Қандастар Ассамблея

Эксперименттік форматтағы көрме ашылды

13.05.2016 2170
«Ай жүз» көрмесі

Бүгін Астанада «Ай жүз» көрмесі ашылды. «ҚР көркемөнер академиясында» жастар мен тәжірибелі суретшілердің жұмыстары қатар қойылған.

Көрменің басты ерекшелігі — қатысушыларға берілген уақыттың шектеулілігінде. Суретшілер балет өнерінің майталмандары мен музыканттардың шығармашылығын бақылап отырып алған әсерлерін қылқалам арқылы жеткізсе, фотографтар олардың әрбір іс-қимылын қалт жібермей суретке түсірген. Іс-шара төрт сағатқа ғана созылған.   

Мұрат Сыдықов, суретші:

— Сурет өнерінде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Бірнеше бағытта жұмыс жасаймын. Бос уақытымда балаларды сурет өнеріне баулимын. Бұл іс-шара өзінің ерекше форматымен қызықтырды. Суретшілер мен фотографтар үшін арнайы ұйымдастырылған көрсетілімдер болды. Біз содан алған әсерімізді қағазға түсірдік. Жалпы өнер адамы үшін жасаған еңбегінің бағасын алу — ауадай қажет. Өкінішке қарай, Астанада көрмелер өте аз. Бұл көрменің өзі жекелеген адамдардың арқасында көпшілік назарына шығарылмақ. Ғимараттың өзі жеке меншік. Әкімдік осы мәселеге назар аударса екен деген арманым бар.

Мадина Досаноманова, ұйымдастырушы:

— Бұл жобаның аясында суретшілер, фотографтар, бишілер мен музыканттар шақырылды. Көрменің басты мақсаты — қаланың мәдени өміріне өзгеше рең қосу. Меніңше халықтың кинотеатрлар мен ресторандардан басқа демалатын жері жоқ. Мүмкін олар осындай көрмелерге келу арқылы шабыт алып, өмір сүруге деген ынтасы ашылады деген ойдамын. Бұл көрмеге қойылған жұмыстар — жанды. Олар тапсырыспен салынбаған. Сондықтан көрме көпшілікке ұнайды деген ойдамын.  

 

«Ай жүз» көрмесіне белгілі өнер майталмандарымен қатар жас өнерпаздар қатысқан. Олар: Сыдыков Мурат, Евгения Волкова, Смагулов Сембигали, Ермеков Токтар, Сорокина Елена, Баяндин Адильгали, Чунчалинов Абай, Лернер Вероника Бурдесбеков Бакытнур, Горобец Евгения, Алпысова Анар Жанибек Иманrулов, Жанибек Ахмедиев, Алексей Жуков, Гульнара Кайсарова, Сейка Тоносаки и Станислав Бобылев.

Көрме 22 мамырға дейін жалғасады.  


Алмас САУДАНБАЙ

Ұқсас материалдар