Ғаламторда мемлекеттік тілді дамытудың кейбір мәселелері

14.11.2012 1725

Қазіргі кезде ғаламтордағы қазақ тілін дамыту мәселесіне баса назар аударылып отыр. Интернетте мемлекеттік тілдегі сайттардың бәсекеге қабілетті болуы үшін оның өзіндік ортасы, оқырмандары болуы керек.

Елімізде қазақ тілді мектептерде оқушылардың үштен екі бөлігі білім алса да, «ақпараттық теңсіздік» әлі де сақталуда. Дегенмен, статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде қазақ тілін білетін азаматтардың саны өсе түсуде. Бүгіннің өзінде мектептердің 80 пайызы қазақ немесе аралас тілде білім береді. Алайда бұл орайда айта кететін жайт, жағдай біз ойлағандай мәз емес. Мектептер заман талабынан әлдеқашан қалып қойған. Оның үстіне оқу бағдарламасына сай аптасына бір рет қана өтетін информатика сабағы 7-ші сыныптан басталады. Демек, оқушылар компьютерді қолдануды, онымен жұмыс істеуді 12-13 жасында үйренеді деген сөз. Ал ауылдық жерлерде оқушылардың мектептен басқа орындарда комьютерді қолдану мүмкіндігі кемде-кем. Мектеп бағдарламасы да көңіл көншітпейді, мазмұны да талаптан шыға бермейді. Бұл қазақ тіліндегі оқулықтардың заман талабына сай еместігін, мамандар мен әдістемелердің жетіспеушілігін көрсетеді. Жоғары оқу орындарындағы жағдай да дәл осындай. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар аударылып, жарыққа шыққанша оның мазмұны мен материалдары ескіріп үлгереді. Мамандардың да жетіспеушілігі сезіледі. Мемлекеттік тілде осы саланы жақсы меңгерген сапалы маман даярлап шығару қиындыққа соғып отыр.

Қазіргі таңда интернетті көбінесе қала тұрғындары пайдаланатындығы шындық, ал ауылдық жерлерде ғаламтор желісіне қосылушылар саны соншалықты көп емес. Қазақы ортаның негізгі қаймағы ауылда екендігін ескере отырып, елдімекендер тұрғындарының интернеттің мүмкіндіктерін пайдалануға деген қызығушылығын арттыру керек. Бұл ретте арнайы желілер тартып, ауыл тұрғындарының арнайы тарифтермен ғаламторға қосылуы үшін қолайлы жағдайлар жасап, олардың мүмкіндіктерін барынша жеңілдетуді қолға алған абзал. Интернеттегі қазақ контентін кеңейту мақсатында көп шоғырланған қазақ тілді оқырмандармен жұмыс істеу керек.

Ал енді интернет арқылы көңіл көтеру, хат-хабар алмасу мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда баршаға танымал жедел хат алысу алаңына айналған mail.ru агент, Мой мир (Менің жеке әлемім) кеңінен тарап, ерекше мәнге ие болып отыр. Жас-кәріні таңдамайтын «агент» желісі қазір әрбір жанның өміріндегі жеке мәселелерді, сондай-ақ қызмет бабындағы және адамдармен арақатынасындағы мәселелерді шешуде ең қажетті құрал болып табылады. Ең қызығы, қазақ әріптерін танымайтын бұл пікір алмасу алаңында кезінде адамдар орыс әріптерінің көмегімен-ақ өз ойлары мен әңгімелерін жеткізуге тырысады.

Жоғарыда аталған желілердің барлығы да көршілес Ресейдің әлеуметтік жобалары болып табылады. Өкінішке орай, Қазақстанда осындай кеңінен танымал көп функционалды әлеуметтік желілер кемде-кем, тіпті жоқтың қасы. Барларының өзі қазіргі заман талабына сай бәсекелестікке қабілеті төмен.

Біздің ойымызша, осы кемшіліктердің орнын толтырудың кезі жеткен секілді. Интернет технология  дамыған қазіргі кезеңнің талаптарына толығымен жауап беруге қабілетті қаны да, жаны да қазақ азамат-мамандарды даярлап шығу мәселесі оң шешілсе, мүддемізге қол жеткізетін күн де алыс емес.

Қалай болғанда да интернеттегі ана тіліміз – қазақ тілінің әлемдік деңгейде тұғырын нығайтуға баршамыз атсалысуымыз керек.

Құралай Жолдыбаева

Ұқсас материалдар