ЕРГӨБЕК ҚҰЛБЕК

16.01.2013 2711
Әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма мүшесі Қ.Ергөбек 1952 ж. 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Ақынтоғай ауылында, шопан отбасында дүниеге келген. Алты жасында әкеден жетім қалды. Балтакөл елдімекенінде мектепке барды. Күйікасарда (Түркістан ауданы), Арыс қаласында оқуын жалғады. 8 сыныпты Арыс кеңшарында, орта мектепті Отырар ауданында аяқтады.

Әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма мүшесі Қ.Ергөбек 1952 ж. 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Ақынтоғай ауылында, шопан отбасында дүниеге келген. Алты жасында әкеден жетім қалды. Балтакөл елдімекенінде мектепке барды. Күйікасарда (Түркістан ауданы), Арыс қаласында оқуын жалғады. 8 сыныпты Арыс кеңшарында, орта мектепті Отырар ауданында аяқтады. Аудандағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң, 1970-1975 жылдары Әл-Фараби /С.М.Киров/ атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін оқып, аяқтайды.

1975 жылы Қазақстан Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бейнелеу өнері бөліміне ғылыми қызметке қалдырылды. 1976 жылы Республикалық халық шығармашылығы үйінде аға методист, 1976-1978 жылы «С.Мұқанов музей-үйінің» аға ғылыми қызметкері, 1978-1980 жылы «Лениншіл жас» /»Жас алаш»/ газеті Әдебиет және өнер бөлімі тілшісі, аға тілшісі, 1980-1987 жылы С.Мұқанов музейінің ғылым бөлімінің меңгерушісі, 1987-1990 жылы «Социалистік Қазақстан» /Егемен Қазақстан/ газетінің Әдебиет және өнер бөлімінде қызметкер, 1990-1992 жылы Қазақстан Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Консерваторияда доцент, «Ақиқат» журналында бөлім меңгерушісі /бір мезетте/, 1992-1997 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде доцент, профессор, кафедра меңгеруші, декан, Ректордың ғылым істері жөніндегі орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газеті бөлім меңгерушісі, 1997-1999 жылдары Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөлімінде Бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді.

1999 жылдың қыркүйегінен Түркістан қаласы әкімінің руханият мәселелері жөніндегі орынбасары, 1999-2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімі аппараты бастығының қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі орынбасары, облыс әкімі кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Қазіргі таңда ғалым-сыншы Қ.Ергөбек Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті қызметін атқаруда.

Қ.Ергөбек әдеби процеске студент кезінен араласты. Талапты жастың ерте қанаттануына университет профессорлары — Б.Кенжебаев, Т.Кәкішев сынды үлкен жүректі ұстаздары ерекше ықпал етті. 1970 жылдардан әдеби сынға араласқан оның ағымдағы баспасөзде осы уақыт аралығында 600-ден астам мақаласы жарияланды. «Адасқандар ақиқаты», «Терең тамырлар» повест-зерттеулері кітап болып шықты. Ол әсіресе Сәбит Мұқанов өмірі мен шығармашылығын дендей зерттеген ғалым. Оның «Жан жылуы» /1981/, «Сәбит Мұқанов» /1989/, «Жақсыдан қалған сөз» /1991/, «Баянғұмыр» /1991/, «Сәбит Мұқанов» /1999/ «Жазушы шеберханасы» /2002/ аталатын сын-зерттеу, монографиялық еңбектері қазақ әдебиеті классигі С.Мұқановтың шығармашылық тағдырына бағышталған.

Бірсыпыра жыл Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті кеңесін басқарған ол республикадағы осы саланың санаулы сыншы, зерттеушісінен саналады. Оның «Мейірім шуағы» /1985/, «Өтебай Тұрманжанов» /1992/ монографиясы, «Арыстар мен Ағыстар» сын кітабы, «Қазақ совет балалар жазушылары» /1990/ анықтамалығы, «Сөзстан» /1985/ жинағы, «Даланың алыбы мен ғалымы туралы туындылар» /Балалар әдебиеті кітапханасы/, «Сылдырап аққан бұлақтай» /Шынашақ, 1992/ алғысөздері мен көптеген мақалалары қазақ балалар әдебиеті мәселелерін қарастырады.

Қ.Ергөбек хат, күнделік, эссе, естелік секілді мемуарлық жанрдың да бірден-бір зерттеушісі. Назардан тыс қалып келе жатқан жанр үлгілерін тану, танытуда ол бірсыпыра еңбек етті. «Баянғұмыр»/1991/ атты зерттеу кітабы, «Хат жаздым қалам алып», «Жауынгер жүрегіне от жаққан», «Жүрек қанымен жазылған хаттар» секілді мақалалары қазақ әдебиетінің осындай назардан қаға беріс қалып келе жатқан мәселелеріне арналған.

Қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген саланың бірі — шығармашылық шеберханасы болса, Қ.Ергөбек бірсыпыра ғылыми еңбегін осы мәселеге арнаған. «Мөлдір махаббат» романының шығармашылық тарихы» /1991/ аталатын кандидаттық, «С.Мұқановтың шығармашылық шеберханасы» /1995/ аталатын докторлық диссертациясын ол қазақ әдебиеттану ғылымының осындай маңызды мәселелерін зерттеуге арнаған «Шыңғыс шыңы» /1998/-бауырлас қырғыз елінің шоң жазушысы Ш.Айтматов шығармашылық лабораториясын эпистолярлық жанр үлгілерін пайдалана отырып қарастырудың үлгісі.

Қ.Ергөбек— қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебінің иесі, көрнекті ғалым — Бейсембай Кенжебаевтың әдеби-рухани мұрагері саналады. Қазақ әдебиеті көне тарихын күллі түрік дүниесімен бірлікте қарастыру идеясын көтерген, сол үшін қуғын көрген ұлы зерттеуші Б.Кенжебаев әдеби мұрасын ыждағаттауда Қ.Ергөбек бірсыпыра іс атқаруда. Ғалымның әр жылдары жазған еңбектерін жинастырып, құрастырып, алғысөзін жазып, «Жылдар жемісі» /1984/, «Әдебиет белестері» /1987/, «Асау жүрек» /1995/ «Тымпи» /2003/, «Түрік қағанатынан бүгінге дейін» (2004), «Асау жүрек», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» /2004/ деген атпен кітап етіп бастырды. «Бейсембай Кенжебайұлы» био-библиографиялық көрсеткішін шығарды.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқара жүріп, М.Базарбаев, С.Қирабаев жетекшілігімен қайта жазылып жатқан «Қазақ әдебиеті тарихы» аталатын ғылыми еңбекке арнайы тараулар жазды.

«ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» /2004/ оқу құралын, «Қазақтың мақал-мәтелдері» /2005/, «Шынашақ» (1992), «Сылдырап өңкей келісім» секілді кітаптарды құрастырды. Орыс ертегілерін, Молдаван жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ғалым-сыншының «Арыстар мен Ағыстар» (2004-2007) аталатын алты томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Шығармалары орыс, түрік, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылып басылған.

Дереккөзі: ОҚО әкімдігі