Қандастар Ассамблея

Қазақ совет поэзиясының өркендеу жолдары

10.12.2012 8231
  Қазақ совет поэзиясының өркендеу жолдары   Жолдастар!   Бүгінгі сез қылғалы отырған «қазақ совет поэзиясының өркендеу жолдары» деген тақырып өте үлкен, өрелі, ұшан қиыр, етек-жеңі кең мәселе. Бұл мәселенің өрісі қаншалық кең болса, бір ғана баяндамада ол туралы түгел қамту соншалық қиын.   Сондықтан, Октябрь революциясының шұғыласынан туып өркендеген қазақ совет поэзиясының қанат қағып өрлеп, шарықтап шыңға самғау жолдарының, әсіресе, алғашқы кездеріне көз тастап шолу ретінде ғана тоқтап өтіп, оның бертінірек жасаған соңғы жылдардағы тартқан жерлеріне бет бұрып өтпекшімін. Сондықтан, бұл сияқты үлкен тақырыптағы ірі мәселеге терең үңіліп, түгел талдап бір ғана баяндаманың ішінде толық қамтып баяндауға мүмкін еместігін ескерте отыра, ғапу етуін сұраймын.   * * *   Қазақ совет әдебиеті ұлы Ленин партиясы бастаған көп ұлтты Советтер Одағының совет әдебиетімен бірге қайнап, етенелес, бауырлас өсіп, Октябрь танының күнімен бірге туып, елімізге бақыт нұрын шашқан совет өкіметінің саясында қанат қақты.   Атам заманнан күн қақты болып көні кепкен қақсыз құланды, сусыз бұланды құлазыған ұшы-қиыры жоқ қазақ даласындағы еркіндік көксеп, еңсесі түсіп езілген еңбекші халықты Ленин партиясы бастаған Ұлы Октябрь революциясы ғана тендікке жеткізді.   Ленин партиясының бастауымен Октябрь революциясының жеңу нәтижесінде ұлы орыс халқының революцияшылдық күшімен Ресейде пролетариат диктатурасының орнауының арқасында Советтер Одағындағы бағы ашылған бауырлас еңбекші халықтармен бірге қазақ халқы да теңдікке жетті. Данышпан Лениннің даналық ұлт саясатының сәулетінде қазақ халқы өз алдына ел болып, ірге теуіп, терезесі тең, керегесі берік Қазақтың Советтік Социалистік Автономиялы республикасы деген зор атаққа ие болды. Қазақ халқы өзінің социалистік экономикасын, шаруашылығын, саяси, мәдениет өмірін өркендете өсуі – бүкіл жер жүзінің алдында ауыз толтырып бар дауыспен мақтан етіп айтарлықтай бұрынғы өткен ғасырдың тарихында болып көрмеген ғажайып, керемет іс.   Октябрь революциясынан туған қазақ халқының экономикалық-шаруашылық түрі бұрынғы артта қалған феодалдық қалпынан түбірімен өзгеріп, бүтіндей социалистік қалыпқа айналып, Ленин партиясының данышпандық басқаруының арқасында табыстан табысқа жету жолында. Экономикалық-шаруашылық жағдайдың өзгеруімен бірге қазақ халқының салт-сана, мәдениет өмірінің саласындағы әдебиеті де өзгеріп советтік социалистік дәуірдің жырын жырлай туды. Октябрь революциясы туғанға шейін қазақ әдебиетінің бастаушы басым жанры поэзия болып келді. Біздің әдебиетте проза, драма жанрлары тек қана социалистік Ұлы Октябрь революциясы орнағаннан соң барып туып өркендеді.   Революциядан бұрынғы қазақ халқы патшаның бұғауында, хан мен байдың қанауында, «ұшарын жел, қонарын сай біліп» басында ерік болмағандықтан оның баспасөз орындары да болмады, – сондықтан баспа әдебиеті де болып жарымады. Соның салдарынан халықтың жан дүниесінің құнарынан сарқырап аққан бұлақтай бұрқырап шыққан ауыз әдебиеті шарықтай өсті. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті халықтың ғасырлар бойғы тапқырлық, данышпандық дарыннан туған халық мүддесін көксеген поэзия еді. Қазақтың жазба жүзіндегі совет поэзиясы сол халықтың жүрегінен жарып шыққан ауыз әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішіп, ауыз әдебиетінің халықтың терең тамырынан нәр ала, – Махамбет, Жамбыл сияқты қазақ халқының жалынды патриот ақындарының жырларынан, қазақтың жазба әдебиетінің түңғыш бұлбұлы Абай шығармаларынан үлгі ала өсті.   Патша мен ханға қарсы, би мен байға қарсы тіл тартпасқан қынаптан суырылған қылыштай жарқылдаған қазақ халқының XIX ғасырдағы патриот ақыны Махамбеттің:   Мен кескекті ердің сойымын Кескілеспей басылман, Алдыңа келіп тұрмын деп Ар-намысымды қашырман! Шамдансам сынар асаумын Шамырқансам сынар болатпын Аяғына бас ұрман! Бәйеке сұлтан ақ сүйек Қыларың болса қылып қал Күндердің күні болғанда Бас кесермін жасырман! –   деген халқының ары үшін ашынып, таптық күрестің ыза кернеген намысынан туған өткір, жалынды жырларының құдіретті күштерін талғап алып қазақ поэзиясы оны бойына сіңіре өсті. XX ғасырдың Гомері ақын Жамбылдың: халықтың өткен заманда көрген зарлы өмірін суреттеп келіп халыққа бақыт берген ұлы Ленин мен коммунист партияны жырлаулары, – Октябрьден туып өрлеген қазақтың баспа жүзіндегі поэзиясына өзекті үлгі бола отырды.   Сонымен қатар түрі ұлттық, мазмұны социалистік қазақ совет поэзиясы өлең құрылысының тіл шеберлігі мен нақысты сөз көркемдігін, ой оралымдылығын ұстарту ретінде XIX ғасырдағы қазақтың баспа әдебиетінің классигі, қазақ поэзиясының шебер тілді бұлбұлы Абай ақыннан көп үлгі алды.   Абай ақын ұлы орыс халқының әдебиеттегі алтын ғасыры деп аталатын XIX ғасырдағы орыс халқының сүйікті ұлы ақыны Пушкиннің, Лермонтовтардың ғажайып көркем, сұлу шығармаларынан өзі үйреніп үлгі алуымен қатар, олардың шығармаларын аудара да отырып, қазақ әдебиетін олардың шығармаларының көркемдік үлгілерімен таныстырды.   Қазақ әдебиетінің поэзия жанрының тәртіпке салынған жазба түріндегі сұлу сымбатының айта қалғандай көркем шыңы ақын Абайдың шығармаларынан басталады.   «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы жасаған баяндамасында жолдас Жданов:   «XIX ғасырдағы орыстың бүкіл революцияшыл демократтарының жақсы традицияларын ленинизмнің өз бойына алып сіңіре білгендігі, және біздің совет мәдениетінің, – өткен заманның мәдениет мұраларын сын көзімен қарап өңдеп ала білуінің базасында барып туып, өркендеп гүлденгендігі айқын», – деді.   Бұл ретте, қазақ совет поэзиясы тек қазақтың ғана ауыз әдебиетін, және қазақтың XIX ғасырдағы демократ ақындарының бағалы деген мұраларын сын көзімен қарай, керегін ала білумен ғана қоймай, ең алдымен ұлы орыс халқының классик жазушы, сыншы, ақындарының ғажайып шебер, асқақ көркем халықшыл, өмір шындығының машықтарының шығармаларынан үйренді, Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Салтыков-Щедрин сияқты революцияшыл демократ жазушыларынан үлгі ала білді. Пушкин, Лермонтовтардың патриоттық жалынды жырларынан, олардың шығармадағы асқақ шеберліктерінен өнеге алды. Біздің совет қазақ поэзиясы данышпан жазушы Горький бастаған совет әдебиетіндегі социалистік реализм жолымен өсіп, Горькийдің шындықты суреттеу машықтығынан тәлім алып, Маяковскийдің саяси поэзиясынан үлгі алып, қанаушы таптың жүрегіне жыр қанжарын жарқылдата батыл сілтей, пролетариат тобының совет өкіметінің даңқын ту қылып ұстай көкке көтере шырқады; бүкіл советтер халқына жайнаған бақыт шұғыласын шашқан ұлы көсеміміз Ленин жолдастың биік тұлғасын, терең бейнесін жырлады.   Қазақ совет поэзиясының өрлеу жолдарының алғашқы жылдарынан бастап осы күнге дейін қазақ ақындарының көпшілігі саяси лирикаларды Маяковскийдің өлең құрылысының әдістерінен үйрене, соған еліктей жазды. Мысалы Сәбит Мұқановтың «Жүйткі, қара айғырым», «Көмір коммунизм», «Алатаудың алабы», «Колхозды ауыл осындай» деген өлеңдері, Асқар Тоқмағанбетовтің «Ұлы майданда», «Мақтанам» және «Берлин көшесі» деген өлең, поэмаларында, менің «Күн тіл қатты», тағы басқа өлеңдерімде, Әбділдәнің 1930-1931 жылдарға шейінгі өлеңдерінде, тағы да басқа көп ақындарымыздың жырларында Маяковскийдің өлеңдерінің үлгісімен жазылғандық айқын-ақ көрінеді.   Сүйтіп, Ленин партиясының туы астында Октябрь революциясының таңымен бірге туған біздің поэзиямыз қазақ халқының өткір тілі, жалынды жыры болып келді.   Қазақстанда совет өкіметі орнап, ірге теуіп Ленин бастап дамытқан пролетариат идеологиясының жалынды жыршысы бола отырып, қазақ даласындағы буржуазиялық, феодалдық қоғамның реакцияшылдарымен, пролетариат мәдениетінің дұшпандарымен, хан мен бектің шашпауын көтерушілермен аянбай күрес ашты. Қазақстанда пролетариат мәдениеті де, совет әдебиеті де болмайды деп ұлыған ұсақ буржуазияшыл ұлтшыл алашордашыларымен, халыққа уын шашып дін тамырынан тараған пән исламизммен, қоғам өмірінен тыс өмір шындығынан аулақ сары уайымшыл символист, декаденттермен күресіп, оларға тұрғызбастай төтепкі берік, Ленин партиясы бастаған қазақ совет әдебиеті алғашқы жылдары өзінің ақын, жазушы кадрларының жастығына және санының да аздығына қарамастан тап күресінде шынығып тегеуріндене өсті.   Ал, енді екі ғасырдың өмір әлпетін толығынан көріп өткен қазақ поэзиясындағы саяси поэзияның бас уәкілі жалынды халық ақыны Жамбылдың революциядан бұрынғы жырларына келсек, мұның сол бұрынғы кездегі жырларының өзі Сұлтанмахмұттың да, Сәбит Дөнентаевтың да өлеңдерінен айырықша, ойы айқын, сөзі батыл, жолы ашық, патша өкіметінің қысымына да, хан мен байлардың озбырлығына да ашықтан-ашық қарсы шыққан. 1916 жылдағы приемға жігіт алу жөнінде «Патша әмірі тарылды» деп айтқан жырында:   Би, болысты тәңір атты  Ел қорғауға жарамай, Ағайынды еңіретті Көз жасына қарамай... Енді ойласақ: не қалды, Ата жұрттан кету бар, Жолға тігіп не жанды Тәуекелге беку бар! –   деп, жанды жолға тігіп тәуекелге бел буалық деп елге ұран тастайды. Би мен болысқа лағнет айтады.   1924 жылы «Қазақстан тойына» деп айтқан өлеңінде:   Халықтың енді міне жетілгені, Құрыштың білінбейді кетілгені, Атандық Қазақстан ел боп ,туып, Үй тігіп, ірге қалап бекінгені, Болайық өкіметке, кедей, ұйтқы Секілді темір тіреу көпірдегі Сенімен, туған елім, біте қайнап, Жан емен әңгіменің шетіндегі... –   деп Жәкең, қазақ халқының ерікті ел болғанына қуанып, өкіметке, кедейлер, ұйтқы болайық, мен ел ісінен шет қалмаймын, біте қайнап бірге істескен кісімін, әлде де істесем деген жалынды патриоттық тілегін білдіреді.   Октябрь революциясы орнағанға шейінгі қазақтың жазба әдебиетінде өздерінің шығармаларындағы әр түрлі азды-көпті қайшылық, реакциялық пікірлермен қатар демократтық бағыттағы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты ересек тартып қалған ақындардың біраз жазып үлгірген кезінде, Октябрь революциясының орнаған жылдарынан бастап жас ақын батырақ Сәбит Мұқанов шықты.   Сәбит Мұқанов 1917 жылы 17 жаста еді. Сол 17 жасар Сәбит 1917 жылы өзінің «Көңілім» деп жазған бірінші өлеңінде: нашарлыққа, қамығушылыққа бас имей, өжет болып алға ұмтылуға, айдай жарыққа жетуге талап етіп, жаңа ғана орнаған жас Октябрь революциясымен бірге алға қарай қанат қақты.   Октябрь революциясының жеңу нәтижесінде орнаған совет өкіметі пролетариат табының мүддесін қорғайтын, кедей-жалшыларға еркіндік әперген, халыққа бақыт нұрын шашып, қолын теңдікке жеткізген өкімет екенін әбден түсінген Сәбит, 1920 жылы қазақ халқы өз алдына ерікті ел болып, отау тіккенін көріп, қазақ елінің Советтік Социалистік Автономиялы республика болғандығына бүкіл қазақ халқымен бірге бар жүрегінен қуанады. Сүйтіп, 1920 жылы «Жасайды кедей» деп шығарған өлеңінде:   Таңымыз атты, күніміз шықты, жайландық; Жоғалды – өшті, әділсіздік айуандық; Ендігі күн байдікі емес, біздікі, Біз жүреміз қызыл тумен сайран ғып. Қолға алсам төңкерістің асасын! Жын-шайтандар, тығылып көрге қашарсың! Енді саған азғырылар кедей жоқ, Жасайды кедей, гүлденсін кедей жасасын! –   деп Октябрь революциясын, совет өкіметін қуаттай, қошеметтей, құттықтай, байларды мұқата, оларға азуды сала, өкімет кедейдікі, жасасын кедейлер! – деп, пролетариат табының, совет өкіметінің жырын шын жүрегімен тұңғыш жырлап шыққан ақын Сәбит Мұқанов. Сондықтан да, халық ақындарынан Жамбылды атасақ, нағыз шын мағынасындағы қазақ совет әдебиетінің поэзиясының туып жасалу тарихының басын тұңғыш рет ақын Сәбит Мұқановтан бастаймыз. Қазақ совет поэзиясының бастапқы дәуірде Сәбиттің ізін баса ақын Шолпан Иманбаева, Иса Байзақов, Жақан Сыздықов, Самат Нұржанов, Ғалым Малдыбаевтар шықса, оларға жалғас 1925-1926 жылдарда Асқар Тоқмағамбетов, Қалмақан Әбдіқадыров, 1927 жылдары қазақ совет поэзиясының оралып келе жатқан тасқынына екінші буынды топ болып Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Ғали Орманов, Сапарғали Бегалиндер қосылады. Бұл ақындарымыздың ол кездегі негізгі жазу тақырыптары совет өкіметінің орнауын, кедей, батыраққа теңдік тигенін, қараңғы өмірден жарыққа шығып елдің білім алуға жұмылғанын, әйел теңдігін, жер бөлісі мәселелерін, халықты теңдікке жеткізген ұлы көсеміміз В. И. Ленинді жырлау болды. 1929 жылғы қазақ даласындағы қанаушы таптың алпауыттары ірі байларды конфискелеу ақындарымыз – үлкен шабытты патриоттықпен өлеңдер жазды Сүйтіп, Ленин бастаған партиямыздың, совет өкіметінің бүкіл шаруашылық, саяси өміріне біздің ақындар өздерінің шығармаларымен белсене қатысып, өздерінің жырларымен халыққа саяси үгітші болып отырды.   1930 жылдарға шейін бой жетіп, бұғанасы қатып өсіп қалған қазақ совет поэзиясының отрядына еліміз жаппай колхоздасу дәуіріне келгенде, 1930-1931 жылдардан бастап Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Жұмағали Саин, Мэриям Хакімжанова сияқты талантты жас ақындарымыз бір дүрмек болып қосылса, оларға үзеңгілес 1933-1934 жылдары Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Абдолла Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин сияқты дарынды сөзді, жалынды жырлы жас ақындарымыз келіп өздерінің үндерін қосты. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің поэзия жанрының отряды дүрілдеп өсті. 1935 жылдан бастап оза шауып жүлде алған, ақын Жамбыл бастаған қазақтың халық ақындарының құнарлы жырлары баспасөз бетінен орын алып, дауысқа дауыс қосты. Олардың алдында совет дәуірінің қырандай самсаған бұлбұл ақыны Жамбылдың үні шарықтап үздік шырқалып отырды.   Өзінің өсу жолдарындағы бұл екінші дәуірінде қазақ әдебиеті колхоздың күшеюін, өндіріс күшінің өркендеуін, бесжылдықтардың жеңісін, Советтік Конституцияның, еліміздегі социализмнің жетістіктерін жырлап отырды. Бұл дәуірде поэзиямыз тақырыпты меңгеру жағынан да, мазмұн, идея жағынан да, мәдениеттілік жағынан да недәуір ескендігін көрсетті.   1941 жылдан 1945 жылға шейінгі Ұлы Отан соғысының басталуынан оның жеңіспен аяқталғанына шейінгі кез қазақ поэзиясының үшінші дәуірі болмақ. Бұл жылдарда қазақ ақындары Ұлы Отан соғысының айбынды патриот тілшісі болып, жауға қарсы өлеңдерден оқ жаудырды, халықты қайратқа, қажырлыққа ұрандады. Майдандағы ерлеріміздің ерлігін көрсете жазды. Майданға көмек берген елдегі еңбек күшін көрсетті. Бұл кезде ақындарымыз жырлап қана қойған жоқ, көп ақындарымыз қолына қалам орнына қару алып, жауға қарсы аттанды. Ұлы Отанымызды қорғасуға шеру тартып соғысқа қатысты. Мысалы: Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Абдолла Жұмағалиев, Қалмақан Әбдіқадыров, жас ақын Жұбан Молдағалиев тағы, тағы басқалары қолына қару алын Ұлы Отан соғысына қатысты. Олар Отан соғысына қатысып жүріп те өздерінің жалынды жырларын, дарынды өлеңдерін жаза жүрді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, жауды жеңіп, неміс фашизмін құртып жауларға тізе бүктірді. Отанымыз бейбітшілік өмірге құлаш ұрды. Төртінші жаңа бесжылдық дәуірінің еңбек дабылын қаққан жылдардың ішінде совет поэзиясы тағы да өрлеп, бұрынғыдан да биік асқардай самғады. Алайда, совет қазақ поэзиясының өсу жолындағы жоғарыда аталған қай дәуіріне көз салсақ та, оның адам айтқысыз үлкен жетістіктерімен қатар белгілі-белгілі кезеңдеріндегі жазылған кейбір шығармалардың ішінде елеулі кемшіліктер де жоқ емес.   Қазақ ақындары совет өкіметінің алғашқы орнаған жылдарында азамат соғысының тақырыбында, елдің теңдікке қолы жеткені жөнінде жырлай келе, 1924 жылы ұлы Лениннің қайтыс болуы туралы Сәбит Мұқанов, Шолпан Иманбаева, Иса Байзақов, Сапарғали Бегалин, Ғалым Малдыбаев, Жақан Сыздықов, Қалмақан Әбдіқадыров тағы да басқа ақындарымыз жүрек тербеткендей толқынды, жан жүйесінен шыққан талай жалынды өлеңдерін жазып, ұлы Лениннің өшпес бейнесін жырлады. Халқымызды қажымас қайратқа шақырды. Совет өкіметінің он жылға толған мерекесіне арнап 26 жылы шығарған «Ақындар шашуы» деген жинақта, 1928 жылдан бастап шыға бастаған «Жыл құсы» деген журнал бетінде ақын-жазушыларымыздың саны әлдеқайда өсе бастады.   1926 жылы ауылға орнаған сүт заводы туралы Сәбит Мұқанов өзінің «Сүт заводы» деген өлеңінде:   Сүт зауыты шаруаның бұлдысы, Қысы-жазы бәсін жоймас құндысы, Талай зауыт әлі дағы орнамақ Бұл сүт зауыт ауылдағы жыл құсы, –   деп сүт заводын жазса, 1927 жылы «Егістік» деген өлеңін де, кедейлердің еңбекке еркін қолы жетіп, егіске молайғанын жырлап:   Тұқымды кім бергені, Қалайша күн көргені Әзіне айқын Шоқпыттың, Бүкіл қазақ халқына, Берген оны партия, Өшкен аты жоқтықтың, –   деп теңдікті беріп, кемдікті жойып, кедейлердің халықтың көзін партия ғана ашты деп жырлайды. Ол кездегі ауылда ашылған мектепті, ұйысқан артель серігін, кооперативті де ақындарымыз жырына қосты. Мысалы 1927 жылы жазған өзінің «Көктем» деген өлеңінде Асқар Тоқмағамбетов:   Айта алам, ауыл сергек, сезімім мол, Ізденіп не тілесе табады жол, Мектеп пен дәріхана, қызыл отау Әне тұр, ту тігілген ауылымыз сол, –   деп жырлайды ол кездегі советтенген қазақ ауылын. Асқар ақын, «Комсомолка Дуня» деген орыс өлеңінің үлгісімен 1928 жылы жазған «Сәуле» деген өлеңінде, қазақ әйелдерінің қазақ қыздарының күңдіктен құтылып, теңдікке жеткендігін, қазақ қызының комсомолка болғанын жырлайды.   Бес байталға Сәуле барған, Шал мал беріп Сәулені алған! –   деп қазақ қыздарының бұрынғы бейнесін жаза келіп:   Комсомолка Сәуле болған, Жалшы әйелге Сәуле қорған! –   деп Сәуленің комсомол. болғанын жырлайды. Совет өкіметінің әйелдерді ермен бірдей праволы қылып, олардың бақытқа жеткендігін жырлады. Халыққа өмір шындығын жазған, ұғымды келіп, жүрекке жылы тиетін шығарма ұнайды. Сондықтан да ондай шығарма ел аузында болады. Шығарманың күші шындықты дұрыс суреттеумен болады. Асқардың осы «Сәуле» деген өлеңі көп уақытқа дейін ел аузында, әсіресе жастардың аузында жатқа айтылып жүрді. Асқар, 1927 жылдарда жазған «Оқушы» деген өлеңінде оқушыны, «Өнерші» деген өлеңінде кілемшіні, «Алдаушы» деген өлеңінде молданың алдауыш екенін әшкерелей жазып жүрді.   Қалмақан Әбдіқадыров 1927 жылы жазған «Көктем» деген өлеңінде кедейлердің көктемдегі еңбегін, оның жер жыртқанын, ел қуанышын, жәйлі, өмірлі жадыраған халықты көрсетеді. Тағы да сол жылы жазылған «Бәйбіше мен бай» деген өлеңінде өмірі өшіп, күні құрып бара жатқан байдың кейпін суреттеп жырлайды. 1930 жылы жазған «Екпін» деген өлеңінде Қалмақан қазақ даласындағы еңбекшілердің еңбегінің қуанышты, күшті екпінін:   Бұлшық ет, бұжыр білек білеуленіп, Бұлқынсын жүйрік аттай қойған керіп, Шырқырап шыр айналсын шығыршықтар Ұршықтай шүйке созған жүн түтіліп... –   деп суреттеп еңбекшілерге жігер бере жазады. Қалмақанның бұл өледі мазмұн, идея жағынан да, көркемдік жағынан да жақсы жазылған өлеңнің бірі.   Әбділда Тәжібаев 1928 жылы жазған «Сорлайды екенбіз» деген өлеңінде бай мен молданы сөйлестіріп, сырластырып, олардың өмірінің өшіп, сорлап бара жатқанын суреттеп жазады. Әбділда, тағы да сол жылы «Айдалған бай» деген өлеңінде, бұрынғы болыс, байды, биді, бекті конфискелегенді жазады. Ол кездерде, яғни, ақындардың 26-27 жылдардағы жазған шығармаларының бірқатары көркемдік, поэзиялық, тіл шеберлік жағынан әлсіз, нашар жазылған. Әбділданың осы өлеңі де өлеңдік, көркемдік жағынан нашар шыққан өлеңнің бірі. Мысалы:   Сар дала Жайнасын, Ер еңбек Қайнасын, Коллектив Сайлансын! Айуандар Айдалсын! –   деп, әрбір сөзден бір жол жасап қойған дөкірлеу сөз тізімі болып қана шыққан. 1920 жылдан бастап ақындарымыздың 1930 жылға дейін жазған өлеңдерінің бәрі де бір бағытта, жоғарыда айтып кеткеніміздей бірыңғай тақырыптарға жазылды. Мысалы: совет өкіметінің орнауы туралы, елдегі артельдің ұйымдасуы, мектеп ашылуы, әйел теңдігі, жер бөлігі, ірі байларды конфискелеу сияқты елде болып жатқан игілікті істерге арналып жазылып келді.   Жақан, Ғалым, Сапарғали тағы басқаларымыз да – бұл кездердің ішінде елімізде болып жатқан күнделікті оқиғалар тақырыбынан үнемі қол суытпай жазып келдік.   Қазақстанда Түркісиб темір жол салынуы бұл кездегі поэзиямызға үлкен шабыт туғызды. 1930 жылы жазған Ғалидің «Шеңбер» дейтін поэмасы, Әбділданың «Айна бұлағы» ақындық дарынмен әдемі жазылған шығармалар. Сәбиттің «Жүйткі, қара айғырым», Асқардың «Құрылысы» тағы басқа ақындарымыздың да Түркісиб туралы жазған өлең, поэмалары поэзиямызды екпіндетіп бір көтеріп тастады. Өндіріс тақырыбы идеямызға күш кіргізді.   Сүйтіп, совет қазақ поэзиясының бұл бірінші дәуірі деп мөлшерлеген уақытымыздың ішінде қазақ ақындары партия мен үкіметіміздің жалынды жыршысы болып, Ленин партиясының совет өкіметінің саясатының негізін өздерінің сұлу сөз, көркем жырларымен қалың еңбекшілерге жеткізіп отырумен бірге, халықтың күнделікті, шаруашылық, саяси өміріне үн қосып буыны бекіп, бұғанасы қатып поэзиямыз өзінің негізгі іргесін қалады.   Бұл кездегі поэзиямыздағы кемшіліктер: ақындарымыздың бәрі дерліктей шетінен құлаш-құлаш етіп өлең жолын көбейтіп өлеңнің сан жағын, көлемін арттырам деп, оның поэзияға тән көркемдік сапасына назарын салмады. Сондықтан, бұл кездегі жазылған өлеңдердің көбінің әдемілік, нақыстылық жағы нашарлап, тілі түрпіленіп кедір-бұдыры көбірек болып шықты. Ол, бір болса, екіншіден, өлеңді тұжырымды етіп қысқа жазу тәртібіне көше алмай, ұзақ жолды өлеңдердің көпірген суы көбірек болып, ой тастағандай, ойға құрылған мінсіз сұлу көркем шығармалары жасалып жетпеді. Бұл кемшіліктерді Сәбиттің, Асқардың, Жақанның, менің, Қалмақанның, Әбділданың – әсіресе Ғалым Малдыбаевтардың 1930 жылға шейінгі жазылған өлеңдерінің көпшілігінен-ақ табуға болады.   Мысалы: Асқардың 1928 жылы жазған «Наурыз күні» деген өлеңінде:   «Өкімет, не тілесең ал деп отыр, Уайым аш, бірік барың сал деп отыр, Су артель, шаруа артель, серік артель Жер өндіру артелі бар деп отыр».   Бұл өлеңнің саяси бағыты дұрыс-ақ. Ал енді өлеңдік жағынан: тіпті олақ, дөкір жазылған. Осы төрт жол өлеңнің ішінде «артель» деген сөздің өзі төрт рет, «отыр» деген сөздің өзі үш рет қайталанып, басқасы «ал», «сал» деген сөздермен бітеді. Немесе, Әбділданың «Айдалған бай» деген өлеңінде:   Қайғылы Болар кім? Қасіретті Мұнша тым? Кейбірі Жатыр жым... Кейінде Әлсіз үн... –   дейді. Барлығы сегіз-ақ сөз. Соны сегіз жол етіп жазуы былай тұрсын, мұнда қандай көркемдік бар? «Кейбірі жатыр жым» дегенде не түсінуге болады? «Жым» деп қоянның жымын да айтады. Бұл автордың – жым-жырт жатыр дейін дегені. Ал, енді көркемдік жағынан тіпті өлеңдік қасиеті жоқ деуге болады.   Немесе, Сәбиттің «Егістікке даярлық» деп 1930 жылдарда жазылған бір өлеңінде:   Тыт-тыт Тыт-тыт Тыт-тыт деп, Тырылдаса траер, Түйір алтын тұқымдар Төгіледі кенепке Шіріген, сөнген, Бас тартқан Қарамық, сулы басқа аттан Араласпай бидайға Төгіледі бөлекке...   дейді. Ал, мұнан не түсінуге болады? «Тырылдаса траер» деген не деген сөзі? «Төгіледі бөлеккесі» несі? Міне, бұл өлеңде де өлеңдік қасиет көрінбей тұр. Өте салақ жазылған.   Немесе, Сыздықов Жақанның «Қан тәңірі» деген өлеңінде:   Хан тәңірі мұз бұрқанып, мұз оранып Мұз түлеп, мұз бөленіп, мұз оралып, Жамылып ертеңді-кеш мұз көрпесін, Мұз қарпып, мұз түкіріп, мұз шыланып... –   деп жазылған жерлер бар. Төрт-ақ жол өлеңнің ішінде «мұз» деген сөз он шақты рет қайталанады. Бұл төрт жол өлеңде 23 сөз бар, оның тоғызы – «мұз» деген сөздің қайталақтауы. Міне, бұл сияқты сөзді ысырап қылушылық – поэзияға, сөзге өте салақ қарағандық. Сөзді бұлай қарастыру – өлеңге үлкен дақ түсіреді. Екіншісі талмен айтқанда – ондай сөздер өлеңді өлеңдік қасиетінен айырады.   Осы сияқты сөзге салақтық менің «Нефтстан» деген поэмамда да жеткілікті. Өлеңдегі бұл сияқты тіл шұбарлығы қай ақындарымыздың болсын, әсіресе, алғашқы кездегі шығармаларынан оңай-ақ табылады. Әрине, бұл поэзиямыздағы үлкен кемшіліктің біріне жатады.   Көркем шығарма, поэзия, тілдің дәлдігін, сұлулығын, көркемдігін тілейді. Ақын, неғұрлым орнына жұмсап, шебер қолдана білсе, соғұрлым поэзияның – өлеңнің мәдениеттілігі өседі.   Алексей Максимович Горький өзінің «Тіл туралы» деген мақаласында: «Тілдің тазалығы үшін, мағынасының дәл болу үшін, өткірлігі үшін күресу – мәдениет құралы үшін күресу» деп өте орынды айтқан. Сондықтан, поэзияның тілінің шұбар болуы үлкен мінінің бірі.   Поэзиямыздың 1920 жыл мен 1930-1931 жылдардың арасындағы өсу жолдарында, ақындарымыздың саны мен сапасының көбейіп, бекуімен қатар, бұл алғашқы он жылдық дәуірінің ішінде тек қана ұсақ-ұсақ қысқа өлеңдер жазып қойған жоқ; сүбелі-сүбелі ұзақ көркем поэма, айта берсек өлеңмен жазылған романдар да жазып туғызды. 1926 жылы Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы, 1927 жылы Сәбит Мұқановтың өлеңмен жазылған романы «Сұлушаш» шықты, мұның екеуі де әдемі, сұлу, шын мағынасындағы поэзия тілімен жазылған шығармалар. Онан соң 1931 жылы Қажым Жұмалиевтің «Қанды асу» дейтін өлеңмен жазылған романы жазылып бітіп, 1934 жылы басылып шықты.   Бұл поэмаларды жұртшылығымыз уақытында оқып танысқан. «Құралай сұлу» поэмасында автор, қазақ елінің революциядан бұрынғы өміріндегі тұрмысын көрсетсе, «Сұлушаш» романында Сәбит өзінің ақындық қуатының қайнап жетіп піскендігін көрсетіп, оның сюжет, оқиға құрылыстарын да, геройларына образ беру жағынан да, тіл шеберлігінен де машықтығын дәлелдейді. «Сұлушаш» романында автор қазақ халқының революциядан бұрынғы қараңғы өміріне лағнет айтып, совет өкіметінің шындық өмірінің сәулетін суреттей, жігіт Алтайдың образы, Сұлушаш арудың бейнесін, кедей Қайсардың келбетін мейлінше шындыққа жанастыра жасаған.   Мінекей, совет қазақ поэзиясы өзінің өсу жолының алғашқы он жылының ішінде қысқа-қысқа саяси лирикалы өлеңнен бастап, жақсы-жақсы поэма, онан әрі азды-көпті өлеңмен жазылған романдар жасап үлгірулері, өзінің бірқатар кемшіліктерімен қатар, үлкен табыстарға да жеткендігіне айғақ бола алады.   * * *   Бесжылдықтың жоспарлардың толығынан жүзеге асып, артығымен орындалып социалистік шаруашылық, экономикамыз, мәдениетіміз гүлденіп өсіп, Қазақстан социалистік, индустриялық, аграрлы одақтың республика болуымен бірге қазақтың совет әдебиеті оның поэзиясы идеялық мазмұн жағынан, өзінің көркемдік жағынан бірқатар жетістіктерге жеткен өскелең бойын көрсетті.   1930 жылдардан бастап қазақтың совет поэзиясы ауылдағы колхоз құрылысының жеңісіне, Қазақстандағы өрлеп ескен өндіріс тақырыбына, мал өсіру тақырыбына, колхозды елдің ауқатты тұрмысқа айналғанын суреттеуге, еліміздегі социалистік жеңістерін жырлауға белсене бет бұрып көтерілген кезі.   Бұл кезде Сәбиттің өндіріс тақырыбына жазылған «Көмір коммунизм», «Шахтер хаты», «Балқаш», «Алатаудың алыбы» деген өлең, поэмалары, Асқардың «Ұлы майдан», «Қазақстан байлығы» деген өлең, жырлар, Әбділданың «Теміржол», «Олқылық», «Кімді кім» деген шығармалары, Жақанның «Қорғасын қорытқанда», «Арыс тарихы», менің «Коммунизм таңында», «Нефтстан», «Бесжылдықтың балғасы», «Өндіріс» деген өлеңдерім, Ғалидің «Шәуілдір» поэмасы тағы да басқа осы сияқты толып жатқан шығармалар жазылды. Бұл өндіріс тақырыбына жазылған шығармалардың кезінде халықты жігерге шақырғандық талай саяси-қоғамдық маңызы болса да, өлеңдік жағынан, көркемдік жағынан көп кемшіліктері бар. Кемшілігі сюжетсіз, құр сөз қуып схематизмге түсіп кеткен.   Сәбиттің «Алатауың алабы» деген 1933 жылы шыққан өлеңдер жинағында «Трактор» деген өлеңінде:   – «Демің: Пон-пон Пон-пон-дап, Тілің: Трат-тат, тән-тыт!-дап, Жез өңеш, болат ұсағың Майды ұрттап Сұлы жеп, сүтке семірген», –   деп суреттейді тракторды. Біріншіден мағынасыз «тыт-тат» деген сөздермен өлеңнің әрін кетірген, екіншіден «сұлы жеп сүтке семірген» деп маймен ғана жүретін тракторға жылқыша сұлы жегізіп, бұзауша сүт ішкізуі, тіпті шындықтан аулақ жатыр.   «Қараса соқа – тіл-тісі Тілімдеп өрім Таспадай Қара мақпал қыртысты Тілінген қыртысы», –   деп соқаның жер қыртысын жыртқанын жақсы суреттеп келеді де, тракторды суреттеген жерінде:   Құландай өмірі құрық көрмеген, Я, айдаһар жыландай Иреңдеп өрге өрлеген», – деп ирелеңдеген жыланға теңеулері, дұрыс теңеу емес, және қате.   Немесе: Команда:   Егістікке жұмылған  Колхозшылар қимылдан Тоқтамаңдар! Жарыс, нан Екпінділік арқылы Қашан егіс біткенше Басылмасын ешкімнің Осы күйден қарқыны Трат-тат Трат-тат Тарасы»   деп тіпті, өлеңді қара сөзден де дөрекі етіп, және қолапайсыз етіп құрастырған.   Асқар ақын өзінің «Қарағанды» деген өлеңінде:   Мысалы көк-тас, көк – жал тас, Жосалы, Қайнар, жал – жартас, Қайрақты, Өспен адыр тас, Соқыр қой, Қоңырат қара бас, Майқайың, Сүңгір, тағы Спас Керіліп жатқан кең Арқаш Көң Арқашқа жаңадан Табылып жатыр көп запас», –   деп, өндіріс өмірінің ішіне кіре алмай, оның еңбектегі адамын суреттеудің орнына жер аттарын списка қылып тізіп, барып тұрған мағынасыз схема етіп сөзді обалсыз-ақ құрай берген. Мұндай шығармалардың не елге, не жас жазушы ақындарымызға көркемдік жағынан үлгі аларлық ешбір қасиеті жоқ, құрғақ социология болып шыққаны өзінен-өзі көрініп тұр. Мұның барлығы үстірт қараушылықтан, өмірді білмеушіліктен барып шыққан нәрсе.   Осы сияқты ірі кемшіліктер, схематизмге түсушіліктер Әбділданың «Олқылық» деген поэмаларында, менің «Коммунизм таңында», «Нефтстан» деген поэмаларымда аяқ алғысыз кеп, тіл сүрінерліктей тұрпайылығы толық. Сол сияқты Ғали Ормановтың «Шәуілдір» деген поэмасы басынан аяғына дейін схемамен жазылған, ал енді сол кездегі Ғалым Малдыбаевтың «Доңғалақ» деген өлеңдер жинағына келсек: құлақ жыртатын қотыр сөзден, мағынасыз қаңғыр еткен құрғақ сөзден батпаққа батқандай белшеден батасыз. Бұл сияқты сәтсіз жазылған шығармаларымен қатар ауызға аларлықтай құнды-құнды талай жақсы өлең, поэмаларымыз да жазылды.   Мысалы: Сәбит Мұқановтың «Колхозды ауыл осындай», «Жемісті ағаш», «Мен кіммін деп мақтанам» деген өлең, поэмалары, Асқардың: «Бақыт кілті», «Бір семья», «Күшті болса көкте кім», «Алтын ошақ» тағы басқа өлең, поэмалары, Әбділданың – «Оркестрі», «Әбіл» деген поэмалары, «Сырдария», «Тараспен әңгіме» деген өлеңдері, Жақанның «Майкөл тамы», «Арыс тарихы», «Биік шыңда» деген поэма, өлеңдері, Исаның «Кавказ», «Ақбөпе», «Алтай» поэмалары; Абай поэзиясының үлгілерімен жазылған Ғалидің «Абысын сыры» деген поэмасы және басқа лирикалы өлеңдері, Қалмақанның «Гранат», «Екпін», «Тәтті қауын», «Батыр» деген шығармалары, «Жорық жыры» деген өлеңдер жинағындағы бірқатар өлеңдері, Әбудің «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақ маралдың жүрегі», Сапарғали Бегалиннің «Таңсық», «Жаз лебі» деген өлеңдері. Бұл шығармалар азды-көпті кемшіліктермен қатар, халқымыз сүйсініп оқитын жақсы, көркем жазылған, мазмұн жағынан да, түр жағынан да бой жазып піскендікті көрсететін еңбектер.   Диқан Әбілевтің «Ленин – өмір», «Жыр толғауым», «Чапаев» деген жақсы жазылған саяси лирикалары, және «Бір дауыспен» деген поэмалары, «Қуатым көркім астанам» деген өлеңдері ауызға аларлықтай көркем, ұстамды шыққан шығармалар. Осы тұстарда ақын лирик Жұмағали Саиннің – «Күләнда» деген ұзақ поэмасы, «Ленин – дана», «Мавзолейде», «Құлағымда бір тәтті үн» деген саяси лирикалы өлеңдері, «Құлыншақ» деген әдемі өлеңдері жан сүйсінерлік шығармалар. Қалижан Бекхожиннің – «Домбыра», «Жиырма сегіз» деген өлең, поэмалары, Қапан Сатыбалдиннің «Көңіл көктем, жүрек жаз», «Мен жырлаймын» деген өлеңдері, Мәриям Хакімжанованың «Азбай күткен жар алтын», «Күміс балдақ» деген өлеңдері жақсы шығармаларымыздың қатарынан орын алатыны.   Поэзиямыздың өсу жолының осы кезеңінде ақын Қасым Аманжолов өзінің жақсы, талантты өлеңдерімен жарқ етіп әдебиет бетінен орын ала бастады. Оның 1938 жылы тұңғыш шыққан өлеңдер жинағының өзінде-ақ әлденеше жақсы қысқа-қысқа саяси лирикаларымен елеулі түрде көзге түсе бастады. Оның «Ленин», «Толғау» деген өлеңдерінде – халық поэзиясының стилінен нәр ала, жазба поэзияның мәдениеттілік мәнерімен нақысты етіп жазатындығын көреміз. Осы жинағында өндірісті суреттеп жазатын бір өлеңінде:   «Мыс қазаны заманның Сақылдады қайнады» –   деп жырлаулары, сол күннің өзінде-ақ есетін ақын екеніне оқушыларымызды үміттендіріп-ақ тастаған. Әрине, бұл алғашқы шыққан оның «Өмір сыры» деген жинағында жаман, нашар өлеңдері де бар, бірақ Қасым ол жинағынан соң соғысқа шейінгі жазған өлеңдерінің өзінде біраз өсіп қалған ақын еді.   Әсіресе, 1935 жылдардан бастап ақындарымыз бүкіл Советтер Одағында болып жатқан ірі-ірі жетістіктерімізді жырлап жазу тақырыптарын кеңейтіп, биікке құлаш ұра бастады. Челюскин жорығы туралы, стратостат туралы, және жер жүзілік оқиғаға көз тігіп, көңіл күйін білдіріп Испанияда болып жатқан оқиғалар туралы да жазып, фашизмге қарсы өздерінің жалынды жырларын жолдап, отанымыздағы социализм құрылысының жеңісін өлең қылды.   Челюскин жорығы туралы – ұшқыштарымыздың ерлігін суреттеп Сәбиттің «Ақ аю» поэмасы, Асқардың «Уборщица», «Сталиндік маршрут» деген поэмалары, Әбділданың «Құтқару» деген поэмасы, менің «Күн тіл датты», «Мұз тұтқыны» деген поэмаларым, тағы-тағы толып жатқан өлең, поэмалар жазылды. Челюскин жорығы туралы жазылған көп өлең, поэмаларымыз, оның ішінде осы аты аталған шығармалар негізінен алғанда жаман жазылмаған, бұлардың ішіндегі үлгі аларлықтай жақсы жазылғаны Сәбиттің «Ақ аю», тағы басқалар.   1937 жылдары Советтік Конституцияға байланысты ақындарымыз жігерлене, қуана, құлшына жақсы, көркем поэма, өлеңдер жазып, ұлы көсеміміз Лениннің данышпандық бейнесін суреттеп, өмірге право беріп бақытты тұрмысқа жеткізген кемеңгерлерімізді мадақтап, бақыт заңының күндей шашқан шұғыласын халқымызға шебер тіл, көркем жырлармен жырлап берді. Ақын Жамбылдан бастап, басқа ақындарымыз да осы кезде Советтік Конституцияны шарықтай жырлады. Жамбылдың «Ұлы таңы», Сәбиттің «Жемісті ағаш» деген өлеңі, Асқардың «12-декабрь» деген өлеңі, Қажымның «Партия туралы жыр» деген поэмасы тағы да басқа ақындарымыздың конституция туралы жазылған өлеңдері ел аузында жатталып айтылатын жыр болып кетті.   Ақындарымыз бұл кезеңде Жер жүзілік саяси оқиғалар туралы да жазып, фашизмнің зұлымдығын, террорлығын әшкерелей жырлап отырды дедік. Бұл ретте Ғали Ормановтың «Халық батыры» деп Югославия халқының фашизмге қарсы күресін жазған поэмасы, Жақан Сыздықовтың «Ертең-ақ» деп Прагада халық көтерілісінің басшысы палачтардың дарға асып өлтіруі туралы жазған өледі, Берлиндегі аштықты, дағдарысты, фашизмнің жауыздығын көрсетіп жазған, Асқардың «Берлин көшесінде» деген поэмасы, Әбділданың «Екі жиһан» деген поэмасы, тағы басқа поэма, өлеңдер жазылды. Олардың ішінде көрнектірек жазылғаны Асқардың «Берлин көшесіндесі» мен Әбділданың «Екі жиһан» дейтін поэмасы.   Асқардың «Берлин көшесінде» деген поэмасы капитализм шаруашылығының дағдарысын, Германия халқының аштығын, жұмысшылардың аш, жалаңаш қысымда екенін, көшеде нан сұрап телмірген бала мен сорлы ананы суреттеп жазылған, фашизмнің жауыздығын көрсеткен. Саяси маңызы бар жақсы поэманың бірі.   Ал, енді Әбділданың 1937 жылы жазылған «Екі жиһан» деген поэмасына келсек, бұл поэма да фашизмге қарсы жазылған.   Бұл «Екі жиһан» поэмасында автор бір жағынан социализм құрып отырған совет өкіметінің бақытты тұрмысын көрсетуге, екінші жағынан оған қарама-қарсы фашистер билеген елдің тұрмысын, азабын көрсетуге тырысқан. Поэманың тақырыбы жақсы-ақ. Тілі де жаман емес. Поэманың композициялық құрылысы – XIII – XIV ғасырдағы Италия елінің орта ғасырдағы жасаған атақты Данте ақынның «Божественная комедия» атты мифологиялық көз қараспен жазылған поэмасының әдісімен, соның композициялық ізімен жазылған. Данте өзінің осы «Божественная комедия» деген поэзиясында өзінен көп заман бұрын өмір сүріп өткен, өзіне шығармалық ықпалын тигізген Рим ақыны Вергилиймен кездесіп, өмірден безіп жол таба алмай жүргенде – дозақты, тамұқты, қыл көпірді сол Вергилиймен бірге жүріп кезіп, қараңғы орманды, түпсіз мұхитты, лапылдаған отты, жыртқыш аңдарды, көкті, жерді сол Вергилиймен бірге жүріп аралап көретін еді.   Әбділданың «Екі жиһан» атты поэмасында да, Әбділда өзінің үйреніп үлгі алып жүрген XIX ғасырда өткен неміс халқының ақыны Гейнені көрден тірілтеді. Гейне ақын, Алматыға Әбділдаға қонаққа келеді.   Гейне езінің Алматыға Әбділдаға келуін: «туған елге барайын десем, қарулы солдаттар паспорт бермеді» деп дәлелдейді. Автор біздің социализм елінде – Тарастың, Пушкиннің, Гейнелердің, яғни классиктердің мұралары, шығармалары қадірленіп басылып шығып жатқанын, Германияда Гейнелердің шығармаларын фашизм отқа өртеп жатқандығын айтады да, Әбділда мен Гейне Алматының базарына барады, онда не көреді? Онда:   Картоп, сәбіз, сарымсақ, Қауын-қарбыз тағы бар. Арпа, бидай, ет, маймен Лықа толы арбалар... –  

 

Қазақ совет поэзиясының өркендеу жолдары
 
Жолдастар!
 
Бүгінгі сез қылғалы отырған «қазақ совет поэзиясының өркендеу жолдары» деген тақырып өте үлкен, өрелі, ұшан қиыр, етек-жеңі кең мәселе. Бұл мәселенің өрісі қаншалық кең болса, бір ғана баяндамада ол туралы түгел қамту соншалық қиын.
 
Сондықтан, Октябрь революциясының шұғыласынан туып өркендеген қазақ совет поэзиясының қанат қағып өрлеп, шарықтап шыңға самғау жолдарының, әсіресе, алғашқы кездеріне көз тастап шолу ретінде ғана тоқтап өтіп, оның бертінірек жасаған соңғы жылдардағы тартқан жерлеріне бет бұрып өтпекшімін. Сондықтан, бұл сияқты үлкен тақырыптағы ірі мәселеге терең үңіліп, түгел талдап бір ғана баяндаманың ішінде толық қамтып баяндауға мүмкін еместігін ескерте отыра, ғапу етуін сұраймын.
 
* * *
 
Қазақ совет әдебиеті ұлы Ленин партиясы бастаған көп ұлтты Советтер Одағының совет әдебиетімен бірге қайнап, етенелес, бауырлас өсіп, Октябрь танының күнімен бірге туып, елімізге бақыт нұрын шашқан совет өкіметінің саясында қанат қақты.
 
Атам заманнан күн қақты болып көні кепкен қақсыз құланды, сусыз бұланды құлазыған ұшы-қиыры жоқ қазақ даласындағы еркіндік көксеп, еңсесі түсіп езілген еңбекші халықты Ленин партиясы бастаған Ұлы Октябрь революциясы ғана тендікке жеткізді.
 
Ленин партиясының бастауымен Октябрь революциясының жеңу нәтижесінде ұлы орыс халқының революцияшылдық күшімен Ресейде пролетариат диктатурасының орнауының арқасында Советтер Одағындағы бағы ашылған бауырлас еңбекші халықтармен бірге қазақ халқы да теңдікке жетті. Данышпан Лениннің даналық ұлт саясатының сәулетінде қазақ халқы өз алдына ел болып, ірге теуіп, терезесі тең, керегесі берік Қазақтың Советтік Социалистік Автономиялы республикасы деген зор атаққа ие болды. Қазақ халқы өзінің социалистік экономикасын, шаруашылығын, саяси, мәдениет өмірін өркендете өсуі – бүкіл жер жүзінің алдында ауыз толтырып бар дауыспен мақтан етіп айтарлықтай бұрынғы өткен ғасырдың тарихында болып көрмеген ғажайып, керемет іс.
 
Октябрь революциясынан туған қазақ халқының экономикалық-шаруашылық түрі бұрынғы артта қалған феодалдық қалпынан түбірімен өзгеріп, бүтіндей социалистік қалыпқа айналып, Ленин партиясының данышпандық басқаруының арқасында табыстан табысқа жету жолында. Экономикалық-шаруашылық жағдайдың өзгеруімен бірге қазақ халқының салт-сана, мәдениет өмірінің саласындағы әдебиеті де өзгеріп советтік социалистік дәуірдің жырын жырлай туды. Октябрь революциясы туғанға шейін қазақ әдебиетінің бастаушы басым жанры поэзия болып келді. Біздің әдебиетте проза, драма жанрлары тек қана социалистік Ұлы Октябрь революциясы орнағаннан соң барып туып өркендеді.
 
Революциядан бұрынғы қазақ халқы патшаның бұғауында, хан мен байдың қанауында, «ұшарын жел, қонарын сай біліп» басында ерік болмағандықтан оның баспасөз орындары да болмады, – сондықтан баспа әдебиеті де болып жарымады. Соның салдарынан халықтың жан дүниесінің құнарынан сарқырап аққан бұлақтай бұрқырап шыққан ауыз әдебиеті шарықтай өсті. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті халықтың ғасырлар бойғы тапқырлық, данышпандық дарыннан туған халық мүддесін көксеген поэзия еді. Қазақтың жазба жүзіндегі совет поэзиясы сол халықтың жүрегінен жарып шыққан ауыз әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішіп, ауыз әдебиетінің халықтың терең тамырынан нәр ала, – Махамбет, Жамбыл сияқты қазақ халқының жалынды патриот ақындарының жырларынан, қазақтың жазба әдебиетінің түңғыш бұлбұлы Абай шығармаларынан үлгі ала өсті.
 
Патша мен ханға қарсы, би мен байға қарсы тіл тартпасқан қынаптан суырылған қылыштай жарқылдаған қазақ халқының XIX ғасырдағы патриот ақыны Махамбеттің:
 
Мен кескекті ердің сойымын
Кескілеспей басылман,
Алдыңа келіп тұрмын деп
Ар-намысымды қашырман!
Шамдансам сынар асаумын
Шамырқансам сынар болатпын
Аяғына бас ұрман!
Бәйеке сұлтан ақ сүйек
Қыларың болса қылып қал
Күндердің күні болғанда
Бас кесермін жасырман! –
 
деген халқының ары үшін ашынып, таптық күрестің ыза кернеген намысынан туған өткір, жалынды жырларының құдіретті күштерін талғап алып қазақ поэзиясы оны бойына сіңіре өсті. XX ғасырдың Гомері ақын Жамбылдың: халықтың өткен заманда көрген зарлы өмірін суреттеп келіп халыққа бақыт берген ұлы Ленин мен коммунист партияны жырлаулары, – Октябрьден туып өрлеген қазақтың баспа жүзіндегі поэзиясына өзекті үлгі бола отырды.
 
Сонымен қатар түрі ұлттық, мазмұны социалистік қазақ совет поэзиясы өлең құрылысының тіл шеберлігі мен нақысты сөз көркемдігін, ой оралымдылығын ұстарту ретінде XIX ғасырдағы қазақтың баспа әдебиетінің классигі, қазақ поэзиясының шебер тілді бұлбұлы Абай ақыннан көп үлгі алды.
 
Абай ақын ұлы орыс халқының әдебиеттегі алтын ғасыры деп аталатын XIX ғасырдағы орыс халқының сүйікті ұлы ақыны Пушкиннің, Лермонтовтардың ғажайып көркем, сұлу шығармаларынан өзі үйреніп үлгі алуымен қатар, олардың шығармаларын аудара да отырып, қазақ әдебиетін олардың шығармаларының көркемдік үлгілерімен таныстырды.
 
Қазақ әдебиетінің поэзия жанрының тәртіпке салынған жазба түріндегі сұлу сымбатының айта қалғандай көркем шыңы ақын Абайдың шығармаларынан басталады.
 
«Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы жасаған баяндамасында жолдас Жданов:
 
«XIX ғасырдағы орыстың бүкіл революцияшыл демократтарының жақсы традицияларын ленинизмнің өз бойына алып сіңіре білгендігі, және біздің совет мәдениетінің, – өткен заманның мәдениет мұраларын сын көзімен қарап өңдеп ала білуінің базасында барып туып, өркендеп гүлденгендігі айқын», – деді.
 
Бұл ретте, қазақ совет поэзиясы тек қазақтың ғана ауыз әдебиетін, және қазақтың XIX ғасырдағы демократ ақындарының бағалы деген мұраларын сын көзімен қарай, керегін ала білумен ғана қоймай, ең алдымен ұлы орыс халқының классик жазушы, сыншы, ақындарының ғажайып шебер, асқақ көркем халықшыл, өмір шындығының машықтарының шығармаларынан үйренді, Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Салтыков-Щедрин сияқты революцияшыл демократ жазушыларынан үлгі ала білді. Пушкин, Лермонтовтардың патриоттық жалынды жырларынан, олардың шығармадағы асқақ шеберліктерінен өнеге алды. Біздің совет қазақ поэзиясы данышпан жазушы Горький бастаған совет әдебиетіндегі социалистік реализм жолымен өсіп, Горькийдің шындықты суреттеу машықтығынан тәлім алып, Маяковскийдің саяси поэзиясынан үлгі алып, қанаушы таптың жүрегіне жыр қанжарын жарқылдата батыл сілтей, пролетариат тобының совет өкіметінің даңқын ту қылып ұстай көкке көтере шырқады; бүкіл советтер халқына жайнаған бақыт шұғыласын шашқан ұлы көсеміміз Ленин жолдастың биік тұлғасын, терең бейнесін жырлады.
 
Қазақ совет поэзиясының өрлеу жолдарының алғашқы жылдарынан бастап осы күнге дейін қазақ ақындарының көпшілігі саяси лирикаларды Маяковскийдің өлең құрылысының әдістерінен үйрене, соған еліктей жазды. Мысалы Сәбит Мұқановтың «Жүйткі, қара айғырым», «Көмір коммунизм», «Алатаудың алабы», «Колхозды ауыл осындай» деген өлеңдері, Асқар Тоқмағанбетовтің «Ұлы майданда», «Мақтанам» және «Берлин көшесі» деген өлең, поэмаларында, менің «Күн тіл қатты», тағы басқа өлеңдерімде, Әбділдәнің 1930-1931 жылдарға шейінгі өлеңдерінде, тағы да басқа көп ақындарымыздың жырларында Маяковскийдің өлеңдерінің үлгісімен жазылғандық айқын-ақ көрінеді.
 
Сүйтіп, Ленин партиясының туы астында Октябрь революциясының таңымен бірге туған біздің поэзиямыз қазақ халқының өткір тілі, жалынды жыры болып келді.
 
Қазақстанда совет өкіметі орнап, ірге теуіп Ленин бастап дамытқан пролетариат идеологиясының жалынды жыршысы бола отырып, қазақ даласындағы буржуазиялық, феодалдық қоғамның реакцияшылдарымен, пролетариат мәдениетінің дұшпандарымен, хан мен бектің шашпауын көтерушілермен аянбай күрес ашты. Қазақстанда пролетариат мәдениеті де, совет әдебиеті де болмайды деп ұлыған ұсақ буржуазияшыл ұлтшыл алашордашыларымен, халыққа уын шашып дін тамырынан тараған пән исламизммен, қоғам өмірінен тыс өмір шындығынан аулақ сары уайымшыл символист, декаденттермен күресіп, оларға тұрғызбастай төтепкі берік, Ленин партиясы бастаған қазақ совет әдебиеті алғашқы жылдары өзінің ақын, жазушы кадрларының жастығына және санының да аздығына қарамастан тап күресінде шынығып тегеуріндене өсті.
 
Ал, енді екі ғасырдың өмір әлпетін толығынан көріп өткен қазақ поэзиясындағы саяси поэзияның бас уәкілі жалынды халық ақыны Жамбылдың революциядан бұрынғы жырларына келсек, мұның сол бұрынғы кездегі жырларының өзі Сұлтанмахмұттың да, Сәбит Дөнентаевтың да өлеңдерінен айырықша, ойы айқын, сөзі батыл, жолы ашық, патша өкіметінің қысымына да, хан мен байлардың озбырлығына да ашықтан-ашық қарсы шыққан. 1916 жылдағы приемға жігіт алу жөнінде «Патша әмірі тарылды» деп айтқан жырында:
 
Би, болысты тәңір атты 
Ел қорғауға жарамай,
Ағайынды еңіретті
Көз жасына қарамай...
Енді ойласақ: не қалды,
Ата жұрттан кету бар,
Жолға тігіп не жанды
Тәуекелге беку бар! –
 
деп, жанды жолға тігіп тәуекелге бел буалық деп елге ұран тастайды. Би мен болысқа лағнет айтады.
 
1924 жылы «Қазақстан тойына» деп айтқан өлеңінде:
 
Халықтың енді міне жетілгені,
Құрыштың білінбейді кетілгені,
Атандық Қазақстан ел боп ,туып,
Үй тігіп, ірге қалап бекінгені,
Болайық өкіметке, кедей, ұйтқы
Секілді темір тіреу көпірдегі
Сенімен, туған елім, біте қайнап,
Жан емен әңгіменің шетіндегі... –
 
деп Жәкең, қазақ халқының ерікті ел болғанына қуанып, өкіметке, кедейлер, ұйтқы болайық, мен ел ісінен шет қалмаймын, біте қайнап бірге істескен кісімін, әлде де істесем деген жалынды патриоттық тілегін білдіреді.
 
Октябрь революциясы орнағанға шейінгі қазақтың жазба әдебиетінде өздерінің шығармаларындағы әр түрлі азды-көпті қайшылық, реакциялық пікірлермен қатар демократтық бағыттағы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты ересек тартып қалған ақындардың біраз жазып үлгірген кезінде, Октябрь революциясының орнаған жылдарынан бастап жас ақын батырақ Сәбит Мұқанов шықты.
 
Сәбит Мұқанов 1917 жылы 17 жаста еді. Сол 17 жасар Сәбит 1917 жылы өзінің «Көңілім» деп жазған бірінші өлеңінде: нашарлыққа, қамығушылыққа бас имей, өжет болып алға ұмтылуға, айдай жарыққа жетуге талап етіп, жаңа ғана орнаған жас Октябрь революциясымен бірге алға қарай қанат қақты.
 
Октябрь революциясының жеңу нәтижесінде орнаған совет өкіметі пролетариат табының мүддесін қорғайтын, кедей-жалшыларға еркіндік әперген, халыққа бақыт нұрын шашып, қолын теңдікке жеткізген өкімет екенін әбден түсінген Сәбит, 1920 жылы қазақ халқы өз алдына ерікті ел болып, отау тіккенін көріп, қазақ елінің Советтік Социалистік Автономиялы республика болғандығына бүкіл қазақ халқымен бірге бар жүрегінен қуанады. Сүйтіп, 1920 жылы «Жасайды кедей» деп шығарған өлеңінде:
 
Таңымыз атты, күніміз шықты, жайландық;
Жоғалды – өшті, әділсіздік айуандық;
Ендігі күн байдікі емес, біздікі,
Біз жүреміз қызыл тумен сайран ғып.
Қолға алсам төңкерістің асасын!
Жын-шайтандар, тығылып көрге қашарсың!
Енді саған азғырылар кедей жоқ,
Жасайды кедей, гүлденсін кедей жасасын! –
 
деп Октябрь революциясын, совет өкіметін қуаттай, қошеметтей, құттықтай, байларды мұқата, оларға азуды сала, өкімет кедейдікі, жасасын кедейлер! – деп, пролетариат табының, совет өкіметінің жырын шын жүрегімен тұңғыш жырлап шыққан ақын Сәбит Мұқанов. Сондықтан да, халық ақындарынан Жамбылды атасақ, нағыз шын мағынасындағы қазақ совет әдебиетінің поэзиясының туып жасалу тарихының басын тұңғыш рет ақын Сәбит Мұқановтан бастаймыз. Қазақ совет поэзиясының бастапқы дәуірде Сәбиттің ізін баса ақын Шолпан Иманбаева, Иса Байзақов, Жақан Сыздықов, Самат Нұржанов, Ғалым Малдыбаевтар шықса, оларға жалғас 1925-1926 жылдарда Асқар Тоқмағамбетов, Қалмақан Әбдіқадыров, 1927 жылдары қазақ совет поэзиясының оралып келе жатқан тасқынына екінші буынды топ болып Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Ғали Орманов, Сапарғали Бегалиндер қосылады. Бұл ақындарымыздың ол кездегі негізгі жазу тақырыптары совет өкіметінің орнауын, кедей, батыраққа теңдік тигенін, қараңғы өмірден жарыққа шығып елдің білім алуға жұмылғанын, әйел теңдігін, жер бөлісі мәселелерін, халықты теңдікке жеткізген ұлы көсеміміз В. И. Ленинді жырлау болды. 1929 жылғы қазақ даласындағы қанаушы таптың алпауыттары ірі байларды конфискелеу ақындарымыз – үлкен шабытты патриоттықпен өлеңдер жазды Сүйтіп, Ленин бастаған партиямыздың, совет өкіметінің бүкіл шаруашылық, саяси өміріне біздің ақындар өздерінің шығармаларымен белсене қатысып, өздерінің жырларымен халыққа саяси үгітші болып отырды.
 
1930 жылдарға шейін бой жетіп, бұғанасы қатып өсіп қалған қазақ совет поэзиясының отрядына еліміз жаппай колхоздасу дәуіріне келгенде, 1930-1931 жылдардан бастап Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Жұмағали Саин, Мэриям Хакімжанова сияқты талантты жас ақындарымыз бір дүрмек болып қосылса, оларға үзеңгілес 1933-1934 жылдары Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Абдолла Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин сияқты дарынды сөзді, жалынды жырлы жас ақындарымыз келіп өздерінің үндерін қосты. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің поэзия жанрының отряды дүрілдеп өсті. 1935 жылдан бастап оза шауып жүлде алған, ақын Жамбыл бастаған қазақтың халық ақындарының құнарлы жырлары баспасөз бетінен орын алып, дауысқа дауыс қосты. Олардың алдында совет дәуірінің қырандай самсаған бұлбұл ақыны Жамбылдың үні шарықтап үздік шырқалып отырды.
 
Өзінің өсу жолдарындағы бұл екінші дәуірінде қазақ әдебиеті колхоздың күшеюін, өндіріс күшінің өркендеуін, бесжылдықтардың жеңісін, Советтік Конституцияның, еліміздегі социализмнің жетістіктерін жырлап отырды. Бұл дәуірде поэзиямыз тақырыпты меңгеру жағынан да, мазмұн, идея жағынан да, мәдениеттілік жағынан да недәуір ескендігін көрсетті.
 
1941 жылдан 1945 жылға шейінгі Ұлы Отан соғысының басталуынан оның жеңіспен аяқталғанына шейінгі кез қазақ поэзиясының үшінші дәуірі болмақ. Бұл жылдарда қазақ ақындары Ұлы Отан соғысының айбынды патриот тілшісі болып, жауға қарсы өлеңдерден оқ жаудырды, халықты қайратқа, қажырлыққа ұрандады. Майдандағы ерлеріміздің ерлігін көрсете жазды. Майданға көмек берген елдегі еңбек күшін көрсетті. Бұл кезде ақындарымыз жырлап қана қойған жоқ, көп ақындарымыз қолына қалам орнына қару алып, жауға қарсы аттанды. Ұлы Отанымызды қорғасуға шеру тартып соғысқа қатысты. Мысалы: Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Абдолла Жұмағалиев, Қалмақан Әбдіқадыров, жас ақын Жұбан Молдағалиев тағы, тағы басқалары қолына қару алын Ұлы Отан соғысына қатысты. Олар Отан соғысына қатысып жүріп те өздерінің жалынды жырларын, дарынды өлеңдерін жаза жүрді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, жауды жеңіп, неміс фашизмін құртып жауларға тізе бүктірді. Отанымыз бейбітшілік өмірге құлаш ұрды. Төртінші жаңа бесжылдық дәуірінің еңбек дабылын қаққан жылдардың ішінде совет поэзиясы тағы да өрлеп, бұрынғыдан да биік асқардай самғады. Алайда, совет қазақ поэзиясының өсу жолындағы жоғарыда аталған қай дәуіріне көз салсақ та, оның адам айтқысыз үлкен жетістіктерімен қатар белгілі-белгілі кезеңдеріндегі жазылған кейбір шығармалардың ішінде елеулі кемшіліктер де жоқ емес.
 
Қазақ ақындары совет өкіметінің алғашқы орнаған жылдарында азамат соғысының тақырыбында, елдің теңдікке қолы жеткені жөнінде жырлай келе, 1924 жылы ұлы Лениннің қайтыс болуы туралы Сәбит Мұқанов, Шолпан Иманбаева, Иса Байзақов, Сапарғали Бегалин, Ғалым Малдыбаев, Жақан Сыздықов, Қалмақан Әбдіқадыров тағы да басқа ақындарымыз жүрек тербеткендей толқынды, жан жүйесінен шыққан талай жалынды өлеңдерін жазып, ұлы Лениннің өшпес бейнесін жырлады. Халқымызды қажымас қайратқа шақырды. Совет өкіметінің он жылға толған мерекесіне арнап 26 жылы шығарған «Ақындар шашуы» деген жинақта, 1928 жылдан бастап шыға бастаған «Жыл құсы» деген журнал бетінде ақын-жазушыларымыздың саны әлдеқайда өсе бастады.
 
1926 жылы ауылға орнаған сүт заводы туралы Сәбит Мұқанов өзінің «Сүт заводы» деген өлеңінде:
 
Сүт зауыты шаруаның бұлдысы,
Қысы-жазы бәсін жоймас құндысы,
Талай зауыт әлі дағы орнамақ
Бұл сүт зауыт ауылдағы жыл құсы, –
 
деп сүт заводын жазса, 1927 жылы «Егістік» деген өлеңін де, кедейлердің еңбекке еркін қолы жетіп, егіске молайғанын жырлап:
 
Тұқымды кім бергені,
Қалайша күн көргені
Әзіне айқын Шоқпыттың,
Бүкіл қазақ халқына,
Берген оны партия,
Өшкен аты жоқтықтың, –
 
деп теңдікті беріп, кемдікті жойып, кедейлердің халықтың көзін партия ғана ашты деп жырлайды. Ол кездегі ауылда ашылған мектепті, ұйысқан артель серігін, кооперативті де ақындарымыз жырына қосты. Мысалы 1927 жылы жазған өзінің «Көктем» деген өлеңінде Асқар Тоқмағамбетов:
 
Айта алам, ауыл сергек, сезімім мол,
Ізденіп не тілесе табады жол,
Мектеп пен дәріхана, қызыл отау
Әне тұр, ту тігілген ауылымыз сол, –
 
деп жырлайды ол кездегі советтенген қазақ ауылын. Асқар ақын, «Комсомолка Дуня» деген орыс өлеңінің үлгісімен 1928 жылы жазған «Сәуле» деген өлеңінде, қазақ әйелдерінің қазақ қыздарының күңдіктен құтылып, теңдікке жеткендігін, қазақ қызының комсомолка болғанын жырлайды.
 
Бес байталға Сәуле барған,
Шал мал беріп Сәулені алған! –
 
деп қазақ қыздарының бұрынғы бейнесін жаза келіп:
 
Комсомолка Сәуле болған,
Жалшы әйелге Сәуле қорған! –
 
деп Сәуленің комсомол. болғанын жырлайды. Совет өкіметінің әйелдерді ермен бірдей праволы қылып, олардың бақытқа жеткендігін жырлады. Халыққа өмір шындығын жазған, ұғымды келіп, жүрекке жылы тиетін шығарма ұнайды. Сондықтан да ондай шығарма ел аузында болады. Шығарманың күші шындықты дұрыс суреттеумен болады. Асқардың осы «Сәуле» деген өлеңі көп уақытқа дейін ел аузында, әсіресе жастардың аузында жатқа айтылып жүрді. Асқар, 1927 жылдарда жазған «Оқушы» деген өлеңінде оқушыны, «Өнерші» деген өлеңінде кілемшіні, «Алдаушы» деген өлеңінде молданың алдауыш екенін әшкерелей жазып жүрді.
 
Қалмақан Әбдіқадыров 1927 жылы жазған «Көктем» деген өлеңінде кедейлердің көктемдегі еңбегін, оның жер жыртқанын, ел қуанышын, жәйлі, өмірлі жадыраған халықты көрсетеді. Тағы да сол жылы жазылған «Бәйбіше мен бай» деген өлеңінде өмірі өшіп, күні құрып бара жатқан байдың кейпін суреттеп жырлайды. 1930 жылы жазған «Екпін» деген өлеңінде Қалмақан қазақ даласындағы еңбекшілердің еңбегінің қуанышты, күшті екпінін:
 
Бұлшық ет, бұжыр білек білеуленіп,
Бұлқынсын жүйрік аттай қойған керіп,
Шырқырап шыр айналсын шығыршықтар
Ұршықтай шүйке созған жүн түтіліп... –
 
деп суреттеп еңбекшілерге жігер бере жазады. Қалмақанның бұл өледі мазмұн, идея жағынан да, көркемдік жағынан да жақсы жазылған өлеңнің бірі.
 
Әбділда Тәжібаев 1928 жылы жазған «Сорлайды екенбіз» деген өлеңінде бай мен молданы сөйлестіріп, сырластырып, олардың өмірінің өшіп, сорлап бара жатқанын суреттеп жазады. Әбділда, тағы да сол жылы «Айдалған бай» деген өлеңінде, бұрынғы болыс, байды, биді, бекті конфискелегенді жазады. Ол кездерде, яғни, ақындардың 26-27 жылдардағы жазған шығармаларының бірқатары көркемдік, поэзиялық, тіл шеберлік жағынан әлсіз, нашар жазылған. Әбділданың осы өлеңі де өлеңдік, көркемдік жағынан нашар шыққан өлеңнің бірі. Мысалы:
 
Сар дала
Жайнасын,
Ер еңбек
Қайнасын,
Коллектив
Сайлансын!
Айуандар
Айдалсын! –
 
деп, әрбір сөзден бір жол жасап қойған дөкірлеу сөз тізімі болып қана шыққан. 1920 жылдан бастап ақындарымыздың 1930 жылға дейін жазған өлеңдерінің бәрі де бір бағытта, жоғарыда айтып кеткеніміздей бірыңғай тақырыптарға жазылды. Мысалы: совет өкіметінің орнауы туралы, елдегі артельдің ұйымдасуы, мектеп ашылуы, әйел теңдігі, жер бөлігі, ірі байларды конфискелеу сияқты елде болып жатқан игілікті істерге арналып жазылып келді.
 
Жақан, Ғалым, Сапарғали тағы басқаларымыз да – бұл кездердің ішінде елімізде болып жатқан күнделікті оқиғалар тақырыбынан үнемі қол суытпай жазып келдік.
 
Қазақстанда Түркісиб темір жол салынуы бұл кездегі поэзиямызға үлкен шабыт туғызды. 1930 жылы жазған Ғалидің «Шеңбер» дейтін поэмасы, Әбділданың «Айна бұлағы» ақындық дарынмен әдемі жазылған шығармалар. Сәбиттің «Жүйткі, қара айғырым», Асқардың «Құрылысы» тағы басқа ақындарымыздың да Түркісиб туралы жазған өлең, поэмалары поэзиямызды екпіндетіп бір көтеріп тастады. Өндіріс тақырыбы идеямызға күш кіргізді.
 
Сүйтіп, совет қазақ поэзиясының бұл бірінші дәуірі деп мөлшерлеген уақытымыздың ішінде қазақ ақындары партия мен үкіметіміздің жалынды жыршысы болып, Ленин партиясының совет өкіметінің саясатының негізін өздерінің сұлу сөз, көркем жырларымен қалың еңбекшілерге жеткізіп отырумен бірге, халықтың күнделікті, шаруашылық, саяси өміріне үн қосып буыны бекіп, бұғанасы қатып поэзиямыз өзінің негізгі іргесін қалады.
 
Бұл кездегі поэзиямыздағы кемшіліктер: ақындарымыздың бәрі дерліктей шетінен құлаш-құлаш етіп өлең жолын көбейтіп өлеңнің сан жағын, көлемін арттырам деп, оның поэзияға тән көркемдік сапасына назарын салмады. Сондықтан, бұл кездегі жазылған өлеңдердің көбінің әдемілік, нақыстылық жағы нашарлап, тілі түрпіленіп кедір-бұдыры көбірек болып шықты. Ол, бір болса, екіншіден, өлеңді тұжырымды етіп қысқа жазу тәртібіне көше алмай, ұзақ жолды өлеңдердің көпірген суы көбірек болып, ой тастағандай, ойға құрылған мінсіз сұлу көркем шығармалары жасалып жетпеді. Бұл кемшіліктерді Сәбиттің, Асқардың, Жақанның, менің, Қалмақанның, Әбділданың – әсіресе Ғалым Малдыбаевтардың 1930 жылға шейінгі жазылған өлеңдерінің көпшілігінен-ақ табуға болады.
 
Мысалы: Асқардың 1928 жылы жазған «Наурыз күні» деген өлеңінде:
 
«Өкімет, не тілесең ал деп отыр,
Уайым аш, бірік барың сал деп отыр,
Су артель, шаруа артель, серік артель
Жер өндіру артелі бар деп отыр».
 
Бұл өлеңнің саяси бағыты дұрыс-ақ. Ал енді өлеңдік жағынан: тіпті олақ, дөкір жазылған. Осы төрт жол өлеңнің ішінде «артель» деген сөздің өзі төрт рет, «отыр» деген сөздің өзі үш рет қайталанып, басқасы «ал», «сал» деген сөздермен бітеді. Немесе, Әбділданың «Айдалған бай» деген өлеңінде:
 
Қайғылы
Болар кім?
Қасіретті
Мұнша тым?
Кейбірі
Жатыр жым...
Кейінде
Әлсіз үн... –
 
дейді. Барлығы сегіз-ақ сөз. Соны сегіз жол етіп жазуы былай тұрсын, мұнда қандай көркемдік бар? «Кейбірі жатыр жым» дегенде не түсінуге болады? «Жым» деп қоянның жымын да айтады. Бұл автордың – жым-жырт жатыр дейін дегені. Ал, енді көркемдік жағынан тіпті өлеңдік қасиеті жоқ деуге болады.
 
Немесе, Сәбиттің «Егістікке даярлық» деп 1930 жылдарда жазылған бір өлеңінде:
 
Тыт-тыт
Тыт-тыт
Тыт-тыт деп,
Тырылдаса траер,
Түйір алтын тұқымдар
Төгіледі кенепке
Шіріген, сөнген,
Бас тартқан
Қарамық, сулы басқа аттан
Араласпай бидайға
Төгіледі бөлекке...
 
дейді. Ал, мұнан не түсінуге болады? «Тырылдаса траер» деген не деген сөзі? «Төгіледі бөлеккесі» несі? Міне, бұл өлеңде де өлеңдік қасиет көрінбей тұр. Өте салақ жазылған.
 
Немесе, Сыздықов Жақанның «Қан тәңірі» деген өлеңінде:
 
Хан тәңірі мұз бұрқанып, мұз оранып
Мұз түлеп, мұз бөленіп, мұз оралып,
Жамылып ертеңді-кеш мұз көрпесін,
Мұз қарпып, мұз түкіріп, мұз шыланып... –
 
деп жазылған жерлер бар. Төрт-ақ жол өлеңнің ішінде «мұз» деген сөз он шақты рет қайталанады. Бұл төрт жол өлеңде 23 сөз бар, оның тоғызы – «мұз» деген сөздің қайталақтауы. Міне, бұл сияқты сөзді ысырап қылушылық – поэзияға, сөзге өте салақ қарағандық. Сөзді бұлай қарастыру – өлеңге үлкен дақ түсіреді. Екіншісі талмен айтқанда – ондай сөздер өлеңді өлеңдік қасиетінен айырады.
 
Осы сияқты сөзге салақтық менің «Нефтстан» деген поэмамда да жеткілікті. Өлеңдегі бұл сияқты тіл шұбарлығы қай ақындарымыздың болсын, әсіресе, алғашқы кездегі шығармаларынан оңай-ақ табылады. Әрине, бұл поэзиямыздағы үлкен кемшіліктің біріне жатады.
 
Көркем шығарма, поэзия, тілдің дәлдігін, сұлулығын, көркемдігін тілейді. Ақын, неғұрлым орнына жұмсап, шебер қолдана білсе, соғұрлым поэзияның – өлеңнің мәдениеттілігі өседі.
 
Алексей Максимович Горький өзінің «Тіл туралы» деген мақаласында: «Тілдің тазалығы үшін, мағынасының дәл болу үшін, өткірлігі үшін күресу – мәдениет құралы үшін күресу» деп өте орынды айтқан. Сондықтан, поэзияның тілінің шұбар болуы үлкен мінінің бірі.
 
Поэзиямыздың 1920 жыл мен 1930-1931 жылдардың арасындағы өсу жолдарында, ақындарымыздың саны мен сапасының көбейіп, бекуімен қатар, бұл алғашқы он жылдық дәуірінің ішінде тек қана ұсақ-ұсақ қысқа өлеңдер жазып қойған жоқ; сүбелі-сүбелі ұзақ көркем поэма, айта берсек өлеңмен жазылған романдар да жазып туғызды. 1926 жылы Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы, 1927 жылы Сәбит Мұқановтың өлеңмен жазылған романы «Сұлушаш» шықты, мұның екеуі де әдемі, сұлу, шын мағынасындағы поэзия тілімен жазылған шығармалар. Онан соң 1931 жылы Қажым Жұмалиевтің «Қанды асу» дейтін өлеңмен жазылған романы жазылып бітіп, 1934 жылы басылып шықты.
 
Бұл поэмаларды жұртшылығымыз уақытында оқып танысқан. «Құралай сұлу» поэмасында автор, қазақ елінің революциядан бұрынғы өміріндегі тұрмысын көрсетсе, «Сұлушаш» романында Сәбит өзінің ақындық қуатының қайнап жетіп піскендігін көрсетіп, оның сюжет, оқиға құрылыстарын да, геройларына образ беру жағынан да, тіл шеберлігінен де машықтығын дәлелдейді. «Сұлушаш» романында автор қазақ халқының революциядан бұрынғы қараңғы өміріне лағнет айтып, совет өкіметінің шындық өмірінің сәулетін суреттей, жігіт Алтайдың образы, Сұлушаш арудың бейнесін, кедей Қайсардың келбетін мейлінше шындыққа жанастыра жасаған.
 
Мінекей, совет қазақ поэзиясы өзінің өсу жолының алғашқы он жылының ішінде қысқа-қысқа саяси лирикалы өлеңнен бастап, жақсы-жақсы поэма, онан әрі азды-көпті өлеңмен жазылған романдар жасап үлгірулері, өзінің бірқатар кемшіліктерімен қатар, үлкен табыстарға да жеткендігіне айғақ бола алады.
 
* * *
 
Бесжылдықтың жоспарлардың толығынан жүзеге асып, артығымен орындалып социалистік шаруашылық, экономикамыз, мәдениетіміз гүлденіп өсіп, Қазақстан социалистік, индустриялық, аграрлы одақтың республика болуымен бірге қазақтың совет әдебиеті оның поэзиясы идеялық мазмұн жағынан, өзінің көркемдік жағынан бірқатар жетістіктерге жеткен өскелең бойын көрсетті.
 
1930 жылдардан бастап қазақтың совет поэзиясы ауылдағы колхоз құрылысының жеңісіне, Қазақстандағы өрлеп ескен өндіріс тақырыбына, мал өсіру тақырыбына, колхозды елдің ауқатты тұрмысқа айналғанын суреттеуге, еліміздегі социалистік жеңістерін жырлауға белсене бет бұрып көтерілген кезі.
 
Бұл кезде Сәбиттің өндіріс тақырыбына жазылған «Көмір коммунизм», «Шахтер хаты», «Балқаш», «Алатаудың алыбы» деген өлең, поэмалары, Асқардың «Ұлы майдан», «Қазақстан байлығы» деген өлең, жырлар, Әбділданың «Теміржол», «Олқылық», «Кімді кім» деген шығармалары, Жақанның «Қорғасын қорытқанда», «Арыс тарихы», менің «Коммунизм таңында», «Нефтстан», «Бесжылдықтың балғасы», «Өндіріс» деген өлеңдерім, Ғалидің «Шәуілдір» поэмасы тағы да басқа осы сияқты толып жатқан шығармалар жазылды. Бұл өндіріс тақырыбына жазылған шығармалардың кезінде халықты жігерге шақырғандық талай саяси-қоғамдық маңызы болса да, өлеңдік жағынан, көркемдік жағынан көп кемшіліктері бар. Кемшілігі сюжетсіз, құр сөз қуып схематизмге түсіп кеткен.
 
Сәбиттің «Алатауың алабы» деген 1933 жылы шыққан өлеңдер жинағында «Трактор» деген өлеңінде:
 
– «Демің:
Пон-пон
Пон-пон-дап,
Тілің:
Трат-тат, тән-тыт!-дап,
Жез өңеш, болат ұсағың
Майды ұрттап
Сұлы жеп, сүтке семірген», –
 
деп суреттейді тракторды. Біріншіден мағынасыз «тыт-тат» деген сөздермен өлеңнің әрін кетірген, екіншіден «сұлы жеп сүтке семірген» деп маймен ғана жүретін тракторға жылқыша сұлы жегізіп, бұзауша сүт ішкізуі, тіпті шындықтан аулақ жатыр.
 
«Қараса соқа –
тіл-тісі
Тілімдеп өрім
Таспадай
Қара мақпал қыртысты
Тілінген қыртысы», –
 
деп соқаның жер қыртысын жыртқанын жақсы суреттеп келеді де, тракторды суреттеген жерінде:
 
Құландай өмірі құрық көрмеген,
Я, айдаһар жыландай
Иреңдеп өрге өрлеген», –
деп ирелеңдеген жыланға теңеулері, дұрыс теңеу емес, және қате.
 
Немесе: Команда:
 
Егістікке жұмылған 
Колхозшылар қимылдан
Тоқтамаңдар!
Жарыс, нан
Екпінділік арқылы
Қашан егіс біткенше
Басылмасын ешкімнің
Осы күйден қарқыны
Трат-тат
Трат-тат
Тарасы»
 
деп тіпті, өлеңді қара сөзден де дөрекі етіп, және қолапайсыз етіп құрастырған.
 
Асқар ақын өзінің «Қарағанды» деген өлеңінде:
 
Мысалы көк-тас, көк – жал тас,
Жосалы, Қайнар, жал – жартас,
Қайрақты, Өспен адыр тас,
Соқыр қой, Қоңырат қара бас,
Майқайың, Сүңгір, тағы Спас
Керіліп жатқан кең Арқаш
Көң Арқашқа жаңадан
Табылып жатыр көп запас», –
 
деп, өндіріс өмірінің ішіне кіре алмай, оның еңбектегі адамын суреттеудің орнына жер аттарын списка қылып тізіп, барып тұрған мағынасыз схема етіп сөзді обалсыз-ақ құрай берген. Мұндай шығармалардың не елге, не жас жазушы ақындарымызға көркемдік жағынан үлгі аларлық ешбір қасиеті жоқ, құрғақ социология болып шыққаны өзінен-өзі көрініп тұр. Мұның барлығы үстірт қараушылықтан, өмірді білмеушіліктен барып шыққан нәрсе.
 
Осы сияқты ірі кемшіліктер, схематизмге түсушіліктер Әбділданың «Олқылық» деген поэмаларында, менің «Коммунизм таңында», «Нефтстан» деген поэмаларымда аяқ алғысыз кеп, тіл сүрінерліктей тұрпайылығы толық. Сол сияқты Ғали Ормановтың «Шәуілдір» деген поэмасы басынан аяғына дейін схемамен жазылған, ал енді сол кездегі Ғалым Малдыбаевтың «Доңғалақ» деген өлеңдер жинағына келсек: құлақ жыртатын қотыр сөзден, мағынасыз қаңғыр еткен құрғақ сөзден батпаққа батқандай белшеден батасыз. Бұл сияқты сәтсіз жазылған шығармаларымен қатар ауызға аларлықта

Ұқсас материалдар