Елбасының Үкімет отырысында айтқан сөздері жайлы саясаттанушының пікірі

17.02.2015 2820
11 ақпан күні өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, оларды шешу бойынша тапсырмалар берді. Осыған байланысты саяси ғылымдарының кандидаты Әбіләзиз Исаев авторлық мақаласын ұсынады

Әбіләзиз ИСАЕВ, саяси ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының доценті 

Дәл қазіргі таңда әлем экономикалық қана емес, саяси дағдарыс жағдайында тұрғанда Елбасының кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы берген тапсырмалары өте өзекті.

2014 жылы Қазақстан 144 елдің арасынан Бүкіләлемдік экономикалық форумның (ары қарай – БЭФ) «Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік» (ары қарай – ҒБҚ) индексі көрсеткіші бойынша инновациялық және тиімді даму факторымен 4,42 ұпай жинап 50-орынға жайғасты.

Ал, «еңбек нарығындағы тиімділік» пен «макроэкономикалық орта» факторлары көрсеткіші бойынша сәйкесінше 15 және 27 орындарды иеленіп, алғашқы 30 мемлекеттің қатарында болды.

Мақтанышпен бірге өкініштеріміз де жоқ емес. Мысалы, «қаржы нарығының дамуы» бойынша 98-орын, «денсаулық және бастауыш білім беру» 96-орын, «компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі» 91-орында болды. Әрқайсысының өзіндік өлшемдері бар.

Қалай айтсақ та, бүгінгі күні арқа-басты кеңге салар уақыт емес.  Мемлекет елдің экономикалық жүйесін тұрақтандыру аясында бір жағынан отандық өнеркәсіп орындарын қолдауды жалғастырып келе жатса, екінші жағынан жұмыс орнының қысқартылмауына мүдделік танытады. Себебі айтпаса да түсінікті.

Өткен жылдың соңына қарай Президент өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті халыққа Жолдауында, жаңа экономикалық саясаттың өзегі ретінде халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттердің толық көлемде орындалуын айтқан болатын. Алдағы уақыттағы болуы мүмкін қолайсыз экономикалық жағдайларға қарамастан өңірлердің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің төмендемеуін қамтамасыз етуді тапсырған. Міне енді аталған Жолдаудың іске асырылу механизмдері нақтылана түсіп, бюджет саясатында орынсыз шығындарды қысқарту мәселесі төтесінен қойылды.

2015 жылғы мемлекеттің бюджеті 7 трлн. теңгені құраса, шығындарды 10%-ке, яғни 700 млрд. теңгеге дейін үнемдеу тапсырылды. Кейде базбір басшылар Президенттің тапсырмасын асыра орындаймын деп айтылған сөзді дұрыс қабылдамай, үнемдеуді басқаша түсініп жатады. Оның соңы қоғам наразылығын тудыратындығы анық. Алайда бұл зейнетақыдан, жұмысшылардың жалақысынан немесе халықты әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуден қысқартылмайтындығын қадап айтты.

Биылғы жыл – мерейтойлар жылы. Өздеріңіз білесіздер, «ысырапта жақсылық жоқ, жақсылықта ысырап жоқ» деген даналық сөз бар. Ысырапты, аста-төкті Жаратушы да құп көрмейді. Сондықтан да аталып өтілетін шараларды барынша мазмұнды, жастарға тәрбие бере алатындай, терең тарихтан сыр шерте отырып есте қаларлықтай мәнді де сәнді жасай алсақ, онда ұтқанымыз. Ал, расында да дарақылыққа салынып ішіп-жемнен аса алмасақ, онда босқа шашылғанымыз. 

Бұл жерде әңгіме бюджет қаржысын тек қана артық шығындардан тоқтату емес, сонымен қатар уақтылы игеру мен тиімді пайдалану мәселесіне де қатысты. Қаржының дұрыс игерілмеуі салдарынан мемлекеттің қазынасына тиіп жатқан зиянның есебі де ауқымды. Бұл туралы Есеп комитеті былтыр 298 нысанда 3,1 триллион теңге мөлшеріндегі қаражатты қамтитын 25 бақылау іс-шарасын жүргізгенін және анықталған заңбұзушылықтың жалпы көлемі 716 миллиард теңгені құрайтындығын, республикалық бюджетке 75 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылғандығын өз есептерінде айтқан болатын. Тексерулер мен бақылау-талдау шараларының нәтижесі бойынша Үкіметке, мемлекеттік органдарға және квази-мемлекеттік сектор субьектілеріне 312 ұсыным мен тапсырма жолданыпты. Аталған сандарға қарасақ, тиісті органдардың әлі де болса тиімді жұмыс жасай алмай отырғандығын байқау қиын емес.

Қазақстанның ДСҰ мен ЕАЭО-қа кіру жағдайында тұрғанын ескерсек, халықаралық нарықта қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше мән беру керек. Жоғарыдағы БЭФ-тың ҒБҚ индексіне сүйенсек, Қазақстанда барынша жемқорлық жайлаған сфералар – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, сот жүйесі және кедендік процедуралар. Осы салалар даму институттарын тежеуші фактор саналып отыр. Заңсыз төлемдер мен пара алу көрсеткіштері бойынша бірден 15 позицияға төмендеп, 80-орынға жайғасты.

Міне, осы себептерден де дәл қазір Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға, Ұлттық компаниялар мен барлық квази-мемлекеттік секторларға бір сәтте дамылдауға болмайды. Егер барынша жылдам болып жатқан ғаламдық өзгерістерде артта қалып қойғымыз келмесе, егер мемлекет тек қана шикізат беруші ел күйінде қалмасын десек, онда барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену міндеті жолындағы бар қиындықтармен бетпе-бет келгенде жүйелі жоспар құра білуіміз керек. «Жақсы жоспар – жарты біткен жұмыс» деген сөз бар. Президенттің де Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалармен міндеттеуінің сыры осында деп түсінемін.


           

Ұқсас материалдар