Қандастар Ассамблея

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен құттықтады!

03.03.2015 8867
1 наурыз күні Елбасы барша Қазақстан халқын Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтады.

Жақында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше мәселеге тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы туралы да айтып өтті. «Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы. Негізгі мақсатымыз тереңде жатыр. Халық арасында ынтымақ, бірлікті күшейтіп, теңдікті сақтау. Бейбітшілік пен келісім, халықтың бірлігі – Қазақстанның басты байлығы» деген еді.

1 наурыз күні Елбасы барша Қазақстан халқын Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтады. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда оның мәртебесін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Республика жұртшылығына арнайы құттықтауын 1 наурыз күні жолдауының да басты себебі сонда. Ендеше Елбасы құттықтауының толықтай мәтінін ұсынамыз.

«Құрметті қазақстандықтар!   

Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.    
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің,  қасиетті Отанымызда өмір сүріп жатқан барлық этностар достығының ең басты және берік іргетасы. Ол елдігіміздің қалыптасу, Тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, Қазақстан Республикасының Конституциясын жалпы халық болып қабылдауда, терең экономикалық реформалар жүргізуде және қоғамымыздың әлеуметтік және саяси негізін ауқымды жаңғыртуда айрықша рөл атқарды. 
Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің көпұлтты халқымыздың бірлігін сақтайтын мәңгілік қорғанына айналды. Ол бірлік,  тұрақтылық, толеранттық, жалпыға ортақ еңбек, патриотизм сияқты ортақ құндылықтарымызды қазақстандықтардың санасына сіңіруде.  
Өзінің күнделікті, тынымсыз жұмысы арқылы ол ел азаматтарының жүрегіне Мәңгілік Елімізге және Қазақстан атты теңдессіз де тату отбасының мүшесі екеніне деген мақтаныш сезімі мен жоғары жауапкершілігін ұялатады. 
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің «Қазақстан - 2050» стратегиясын, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру жолындағы жасампаздық еңбегінің басында жүр, ол қазақстандықтарды ортақ Отанымыздың баянды бүгіні мен ұлы болашағы жолында біріктіре түсуде. 
Қазақстан халқы Ассамблеясына және барша қазақстандықтарға бейбітшілік пен келісімнің туын биік ұстап, халқымыздың достығы мен бірлігін нығайтып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін аянбай еңбек етуді тілеймін»

 Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Ұқсас материалдар