Дала жауынгерлерінің көркі

08.09.2016 6969
Астанада иллюстрациялы каталогтардың тұсаукесері өтті

Қазақстан Республикасы ұлттық музейінде «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» сериясы аясында «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және  күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақ зергерлік өнері» атты иллюстрациялы каталогтарының  тұсаукесері өтті.

Сериялық басылымды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы, мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, толық дерек ретінде ғылыми айналымға енгізу.

Алтын мен күмістен жасалған бұйымдар топтастырылған бұл каталог қола дәуірінен ортағасырларға дейінгі жәдігерлермен танысуға мүмкіндік береді.

– «Зердің қадірін зергер біледі, аңның қадірін мерген біледі» деген қазақта жақсы сөз бар. Парсы тілінде алтын, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зер» деп атайды да, оны жасаушылар «зергер» болып саналады. Көне тарихымызды қарасақ асыл тастарды пайдалана отырып, әшекей заттарды ғана емес, тұрмыстық заттарды да өрнектеген. Сақтар заманынан бергі тұрмыстық заттарда бейнеленген оюлар өрнек қана емес, ата бабаларымыздың дүниетанымын көрсететін айғақты белгілер. Сондықтан да, бұл әшекей заттар жай темір-терсек емес, өткен заманымыздың философиясы, дүние танымы. Екі каталогты шығарған азаматтарға алғыс айтқым келеді,-деді Қазақстан Республикасы ұлттық музейінің бас директоры Дархан Мыңбай.

Көркемдіктің өлшемі саналып келген әшекей бұйымдар қай заманда болмасын өзіндік даралығымен ерекшеленеді. Мыңжылдық тарихы бар сырға тарихына көз жүгіртер болсақ, бастапқыда сырғаны әлеуметтік мәртебесіне қарай адамдардың белгілі бір тобы ғана таққан болатын. Уақыт өте келе сырға әшекей бұйым ретінде сәнге айналды. Халық түсінігінде сырға зұлым сипаттағы сыртқы күштерден, көз тиюден сақтайды.

Сақ әйелдері мен ер адамдарының сырғаларында конус тәрізді салпыншақтар жиі ұшырасады.  Ал ғұндар үстемдік құрған кезеңде жарты ай тәрізді, дөңгелек ұяшықтардың үстінде түрлі-түсті қондырмалары бар салмағы ауыр сырғалар сәнге айналды. Бұл дәуірде әшекейлер негізінен алтыннан жасалып, көбіне көгілдір ақық, анартастармен безендірілді.

Батырлықтың белгісі ретінде саналған сырғалар ер адамдардың да киім-кешегінің ажырамас бөлшегіне айналды.  Ерлер сырғасы анағұрлым қарапайым жасалып, негізінен бір құлаққа ғана тағылатын. Б.з.д VII-VI  ғасырларға жататын ерте темір дәуірінің кезеңіне жататын сырғалар еліміздің орталық, шығыс аймақтарынан табылды. Сабындыкөл қорымынан табылған көгілдір ақық моншақтармен безенділірген дөңгелек сырғалар сөзсіз өз заманының ерекшелігі.

Көне мұралардың ізі қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерінен де анық байқалады. Егер қола дәуірінен ортағасырларға дейінгі уақытты алтын түсімен көбірек байланыстырсақ, кейін келе бұл таным күміске ауысады. Зергерлік өнер бұйымдары топтастырылған екінші каталогта дәстүрлі қазақ қоғамындағы балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған бұйымдар жан-жақты сипатталады. Көпшілік заттар қазақ қоғамында орны ерекше, әулеттің, отбасының ұйытқысы саналатын әйелдерге тиесілі.

– Музей ғылыми зерттеу жұмыстары бағытында әртүрлі коллекцияларды жинастырып, оның мән-мазмұнын ашып, жүйелеп үлкен жұмыс атқарып отыр. Бұл екі басылым ішкі мазмұн жағынан тығыз байланысты. Зергерлік өнер техникасының ұқсастығы әліге дейін қолданылып келеді. Дәстүрлі әдістердің ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқандығын көруге болады. Мәдениетімізбен танысқысы келетін жандар үшін құрастырылып шығарылған бұл каталогтардың маңызы зор,-деп атап өтті белгілі этнограф зерттеуші Қалиолла Ахметжан.

Тұмар

Үшбұрышты пішінді, іші қуыс, сырлы бұйым. Ортаңғы бөлігі міндетті түрде ірі ақық, шыны қондырмамен, дөңес өрнекті пішінмен безендіріледі. Ішіне адамды пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін қасиетті саналатын дұғалықтар  салынады. Кеуде бойтұмарын мойынға алқаға өткізіп тағады.

Құсмұрын жүзік

Құс тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірлене жасалған жүзікте өркендеу идеясы бейнеленген. Әдетте мұндай жүзік әскери жорыққа бара жатқан жігітке «туған үйіне аман оралсын» деген ниетпен сыйға берілген. Құс ежелден еркіндік пен бақытың, қайырымдылықтың символы болған.

Сырғалар

Қазақтар ежелден тіл-көзден сақтау қасиеті бар деп сырғаны тұмар ретінде қыз балаға таққан. Сырғалардың түрі де, нұсқалары да сан алуан. Әсіресе түрлі пішіндегі өрнекті жалпақ сырғалар кең таралған.

Үкіаяқ

Мұндай салпыншақ көбіне бірқұрамды немесе екіқұрамды болады. Бұйымның негізіне тұмар ретінде тиындар, моншақтар, жиектелген тастар ілінеді. Үкіаяқты кез-келген бас киімнің бір жағына, не қосақтап ілген.


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттерді түсірген - Нұрбек Әлманбет

Ұқсас материалдар