындарына тең. Қазақстан жыл сайын бір қалаға көбейіп отыратын болса, ол үлкен ғанибет!»

«Балалар көбейген сайын біз мектеп саламыз. Осы жылдар ішінде біз тарихымызда ешқашан болмаған 700 мектеп салыппыз. Әлі де үш ауысымдық мектептер бар. Ескірген, жөндейтін мектептер бар. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген сөз бар ғой, Әр баланың өз несібесі болады»

2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары жайында

«Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) олимпиаданы екі қалада өткізуге болады деген шешім қабылдады. Бұл орайда біз Астананы да қосамыз. Ірі нысандардан Олимпиада қалашығының құрылысын салу ғана қалады. Біз онсыз да Алматыда студенттерге арнап жатақхана салғалы отырмыз. Ең көп қаражатты қажет ететін нысан бобслей трассасы болмақшы».

Хобби туралы

«Миыңды бөгде ойлардан арылту үшін медитация жасау керек дейді ғой. Үлкен теннис ойнағанда, сурет салғанда немесе ән салғанда сондай күйде боламын».

Жастардың еңбек етуі жайында

« Еңбексіз адам арманына жете алмайды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын» деген Абайдың сөзі естеріңізде болса, еңбек пенен тәуелсіздік екеуі бірге жүреді. Сондықтан мен жастарға ең маңыздысы осы екенін айтып келемін. Адамның қандай мамандықты таңдағаны маңызды емес, оны кемелдікке жеткізуге, өз ісінің шеберіне, кәсіпқойына айналуға тиіс. Сонда оны жұрт сыйлайтын, бағалайтын болады. Өмірден ол өз орнын табады».

Кітап туралы

«Біздің бала кезімізде ауыл мектебінде кітап аз болды. Біз кішкентай кітапханадағы барлық кітапты оқып шықтық. Қазір кітап деген көп, қайсысын таңдап оқырыңды білмейсің. Негізінен, мен дүниедегі қазіргі жағдай мен экономика жөніндегі экономика мамандарының кітаптарын жібермей оқимын».

«Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы та айтамын: кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өресін кеңейтеді».

Спорт туралы

«Спорттың түрінен жақсы көретіндерім – тау шаңғысы, үлкен теннис, гольф, атқа міну. Қазір спорттың бұл түрлеріне құмар адамдар барған сайын көбейіп келеді. Жастардың спортқа ұмтылысы болғаны жақсы, бұл әдет адам бойында өмір бойы қалып қояды. Өзіңді әрдайым бабыңда ұстау керек. Мен шаруаға бейім қарапайым отбасынан шығып, кейін металлург болған жігітпін. Мені осы жағдай тәрбиелеп, шынықтырды». 

Жаңа жыл туралы

«Жаңа жыл жақындап қалды. Бұл мерекеге байланысты балалар да, ересектер де әрдайым жақсылық, игілік күтетін болғандықтан бәрінің көңіл-күйі жарқын. Егер әр атқан таңмен бірге бүгін бір жақсылық болады деп ойлап оянсаң, міндетті түрде орындалады деп жатады. Барша жұртты Жаңа жылмен құттықтауға менің мүмкіндігім бар, ал сіздердің бәріңізге зор табыс тілеймін!»


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар