Қандастар Ассамблея

Дәмеш Ермекова-Жүргенева: Айдынын аңсаған аққулар

23.09.2014 4808
Дәмеш Ермекова-Жүргенева

Қазақтың небір жайсаңдары мен марқасқаларының басына зобалаң бұлтын үйірген 1937 жылды еске алсақ жүрегіміз тітіркеп, жанымыз күйзелетіні ақиқат. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз тар заман бұғауында бұлқынған сол шақта бүкіл ұлтымыз мақтанышы мен сүйінішінен айырылыпты-ау. Топ бастар басшысынан, жөн көрген ақылшысынан шеттетілген халқымыз одан кейін көп жылдар бойы есін жия алмағаны тағы шындық. Біздің бүгінгі сана тоқырауына ұшырап, тіліміз бен ділімізден, салт-дәстүрлерімізден көз жазып қала жаздағанымыз да сол бір құйтырқы заманның құтыра соққан қара дауылының әсерінен іспетті.

         Қудалауға азаматтарымыз ғана ілікті ме? Жоқ, білімді, білікті әйелдер де зобалаң құрығынан құтыла алмады. Олар сонда не үшін тар қапасқа қамалды? Әрине арыстарымыздың өміріне жан серік, жүректеріне гүл болып біткені, қараңғы қазақ көгіне жұлдыздарымен бірге жұлдыз іспетті жанып тұру жолына талпынғаны үшін.

         Міне, сондай жандардың бірі – Нарком Темірбек Жүргеновтың зайыбы, аяулы жерлесіміз, білімді қазақ қыздарының қарлығашы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова.

Дәмеш 1905 жылы Қарқаралы ауданына қарасты № 1 ауылда яғни, қазіргі Ақтоғай ауданының «Қызыларай» совхозында туған. 1927 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина бөлімін ойдағыдай бітіріп, 1930-1933 жылдар аралығында әуелі ординатор болып еңбек етіп, одан кейін Өзбек Мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түседі.

1933 жылы жан жары. Т. Жүргеновтың жұмыс ауыстыруына байланысты Қазақстанға оралып, Қазақ Мемлекеттік медицина институтының терапевтік бөліміне орналасады.

Жарқын өмір шырайын 1937 жылдың бұзғаны анық. Әуелі жолдасы «халық жауы» атанып, артынан өзі де осы қаралы аттың қамытын киді.

«1938-1946 жылдар аралығында мен жазықсыз ұсталып, лагердің ащы дәмін таттым. Мұның өзі аққа жағылған қара күйедей уақыт еді», - деп жазады Дәмеш өз қолынан қалдырған өмірбаянында.

Иә, Д. Ермекова-Жүргенова осы кезеңдерде көп дүниеден қол үзді. Диссертация қорғау жөніндегі шешімі аяқсыз қалып, Қазақстан ғылымына қосылатын бір тың жұмыс халық игілігіне қызмет етпеді. Осы жолға жұмсалған қаншама күш, қаншама жігер құмға сіңген судай із-тозсыз жоғалды.

Дәмеш қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқан еді. Институт қабырғасында жүргенде ол кісінің ұйымдастыруымен қыз-келіншектерге арналған қызыл мүйіс, кітапхана, лекция тыңдайтын, жеке сұхбат өткізетін залдар ашылып, қазақ тілінде шығатын көптиражды газет халық арасына таратылды. Көпшілік арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізуге де белсене атсалысты.

Өмір шырайына қара дақ қалдырған 1937 жыл зобалаңы жігерлі жанды жасыта алмағанын біз білеміз. Сегіз жылдай лагерде болған Дәмеш одан шыққан соң жарық дүниеге жаңа бір іңкәр ниетпен қарады. Өксікке ұрындырған уақыттан өз еншісін алып қалуға ұмтылды. Дегеніне жетті де. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері атануы бұл сөзіміздің анық дәлелі.

Әрине, бүгінгі әңгімемізде біз Дәмешті өмір жолының бүге-шігесіне толық тоқталуды мақсат етпедік. Ол келесі бір уақыттың еншісі. Біз қазір оқырман қауымға Д. Ермекова-Жүргенованың бір естелігін ұсынбақпыз. Халқымыздың ақиық перзенті Тұрар Рысқұловтың зайыбы Әзиза Есенқұлқызы Рысқұлова жайлы сыр шертетін осынау дүниенің әркімге ой салары анық.

Әзиза Есенқұлқызы Рысқұлованы мен жас кезінен білетін едім. Ол кезде бойжеткен қыз Алматы малдәрігерлік институтында оқитын. Кейіннен қазақтың белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шығып, оқуын Мәскеуде жалғастырды.

Тұрардың еліміздің астанасында еңбек ететін шағы. Жас семья қарапайым тұратын, соған қарамастан қонақжай еді. Бұл үйге кім-кім де кез келген уақытта именбей еніп, бұйымтайларын тосылмай ақтара алатын.

Мәскеуде болған кездерімде олар мені үнемі үйлеріне шақыратын. Ол Әзиза өмірінің нағыз шырайлы шағы – өзі жас, мөлдіреген сұлу, махаббатқа мас кезі. Содан сыр ақтару басталады. Жүрегіңе жылы, жаныңа жақын сұхбат мәртебеңді өсіріп, көкірегіңе самал ескендей әсер қалдырады.

Бұл жарастық, бұл бақытты кезең, бірақ, ұзаққа бармады. 1937 жылы Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, артынан Әзиза да «халық жауының әйелі» атанып, емізулі баласымен қамауға алынды. Сөйтіп бір әулеттің шырғалаң жолы басталды.

«Жазмыштан озмыш жоқ», -деп халық бекер айтпаған ғой. Біздің осы айырылысымыз ұзаққа созылмады. Көп кешікпей өзім де олардың кебін киіп, тар қапасқа тап болдым. Сөйтіп 1938 жылы Карлагтың № 26 нүктесінде Әзизамен қайта табыстық. Әрине, бұл кездесудің ләззәтінен гөрі соры басым жатқанын көпшілік пайымдап отырған шығар.

Біз біресе құшақтасамыз, біресе жылаймыз. Құшақтасатынымыз – тағдыр тәлкегіне мойынсұнғандығымыздан.

Шіркін-ай, дүниеде әйелдің көз жасынан ащы, әйелдің көз жасынан кермек дәм бар ма екен, сірә! Сол кездегі төгілген аналар жасын жинаса тағы бір теңіз не мұхит құралар еді-ау...

Әзиза лагерде де шыдамдылық пен қайраттылық таныта білді. Жас сәбиімен көштен қалмай, қаталдыққа қайыспай қарсы тұруымен-ақ өзгелерге жігер бергендей. Ақыры мамандығы бойынша жұмысқа да орналасып алды. Осында жүріп маңайындағы әйелдерден көмегін аямады да. Тіпті баласы үшін алатын бір литр сүтті де басқалармен біріге отырып шай ішуге бөлетін.

Өмір тақсыреті тар қапаспен бітпепті. Алда тосып тұрған тауқымет бұдан да зор екен. Баласы екі жарым жасқа жеткенде оны анасынан бөліп, бөлек лагерге жөнелтті. Ол сонда жүріп қайтыс болды.

Бостандыққа шыққан соң да оның айы оңынан туып кеткен жоқ. Әр балалар үйіне өткізілген басқа сәбилерін іздеумен қажыды. Ал бүлдіршіндер болса арада өткен жылдар әсерінен туған анаға жат атанған. Әсіресе, кіші қызымен табысу ұзаққа созылды. Өзінен жатырқай қашқан балаға қарай тұрып Әзиза жүрегінің сан үзілгенін түсіну онша қиынға түспес. Оның арғы жағында баспана, жұмыс табу тұрған.

Бұл кезде мен де ақталу қағазын алып, жала сатқындық бұғауында Қазақстанның түкпір-түкпірін еріксіз кезген кезбе шақтан құтылған едім. Ал, ерім 1957 жылы толық ақталған соң негізгі тұрағым – Алматыға оралуға мүмкіндік туды.

Осы жерде Әзизамен қайта кездестім. Балаларының ортасында, өзінің мамандығын жалғастырып жүр екен. Сол баяғы мейірімді, елгезек, еңбекқор қалпы. Туған-туыc-жолдас-жоралары арасында беделді. Ақар-шақар семья ұйтқысы. Бауыр еті – балалары да өскен: үлкен қызы Сәуле – медицина ғылымының докторы, кішісі Москвада тұрады. Абзал ана өзі туғандарына көрсете алмаған аналық мейірімді немерелеріне арнаған.

Балалары да анасының орны толмас қасыретіне қорған бола білді. Жалған айып, ауыр тірлік кешкен Әзизаның бетіне келмей, оның ұлағатын ұғып, айтқанын тыңдап, онсыз да жарымжан көңіліне қаяу түсірмеуге тырысты. Сөйтіп ана алдындағы парыздарын абыроймен өтеп шықты.

Иә, отызыншы жылдар аруларының басына түскен қасырет бұлты тым қою еді. Міне, осындай түнек арасынан адаспай шыққан жандардың алдында бас иген жөн. Ақ пен қараның, жеңіл мен ауырдың арасалмағын кейінгі ұрпаққа ажыратып берген, кермек дәмін өздері татқан абзал аналар рухы ешқашан жоғалмауға тиісті.

Ең жақын досым, құрбым, сырласым Әзизаны 1988 жылғы шілденің 6-сы күні қайтпас сапарға шығарып салдым. Жаным ауырды, бірақ тіршілік, табиғат заңы алдында қауқарсыз едім. Менің бар бітіргенім, көз жасым көл болып тұрып: «Арулар әруағы өлмесін! Арулар әруағы жасай берсін!» - дей бердім.