Қандастар Ассамблея

Әдебиет пәнін оқытудағы олқылықтар

12.09.2014 5253
Интернет өздігінен сапалы білім және тәрбие бере алмайды. Білімнің қайнар көзі сол баяғы кітаптарда. Осы себепті, біз жастарды кітап оқуға ынталандыруымыз керек, қызықтыруымыз керек. Өкінішке орай осы тұрғыда біраз мәселелер туындауда.

Бүгінде жас бүлдіршіндер арасында әдеби шығармалар оқу күннен күнге сиреп келеді және мұның соңы балалар тәрбиесінің нашарлауына әкелуде. Әрине, кітап оқуға деген ынтаның азаюына ең әуелі Интернетті айыптауға болады, шын мәнісінде де солай. Шексіз ақпарат және оның көбі мультимедиялық формада, мұндай жағдайда ескі қағаз кітапты кім оқысын?! Дегенмен, көп жағдайда Интернет өздігінен сапалы білім және тәрбие бере алмайды. Білімнің қайнар көзі сол баяғы кітаптарда. Осы себепті, біз жастарды кітап оқуға ынталандыруымыз керек, қызықтыруымыз керек. Өкінішке орай осы тұрғыда біраз мәселелер туындауда.

Біріншіден, жыл сайын ЖОО түсушілер саны жүз мыңнан асады. Білім беру саласында педагогикалық мамандықтың үлесі 23%. Бүгінде Қазақстанда 139 университеттің ұлттық, мемлекеттік, аймақтық оқу орындарында әдебиет мұғалімдерін даярлайтын филология факультеттері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетті. Оқуға түсушілер де әдебиетші болуды төлемақысы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, яки мемлекеттік грантқа талас аздығынан, тіпті журналистикаға балы жетпегендіктен таңдап жатады (мен «мұғалім боламын» деп кітап жастанып, қағаз жамылғандарды айыптаудан аулақпын, алайда талантсыз талапкердің әдебиетшілікке барғанына көзім куә). Тіпті «Алтын белгі» немесе «Қызыл аттестаст» үміткерлері, оқу озаттары біріңғай тестте әдебиет таңдағанын аз көресіз.  Кадр даярлаушылардың сапасы туралы сөз қозғалған емес, бірақ оқта-текте қылаң беріп қоятын министрлік тексерулер мәселенің түйінін тарқатты демесек, шешкені шамалы-ақ. Мол тәжірибелі, білімді, баламасыз методикалы, психолог, көркем суреткер, қияли, тіпті оқушы алдында әртіс бола білу – сапалы әдебиетшінің негізгі қасиеттері. Бірақ  мамандығын тиіп-қашып оқыған түлектердің кесірінен баланың әдебиетке деген махаббатын оятпақ түгілі, «үй тапсырмасын үйіп беретін әдебиет апайдың» образын ешқашан санасынан жұлып алып тастай алмаймыз.

Екінші мәселе жаңа мұғалім мектепке келгеннен-ақ басталады. Алғашқыда университет түлегі өз жұмысын екінші санатты маман болып бастайды. Командир болуды армандамайтын солдат болмайтыны секілді, екінші санатты әдебиет мұғалімі папка арқалап, құжат жинайды. Тізімді айтсақ күн батырамыз – халықаралық, республикалық, қалалық деңгейдегі марапаттаулары; облыстық, республикалық ғылыми-әдістемелік материалдары  менмұндалап тұруы шарт; сабақтан тыс өткізген шаралары; педагогқа тағайындалған пікірлер; ата-аналар, оқушылармен жүргізілген сауалнамалар; грант негізінде соңғы 5 жыл көлемінде пән бойынша жоғары оқу орнына (ЖОО) түскен оқушылардың пайызы; сынып журналы негізінде жасалынған пәнінің орташа талдау көрсеткіші және т.с.с. Қағазбастылық кімді болса да қажытып, қабілетті төмендетеді, негізгі ұстаздықтың функциясынан жаңылыстырады, себебі тізімі шексіз «қажетсіз» құжаттың ішінде «дарынды балалар, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс» жасалуы шарт, алайда бұның барлығын не үшін орындалатынын сезіп-ақ тұрсыз. Шарт бойынша категориясы көтерілген мұғалім болу үшін ең бастысы – шәкірттерінің мойыны медальмен иіліп тұру керек. Біз білмейтін бармақ басты, көз қыстының көкесі олимпиадаларда, оған досыма 30 000 теңгеге бірінші орынды беретінін айтқанда көз жеткізіп, миығымыздан күлгенбіз. Сосын білім сапасы төмен, ұстаз функциясы орындалмай отыр, ұлтсүйгіш ұрпақ, патриот жастар жетіспейді дейміз. Кімді алдайды?

Үшіншіден, баспаның біртексіздігі. Күз жақындағанда базардың арасында жүріп, балаңыз қай баспаның кітабын алу керектігін айтқанын ұмытып та кетесіз, себебі, біріншіден, баспа көп, екіншіден «сіздің балаңыз қай кітаппан оқиды?» деп басқа мектептің ата-анасынан сұрай алмайсыз, өйткені әр мектеп түрлі баспамен қамтамасыз етіледі, тіпті әдебиет пәнінің өзінде біртектілік жоқ - бір мектепте оқитын екі інімнің біреуі «Арман-ПВ»-мен, екіншісі – «Атамұрамен» оқиды. Бастауыштан бет бұрған бала 5 сыныпта  «Атамұрамен» негізін қалап, 6 сыныпта «Арман-ПВ»-ға ауысып, 7 сыныпта «Атамұрамен» адасып, 8 сыныпта «Мектеп» баспасымен басы айналады. Нарықтық заман мен жекешелендірудің жойқын күші кітапты да бизнеске айналдырып, тендерге таластырды, ал бұл – кітапты ұлттық жадымыз, кемелді келешектің кепілі болатын қымбат кілт деп білетін ұлт үшін қауіпті.  Жылдар бойы жебір болған осы мәселе әлі де орнықпай келеді. Әр индивидтің сандық, сөздік және кеңістіктік бейіміділігі болады, осы үшеуінің басы бірігетін тұстарын ескеріп, қайсысы болса да сүйсіне оқитындай етіп құрастыру – әдебиет кітабының констукторлары ескеретін басты нәрсе болуы шарт. Мойындау керек, ойын баласы қызыл-жасылға құмар келеді, демек оларға көз жаңылыстыратын жазуға толы кітап емес, туындының мазмұнына сәйкес мол иллюстрациялы, образды айқындайтын суреттер енгізуіміз керек. Мысалы, «Арман-ПВ» баспасының  қай кітабы болмасын ересектің өзін қызықтырып әкетеді, сәйкесінше бұл тәжірибе жұмыс жасайды. «Қызыққан бала өзі-ақ оқиды» деген заман емес, қызықтыра білу керекпіз.  

Төртінші мәселе - ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігінің болмауы. Ұстаз бен кітаптың да кінәсі бар, алайда ата-ананың жіберетін ағаттығы одан да үлкен. «Болашақта бастық боласың, жаңа заманға керек» деп математика, ағылшын тілін тереңдетіп оқытқан соң, әдебиетті елуден асқан егде адамдардың ермегі деп елестетпей қайтсін? Басқа пәнді оқымасын демейміз, ынтасын ескеретін яки адами факторлар да есебімізде, бірақ сөздік қоры, сөйлеу мәнері бастапқыда болмаған баланың түсіну һәм түсіндіру функциялары да мықты болады дегенге сену және қиын. Сондықтан бір мезгіл батырлардың пырағын, малдың төлін, шығарманың кейіпкерлерін, туындының түпкі ойын балаңыздан сұрасаңыз – ұстазға жасаған үлкен көмегіңіз, шығарма жаздырсаңыз да құба-құп.

Қорыта келгенде, әдебиет – кешегінің куәсі, бүгінгінің болмысы, келерге берілетін аманат екені барлығымызға аян. Мені қынжылтатыны -қоғамдық орында кітап емес, темір досына телміріп отырғандардың дені жастар, әсіресе мектеп оқушылары. Үміт күтіп отырған біздерге бұл да бір сын. Қайбір кездердегідей оқуға кезек тұрмақ түгілі, кітап сұрап келетін жастар жоқтың қасы. Демек, жүйені жаңартып, оқытудың озық үлгілерін енгізу  қажет. Өлмес те өшпес аманаттың ашылмай жататын күнінен Алла сақтасын дейміз.

                         Аян Қалмұрат

 

Ұқсас материалдар