Елбасы: "Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу үшін бізге Қазақстанның шынайы тарихы керек"

04.08.2015 2691
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады.

Кездесу барысында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері, сондай-ақ «100 нақты қадам» ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру аясындағы министрліктің қызметі талқыланды.

Мемлекет басшысы мерекелік шараларды даярлау барысында негізгі салмақ Мәдениет және спорт министрлігіне түсетінін айтты.

– Осы жылдар ішінде Мемлекет тарихы институты құрылды, көптеген ғалымдарымыз тарихи материалдар іздеп табу және оларды жан-жақты зерделеу үшін шетелдерге шықты. Ел болу үшін, сондай-ақ жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу үшін бізге Қазақстанның шынайы тарихы керек, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан Президенті мерейтойды қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда артық шығынсыз, бірақ халық жадында қалатындай сапалы өткізу керектігін айтты.  Мемлекет басшысы мерейтойлық шараның басты мақсаты барша қазақстандықтардың патриотизмін нығайту және олардың рухани тұрғыдан өсіп-жетілуін қамтамасыз ету болып саналатынын атап өтті.

Мәдениет және спорт министрі мерекелік шаралар Астанада және  Таразда өтетінін айтты.   

– Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу Қазақстан халқының біртектілігі мен бірлігін нығайту үшін өте маңызды. Біз бірінші кезекте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуге көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, қазіргі кезде Таразда этнографиялық музей және орталық салынуда. Маңызды археологиялық жұмыстар жүргізілуде, – деді А.Мұхамедиұлы.

Мерейтойлық шара аясында қазан айында Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі ашылады. 30 метрлік монумент қаланың батыс бөлігінде «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасады. Жақында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Қазақ хандығы» монументі тұрғызылатын орында болып, эскиздік жұмыстармен танысып қайтты.

Қазақ Хандығының 550 жылдығы аясында біршама ғылыми жаңалықтар, сондай-ақ, алыс-жақын елдерден келетін ғалымдардың бас қосуымен бірнеше шара өтетін болады. Тарихқа негізделген бірнеше бөлімнен тұратын отандық сериал жыл соңында дайын болады. «Қазақ хандығының күшеюі» сияқты бірнеше кітаптар жарық көріп, үш тілге аударылып жатыр. Ғалымдар осы жылы арғы-бергі тарихты қопарып, қазақ халқына тосын сый дайындап отырғанын да жеткізген болатын. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар