Қандастар Ассамблея

Шыншыл суреткер

08.12.2012 2286
    Шыншыл суреткер   «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қазақтың мақалын біз өнер саласындағы адамдар жайында жиі қолданамыз. Бір-біріне ұқсамайтын, алуан түрлі қайталанбас өнерпаздар туралы айтқанда бұл өте дұрыс. Бірақ біз кейде өнер озаттығы тек «аузымен құс тістеген» ұшқырлық қана емес екенін ұмытып кетеміз. Жарқырап көзге түскенді не жылтырап бетке шыққанды көреміз де кейбір арқырап көбік шашпай, тереңнен тепсінген ағынды, шайқалмаған тұнықты елемей кететін кездеріміз де болады.   Біз қазақ сахна өнерінің самсаған жұлдыздарын шынымен мақтаныш етеміз. Олардың аты шулы тарландарынан бастап жаңа ғана жарқ еткен жас талапкерлеріне дейін тамсанып айтамыз. Бірақ солардың ішінде қалтарыста қалған алтыны, сыры ашылып шын бағасы берілмеген шынайы шеберлері де бар. Талайынан ілгері болса да көбіне тасада өткен қазақ сахнасының екі үлкен суреткері — осыдан он шақты жыл бұрын дүние салған Әбікен Хасенов пен кеше ғана көз жұмған Рахметолла Сәлменов болатын. Бұл екеуі кезінде үлкен атақ-даңққа ие болған емес, артистерге молырақ беріліп келе жатқан атақтардың бірінші сатысының өзіне қартая келіп, өмірлерінің соңғы кездерінде ғана қолдары жетті. Сөйтсе де осы екі шебер қазақ сахнасында не бір қайталанбас тамаша ұлттық характерлерді, кесек-кесек сом бейнелерді жасап кетті.   Ауылдан келген он алты жасар бала кезінде Сәлменовті сахнадан тұңғыш көрдім. Сол кезде — театрдың әлі шеберлікке жетілмей тұрған шағында — көп артистер ойнап жүрсе, Сәлменов шындап жүретін. Шынында да осы бір толықшалау кісі боянып алып, ойын ойнап жүрген артистердің арасына тура ауылдан, өмірден келіп-кетіп жүрген сияқты көрініп еді маған. Және сол ауылдан өз көзіммен көріп келген адамдарым сияқты көңіліме де қона кеткен. Жиырма бес жылдан артық Сәлменов ойынын көзіммен көріп, куә болыппын. Әрине, ол әр түрлі пьесаларда көркемдігі әр түрлі дәрежеде шыққан кейіпкерлерді ойнады. Бірақ осының бәрінде де сол артистің бірде-бір мәрте жалған ойнағанын көрген емеспін.   Біздің театр өнері өзінің өсу жолында «әр тарапқа ұрынды», талай «өсу сырқатын» басынан кешірді. Бізді өмірден алшақтау асқақ романтикаға, бірде лепірме патетикаға немесе, жалаң қабат схематизмге ұрынған кездер де болды. Ал, осындай спектакльдерде талай үлкенді-кішілі рольдер атқарған Рахметолла Сәлменов қашан да шыншыл реалист боп қала беретін. Әрине, оның мұндағы жасаған образдарының бәрі бірдей маржан емес. Бірақ ол кейбір схемалық пьесалардағы жансыз бейнелерге жан бітіріп, өзінің қарапайым тұлғасынан біраз сыр, мән-мағына тауып беретін.   Халықтың қалың ортасынан шыққан, мол өмір кешкен Рахметолла әсіресе ұлттық характерлер жасауға өте шебер еді. Ол не бір өмірдің қалың ортасынан қанын сорғалатып суырып алған, нағыз қазақ топырағында туған сүбелі бейнелер жасады. Әсіресе артист халықтың бойына ертеден сіңген мінездерді, арыдан келе жатқан сипаттарды беруге шебер болатын. Сонымен бірге бүгінгі күннің адамдарының да көп сырлары мен қырларын ашып кетті.   Соғыс басталар жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясында Сәлменов ойнаған Көкбайды көрдім. Осы бір әзіл-қалжыңы, жүріс-тұрысына дейін қазақы ақын тіпті де анайы емес, оның бойынан ішкі иба, әсем қунақы нәзіктілік сезілетін. Осы соңғысы төңірегімен қоса Көкбайды да шарпыған Абай сәулесі екенін әркім-ақ байқаған болар. Кейінірек келе Көкбай рөлін талай тамаша артистер ойнағанын көрдім. Бірақ осыдан отыз жылға жуық бұрын Сәлменов жасаған бейне көз алдымнан кетпей қойды.   Сәлменов біздің замандастарымыздың да сан қилы бейнелерін жасады. Қалтай Мұхамеджановтың белгілі «Бөлтірік бөрік астында» комедиясындағы атақты шопан Бекен қарттың образын көрген адам осы күнге дейін ұмытпаған-ақ шығар. Ол сахнаға шыққанда — зал рақаттана, сүйсіне күлетін. Осы шалдың бойындағы халықтың даналығы, кейбір олпы-солпысы болса да нағыз сүйкімді мінезі, шынайы мейірбандығы дүйім жұртты түгел баурап алғаны есімізде. Ақкөңіл адамның ашуы, түңілуі жаман ғой. Бекен қарттың — қиянатшыл немересінің опасыздығын көріп шошынып, ашуланған сәті бар еді-ау. Сәлменовтің сондағы түрі, даусы, әсіресе көзқарасы — талайдың төбе құйқасын шымырлатқан.   Сәлменовпен аз-кем мен де істес болдым. Әркімнің өз нәрсесі өзіне ыстық болатын болу керек, жалғыз мен емес авторлардың көбісі-ақ өздері бір қиратып тастағандай актерлердің ойынына қанағат етпейді. Оларға «менің ойымды жеткізе алмадың» деп көп талаптар қояды. Сәлменов «Боран» пьесасында Жаппасбай рөлін ойнады. Шынын айтқанда премьераға ол көп дайындықсыз шықты. Оның үстіне менің паровозда суреттеген Жаппасбайым толық денелі Сәлменовке тіпті де ұқсамайды — ол бұзаубас, имиген ұзын, сүмеңдеген біреу болатын. Жаппасбайдың осы портретімен көрермендердің де біразы таныс болса керек. Бірақ жерді ойып жіберердей сахнаға шірене шыққан Сәлменов залдағы халықты да, авторды да өзіне бағындырып алды. Ол көрермендерді мәз қылып күлдірді де, қатыгез жауыздығымен төбе құйқасын шымырлатып шошытты да. Арамыздан кеткен адамның алдында қарыз болмасын — Сәлменовтің Жаппасбайы менің «Дала сыры» повесімдегі Жаппасбайдан терең де және анағұрлым қауіпті де болып шықты. Кейін «Дала сырына» көп еңбек сіңіріп, үлкен өзгерістер енгізіп, оны «Боран» романына айналдырғанда Жаппасбай образын көп толықтырдым.   Абзалы жазушы геройын кітаптан немесе сахнадан іздемейді, өмірден іздейді. Егер сахнадағы геройы жазушының өзіне ой салса — онда актердің сахнаға өмірдің өзін әкелгені ғой. Авторға ортақ болғаны ғой. Қарымызға тартпай айтсаң — Сәлменов нағыз шын суреткер актер сияқты талай драматургтердің кейіпкерлеріне ортақ болатын.   Атақ-даңқымен төңіректі дүрілдетпеген, театр өнерінің қарапайым, қажымас еңбеккері дүниеден өтті. Бірақ тасада жүріп-ақ талай дүние жасаған екен. «Өзінде бармен көзге ұрмай», халқының бойындағы қазынасын қаза берген екен. Қазақ аталатын халықтың бар болмысын танытатын өнер картасына — бірнеше сүбелі бейнелер түсіріпті. Олар бір мысқал бөгде қоспасыз, ақаусыз шын бейнелер болатын.   1970  

 

 

Шыншыл суреткер

 

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қазақтың мақалын біз өнер саласындағы адамдар жайында жиі қолданамыз. Бір-біріне ұқсамайтын, алуан түрлі қайталанбас өнерпаздар туралы айтқанда бұл өте дұрыс. Бірақ біз кейде өнер озаттығы тек «аузымен құс тістеген» ұшқырлық қана емес екенін ұмытып кетеміз. Жарқырап көзге түскенді не жылтырап бетке шыққанды көреміз де кейбір арқырап көбік шашпай, тереңнен тепсінген ағынды, шайқалмаған тұнықты елемей кететін кездеріміз де болады.

 

Біз қазақ сахна өнерінің самсаған жұлдыздарын шынымен мақтаныш етеміз. Олардың аты шулы тарландарынан бастап жаңа ғана жарқ еткен жас талапкерлеріне дейін тамсанып айтамыз. Бірақ солардың ішінде қалтарыста қалған алтыны, сыры ашылып шын бағасы берілмеген шынайы шеберлері де бар. Талайынан ілгері болса да көбіне тасада өткен қазақ сахнасының екі үлкен суреткері — осыдан он шақты жыл бұрын дүние салған Әбікен Хасенов пен кеше ғана көз жұмған Рахметолла Сәлменов болатын. Бұл екеуі кезінде үлкен атақ-даңққа ие болған емес, артистерге молырақ беріліп келе жатқан атақтардың бірінші сатысының өзіне қартая келіп, өмірлерінің соңғы кездерінде ғана қолдары жетті. Сөйтсе де осы екі шебер қазақ сахнасында не бір қайталанбас тамаша ұлттық характерлерді, кесек-кесек сом бейнелерді жасап кетті.

 

Ауылдан келген он алты жасар бала кезінде Сәлменовті сахнадан тұңғыш көрдім. Сол кезде — театрдың әлі шеберлікке жетілмей тұрған шағында — көп артистер ойнап жүрсе, Сәлменов шындап жүретін. Шынында да осы бір толықшалау кісі боянып алып, ойын ойнап жүрген артистердің арасына тура ауылдан, өмірден келіп-кетіп жүрген сияқты көрініп еді маған. Және сол ауылдан өз көзіммен көріп келген адамдарым сияқты көңіліме де қона кеткен. Жиырма бес жылдан артық Сәлменов ойынын көзіммен көріп, куә болыппын. Әрине, ол әр түрлі пьесаларда көркемдігі әр түрлі дәрежеде шыққан кейіпкерлерді ойнады. Бірақ осының бәрінде де сол артистің бірде-бір мәрте жалған ойнағанын көрген емеспін.

 

Біздің театр өнері өзінің өсу жолында «әр тарапқа ұрынды», талай «өсу сырқатын» басынан кешірді. Бізді өмірден алшақтау асқақ романтикаға, бірде лепірме патетикаға немесе, жалаң қабат схематизмге ұрынған кездер де болды. Ал, осындай спектакльдерде талай үлкенді-кішілі рольдер атқарған Рахметолла Сәлменов қашан да шыншыл реалист боп қала беретін. Әрине, оның мұндағы жасаған образдарының бәрі бірдей маржан емес. Бірақ ол кейбір схемалық пьесалардағы жансыз бейнелерге жан бітіріп, өзінің қарапайым тұлғасынан біраз сыр, мән-мағына тауып беретін.

 

Халықтың қалың ортасынан шыққан, мол өмір кешкен Рахметолла әсіресе ұлттық характерлер жасауға өте шебер еді. Ол не бір өмірдің қалың ортасынан қанын сорғалатып суырып алған, нағыз қазақ топырағында туған сүбелі бейнелер жасады. Әсіресе артист халықтың бойына ертеден сіңген мінездерді, арыдан келе жатқан сипаттарды беруге шебер болатын. Сонымен бірге бүгінгі күннің адамдарының да көп сырлары мен қырларын ашып кетті.

 

Соғыс басталар жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясында Сәлменов ойнаған Көкбайды көрдім. Осы бір әзіл-қалжыңы, жүріс-тұрысына дейін қазақы ақын тіпті де анайы емес, оның бойынан ішкі иба, әсем қунақы нәзіктілік сезілетін. Осы соңғысы төңірегімен қоса Көкбайды да шарпыған Абай сәулесі екенін әркім-ақ байқаған болар. Кейінірек келе Көкбай рөлін талай тамаша артистер ойнағанын көрдім. Бірақ осыдан отыз жылға жуық бұрын Сәлменов жасаған бейне көз алдымнан кетпей қойды.

 

Сәлменов біздің замандастарымыздың да сан қилы бейнелерін жасады. Қалтай Мұхамеджановтың белгілі «Бөлтірік бөрік астында» комедиясындағы атақты шопан Бекен қарттың образын көрген адам осы күнге дейін ұмытпаған-ақ шығар. Ол сахнаға шыққанда — зал рақаттана, сүйсіне күлетін. Осы шалдың бойындағы халықтың даналығы, кейбір олпы-солпысы болса да нағыз сүйкімді мінезі, шынайы мейірбандығы дүйім жұртты түгел баурап алғаны есімізде. Ақкөңіл адамның ашуы, түңілуі жаман ғой. Бекен қарттың — қиянатшыл немересінің опасыздығын көріп шошынып, ашуланған сәті бар еді-ау. Сәлменовтің сондағы түрі, даусы, әсіресе көзқарасы — талайдың төбе құйқасын шымырлатқан.

 

Сәлменовпен аз-кем мен де істес болдым. Әркімнің өз нәрсесі өзіне ыстық болатын болу керек, жалғыз мен емес авторлардың көбісі-ақ өздері бір қиратып тастағандай актерлердің ойынына қанағат етпейді. Оларға «менің ойымды жеткізе алмадың» деп көп талаптар қояды. Сәлменов «Боран» пьесасында Жаппасбай рөлін ойнады. Шынын айтқанда премьераға ол көп дайындықсыз шықты. Оның үстіне менің паровозда суреттеген Жаппасбайым толық денелі Сәлменовке тіпті де ұқсамайды — ол бұзаубас, имиген ұзын, сүмеңдеген біреу болатын. Жаппасбайдың осы портретімен көрермендердің де біразы таныс болса керек. Бірақ жерді ойып жіберердей сахнаға шірене шыққан Сәлменов залдағы халықты да, авторды да өзіне бағындырып алды. Ол көрермендерді мәз қылып күлдірді де, қатыгез жауыздығымен төбе құйқасын шымырлатып шошытты да. Арамыздан кеткен адамның алдында қарыз болмасын — Сәлменовтің Жаппасбайы менің «Дала сыры» повесімдегі Жаппасбайдан терең де және анағұрлым қауіпті де болып шықты. Кейін «Дала сырына» көп еңбек сіңіріп, үлкен өзгерістер енгізіп, оны «Боран» романына айналдырғанда Жаппасбай образын көп толықтырдым.

 

Абзалы жазушы геройын кітаптан немесе сахнадан іздемейді, өмірден іздейді. Егер сахнадағы геройы жазушының өзіне ой салса — онда актердің сахнаға өмірдің өзін әкелгені ғой. Авторға ортақ болғаны ғой. Қарымызға тартпай айтсаң — Сәлменов нағыз шын суреткер актер сияқты талай драматургтердің кейіпкерлеріне ортақ болатын.

 

Атақ-даңқымен төңіректі дүрілдетпеген, театр өнерінің қарапайым, қажымас еңбеккері дүниеден өтті. Бірақ тасада жүріп-ақ талай дүние жасаған екен. «Өзінде бармен көзге ұрмай», халқының бойындағы қазынасын қаза берген екен. Қазақ аталатын халықтың бар болмысын танытатын өнер картасына — бірнеше сүбелі бейнелер түсіріпті. Олар бір мысқал бөгде қоспасыз, ақаусыз шын бейнелер болатын.

 

1970