Қандастар Ассамблея

Данияр Елеусінов: «Мен жеңісімді үнемі анама арнаймын!»

20.11.2014 9658
Данияр Елеусінов. Бокстан Әлем чемпионы, Азия чемпионы және екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы. Данияр Елеусінов – қазақ тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында екі мәрте жеңіске жеткен боксшы.

Данияр Елеусінов.  Бокстан Әлем чемпионы, Азия чемпионы және екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы. Данияр Елеусінов – қазақ тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында екі мәрте жеңіске жеткен боксшы.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында жүлдеге ілікпесе де, «Ең сымбатты боксшы» деген атаққа ие болды.

Қажет десеңіз, Данияр Елеусінов бидің де түбін түсіреді. Оған ғаламтор желісіне тарап кеткен видеосы куә.  Енді сол Данияр Елеусіновтің өмірлік ұстанымдарын өздеріңізге ұсынамыз.

Егер біз әлдебір жарысқа аттанар алдында алдымызға не күміс, не қола аламыз деп шығатын болсақ, онда қателескеніміз. Одан да сол жарысқа бармай-ақ қойған абзал. Егер мақсатты жоғары қоймасақ, қарсыластан тайсақтаймыз дегенмен бір. Қорықсаң, шаршы алаңға шығып керегі не?! Адам мақсатты жоғары қою керек, сонда ғана босаңсуға жол жоқ!

Мен үшін оңай қарсылас, қиын бәсекелес деген ұғым жоқ. Қайта мықтылармен жолыққанды жақсы көрем. Жолыма кіл мықтылардың тұрғанына ғана қалаймын. Сонда ғана өсесің, сонда ғана дамисың. Тәжірибе де сол арқылы келеді. Жартылай финалда, финалда мықты қарсыластар кезіксе қайта жарыстың көркі қызады. Тек нәтижеге ғана емес, көрерменге де ерекше ықылас сыйлау керек.

Ұлттық құраманың капитаны болып тағайындалғалы ешқандай қысым кедергісін келтірген жоқ. Қайта жауапкершілік артты. Соған сай болуға бұрынғыдан көп күш жұмсаудамын. Өйткені, басқалардың сеніміне енуім керек.

Қандай жарыс болмасын, мен жеңісімді үнемі анама арнаймын.

Мен әрқашан қазақ жанкүйерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Әлемнің қай елінде болмасын, қандай жарыста жек-жекпе жекке шықсам да атымды атап, қазақтың көк байрағын ұстап жүретін жанкүйерлер көптеп кездеседі. Мен оларды көргенде жеңіске деген ұмтылысым артып, өзімді сенімді сезіне бастаймын.

Спорт болған соң жеңіліс болады. Төреші қарсыласымның қолын көтерсе ешқандай қарсылығым жоқ, жеңілдім деп санаймын. Кейде тең түсіп, қарсыласыңның қолын көтеретін жағдайлар болады. Сол үшін мен қай кезде де төреші еш күмәнданбайтындай сенімді жеңіске жетуге тырысамын. Шаршы алаңға шыққанда жүз пайыз күшімді салсам, жеңіске жететініме еш күмәнданбаймын.

Анықтама: Данияр Елеусінов бұл күнде 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Еншісінде Олимпиада алтынан басқа әуесқой боксшыға керек жүлденің барлығы бар.

Туған жылы: 1991 жылдың 13 наурызы.

Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Березино селосы.

Ұқсас материалдар