Қандастар Ассамблея

Дінмұхаммед Зиядин: Фавориттер сенімді ақтады, мен ғана...

28.04.2014 3670
Шынымен уақытым жоқ екен!

Бүгін Блогиада жобасын екі блогер тастап кетті. Бұның бірі Алмас Тоқабаев сайтымызға арнайы сұхбат берген. Ал, екінші экс-қатысушы Дінмұхаммед Зиядин болса, бүгінгі қимылын төмендегідей түсіндірді. 

Қисықтың блогы Қазнеттің бала кезінен бар еді... Блогиада басталғанда үмітті жүйріктердің арасында аталды. Енді бүгін мынадай хабар... Неге?!

Жауабы қарапайым: шынымен уақытым жоқ екен. Оны қатысқан үш турдың барысында өзім үшін анықтадым. Бір апта төрт-бес жобамды алып жүруден, отбасыммен бірге болудан артылмай жатыр. Әрине, басын жарып, көзін шығарып ары қарай қатыса берсем болар еді, бірақ онда мен ашыла алмаймын, шынымен қолымнан келетін істі жариялай алмаймын. Сапасы нашар, асығыс, тек ноутбук және қол күшімен жазылған материалды үкілеп бәйгеге қосқым келмеді. Қысқасы, «қатысу үшін қатысу» қолымнан келмеді.

Уақыт бәрінде жоқ. Маралбек Сағынғанов, Ернар Бекенов, Әйгерім Кеулімжай секілді тым асығыс жүретіндер әлі жалғап жатыр. Қорыңыз таусылды ма?

Қор таусылмайды ғой. Оның үстіне, ұйымдастырушылардың апта сайын тақырып, формат беріп отыратыны да жайылған ойды жинақтап, бір бағытта жұмсауға мүмкіндік береді. Кез келген дүние салыстырмалы ғой. Сұрақта аты аталған қыз-жігіттерге жеткен уақыт маған жетпейді, мүмкін бұл менің әлсіздігім шығар. Әйтсе де, таңдау менікі, басымдық рейтингі бойынша маған қазір не бүк, не шік түсу керек болды.

Блогиадада нақты тапсырмалар беріледі, бұл шектеулер шынымен әсер еткен жоқ па?

Жоқ, әсер еткен жоқ. Шығармашылық адамы болу блогшының бір ғана қыры, бұдан бөлек ол менеджерлік, дизайнерлік, журналистік секілді толып жатқан қасиеттерге ие болуы керек. Яғни, шабыт келмеді деп сылтауратуды себеп емес деп ойлаймын, ақырын жүріп, анық бассаң, тамырын ұстап көрсең, бажайлап қарасаң, кез келген тақырыпты алып шығуға болады.

Тақырыптық блогтардың тақырыбын алғаш бастаған сіздер едіңіздер. Көпшілік үміт күткен Нұрберген Мақым, Айсұлтан Жақыпов секілді жүйріктер шабандап қалды. Сіз айтқан себептер осы жігіттерге ортақ деп ойлайсыз ба?

Күнделікті режимдерін, темптерін білмеген соң, ештеңе айта алмаймын. Әйтсе де, шабандап дегенге келіспес едім, фавориттер ішінде өзімнен басқа сенімімді ақтамаған ешкім жоқ.

Блогиада - бірегей жоба. Әзірге теңдессіз. Келешекте Қазнетте мұндай жарыстар көбейеді. Сіз ұйымдастырар болсаңыз, осы Блогиадада кеткен қандай кемшіліктерді түзер едіңіз?

Менің көргенім басы ғана ғой, сондықтан кемшілік байқай қоймадым. Ал өзім ұйымдастырар болсам, бір жыл бойы аптасына тақырып беріп тұру форматынан бас тартар едім.

Енді не істейсіз? Қандай жобалар бар, жаңалықтармен бөліссеңіз.

Қазір 31 арнаның SMM-маманы болып жүрмін, одан басқа «Chesnok» digital-агенттігіндегі, тағы басқа ұйымдардағы қызметтерім бар. Сонымен қатар, kinostan.kz, qisyq.kz секілді бір басыма жетерлік энтузиастік жобаларды да мойныма алғанмын.

Миллионды қайда жұмсар едіңіз?

Ұтып алсам kinostan.kz-ке салар едім әжептеуір бөлігін.

Ұйымдастырушыларға айтар наз, нала, өкпе, (боқтау, қарғыс) болса жеткіземіз:)

Ұйымдастырушыларға Қазнетке серпіліс беретін жоба, шын мәнінде мықты жарыс сыйлағандары үшін рахмет айтамын.

Димаш, сұхбатыңызға рахмет!

UPD: Сайтқа материал жарияламас бұрын Блогиада ұйымдастырушыларын да сөзге тартқанбыз. Олардың жауабы енді келді. Ұйымдастырушы Аршат Оразов Дінмұхаммед Зиядиннің "сайыстан шығу туралы өтініш бергенін" растады. Аршаттың сөзі қаз-қалпында: 

Аршат Оразов - ұйымдастырушы

Блогиада ережесі бойынша жарыстан өз еркімен шыққысы келген қатысушы жарыстың ресми поштасына өтініш жіберуі керек. 3 турға бірден қатыспаған блогер автоматты түрде шығарылады. Бүгінге дейін тек Дінмұхамед Зиядиннен өтініш түсті. Оның өтініші қанағаттандырылды.

Ел Тұтқа

Ұқсас материалдар