Балқаймаққызы Әлмен

02.02.2013 2047
Әлмен – атақты айтыскер ақын. Ол 1860 жылы Қордай ауданы Сулутөр өңірінде дүниеге келген. Төртінші атасы Қарабек Салтангелдіұлы айтулы батыр болған. Әлейбек, Әлімбай, Иман есімді үш ұлдың ортасында жалғыз қыз бала болған соң Әлмен ерке өсіп, өткір де батыл, жігітке бергісіз өр тұлғаға айналады. Әлменнің ақындық өнері тым ерте, қаршадай қыз күнінде-ақ танылған. Өз тұсындағы өлеңші, ақын атаулының бәрін де бет қаратпай жеңіп отырған. Сол кезеңдегі белгілі ақынның бірі Тәкен сал онымен өмір бойы айтысып, ешқашан жеңе алмаған.

Әлмен – атақты айтыскер ақын. Ол 1860 жылы Қордай ауданы Сулутөр өңірінде дүниеге келген. Төртінші атасы Қарабек Салтангелдіұлы айтулы батыр болған. Әлейбек, Әлімбай, Иман есімді үш ұлдың ортасында жалғыз қыз бала болған соң Әлмен ерке өсіп, өткір де батыл, жігітке бергісіз өр тұлғаға айналады.

Әлменнің ақындық өнері тым ерте, қаршадай қыз күнінде-ақ танылған. Өз тұсындағы өлеңші, ақын атаулының бәрін де бет қаратпай жеңіп отырған. Сол кезеңдегі белгілі ақынның бірі Тәкен сал онымен өмір бойы айтысып, ешқашан жеңе алмаған.

Әлмен бесіктегі кезінен-ақ «бесік кертпе» салтымен бір байдың баласына атастырылады. Ақын қыз өсе келе, болашақ күйеуін менсінбейді. Өйткені, атастырылған жігіті «айран таз» болған көрінеді. «Оған берсең, у ішіп өлем» деп қорқытқасын, әкесі құдалармен астыртын хабарласып, қызының нағашысынікіне бармақ ниетін жеткізеді де, оны  жолдан алып кетуге кеңес береді. Бұл ұсынысты құп алған күйеу бала жол торып, Әлменді қолға түсіреді. Әлменнің осындай зорлықпен ұзатылып бара жатқаны Тәкен салға жетеді. Бір сүріндіретін реті келген шығар деген оймен Тәкен сал Әлменнің артынан қуып жетіп, онымен айтысты бастайды. «Алып қашып бара ма ойпаң жерің» деп тиіседі. Жабық күймеде отырған Әлмен: «Ойпаң жерді несіне сөз қыласың – аузы-басың қан жалап шыққан жерің», – деп тартынбастан айтысты жалғастыра береді. Ел аузында сақталған бұл айтыс – Әлменнің ақындық өнерінің  қаншалықты ерте жетілгенін айғақтай түссе керек.

Тағдырына еріксіз көніп, сүймеген күйеуімен өмір сүруге мәжбүр болған Әлмен өмір бойы өксумен өткен. «Сайрап жүрген бақшада бұлбұл едім, мойныма түсірді-ау тұзақ тор ғып», – деп зарлаған.

Әйтсе де от ауыз, орақ тілді Әлмен бойға біткен өнерінен безе алмаған. Өз тұсындағы ақын жігіттермен той-думандарда айтысқа түсіп отырған. Тәкен сал оны қайтсе де сүріндіру үшін, тіпті, анайылау сөйлеп те көрген.  Бірақ Әлмен оған ұтқыр да тапқыр жауаптар айтып, тыңдаушыларды қыран күлкіге қалдырған. Көп ретте Әлменге Тәкен салдың өзі келіп ұрынады екен. Замандастары  Тәкен салға «ақыры жеңе алмайсың, несіне тиісесің» дегенде, ол «мен оны жеңейін деп айтыспаймын, жырлатайын деп айтысамын», – деген екен.

Әлменнің айтыстары бізге түгел жетпеген. Жазылып қалғандары – қайнағасы Ешмадиярмен қақтығысы, Олжабаймен, Қабасақалмен және Тәкен салмен айтысы, сондай-ақ «Құдай несін жаратқан қызды қор ғып» деп басталатын толғауы.

Ескі көз қариялардың айтуынша, Әлменнің бір ұл, бір қызы болған. Кеңес өкіметінің байларға жасаған қысымына байланысты бұл әулет түгелдей Қытайға ауып кеткен.

Дереккөзі:
- Айтыс, 1-том. 1988 ж.
- Ысқақбай М., Шығарма шырайы – шындық. Алматы, 1994 ж.