Қандастар Ассамблея

Өмір ағыны

02.02.2013 27062
Өзендер мен көлдер құрғақ климатты Оңтүстік аймақтың тіршілік көзі болып есептеледі. Қай кезде де адамдар суға жақын қоныстанды, су тек сусын не тамақ ғана емес, таусылмас қуаттың көзі ретінде өсімдіктер мен егіс даласын суаруға пайдаланды. Жібек жолымен жүріп өткен бай керуендер де су бойымен қозқалды. Сырдария өзені Сырдария өзені – Орта Азиядағы аса ірі су жолының күре тамыры. Ертеде Яксарт деп аталып, кейін оны арабтар Сейхун деп атаған. Сырдария өзінің бастауын Теріскей Алатауы жоталарындағы көлдер мен мұздықтардан алып, Арал теңізіне құяды, ұзындығы 2863 км, оның 430 км Оңтүстік Қазақстан жерінен өтеді. Қызылқұммен шектесетін Шардара сахарасын басып өтіп, Оңтүстіктен солтүстік-батысқа қарай ағады. Сырдарияға Арыс, Бөген, Келес, Қырықкелес, т.б. Қаратау баурайларынан бастау алатын майда өзендер құяды. Сырдария жағасында қалың жыңғыл тоғайы өседі. Қамыс арасында қырғауыл, қабан, шағал, жабайы мысық, ондатра, қаз бен үйректер, қасқалдақтар өмір сүреді. Дария жағасындағы жайылған суаттарда көптеген балықтар – лақа, жылан балық, сазан, көксерке, табан балық бар. Сырдария Оңтүстік Қазақстан облысындағы аңшылық пен балық шаруашылығын өрістетіп, туризмді дамытуда ерекше орын алады. Су ағынын реттеп, жерді суару мен суландыруда Шардара су қоймасы мен гидроузелінің орны ерекше. Өзен жағасынан шалғай жатқан шөл далаларға магистаральды каналдар тартылып, судан таршылық көрмеген егіс даласы күріш пен мақтадан, жүгері мен түрлі бақша дақылдарынан мол өнім беруде. Суландырылған далада миллиондаған отар мал ел ырысын арттыруда. Қазақстанда ауыл шаруашылығына көмекке келген дәл Сырдариядай өзен жоқ деуге болады,  оның үстіне Сырдария ондаған миллион квт-сағат электр энергиясын беруге де қуатты. Арыс өзені Жабағылытау тауындағы жиырма шақты бұлақ суларынан бастау алған Арыс өзені де Сырдарияға барып құяды. Ұзындығы 378 км, қайраңы көп жылдам ағысты өзен жиі жаңа тармақтарға бөлінеді. Бойында тырбиған ағаштар үйіндісі жиі кездеседі. Өзенді жағалай көптеген елді мекендер мен бақтар бар. Қараспан ауылында өзен бойына бөгет тұрғызылған, осы жерден Бөген су қоймасына баратын канал басталады. Арыс өзенінің суы 200 мың га жерді суландырады. Өзенде балық, жағалауында түрлі құстар мекендейді. Оңтүстіктің жылы ауа райы, қатпайтын өзен-көлдері сирек те сұлу құстардың қыстан қиналмай өмір сүруіне қолайлы. Ақсу өзені Атынан аңғарғанымыздай жолындағы әк тастарды шайып өтіп, суы ақ түске боялғандықтан осылай аталады. Халық арасында бұл атаудың шығуына байланысты басқа да болжамдар бар. Тіл мамандары Ақсу сөзінің мағынасын былайша түсіндіреді: бірінші – ағын су, екінші – мұздықтардан бастау алған өзен, үшінші – өз арнасымен ағып жатқан өзен. Қалай десек те бүкіл болжамдар Ақсу атауының шығуының дұрыстығын айғақтайды. Ол, шынында да, Ақсуат тауының биік шыңдарынан бастауын алып, өз арнасымен ағады. Талас Алатауының таулы аймағын кесіп өтіп, тереңдігі 300 м, ұзындығы 30 шақырымдық арна жасайды, ал кей жерлерінде жағалау мен арна арасы 850 м-ден бірнеше см-ге дейін жіңішкереді. Адам бір аяғымен оң, екінші аяғымен сол жағалауда тұрып, тау өзенінің қарқынды ағысын көріп тұра алады. Боралдай өзені мен Қаратау өзендері Боралдай, Қошқарата, Шаян, Берқара өзендері Қаратау баурайынан басталып, көркем шатқалдар жасайды. Өзен жағаларында ағаштар мен бұталар, оның ішінде ерекше сұлулығымен көзге түсетін Соғды шетен ағашы өседі. Суында балық, маңында түрлі аңдар мен құстар мекен етеді. Бөген өзені Қаратау баурайының Оңтүстік-батысынан ағып шығып, үлкен Бөген және Бала Бөген өзендерінің қосылуынан пайда болған. Ұзындығы 164 км құрайды. Ол қар суының еруіне байланысты көбейіп, азаяды. Бұрын Құмкөл көліне құйса, қазір Түркістан су арнасының алабына қосылған. Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.

Өзендер мен көлдер құрғақ климатты Оңтүстік аймақтың тіршілік көзі болып есептеледі. Қай кезде де адамдар суға жақын қоныстанды, су тек сусын не тамақ ғана емес, таусылмас қуаттың көзі ретінде өсімдіктер мен егіс даласын суаруға пайдаланды. Жібек жолымен жүріп өткен бай керуендер де су бойымен қозқалды.

Сырдария өзені

Сырдария өзені – Орта Азиядағы аса ірі су жолының күре тамыры. Ертеде Яксарт деп аталып, кейін оны арабтар Сейхун деп атаған. Сырдария өзінің бастауын Теріскей Алатауы жоталарындағы көлдер мен мұздықтардан алып, Арал теңізіне құяды, ұзындығы 2863 км, оның 430 км Оңтүстік Қазақстан жерінен өтеді. Қызылқұммен шектесетін Шардара сахарасын басып өтіп, Оңтүстіктен солтүстік-батысқа қарай ағады. Сырдарияға Арыс, Бөген, Келес, Қырықкелес, т.б. Қаратау баурайларынан бастау алатын майда өзендер құяды.

Сырдария жағасында қалың жыңғыл тоғайы өседі. Қамыс арасында қырғауыл, қабан, шағал, жабайы мысық, ондатра, қаз бен үйректер, қасқалдақтар өмір сүреді. Дария жағасындағы жайылған суаттарда көптеген балықтар – лақа, жылан балық, сазан, көксерке, табан балық бар. Сырдария Оңтүстік Қазақстан облысындағы аңшылық пен балық шаруашылығын өрістетіп, туризмді дамытуда ерекше орын алады.

Су ағынын реттеп, жерді суару мен суландыруда Шардара су қоймасы мен гидроузелінің орны ерекше. Өзен жағасынан шалғай жатқан шөл далаларға магистаральды каналдар тартылып, судан таршылық көрмеген егіс даласы күріш пен мақтадан, жүгері мен түрлі бақша дақылдарынан мол өнім беруде. Суландырылған далада миллиондаған отар мал ел ырысын арттыруда. Қазақстанда ауыл шаруашылығына көмекке келген дәл Сырдариядай өзен жоқ деуге болады,  оның үстіне Сырдария ондаған миллион квт-сағат электр энергиясын беруге де қуатты.

Арыс өзені

Жабағылытау тауындағы жиырма шақты бұлақ суларынан бастау алған Арыс өзені де Сырдарияға барып құяды. Ұзындығы 378 км, қайраңы көп жылдам ағысты өзен жиі жаңа тармақтарға бөлінеді. Бойында тырбиған ағаштар үйіндісі жиі кездеседі. Өзенді жағалай көптеген елді мекендер мен бақтар бар. Қараспан ауылында өзен бойына бөгет тұрғызылған, осы жерден Бөген су қоймасына баратын канал басталады. Арыс өзенінің суы 200 мың га жерді суландырады. Өзенде балық, жағалауында түрлі құстар мекендейді. Оңтүстіктің жылы ауа райы, қатпайтын өзен-көлдері сирек те сұлу құстардың қыстан қиналмай өмір сүруіне қолайлы.

Ақсу өзені

Атынан аңғарғанымыздай жолындағы әк тастарды шайып өтіп, суы ақ түске боялғандықтан осылай аталады. Халық арасында бұл атаудың шығуына байланысты басқа да болжамдар бар. Тіл мамандары Ақсу сөзінің мағынасын былайша түсіндіреді: бірінші – ағын су, екінші – мұздықтардан бастау алған өзен, үшінші – өз арнасымен ағып жатқан өзен. Қалай десек те бүкіл болжамдар Ақсу атауының шығуының дұрыстығын айғақтайды. Ол, шынында да, Ақсуат тауының биік шыңдарынан бастауын алып, өз арнасымен ағады. Талас Алатауының таулы аймағын кесіп өтіп, тереңдігі 300 м, ұзындығы 30 шақырымдық арна жасайды, ал кей жерлерінде жағалау мен арна арасы 850 м-ден бірнеше см-ге дейін жіңішкереді. Адам бір аяғымен оң, екінші аяғымен сол жағалауда тұрып, тау өзенінің қарқынды ағысын көріп тұра алады.

Боралдай өзені мен Қаратау өзендері

Боралдай, Қошқарата, Шаян, Берқара өзендері Қаратау баурайынан басталып, көркем шатқалдар жасайды. Өзен жағаларында ағаштар мен бұталар, оның ішінде ерекше сұлулығымен көзге түсетін Соғды шетен ағашы өседі. Суында балық, маңында түрлі аңдар мен құстар мекен етеді.

Бөген өзені

Қаратау баурайының Оңтүстік-батысынан ағып шығып, үлкен Бөген және Бала Бөген өзендерінің қосылуынан пайда болған. Ұзындығы 164 км құрайды. Ол қар суының еруіне байланысты көбейіп, азаяды. Бұрын Құмкөл көліне құйса, қазір Түркістан су арнасының алабына қосылған.

Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.

Ұқсас материалдар