Қандастар Ассамблея

Алаш рухын асқақтатқандар

13.12.2012 1987
Қазақстан спортшыларының өзгелерден кем түспейтінін биылғы Лондон Олимпиадасы тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің жеңімпаздарын дүйім жұрт әлі күнге аузынан тастамай айтып жүр. Дүбірлі додаларда Қазақстан атынан сынға түспесе де, шетелде жүріп-ақ Атажұртының атын аспандатып жүрген оғыландарымыз да жетерлік. «Нұр Астана» оқырмандарының назарына жыл басында «Алаш рухын асқақтатқандар» деген мақала ұсынған болатынбыз. Сонда басқа елдің туы астында өнер көрсетіп жүрген қандастарымыз туралы сөз еткенбіз. Жыл соңында аталған мәселеге тағы бір рет оралып отырған жайымыз бар. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламның атажұртқа оралғанын жазған болатынбыз. Қалың қытайдың арасынан суырылып шықса да, Қанат ұлттық намысты жоғары қойды. Өкінішке қарай, «Елімнің атынан сынға түссем» деген арманы сағымға айналып, қол созым жерде тұрған Лондон Олимпиадасына да бара алмады. Оған қазақстандық спорт функционерлері бар қайратын салған жоқ. Бірақ, кедергілер Қанаттың жігерін жасыта алмады. Ол ақыры кәсіпқой боксқа ауысып, АҚШ-қа жол тартты. Мақсаты – шетте жүрсе де, қазақтың атын әлемге таныту. Америкада өткізген жеті жекпе-жегінің жетеуінде де жеңіске жетті. Алты кездесуді нокаутпен аяқтады (!!!). Қанат Ислам туралы соңғы ақпаратты іздеп отырып, ағылшын тіліндегіwww.boxingscene.com сайтының форумына тап болдық. Әлгі сайтта америкалықтар Қанаттың бокс мәнерін мейлінше талқылаған екен, соған куә болдық. Бәрі оның жетістігін тамсана айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін әлгі сайтты пайдаланушылардың бірнеше пікірін келтіре кетсек: dan_cov: «Ол өте керемет жұдырықтасады. Соққылары дәл әрі нық тиеді. Меніңше, тепе-теңдікті сақтау үшін ол әуелі қарсыласына мүмкіндік беретін тәрізді. Содан кейін барып ақылға сыймайтын соққылармен қарсыласын «өлтіріп» тастайды. Өте қызық!» Hougigo: «Шаршы алаңда қатыгез әрі жыртқыш болып көрінеді екен. Бастапқы жекпе-жектерін нокаут-пен аяқтау… Мен оның кездесулерін үзбей көретін боламын». ELHURACAN58: «Оны «бомбалаушы» деп атауымыз керек. Себебі Қанат Исламның стилі қопарылыс жасаған тәрізді». Иә, «қадіріңді жақының білмесе, жат білер» деген осы. Осындайда Қанат Ислам Қазақстанда жүріп-ақ елінің атын шығаратын еді ғой деп ойлайсың. Қолда бар алтынның қадіріне жете алмағанымыз өкінішті-ақ! Жұмабек Тұрсынұлы Жұмабек Тұрсынұлы – шетелде жүріп Алаш атын әлемге әйгілеген тағы бір саңлақ. (Естеріңізде болса, газетіміздің №48 нөмірінде Жұмабекпен болған сұхбатты жариялаған едік). Биыл Жұмабек ережесіз жекпе-жектен Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, Legend FC турнирін жеңіп алды. Бір жарым миллиард қытайдың арасынан әлі күнге дейін «Айбарлы жолбарысты» жеңетін спортшы табылмаған екен. Қытай журналистері Жұмабектің жекпе-жегін майын тамыза әңгімелейді. Кейбірі оны көкжал қасқырға теңепті. YouTube-қа жүктелген жекпе-жектерге назар аударсаңыз, қытайлық журналистердің айтқанына көзіңіз еркін жетеді. Жеңіске жеткеннен кейін «Қара жорға» билеуіне қалай ырза болмассың! Бүгінге дейін Жұмабек 30 кездесу өткізіп үлгерді. Жұмабек Тұрсынұлының атажұртқа оралғанын, Отанының намысын қорғағанын қалаймыз, әрине. Дегенмен, елім деп келген Қанаттың жағдайын білетін біз, Жұмабек қайда жүрсе де Алаш атын асқақтата берсе екен дейміз… Данияр Жүнісов Хоккейші Данияр Жүнісов Германияның «Гризли Адамс» клубының қақпасын қорғап жүргенін өткен жолы айтып, онымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынған едік. Бойы 190 см Данияр өз клубының негізгі қақпашысына айналып үлгерді. Германия хоккей лигасындағы ең аз шайба жіберген қақпашының бірі әрі бірегейі . Ол биылғы маусымда 818:45 минут айдында өнер көрсетіпті. Қақпасына 42 шайба жіберіп, 379 мәрте қақпасын голдан сақтап қалған. Осының өзі Даниярдың мықтылығын көрсетеді емес пе! Мұрат Өналдың “Волендам” клубындағы алғашқы ойыны Мұрат Өнал футболдағы карьерасын Голландия-ның «Веспуччи» клубынан бастады. Әуелі сол клубтың академиясында тәлім алды. Кейіннен «Амстердам», «Брюгге», «Ден Хааг», «Волендам» клубтары жейдесінде өнер көрсетті. Мұрат голландиялық «Волендам» клубының жоғары табыстарға жетуіне көмектесті. «Қызғалдақты елде» футболдың қалай дамығаны баршаға мәлім. Бірінші лигада ойнайтын клубтар тұрмақ, екінші лиганың өзінде доп тебу футболшыға оңай емес. Биылғы маусымда Мұрат «AC Kajaani» клубына ауысқан еді. «AC Kajaani» клубының Финляндияның 3-лигасынан 2-лигасына өтуіне Мұраттың сіңірген еңбегі ерекше. Ол 12 ойында 7 гол соғып, 15 рет әріптесіне гол соғуға мүмкіндік жасады. Оң жақтан бірінші – Софиан Фегули, екінші – Селжұқ Биіклі Футболда қазақ атын аспандатып жүргендердің қатарына Париждегі «Париж-Қазақспорт»футбол клубын қосуға болады. Былтырғы маусымның қорытындысы бойынша париждік қазақтар келесі лигаға өтті. Қазіргі таңда «Париж-Қазақспорт» өз лигасында бірінші орында келе жатыр. Ең қызығы, клуб капитаны Селжұқ Биіклі «Валенсия» клубының ойыншысыСофиан Фегулимен бір академияда тәлім алған екен. Бала кезден басталған достықтары әлі күнге үзілмепті. Фегули кәсіби спортқа ден қойса, Селжұқтың әртүрлі жағдайға байланысты жоғары клубта ойнауға мүмкіндігі болмапты. Кейіннен «Париж-Қазақспорт» ашылған соң, намысты ту етіп қазақтардың клубында ойнауды жөн санаған. «Фегули – жақын досымның бірі. Екеуміз бала кезімізден бірге өстік. Жақында Фегулиді «Қазақспортқа» кездесуге шақырмақ ниетіміз бар», – дейді Селжұқ бізге берген сұхбатында. Ерболат Төлек (көк киімде) Бокстан Моңғолияның ұлттық құрамасының сапында да қазақ баласы Ерболат Төлек өнер көрсетеді. Биыл Астанада өткен Олимпиадалық іріктеу турнирінен кейін Ерболатты әңгімеге тартқанбыз. Ол басында күреспен айналысыпты. Кейіннен бапкерінің ақылымен боксқа келеді. Ерболат 2008 жылы Моңғолияның жастар арасындағы додасында қола медалін жеңіп алады. Бұл оның бокстағы алғашқы ірі турнирі еді. 2010 жылы студенттер арасында өткен жарыста күміс медальға ие болса, 2011 жылы Моңғолияның екінші боксшысы атанды. Биыл Ерболат бүкілхалықтық XIII Спартакиада мен Моңғолия чемпионатының алтынына ие болды. Жоғарыдағылардан бөлек Қытайда балуан Ерланбек Кәтейұлы да үлкен табыстарға жетіп жүр. Биыл Қазақстан Президенті турниріне Қытай атынан қатысқан Ерланбек 5-ші орынға табан тіреді. Моңғолияда бокспен айналысып жүрген Еркін Жамантай және Ыбырайым Тілеухан сияқты талантты жігіттер бар. Өзбекстандағы қандастарымыздың жеңісі өз алдына. Серік Мейірбеков Гуанжоуда өткен Азия ойындарында ескек есуден алтын медаль жеңіп алды. Бес дүркін Өзбекстан чемпионы деген атағы тағы бар. Гимнасшы Дәулет Нарметов 2011 жылы Беларусьте өткен халықаралық турнирде жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта бұл спортшылар туралы да жан-жақты жазатын боламыз. P.S. Қазақстан басқа елдерден легионерлерді шақырады, оған қомақты қаржы құяды. Әрине, оған қарсы емеспіз. Әйтсе де, жат жұртта жүріп өзінің мықтылығын мойындатқан Алаштың өрендерін Атажұртқа алдырып, көк тудың астында өнер көрсетуге мүмкіндігін жасаса, одан артық қандай мәртебе бар! Қайта Олимпиадада, халықаралық додаларда қазақтың ұрпағы қаз-қатар қасқайып тұрса, еңсемізді биік ұстар едік қой! Билік тұтқасын ұстаған ұлтжанды азаматтарға тағы бір «датымызды» айтқанымыз бұл. http://www.alaman.kz

Қазақстан спортшыларының өзгелерден кем түспейтінін биылғы Лондон Олимпиадасы тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің жеңімпаздарын дүйім жұрт әлі күнге аузынан тастамай айтып жүр. Дүбірлі додаларда Қазақстан атынан сынға түспесе де, шетелде жүріп-ақ Атажұртының атын аспандатып жүрген оғыландарымыз да жетерлік. «Нұр Астана» оқырмандарының назарына жыл басында «Алаш рухын асқақтатқандар» деген мақала ұсынған болатынбыз. Сонда басқа елдің туы астында өнер көрсетіп жүрген қандастарымыз туралы сөз еткенбіз. Жыл соңында аталған мәселеге тағы бір рет оралып отырған жайымыз бар.

Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламның атажұртқа оралғанын жазған болатынбыз. Қалың қытайдың арасынан суырылып шықса да, Қанат ұлттық намысты жоғары қойды. Өкінішке қарай, «Елімнің атынан сынға түссем» деген арманы сағымға айналып, қол созым жерде тұрған Лондон Олимпиадасына да бара алмады. Оған қазақстандық спорт функционерлері бар қайратын салған жоқ. Бірақ, кедергілер Қанаттың жігерін жасыта алмады. Ол ақыры кәсіпқой боксқа ауысып, АҚШ-қа жол тартты. Мақсаты – шетте жүрсе де, қазақтың атын әлемге таныту. Америкада өткізген жеті жекпе-жегінің жетеуінде де жеңіске жетті. Алты кездесуді нокаутпен аяқтады (!!!).

Қанат Ислам туралы соңғы ақпаратты іздеп отырып, ағылшын тіліндегіwww.boxingscene.com сайтының форумына тап болдық. Әлгі сайтта америкалықтар Қанаттың бокс мәнерін мейлінше талқылаған екен, соған куә болдық. Бәрі оның жетістігін тамсана айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін әлгі сайтты пайдаланушылардың бірнеше пікірін келтіре кетсек:

dan_cov: «Ол өте керемет жұдырықтасады. Соққылары дәл әрі нық тиеді. Меніңше, тепе-теңдікті сақтау үшін ол әуелі қарсыласына мүмкіндік беретін тәрізді. Содан кейін барып ақылға сыймайтын соққылармен қарсыласын «өлтіріп» тастайды. Өте қызық!»

Hougigo: «Шаршы алаңда қатыгез әрі жыртқыш болып көрінеді екен. Бастапқы жекпе-жектерін нокаут-пен аяқтау… Мен оның кездесулерін үзбей көретін боламын».

ELHURACAN58: «Оны «бомбалаушы» деп атауымыз керек. Себебі Қанат Исламның стилі қопарылыс жасаған тәрізді».

Иә, «қадіріңді жақының білмесе, жат білер» деген осы. Осындайда Қанат Ислам Қазақстанда жүріп-ақ елінің атын шығаратын еді ғой деп ойлайсың. Қолда бар алтынның қадіріне жете алмағанымыз өкінішті-ақ!


Жұмабек Тұрсынұлы

Жұмабек Тұрсынұлы – шетелде жүріп Алаш атын әлемге әйгілеген тағы бір саңлақ. (Естеріңізде болса, газетіміздің №48 нөмірінде Жұмабекпен болған сұхбатты жариялаған едік). Биыл Жұмабек ережесіз жекпе-жектен Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, Legend FC турнирін жеңіп алды. Бір жарым миллиард қытайдың арасынан әлі күнге дейін «Айбарлы жолбарысты» жеңетін спортшы табылмаған екен. Қытай журналистері Жұмабектің жекпе-жегін майын тамыза әңгімелейді. Кейбірі оны көкжал қасқырға теңепті. YouTube-қа жүктелген жекпе-жектерге назар аударсаңыз, қытайлық журналистердің айтқанына көзіңіз еркін жетеді. Жеңіске жеткеннен кейін «Қара жорға» билеуіне қалай ырза болмассың!

Бүгінге дейін Жұмабек 30 кездесу өткізіп үлгерді. Жұмабек Тұрсынұлының атажұртқа оралғанын, Отанының намысын қорғағанын қалаймыз, әрине. Дегенмен, елім деп келген Қанаттың жағдайын білетін біз, Жұмабек қайда жүрсе де Алаш атын асқақтата берсе екен дейміз…



Данияр Жүнісов

Хоккейші Данияр Жүнісов Германияның «Гризли Адамс» клубының қақпасын қорғап жүргенін өткен жолы айтып, онымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынған едік. Бойы 190 см Данияр өз клубының негізгі қақпашысына айналып үлгерді. Германия хоккей лигасындағы ең аз шайба жіберген қақпашының бірі әрі бірегейі . Ол биылғы маусымда 818:45 минут айдында өнер көрсетіпті. Қақпасына 42 шайба жіберіп, 379 мәрте қақпасын голдан сақтап қалған. Осының өзі Даниярдың мықтылығын көрсетеді емес пе!

Мұрат Өналдың “Волендам” клубындағы алғашқы ойыны

Мұрат Өнал футболдағы карьерасын Голландия-ның «Веспуччи» клубынан бастады. Әуелі сол клубтың академиясында тәлім алды. Кейіннен «Амстердам», «Брюгге», «Ден Хааг», «Волендам» клубтары жейдесінде өнер көрсетті. Мұрат голландиялық «Волендам» клубының жоғары табыстарға жетуіне көмектесті. «Қызғалдақты елде» футболдың қалай дамығаны баршаға мәлім. Бірінші лигада ойнайтын клубтар тұрмақ, екінші лиганың өзінде доп тебу футболшыға оңай емес. Биылғы маусымда Мұрат «AC Kajaani» клубына ауысқан еді. «AC Kajaani» клубының Финляндияның 3-лигасынан 2-лигасына өтуіне Мұраттың сіңірген еңбегі ерекше. Ол 12 ойында 7 гол соғып, 15 рет әріптесіне гол соғуға мүмкіндік жасады.

Оң жақтан бірінші – Софиан Фегули, екінші – Селжұқ Биіклі

Футболда қазақ атын аспандатып жүргендердің қатарына Париждегі «Париж-Қазақспорт»футбол клубын қосуға болады. Былтырғы маусымның қорытындысы бойынша париждік қазақтар келесі лигаға өтті. Қазіргі таңда «Париж-Қазақспорт» өз лигасында бірінші орында келе жатыр. Ең қызығы, клуб капитаны Селжұқ Биіклі «Валенсия» клубының ойыншысыСофиан Фегулимен бір академияда тәлім алған екен. Бала кезден басталған достықтары әлі күнге үзілмепті. Фегули кәсіби спортқа ден қойса, Селжұқтың әртүрлі жағдайға байланысты жоғары клубта ойнауға мүмкіндігі болмапты. Кейіннен «Париж-Қазақспорт» ашылған соң, намысты ту етіп қазақтардың клубында ойнауды жөн санаған. «Фегули – жақын досымның бірі. Екеуміз бала кезімізден бірге өстік. Жақында Фегулиді «Қазақспортқа» кездесуге шақырмақ ниетіміз бар», – дейді Селжұқ бізге берген сұхбатында.

Ерболат Төлек (көк киімде)

Бокстан Моңғолияның ұлттық құрамасының сапында да қазақ баласы Ерболат Төлек өнер көрсетеді. Биыл Астанада өткен Олимпиадалық іріктеу турнирінен кейін Ерболатты әңгімеге тартқанбыз. Ол басында күреспен айналысыпты. Кейіннен бапкерінің ақылымен боксқа келеді. Ерболат 2008 жылы Моңғолияның жастар арасындағы додасында қола медалін жеңіп алады. Бұл оның бокстағы алғашқы ірі турнирі еді. 2010 жылы студенттер арасында өткен жарыста күміс медальға ие болса, 2011 жылы Моңғолияның екінші боксшысы атанды. Биыл Ерболат бүкілхалықтық XIII Спартакиада мен Моңғолия чемпионатының алтынына ие болды.

Жоғарыдағылардан бөлек Қытайда балуан Ерланбек Кәтейұлы да үлкен табыстарға жетіп жүр. Биыл Қазақстан Президенті турниріне Қытай атынан қатысқан Ерланбек 5-ші орынға табан тіреді. Моңғолияда бокспен айналысып жүрген Еркін Жамантай және Ыбырайым Тілеухан сияқты талантты жігіттер бар.

Өзбекстандағы қандастарымыздың жеңісі өз алдына. Серік Мейірбеков Гуанжоуда өткен Азия ойындарында ескек есуден алтын медаль жеңіп алды. Бес дүркін Өзбекстан чемпионы деген атағы тағы бар. Гимнасшы Дәулет Нарметов 2011 жылы Беларусьте өткен халықаралық турнирде жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта бұл спортшылар туралы да жан-жақты жазатын боламыз.

P.S. Қазақстан басқа елдерден легионерлерді шақырады, оған қомақты қаржы құяды. Әрине, оған қарсы емеспіз. Әйтсе де, жат жұртта жүріп өзінің мықтылығын мойындатқан Алаштың өрендерін Атажұртқа алдырып, көк тудың астында өнер көрсетуге мүмкіндігін жасаса, одан артық қандай мәртебе бар! Қайта Олимпиадада, халықаралық додаларда қазақтың ұрпағы қаз-қатар қасқайып тұрса, еңсемізді биік ұстар едік қой! Билік тұтқасын ұстаған ұлтжанды азаматтарға тағы бір «датымызды» айтқанымыз бұл.

http://www.alaman.kz

Ұқсас материалдар