Екібастұзда раушан гүлдерін өсіретін жылыжай ашылды

17.02.2016 4093
Отандық гүлдер

Кенді өлке Екібастұз қаласында сорты голландиялық раушан гүлдерін өсіретін жылыжай ашылды. 5 гектар жер көлемін алып жатқан алып жылыжайдан жылына 7 млн. отандық гүл өнімдерін алатын боламыз.

16 ақпан күні Екібастұз қаласының басшысы Александр Вербняк осы өңірге жұмыс сапарымен келген Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесті.  Облыс әкімі «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС маңында орналасқан «Green Нouse KZ» ЖШС жылыжай кешенінің салтанатты ашылуына қатысты. Қанат Бозымбаев мырза голландия технологиясымен өсірілген раушан гүлдерінің сабағын алғашқы болып кесті.  

 

Энергия шығынын азайтуға мүмкіндік беретін инновациялық әдістің арқасында жобалық қуаты шамамен жылына 10 млн. дана гүл өсіруді құрайды. Жылыжай алаңы – 5 га. Өндірілетін өнім Қазақстан және Ресей нарығында сатылатын болады. Жылыжай шаруашылығында 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. ЖШС алдағы уақытта жылыжай кешенін 30 га кеңейтуді және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым салуды жоспарлап отыр.

 

2016 жылы Павлодар облысында құны 25 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл 600-ден астам адамға жұмыс орынын ұсынатын жоба болып табылады.  

«Елбасының ірі кәсіпорындар жанынан қосымша өндіріс орындарын ашу туралы тапсырмасы орындалып жатқанын ерекше атап өткім келеді.Өткен жылы іске қосылған өндіріс орындары 40 млрд соманы құрайтын өнім берді. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы-2020 » бағдарламасы бойынша құны 800 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылуда. Тек осы жылы өңірімізде 600 адам жаңа жұмыс орынымен қамтылады» – деді Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

Жобалардың ең ірісі – Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты және кокс шығаратын мұнай-химиялық кәсіпорын. Өндіріс орынында 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Қазір инвестиция көлемі 800 млрд теңге болатын 20 жоба іске асуда.

   

Раушан гүлдерін голландиялық технологиямен өсіретін жылыжай Екібастұз қаласындағы 1-ші ГРЭС-інің жанынан құрылды. Өндіріс орынындағы артық жылу энергиясы жылыжай үшін қолданылып, пайдаға асты.

Екібастұзға жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні  қарсаңында жеке ғимаратқа көшкен «Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет бөлімінің Достық үйінде» болды. Жалпы алаңы 1600 шаршы метрден асатын мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген. Акт залы, әдемі әрі кең кабинеттері бар. Бір шаңырақ астында 12 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олар: мұсылман әйелдер лигасы, славяндық «Братство», украиндық «Світанок», «Полония» поляк, «Возрождение» неміс,  «Азербайджан» әзірбайжан, «Бэяхад» еврей, «Вайнах шешен-ингуш», кәрейлік «Чосон», татар-башқұрттық «Шатлық», белорустық "Белорусь", өзбектік «Узбекистон».

 

Бұдан кейін облыс әкімі жобалық құны 9 млрд. теңге болатын  теміржол біліктері мен жұп доңғалақтарды шығаратын «R.W.S. Wheelset» ЖШС–ның зауытында болды. Жобалық қуаттылығы – жылына 32 мың теміржол  біліктері, 10 мың жұп доңғалақ. Кәсіпорында құрылыс кезінде 300 адам жұмыс істейді, пайдалану кезінде 200 жұмыс орны ашылған болады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас материалдар