Қандастар Ассамблея

Елбасының еліміздегі жастардың жауынгерлік рухын жетілдірудегі рөлі

26.11.2015 3801
Жауынгерлік күрес жүйесі – бұл адамның техникалық, тактикалық, физикалық және психологиялық дайындығы.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014 жылғы 8 шілдеде Елбасы спортшыларды даярлауға заманауи талаптарды есепке алумен дене шынықтыру және спорт саласындағы мемелекеттік реттеуді жақсартуға,  дене шынықтыру және спорттың тиімді жүйесін құруға бағытталған Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына қол қойды.

Заңды қабылдау мақсаттары мыналар болып табылады;

– дене шынықтыру және сопрт саласындағы базалық құқықтық құжатты жетілдіру;

– дене шынықтыру мен спорттың орнықты жүйесін және аталған салада тиімді мемлекеттік басқаруды құру;

– спортта допингтік құралдарды және әдістерді пайдалануға қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктерін жасау;

– дене шынықтыру және спорттық шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін жүйелендіру;

– спорт саласындағы ескірген, тиімділігі төмен құқық нормаларын ауыстыру;

– осы саланы құқықтық реттеудегі олқылықтарды толықтыру.

Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, бұқаралық спортты дамытудың құқықтық тәсілдері мен тетіктерін айқындайды.

Әлеуметтік – экономикалық және құқықтық салдарлар:

– бұқаралық дене шынықтыруды, әуесқой және кәсіпқой спортты дамытуға ықпал ету;

– спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру;

– қоғамда дене шынықтыру- спорттық бұқаралық қозғалысты дамыту;

– спортшыларды ынталандыру шараларын арттыру жастардың спортпен шұғылдануына  және жоғары спорттық жетістіктеріне қол жеткізуіне ықпал ететін болады;

– спортты дамытуға қолайлы қазіргі заманғы талаптар дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың санының артуына, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне, жоғары дәрежелі спортшылардың әлеуметтік кепіліне ықпал ететін болды.

Құжатта дене шынықтыру – спорт ұйымдарының қызметін реттеу мәселелеріндегі Үкіметтің, уәкілетті және жергілікті органдардың өкілеттіктерін кеңейту қарастырылады.  Сонымен қатар, кәсіби спорт қызметі саласын реттеуші нормалар, қарастырылған, спорт федерациялары қызметіне талаптар, ұйымдарда спорт клубтарын, федерациялары қызметіне талаптар, ұйымдарда сопрт  клубтарын, федерацияларды, студенттік және мектеп лигаларын құруға құқық белгіленген.  Заң жобасында допингке қарсы бақылау тәсілдер мен әдістері регламенттелген, спорт медицинасын дамыту мәселерін құқытық реттеу, сондай ақ спорт іс- шараларын жоспарлау және өткізу тәртібі анықталған.

Мемлекет тарапынан да біраз қомақты қолдаулар болып жатқаны белгілі, алайда соған қарамастан біраз шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Бұл қарама-қайшылықтарды шешудің  қарапайым ғана жолдарының бірі - жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Оның ішінде халқымызға етене жақын жекпе-жек өнері жөнінде ақпарат аумағын кеңейту арқылы өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда қарастырсақ дейміз. Мұндағы басты зейін қояр нысанамыз жекпе-жек өнерінің бір саласы болып табылатын жауынгерлік күрес жөнінде болмақ.

Жауынгерлік күрестің шығуы мен даму тарихы өте тереңде жатыр. Дәлірек айтсақ жауынгерлік күрестің тарихын зерттеу нәтижесінде Қазақстанның аймақтарынан табылған тастағы таңбалардың негізінде б.з.д. 4-2 ші мыңжылдықтардан бастау алғанына көз жеткізіп отырмыз. 

Қазақстан жерінде ежелгі дәуірде-ақ жауынгерлік күрестің пайда болуының негізгі куәсі ретінде тастағы суреттерді алып қарастыруға болады. Қола дәуірінің петроглифтері Қазақстанның Орталық, Оңтүстік, Шығыс аймақтарында өте көп мөлшерде тараған.

Әлеуметтік–экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес мемлекеттердің қалыптаспаған тұрақты идеологиясы мен әскери доктринасының негізгі қызығушылық аймағының жекпе-жек түрі жауынгерлік күресін қолданбалы бағытта дамыту қазіргі күннің сипаттық ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Арнайы үйірмелер арқылы шынайы күрес нәтижесінде қалыптасқан, техника элементтері бойынша дәлме-дәл, күрестің стресстік жағдай шараларына алдын-ала педагогикалық бағытпен дайындау жүйесі біздің көзқарасымыз бойынша қазіргі күннің сұранысына толық жауап береді.

Жауынгерлік күрес жүйесі – бұл адамның техникалық, тактикалық, физикалық және психологиялық дайындығы. Осыған орай ғалымдардың пікірінше, студенттердің қажетті білімді және қозғалыс дағдыларын игеруі, күнделікті өмірде оларды қолдана білуі, сонымен қатар дененің қимыл қабілетінің жоғарғы деңгейін өз бетінше қолдана  алуы және өзінің қозғалыс қабілетін көрсете білуі ең маңызды міндет деп саналады.

Ал жауынгерлік күрес жүйесінің психологиялық дайындығы жастарға  дене және адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге белсенді түрде ықпалын тигізетінін айтуға болады. Сонымен қатар, жауынгерлік күрес курсы дене жаттығулары, дене қимыл қабілеттерін дамытуға және жастарды тұрақтылық пен еріктілікке тәрбиелеуге бағытталған. Жастардың бойында ерік сапаларын дамытуда жауынгерлік күреспен айналысудың рөлі ерекше. Ерік күшін дамытуды мақсат етіп қойған адам қарусыз-ақ өзін-өзі қорғаудың тәсілдерін жоғары деңгейде үйрене алады.

Жоғары оқу орындарында,  оқу-тәрбие жұмысын жоспарлағанда жастардың  патриоттық сезімдерін оятатын, ұлттық-патриоттық, ерік, төзімділік қасиеттерін дамытатын жауынгерлік күрестен дене шынықтыру сабағымен тығыз байланыстырып ұлттық сезімді оятуға бағытталған спорттық шараларды кеңінен өткізу керек. Егер де біз жауынгерлік күресті ұлттық тәрбиемен байланыстыра білсек, Қазақ елінің білімді, әрі салауатты, кез-келген уақытта өзін-өзі, елін, Отанын қорғай алатын, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге төтеп беретін жастардың жауынгерлік рухын көтеріп, денсаулығын нығайтатынымызды сеніммен айта аламын.

Мәселенің соңын Елбасымыздың: «Мен барша халықты жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойына сіңіруге шақырамын» деген сөзімен түйіндеймін.


Халық ҚОЖАХМЕТ

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы,

«Астана қ. Жауынгерлік күрес  Федерациясының» президенті,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.

Ұқсас материалдар