Қандастар Ассамблея

Дін (Наным-сенім) мəдениеті.

21.08.2014 27023
Дін (Наным-сенім) мəдениеті.

Бір халықтың дін тарихын білмейінше оның өмірін, мəдени болмысын терең тану мүмкін емес. Өйткені өткен тарихта дін мəдениеттің барлық салаларын қамтыған болатын. “Дін – адам пайымының бүкіл əлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға жəне өзінің ақыл-ойы мен сана-сезімінен тысқары тылсым дүниеге қатынасы;адамзат танымының дүние мен жаратылысқа деген көзқарасты айқындайтын мифология, философия жəне ғылымнан ерекше өзіндік бір тұрпаты; адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды əлеуметтік, мəдени институт; ерекше қоғамдық сана жəне əлеуметтік құбылыс”.

Адамзаттың бітімі, менталитеті, ой-санасы өте төмен кезде жан бағудан өзгені ойлауы мүмкін емес-ті. Мұндайда дін де болмайды. Діннің туылуы -адамзат ой-қиял тарихындағы елеулі секіріс. Адамзат қоғамында тас дəуірінің бір сатысына жеткенде діндік сенім туыла бастады. Сосын ол біртіндеп дамыды.

Плехановтың: “Табиғат діннің ең алғашқы, ең бастапқы обьектісі болып табылады. Бұл түйінді барлық діннің, барлық ұлттың тарихы дəлелдеді”  дегені - шындық. “Алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың діни дүние танымының негізгі ерекшелігі, олар өздерін қоршаған табиғи ортадан бөлген жоқ. Өндірістік аумақ, оның жануарлары, өсімдіктері мен минералдық байлықтары, оған əсер ететін табиғи күштер мен осында тіршілік ететін адамдардың топтары - барлығы біртұтас болып қабылданды. Сондықтан табиғатқа адамға тəн қасиеттер, ал адамға табиғат қасиеттері тəн деп түсінді. Бұл діни түсініктердің барлық алғашқы түрлерінде - фетишизм, тотемизм, анимизм  жəне магия да ерекше көрініс тапты” .

Үйсіндерде алғашында бұлардың бəрі дерлік болды жəне олар талайға шейін жалғасты. Айталық, кейбір жансыз денелердің ерекше құдіретті күштеріне сену - фетишистік түсініктер - жансыз денелерді жанды дүние ретінде қабылдау ол заманның адамдарының бəрінде (соның ішінде үйсіндерде) де болды. Мысалы, аспандағы ай, нажағай, от (алас), арасан не тұма жəне оның басындағы жалғыз терек, т. б. - фетиш болып саналды. Ежелгі үйсіндер мен оның жалғасы түріктер түгіл, қазақтар да бертінгі заманға шейін оларды фетиш санап келді. Анимизм (белгілі бір денелер бойында болатын ерекше құдіретті күшке сену), үйсіндер түгіл, бертінгі қазақтарда да күшті болды.

Үйсіндер Ұлы Дала сақтарының жан-жақтылы мұрагері ретінде өзіне ең жақын сақ бұтарларының діни нанымына ізбасар болды. Сақтар басында табиғи рухқа нанды. Бұл да əрине тайпаларына қарай əр алуан еді. Жалпы ғұндар, соның ішінде үйсіндер көкті (аспанды), күнді, жұлдыздарды құдіреттендіріп қарады. Тəңірқұт, Күнби, Хантəңір, Тəңіртау, т. б. атаулар əсте тегін шықпаған. Бұл олардың өздері өмір сүретін жағдайға, табиғатқа құрметінен туған натуралистік түсінігі, панашы рухы, қабылдаған субъекті, өзімен табиғат арасындағы үйлесімділікті мойындауы еді. Плано Карпини түріктердің бір Аллаға иланатындығын айта келіп, “ оның үстіне олар күнге, айға жəне отқа, құдай деп табынады”, - депті. Жаң Чян келгенде Күнби оны екі алаудың арасынан өткізбек, аршаның күлімен беті-қолын сүрттірмек болады. Бұл іс жүзінде құрмет, аластау, тазарту (қазіргіше айтқанда, бұрқылау немесе дизенфекциялау) салты болатын. Бірақ оны Жаң Чян дұрыс түсінбейді əрі еліне бөсе сөйлеп барады. В. В. Бартольд: “Ежелгі түріктер дінінің негізі Көкке (Тəңір) жəне Жерге (Жеранаға) сыйыну болды”, - деген екен. Бұл кешегі үйсіндерде де, бертінгі қазақтарда да айна -қатесіз жалғасымын тапқан болатын. Тоныкөк ескерткішінде: “Көк, Ұмай құдай, қасиетті жер-су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!”, - делінген екен. “Ертедегі үйсіндер, қаңлылар аспанға табынып, оны “тəңір” деп, аспан көк түсті болғандықтан оны “көк тəңір” деп атады. Қазақтардың “көк соққыр” деп қарғағаны “тəңір атқыр” деген мағынаны білдіреді. Бұл сол байырғы идеяның қалдығы. «Тарихижазбалар. Ғұндар шежіресінде»: “Тəңірқұт жорыққа аттанғанда, күндіз күнге, түнде айға сиынады” делінген”.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар