Қандастар Ассамблея

Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбындағы дәстүрлі Жолдауын жариялады

18.03.2016 1491
Ел дамуына бағыт-бағдар беретін салмақты бағдарламада негізгі басымдық еліміздің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Ел дамуына бағыт-бағдар беретін салмақты бағдарламада негізгі басымдық еліміздің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Қазақ елі азат атанғалы алдымен, экономика содан соң саясат деген қағиданы берік ұстанып келеді. Бұл ұстаным ұзақ жылдар бойы өзін ақтады да. Елдегі саяси тұрақтылық ұлт экономикасының да тұрақты өсімін қамтамасыз ете алды. Ал, қазіргі дағдарыс елдің бюджетін корректировка жасауға мәжбүрлеп отыр. 

Дағдарыстың себебі көп, ең алдымен геосаяси текетірестер, содан соң мұнай нарығындағы белгілі бір жаңа сипаттарды еңсеру үшін мұнайлы елдердің өлген-тірілгеніне қарамай, өндірісті қысқартпай қоюуы, соғыстар, миграция, тағы да басқа себептер. Бұл біз бен сіз бүгін көріп отырған, өмір сүріп отырған кезеңнің шындығы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. Үнем, заңды сақтау, ғылым, өз өнімімізді қолдау, алға ұмтылу. Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі тезистері осындай ұғымдарға сайды. 

Асылында, бірлігі бекем ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайды. Қаржылық қиындық қанша қыспаққа алса да, ертеңгі күнге деген сенімді жоғалтпай, білекті сыбанып еңбек етуіміз қажет. Жолдауда Елбасы ең алдымен осыған мән берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. 

Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. 

Бүгінгі ахуал - біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз - бәріміз үшін, бәріміз - біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. 


Дағдарыс дағдаруға емес, жаңаруға жол ашуы тиіс. Егемендіктің елең-алаңында Қазақстан бұдан да қиын жағдайда болған еді. Алайда, сәтті жүргізілген реформалар мен дер кезінде жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар бұл тығырықтан тез шығуға мүмкіндік берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаһандық дағдарыс - тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік компаниялардың көпшілігі дағдарыс кезеңінде табысты компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. 

Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта - Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде - біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. 

Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік.

Өткен жылдарда қолға алынған индустриялды инновациялық бағдарламалар аясында жүзеге асқан жаңа жобалар ел экономикасын ілгерілету жолындағы драйверлерге айналды.

Мысалы, соңғы 5 жылда химия өнеркәсібі мен құрлыс материалдарын өндіру 1,7 есе, қайта өңдеу саласы 1,3 есе, машина жасау 2,2 есе артса, металлургия саласы 15 пайызға, киім тігу – 4 пайызға көбейген. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Себебі, дағдарыс дендеп кетіп, шикізат бағасы құлдыраса, соған сай табыс табудың жолдарын қарастырған жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өзге кезеңдердегідей емес, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық. Менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы барреліне 30 және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді. Әрине, бұл оңай болмайды. Егер барлығымыз осыны дұрыс түсініп, білек сыбанып жұмыс істесек, бұл қиындықты да еңсереміз.

Бюджетті толтыратын негізгі қаржы көзі салық екені белгілі. Сондықтан, осындай қысылтаяң шақта салық саясаты дұрыс жүргізілуі керек. Елбасы Жолдауда мемлекеттік кірістер мен шығыстар жүйесін қайта қарап, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастауды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салықтық режимдерді оңтайландыру қажет - тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар - жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режимі. 

Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығады. Салық саласының ашықтығын арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықты толық төлеуге мүдделі болады.

Қазіргідей ерекше кезеңде қаржылық жүйені шатқаяқтатпай, жаңа жағдайға тез бейімдеу үшін Ұлттық валютаны нығайту қажет. Бұл ретте халықтың теңгеге сенімін ұлғайтып, сауда-саттықты доллармен емес, төл теңгемізбен жасауға ынталандырған жөн. Мұны да Елбасы ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстандықтар теңгемен өмір сүруді үйренуі керек. Біз жеп отырған нанымызды, сүтті, шұжықты тек теңгеге сатып аламыз. Киімді де теңгеге аламыз. Доллар тек шекараның арғы бетінен киінетіндерге керек. Немесе импорттық тауарлар алуға ғана қажет. Ақшаны сақтағанда депозитті теңгемен ұстау тиімді. Оның пайызы көбірек. 

Долларлық депозиттерде пайыздық үстемақы өте төмен болады. Банктердің барлығы осыған келуі керек. Бұл доллардан бас тартудың бір жолы. Сондықтан, теңгемен өмір сүруді үйренейік. Сонда тыныштық та болады және біз өзімізге де елімізге де көмектесеміз. 


Дағдарыс кезінде экономиканы өрге сүйрейтін локомотивтің бірі – инвестиция. Бірақ та, инвестор деген халық кінәмшіл, секемшіл келеді. Оларға қолайлы жағдай мен тиімді жобалар ұсынса ғана келеді. Бізге дұрыс инвестициялық саясат пен әлемдік деңгейдегі инфарқұрылым қажет, деді Елбасы. Үкіметке де осы бағытта нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасауды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен белсенді жұмыс істеу үшін және инвесторлар тарту мен инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңірлерде де жергілікті жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.

Елбасының салмақты, сыртқы саясаты да инвестиция тарту ісіне сеп болып отыр. Биылдың өзінде Президенттің шетел сапарларында қомақты қаржылық келісімдерге қол жеткізілді. 

Атап айтқанда, Қытайға сапарында 23 миллиард доллардың, Ұлыбритания мен Франция сапарларында 11,5 миллиард доллардың келісім шарттарына қол қойылды. Өзге де халықаралық қаржы институттарынан 9 миллиард доллар қаражат бөлінетін болды. 

Бұл Қазақстанның ядролық қарусыздану, терроризмге қарсы күрес жөніндегі әлемдік саясатты қолауының арқасында мүмкін болған келісімдер. Біз кез келген қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қалаймыз, деді Президент. Осы ретте Түркия мен Ресей арасындағы кикілжіңге қатысты да ойын білдірді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресей мен Түркия арасында болған оқиға біздің көңілімізге қаяу түсірді. Әзірге мәселенің мән-жайы толық белгілі емес. Дегенмен, Ресей бомбалаушылары Түркияға шабуыл жасауға бара жатпағаны белгілі. 

Олар террористермен соғысуға бара жатты. Олар дос, серіктес ретінде бір-бірімен тіл табысып, жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынасты бұзбаулары керек еді. 

Мен жылдар бойы Ресей мен Түркия позицияларын жақындастыруға, достастыруға жұмыс істеген адаммын. Сонау Демирел мен президент Ельциннің кезінен бері. Енді осы жылдар бойы қалыптасқан қатынастар зая кетуі мүмкін. 

Қандай қиын болса да, меніңше, бірлескен комиссия құрып, кінәлілерді тауып, жазалап, сосын қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру керек. Мен Ресей мен Түркиядағы достарымызды осыған шақырамын. 


Жолдаудың басты міндеті - бүгінгідей ерекше кезеңде жаңа реформалар мен жасампаз жобаларды жүзеге асыру арқылы жетістікке жететін жол көрсету. Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға 7,2 триллион теңге қарастырылған. Енді тек осы қаржыны рәсуә қылмай, діттеген жеріне жеткізу міндеті тұр. Сонда ғана ел мұраты Мәңгілік ел болу бағытына нық қадам жасай аламыз. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. 

Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар.

Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - Тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік! Мен халқыма сенемін. 

Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Алға, Қазақстан!



Айдос ӘШІМҰЛЫ 

Ұқсас материалдар