Қандастар Ассамблея

САНА МЕН НАМЫС ҚАЙНАРЫ

08.12.2012 3273
САНА МЕН НАМЫС ҚАЙНАРЫ (Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов туралы сөз) Жер мен аспанның қойны-қонышына қол салумен азу тісі сирей бастаған цивилизация - бейбақ қасиетті жаратылыстың туа біткен бедер-бағдарын ысқылап, әр ұлтты оның  өзіне  ғана  тән  санасы  мен  сезімінен, салты мен дәстүрінен жырақтатып, өзіндік өң мен әрін опалап бара жатқан, дауыл құшқан алып мұхиттың кейде қара қошқыл қаһарлы түрімен алдына келгенді жалмап жіберердей алапат дәу толқындармен алысқан жүзгішті елестетер дүниенің буырқанған тұсында ата-бабаның көзіндей «Егеулі найзасын» қолға алып, туған халқының болмысы мен парасатын, елдігі мен ерлігін көрсету үшін «Нартәуекелге» белді бекем буған азаматтар ғана өз топырағының нәрлі құнарын сақтай алары хақ. Алайда бұл тағдырлыларға Өмір деп аталатын бұрқанысты өткелді кешу оңайға түспейді. Әлгі айтқан құнарлы топырақтан бірдей нәр алып, құжынай қаулаған арам шөптер күн сәулесін бұрынырақ жұтып, заты сирек шипалы өсімдікті көлеңкесімен көлегейлеуге қашан да бейім. Өйткені шипалы өсімдік, айналасындағы не тамырында, не ертең-ақ үп еткен желге ұшып кетер басында қадір-қасиеті жоқ арам шөптердей бірін-бірі кимелеп, итеріп, жығып, өңмендейтін, өзінен өзгені өртеп жіберуге бар бетсіздіктен жырақ. Ол кимелемей, көлеңкеде тұрып-ақ, өзінің табиғи, сырбаз болмысымен табиғилыққа зәру боп бара жатқан жаратылыстың кәдесіне түбінде бір асатынын сезеді, сезінеді, сезінген сайын топырақ-ананың нәрлі қасиетін жалғастыруға ұмтылады. Осылай өмір өткелін кешіп, туған халқының халықтығын өз творчествосына арнасын бұрмас өзек еткен, «қырық күн тақым жазбай шапқан бәйгеден арғымағы келсе, Бесмойнақтың суынан да мол саба-саба қымыз қотарған елдің» арын арлап, намысын жоқтайтын, халқымыздың адал перзенті, көкжиегі әлемдік өремен өлшенбейтін Әдебиет атты айбынды алқапта қазақ сөз өнері отауының шаңырағын көтерісіп жүрген жазушы - Сейдахмет Бердіқұлов. Сейдахмет - жазушы; Сейдахмет - Азамат, тұлға. Осы екі қырынан көз салғанда, адамның болмысы бар қадір-қасиетімен айна қатесіз көрінеді. Алдымен, Бердіқұлов - жазушы туған әдебиетімізге не әкелді? Қазіргі қара құрым қаламдастарының арасында ол қандай қасиеттерімен дараланады? Қазақ сөз өнерінің алтын діңгегі - поэзияға қарағанда өмірге кеш келсе де, өмір шындығынан нәр алып, халқымыздың ертегілеріндегі батырлардай, жыл санап емес, күн санап, ай санап ер жеткен, сөйтіп бұл күнде әлем әдебиетінің кез келген роман жазғышты жақындата бермес талғамды төрінен орын алған прозамызда жаттанды оқиға, жасанды сюжет, ағыл-тегіл махаббаттан аяқ алып жүргісіз, бірінен екіншісі аумайтын роман-повестердің арасынан жақсысы мен жаманын ажыратып алу қапелімде қиынға түсетін тұста алмас қылыштай жарқылдап бірден дүниені жаулап алу оңай емес, әрі бұл қасиет шын таланттың талайына о бастан жазылмаған. Қазақ көркемсөз өнерінің біздің заманымыздағы хас шебері, Сейдахметтің жанашыр аға досы, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аяулы Әбең - жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовты айтып отырмын - бір сөзінде: «Өзінің творчествосы арқылы халықтың халықтығын танытқан жазушы ғана ел құрметіне бөленеді», - дегені бар еді. Осы нақыл-қағиданы біз жазушы Сейдахмет Бердіқұлов жайлы айтсақ, ешбір әбестігі жоқ. Сейдахмет, көктем сайын егіздетіп, тоғыздатып қозылаған қойдай, әр жылда кітап шығарып, қан сорпа болып шапқыламайды. Табиғатынан сері көңіл, кербез мінезді жан анаған да, мынаған да құлдық ұрып құлап түспейтін болмысын сөз өнерінде де табандылықпен көрсетіп келеді. Жазушының өз сөзімен айтсақ, ол «көргеннің бәрін желбезегінен тізіп жазбау, жан біткеннің бәріне жарияламау; екшеп, електен өткізіп пайдалану» принципін берік ұстанады. Адамның ақыл-ойының құдіретінен тамыр жайып өркендеген мәдениеттің ең бір дәуірлеп-шарықтаған шағында өзі бастау алған ғаламат ой-сананы бұғаулап, тіршіліктің табиғи қасиеттерін мүлдем бөлек арнаға бұрып бара жатуы - бүгінгі күннің ащы шындығы. Егер зерттеп қарасақ, бір кезде тек қана техника мен ғылымның еншісіне жүктелген жайттар қазір философиялық жаңа ұғым, табиғат танудың жаңа бір тарауларын ашуға әсерін тигізуде. Мұның өзі біздің қаламгерлерімізге өзгеше міндет жүктегелі қай заман, бірақ әлі де таптаурын тақырып, жасанды сюжеттен арыла алмай жүргенде, халқымыздың асқақ тұлғасын жырлап, ұлттық сана-сезімімізді озық үлгі ретінде ұсынуы - жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың ең басты ерекшелігі. Күйкі тірлік, күйрек сезімге құралған шығармалар тым көбейіп бара жатқан кезде жазушы Бердіқұловтың қазақ әдебиетіне тосын тақырыппен келуі, күні бүгінге шейін жаңалық боп отырғанын жасырудың қажеті жоқ. Төл әдебиетіміз бен төл журналистикамызда Бердіқұловтан басталған соны леп жаппай сипат алды деп айту қиын. Оның қаламгерлік өзіндік қолтаңбасын да осы тұстан айқын аңғарамыз. Тарихи шығармалар мен сал-серілердің, ғұламалардың өмірінен алынған роман-повестердің көптігін жетістік деп те, кемшілік деп те қарауға болады. Ал осындай сан-салалы әдебиет додасының аты шулы алаңында Бердіқұлов шығармалары бүйрек-бүйрек бұлшық етті шымыр денесімен, өзгеше серпінімен көзге түсті. Көзіміз әбден үйреніп алған жауыр суреттер бір сәтке көзден тасаланып, кенеттен қазақ жігіттерінің биік тұлғаларымен табыстық. Кенеттен біздің көз алдымызда азаматтық пен адалдықтың бүгінгі қазақ жігіті еншілеген қасиеттерін көрдік. Сөйтіп, Бердіқұлов шығармалары, әдеттегі жолы кейде болып, кейде болмай, бөріктері қисайып, анасымен сүт тілінде амандаспайтын талай жігітті халықтық намысқа, ерлік пен өжеттікке, «ер жігіттің бойында адалдық пен азаматтық болмаса - ол жігіт емес», деп халқымыздың сан ұрпақтарына мақтан болар талантты ұлы біздің қадірлі Нұрғиса Тілендиев ағамыз айтқандай, азаматтықтың биік өріне оймен көз жіберіп, ұмтылуға бейімдеді. Хас өнердің иесі қашан да қалың жұрттың көңілінен шығу үшін олардың әрқайсысының түсінік деңгейіне лайықтап шығарма жазбайды. Керісінше, халықтың ой өрісіне ұшқын беріп, санасы мен сезімін тәрбиелейді. Өнер мен әдебиеттің басты мұраты да осы. Ендеше, өз шығармаларын осындай игі мұрат, биік мақсат тұрғысында жазатын Сейдахмет Бердіқұлов - нағыз өнер иесі. Бұл - бір. Екіншіден, біздің әдебиетімізде өз елін шебердің қашауынан шыққан мүсіндей мінсіз етіп көрсетуді мақсат тұтып, халықты кедір-бұдырсыз, кемшілік-олқылықсыз, ылғи бір ығай мен сығайдан тұратын, періштедей пәк, аққудай ақ қылып, жалған патриотизмнен туындайтын жылымшы жылтырақтық кездесіп қалады. Ал жазушы Бердіқұлов «ықылым заманнан бері жауының туын жығып, ат құйрығына сүйреткен батырларды қарсы алған елдің» түтіні әрқалай шалықтайтынын, тұтас халық болғасын, оның ішінде аласы мен құласы, пасығы мен данасы аралас жүретінін жасырып-пысырмайды. Заты, «біздің ауылдың итінің бәрі арыстан, адамының бәрі данышпан» деген, тұтастыққа, елдікке іріткі салар жалған жайсаңдық жазушы Бердіқұлов болмысына жат. Ол қай мінбеден сөйлемесін, қай сайда жүрмесін, ұсақ қылық, күйкі ойдан кісі бойы жоғары, бірлігі, сұсы бет қаратпас дұшпанын сескендіріп, кесек мінезді тірлігі досын сүйсіндірер елінің бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарының «толысып туған ай тұсынан айқабақ атқан, тартқан садағының адырнасы ала өгіздей мөңіреп, зулаған жебесі тоғыз төбені түп орнымен аудара салған, киік кебісті суға салып зулағанда ұшқан құстың қанатын талдырып орта жолда қалдырған бабаларының» қадір-қасиетін одан әрі жалғастыруын басты мақсат тұтады. Сіз оның «Егеулі найзасы» мен «Нартәуекелін», «Мұңайып оянған қаласы» мен «Аспаннан шұға жауған күнін» аласыз ба - бұл шығармалардың қай-қайсысында да жазушының бір ғана мақсатқа құлаш ұрғанын көресіз. Ол - халықтық, адалдық, азаматтық. Бердіқұлов шығармалары «әлгі бала-шағаның ойыны спорт тақырыбына жазылған, тәйірі» деп жазушыны жазғырушыларды әдебиет жайлауында кездестіріп қалып жүрміз. Спорт - кейбіреулердің түсінігіндегідей, ылғи бір шалағай жандардың қызылтанау боп ерсілі-қарсылы жүгіруі емес, спорт - заман тынысы; сұлулық пен батырлық, намыс пен ерлік аренасы. Ата-бабамыз қуат-қайратын, ер жүректілігі мен ептілігін найза шаншып, семсер сермеп, ат құлағында ойнаумен көрсетсе, жаңа заманның ұрпағы өз бойындағы мұндай қасиеттерін планетамыздың сайыс алаңдарында әлемдік көрерменді бас игізіп паш етеді, елінің азаматы екенін Отан гимнін ойнатып мойындатады. Ендеше, спорт туралы жазу, елінің намысын қорғаған халқымыздың қыз-жігіттерінің асқақ та адамдық тұлғаларын әдебиет өрісіне шығару, сайып келгенде, халқына деген сөнбес сүйіспеншілік сезімінен, ел, Отан алдындағы перзенттік парызды арманға жетер шыған жолда темірқазық тұтқан азаматтық пен адалдықтан туады екен. Жазушы С.Бердіқұловтың қазақ әдебиетіндегі сүрлеу соқпақ, даңғыл жолдардан кілт бас тартып бұрылып, өз соқпағын - сұлулық пен намысқа, өжеттік пен азаматтыққа апарар жолын салуға бел бууы бекер емес екен! Қалай дегенде де, қазақ әдебиетінің тарихында екі Бердіқұлов болмайды. Ол - біреу. Ол - жиырма жасар қылшылдаған қайраты бойын кернеген жігіт кезінде жазған газеттік репортаждар мен публицистикалық мақалаларынан бастап, өзіндік шеберлігімен дараланар прозалық шығар-маларында туған халқының жүрек лүпілі мен ар-намысын ту қып көтерген жазушы, менің абзал да жомарт жанды ағатайым Сейдахмет Бердіқұлов. Жазушы тағдыры - азапты тағдыр. Мүмкін, бақыттылығы да - егер соның өзі мынау жалпақ жалғанда бар болатын болса - сол азабы мен қиындығында шығар. Бұл тағдыр, қызғаншақ ерке сұлудай, өмірдің басқа қызық-шыжығына көңіл бөлгізуге әсте жоқ, ой мен сезіміңнен өмір суреттерін жасар оңаша сәт, тыныштықты талап етеді. Егер осындай тағдыр иесі - жазушының еншісіне қоғам алдындағы екінші бір азаматтық парыз арқалау тисе ше?! Міне, Сейдахмет Бердіқұлов - осындай екі үлкен арнада тірлік кешіп келе жатқан азамат. Ол артық-кемі жоқ жиырма жыл бойы, оған дейінгі қатардағы журналистік қызметін есепке алмағанда, республикамыздағы екі бірдей үлкен газет - әуелі «Қазақстан пионері», одан соң «Лениншіл жастың» бас редакторы болып жұмыс атқарып келді. Күн сайын жүздеген мың данамен шығатын үлкен мен кіші сүйіп оқитын «Лениншіл жас» газеті - қазақ журналистері мен әдебиет шеберлерінің үлкен өнерге старт алатын әйгілі дода алаңы болып келе жатқанын кім-кім де мойындайды. Космос әлемінің ерлері үшін Байқоңыр алаңы қандай қастерлі болса, қолына қалам ұстаған қазақ атаулыға «Лениншіл жас» та сондай қасиетті де қастерлі. Халық бұл газетті кереметтей сүйіп оқиды, мектеп жасындағы балалардан бастап, зейнеткер қарттарға дейін «Лениншіл жаспен» сырласуға құмар. Ал бұл газетке деген мұндай жалпыхалықтық махаббаттың құпиясы неде? Бұл жерде біз қаншама тайсақтағымыз келгенмен, газеттің астындағы оты бір сәт толастамай бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанының басында, ыссылы-суықты ауа өтінде отырған бас редактор Бердіқұловтың еңбегін көрмей, елемей өте шығу тағы да мүмкін емес. «Лениншіл жастың» алғашқы бетіндегі шағын хабарлардан бастап, соңғы бетіндегі «Сүзеген сөздің» соны сөйлемдеріне дейін Бердіқұлов табиғатындағы жоғарыда айтқан азаматтық пен адалдық, туған халқының сана-сезім, озық дәстүріне, халықтық мұраларына деген іңкәрлығының самалы есіп, бір сарынды тірліктің бір сарынды құбылыстарынан қалғып бара жатқан жан дүниеңді селт еткізіп оятып отырады. Бердіқұлов - редактор да адалдық пен адамдық, азаматтық пен патриоттық линиясын үнемі принципті жүргізумен келеді. Ол өз принциптерінен бір сәт тайғанап немесе дария төсіндегі желді күнгі желкенсіз қайықтай қалтылдап көрген емес. Бейімбет Майлин мен Әбділда Тәжібаев, Баубек Бұлқышев пен Абдолла Жұмағалиев, Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаев тәрбиеленген «Лениншіл жастың» мөлдір арманға баулыр мәңгі жас отауына бүгінгі ерен журналистер де лек-легімен ұмтылуы көп жайларды аңғартқандай. Бүгінгі күні «байқатпай жүріп бойды алған» өмір алқабының елу атты еңселі биігіне шығып, тегеурінді қос-қолына жиырма бес жыл бойы әдебиет пен журналистика атты төгілген құйрық-жалымен айды да қалқалар қанатты қос тұлпарды қатар ұстаған, ел дегенде ішкен асын жерге қойып, адамгершілік дегенде жалғыз атын жаутаңдаған жаяуға мінгізіп жіберуге бар азамат, қазақ жазушысы Сейдахмет Бердіқұловты біз осылай танимыз, осындай деп білеміз. Осындай ұлдары бар халық қалайша бақытты болмайды! «Тыңда, Қастек. Қаскелең, тыңда далам! Тыңда, жақпар жоталар шың қамаған! Өзің қосқан бәйгеге бір жүйрігің келді ортаңа сүрінбей сыннан аман! Бәйге деген - от кешу, сынар жорық, Жан аярлар жүрмейді бұған көніп. Баяғыда түлеген бір балапан ұясына оралды қыран болып! Қырандарға мәңгі жат күңкіл, егес, Бірақ аспан деген де кіл Күн емес. Сұңқарларды баптаған бұл ортаға басқа болып оралу мүмкін емес! Пәк даланың жота мен жоны да ардай, қаны жатқа батырлық оғы бардай. Бұл қастерлі мекенді басу – күнә ең алдымен Азамат болып алмай! Ұл өсірген жанының оты жалын, аялаған үкілеп тотыларын, елдігіме нәр берген қасиетіңнен айналайын, киелі топырағым! Күн секілді шашатын нұрын сатпай. Құт мекеннің теңеуін тұрмын таппай. Мен өзім де бір аунап алсам ба екен желісіне оралған құлыншақтай... 1983  

САНА МЕН НАМЫС ҚАЙНАРЫ
(Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов туралы сөз)

Жер мен аспанның қойны-қонышына қол салумен азу тісі сирей бастаған цивилизация - бейбақ қасиетті жаратылыстың туа біткен бедер-бағдарын ысқылап, әр ұлтты оның  өзіне  ғана  тән  санасы  мен  сезімінен,
салты мен дәстүрінен жырақтатып, өзіндік өң мен әрін опалап бара жатқан, дауыл құшқан алып мұхиттың кейде қара қошқыл қаһарлы түрімен алдына келгенді жалмап жіберердей алапат дәу толқындармен алысқан жүзгішті елестетер дүниенің буырқанған тұсында ата-бабаның көзіндей «Егеулі найзасын» қолға алып, туған халқының болмысы мен парасатын, елдігі мен ерлігін көрсету үшін «Нартәуекелге» белді бекем буған азаматтар ғана өз топырағының нәрлі құнарын сақтай алары хақ. Алайда бұл тағдырлыларға Өмір деп аталатын бұрқанысты өткелді кешу оңайға түспейді. Әлгі айтқан құнарлы топырақтан бірдей нәр алып, құжынай қаулаған арам шөптер күн сәулесін бұрынырақ жұтып, заты сирек шипалы өсімдікті көлеңкесімен көлегейлеуге қашан да бейім. Өйткені шипалы өсімдік, айналасындағы не тамырында, не ертең-ақ үп еткен желге ұшып кетер басында қадір-қасиеті жоқ арам шөптердей бірін-бірі кимелеп, итеріп, жығып, өңмендейтін, өзінен өзгені өртеп жіберуге бар бетсіздіктен жырақ. Ол кимелемей, көлеңкеде тұрып-ақ, өзінің табиғи, сырбаз болмысымен табиғилыққа зәру боп бара жатқан жаратылыстың кәдесіне түбінде бір асатынын сезеді, сезінеді, сезінген сайын топырақ-ананың нәрлі қасиетін жалғастыруға ұмтылады. Осылай өмір өткелін кешіп, туған халқының халықтығын өз творчествосына арнасын бұрмас өзек еткен, «қырық күн тақым жазбай шапқан бәйгеден арғымағы келсе, Бесмойнақтың суынан да мол саба-саба қымыз қотарған елдің» арын арлап, намысын жоқтайтын, халқымыздың адал перзенті, көкжиегі әлемдік өремен өлшенбейтін Әдебиет атты айбынды алқапта қазақ сөз өнері отауының шаңырағын көтерісіп жүрген жазушы - Сейдахмет Бердіқұлов.
Сейдахмет - жазушы; Сейдахмет - Азамат, тұлға. Осы екі қырынан көз салғанда, адамның болмысы бар қадір-қасиетімен айна қатесіз көрінеді.
Алдымен, Бердіқұлов - жазушы туған әдебиетімізге не әкелді?
Қазіргі қара құрым қаламдастарының арасында ол қандай қасиеттерімен дараланады?
Қазақ сөз өнерінің алтын діңгегі - поэзияға қарағанда өмірге кеш келсе де, өмір шындығынан нәр алып, халқымыздың ертегілеріндегі батырлардай, жыл санап емес, күн санап, ай санап ер жеткен, сөйтіп бұл күнде әлем әдебиетінің кез келген роман жазғышты жақындата бермес талғамды төрінен орын алған прозамызда жаттанды оқиға, жасанды сюжет, ағыл-тегіл махаббаттан аяқ алып жүргісіз, бірінен екіншісі аумайтын роман-повестердің арасынан жақсысы мен жаманын ажыратып алу қапелімде қиынға түсетін тұста алмас қылыштай жарқылдап бірден дүниені жаулап алу оңай емес, әрі бұл қасиет шын таланттың талайына о бастан жазылмаған.
Қазақ көркемсөз өнерінің біздің заманымыздағы хас шебері, Сейдахметтің жанашыр аға досы, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аяулы Әбең - жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовты айтып отырмын - бір сөзінде: «Өзінің творчествосы арқылы халықтың халықтығын танытқан жазушы ғана ел құрметіне бөленеді», - дегені бар еді. Осы нақыл-қағиданы біз жазушы Сейдахмет Бердіқұлов жайлы айтсақ, ешбір әбестігі жоқ.
Сейдахмет, көктем сайын егіздетіп, тоғыздатып қозылаған қойдай, әр жылда кітап шығарып, қан сорпа болып шапқыламайды. Табиғатынан сері көңіл, кербез мінезді жан анаған да, мынаған да құлдық ұрып құлап түспейтін болмысын сөз өнерінде де табандылықпен көрсетіп келеді. Жазушының өз сөзімен айтсақ, ол «көргеннің бәрін желбезегінен тізіп жазбау, жан біткеннің бәріне жарияламау; екшеп, електен өткізіп пайдалану» принципін берік ұстанады.
Адамның ақыл-ойының құдіретінен тамыр жайып өркендеген мәдениеттің ең бір дәуірлеп-шарықтаған шағында өзі бастау алған ғаламат ой-сананы бұғаулап, тіршіліктің табиғи қасиеттерін мүлдем бөлек арнаға бұрып бара жатуы - бүгінгі күннің ащы шындығы. Егер зерттеп қарасақ, бір кезде тек қана техника мен ғылымның еншісіне жүктелген жайттар қазір философиялық жаңа ұғым, табиғат танудың жаңа бір тарауларын ашуға әсерін тигізуде. Мұның өзі біздің қаламгерлерімізге өзгеше міндет жүктегелі қай заман, бірақ әлі де таптаурын тақырып, жасанды сюжеттен арыла алмай жүргенде, халқымыздың асқақ тұлғасын жырлап, ұлттық сана-сезімімізді озық үлгі ретінде ұсынуы - жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың ең басты ерекшелігі. Күйкі тірлік, күйрек сезімге құралған шығармалар тым көбейіп бара жатқан кезде жазушы Бердіқұловтың қазақ әдебиетіне тосын тақырыппен келуі, күні бүгінге шейін жаңалық боп отырғанын жасырудың қажеті жоқ. Төл әдебиетіміз бен төл журналистикамызда Бердіқұловтан басталған соны леп жаппай сипат алды деп айту қиын. Оның қаламгерлік өзіндік қолтаңбасын да осы тұстан айқын аңғарамыз. Тарихи шығармалар мен сал-серілердің, ғұламалардың өмірінен алынған роман-повестердің көптігін жетістік деп те, кемшілік деп те қарауға болады. Ал осындай сан-салалы әдебиет додасының аты шулы алаңында Бердіқұлов шығармалары бүйрек-бүйрек бұлшық етті шымыр денесімен, өзгеше серпінімен көзге түсті. Көзіміз әбден үйреніп алған жауыр суреттер бір сәтке көзден тасаланып, кенеттен қазақ жігіттерінің биік тұлғаларымен табыстық. Кенеттен біздің көз алдымызда азаматтық пен адалдықтың бүгінгі қазақ жігіті еншілеген қасиеттерін көрдік. Сөйтіп, Бердіқұлов шығармалары, әдеттегі жолы кейде болып, кейде болмай, бөріктері қисайып, анасымен сүт тілінде амандаспайтын талай жігітті халықтық намысқа, ерлік пен өжеттікке, «ер жігіттің бойында адалдық пен азаматтық болмаса - ол жігіт емес», деп халқымыздың сан ұрпақтарына мақтан болар талантты ұлы біздің қадірлі Нұрғиса Тілендиев ағамыз айтқандай, азаматтықтың биік өріне оймен көз жіберіп, ұмтылуға бейімдеді. Хас өнердің иесі қашан да қалың жұрттың көңілінен шығу үшін олардың әрқайсысының түсінік деңгейіне лайықтап шығарма жазбайды. Керісінше, халықтың ой өрісіне ұшқын беріп, санасы мен сезімін тәрбиелейді. Өнер мен әдебиеттің басты мұраты да осы. Ендеше, өз шығармаларын осындай игі мұрат, биік мақсат тұрғысында жазатын Сейдахмет Бердіқұлов - нағыз өнер иесі. Бұл - бір.
Екіншіден, біздің әдебиетімізде өз елін шебердің қашауынан шыққан мүсіндей мінсіз етіп көрсетуді мақсат тұтып, халықты кедір-бұдырсыз, кемшілік-олқылықсыз, ылғи бір ығай мен сығайдан тұратын, періштедей пәк, аққудай ақ қылып, жалған патриотизмнен туындайтын жылымшы жылтырақтық кездесіп қалады. Ал жазушы Бердіқұлов «ықылым заманнан бері жауының туын жығып, ат құйрығына сүйреткен батырларды қарсы алған елдің» түтіні әрқалай шалықтайтынын, тұтас халық болғасын, оның ішінде аласы мен құласы, пасығы мен данасы аралас жүретінін жасырып-пысырмайды. Заты, «біздің ауылдың итінің бәрі арыстан, адамының бәрі данышпан» деген, тұтастыққа, елдікке іріткі салар жалған жайсаңдық жазушы Бердіқұлов болмысына жат. Ол қай мінбеден сөйлемесін, қай сайда жүрмесін, ұсақ қылық, күйкі ойдан кісі бойы жоғары, бірлігі, сұсы бет қаратпас дұшпанын сескендіріп, кесек мінезді тірлігі досын сүйсіндірер елінің бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарының «толысып туған ай тұсынан айқабақ атқан, тартқан садағының адырнасы ала өгіздей мөңіреп, зулаған жебесі тоғыз төбені түп орнымен аудара салған, киік кебісті суға салып зулағанда ұшқан құстың қанатын талдырып орта жолда қалдырған бабаларының» қадір-қасиетін одан әрі жалғастыруын басты мақсат тұтады. Сіз оның «Егеулі найзасы» мен «Нартәуекелін», «Мұңайып оянған қаласы» мен «Аспаннан шұға жауған күнін» аласыз ба - бұл шығармалардың қай-қайсысында да жазушының бір ғана мақсатқа құлаш ұрғанын көресіз. Ол - халықтық, адалдық, азаматтық.
Бердіқұлов шығармалары «әлгі бала-шағаның ойыны спорт тақырыбына жазылған, тәйірі» деп жазушыны жазғырушыларды әдебиет жайлауында кездестіріп қалып жүрміз. Спорт - кейбіреулердің түсінігіндегідей, ылғи бір шалағай жандардың қызылтанау боп ерсілі-қарсылы жүгіруі емес, спорт - заман тынысы; сұлулық пен батырлық, намыс пен ерлік аренасы. Ата-бабамыз қуат-қайратын, ер жүректілігі мен ептілігін найза шаншып, семсер сермеп, ат құлағында ойнаумен көрсетсе, жаңа заманның ұрпағы өз бойындағы мұндай қасиеттерін планетамыздың сайыс алаңдарында әлемдік көрерменді бас игізіп паш етеді, елінің азаматы екенін Отан гимнін ойнатып мойындатады. Ендеше, спорт туралы жазу, елінің намысын қорғаған халқымыздың қыз-жігіттерінің асқақ та адамдық тұлғаларын әдебиет өрісіне шығару, сайып келгенде, халқына деген сөнбес сүйіспеншілік сезімінен, ел, Отан алдындағы перзенттік парызды арманға жетер шыған жолда темірқазық тұтқан азаматтық пен адалдықтан туады екен. Жазушы С.Бердіқұловтың қазақ әдебиетіндегі сүрлеу соқпақ, даңғыл жолдардан кілт бас тартып бұрылып, өз соқпағын - сұлулық пен намысқа, өжеттік пен азаматтыққа апарар жолын салуға бел бууы бекер емес екен!
Қалай дегенде де, қазақ әдебиетінің тарихында екі Бердіқұлов болмайды. Ол - біреу. Ол - жиырма жасар қылшылдаған қайраты бойын кернеген жігіт кезінде жазған газеттік репортаждар мен публицистикалық мақалаларынан бастап, өзіндік шеберлігімен дараланар прозалық шығар-маларында туған халқының жүрек лүпілі мен ар-намысын ту қып көтерген жазушы, менің абзал да жомарт жанды ағатайым Сейдахмет Бердіқұлов.
Жазушы тағдыры - азапты тағдыр. Мүмкін, бақыттылығы да - егер соның өзі мынау жалпақ жалғанда бар болатын болса - сол азабы мен қиындығында шығар. Бұл тағдыр, қызғаншақ ерке сұлудай, өмірдің басқа қызық-шыжығына көңіл бөлгізуге әсте жоқ, ой мен сезіміңнен өмір суреттерін жасар оңаша сәт, тыныштықты талап етеді. Егер осындай тағдыр иесі - жазушының еншісіне қоғам алдындағы екінші бір азаматтық парыз арқалау тисе ше?! Міне, Сейдахмет Бердіқұлов - осындай екі үлкен арнада тірлік кешіп келе жатқан азамат. Ол артық-кемі жоқ жиырма жыл бойы, оған дейінгі қатардағы журналистік қызметін есепке алмағанда, республикамыздағы екі бірдей үлкен газет - әуелі «Қазақстан пионері», одан соң «Лениншіл жастың» бас редакторы болып жұмыс атқарып келді. Күн сайын жүздеген мың данамен шығатын үлкен мен кіші сүйіп оқитын «Лениншіл жас» газеті - қазақ журналистері мен әдебиет шеберлерінің үлкен өнерге старт алатын әйгілі дода алаңы болып келе жатқанын кім-кім де мойындайды. Космос әлемінің ерлері үшін Байқоңыр алаңы қандай қастерлі болса, қолына қалам ұстаған қазақ атаулыға «Лениншіл жас» та сондай қасиетті де қастерлі. Халық бұл газетті кереметтей сүйіп оқиды, мектеп жасындағы балалардан бастап, зейнеткер қарттарға дейін «Лениншіл жаспен» сырласуға құмар.
Ал бұл газетке деген мұндай жалпыхалықтық махаббаттың құпиясы неде?
Бұл жерде біз қаншама тайсақтағымыз келгенмен, газеттің астындағы оты бір сәт толастамай бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанының басында, ыссылы-суықты ауа өтінде отырған бас редактор Бердіқұловтың еңбегін көрмей, елемей өте шығу тағы да мүмкін емес. «Лениншіл жастың» алғашқы бетіндегі шағын хабарлардан бастап, соңғы бетіндегі «Сүзеген сөздің» соны сөйлемдеріне дейін Бердіқұлов табиғатындағы жоғарыда айтқан азаматтық пен адалдық, туған халқының сана-сезім, озық дәстүріне, халықтық мұраларына деген іңкәрлығының самалы есіп, бір сарынды тірліктің бір сарынды құбылыстарынан қалғып бара жатқан жан дүниеңді селт еткізіп оятып отырады. Бердіқұлов - редактор да адалдық пен адамдық, азаматтық пен патриоттық линиясын үнемі принципті жүргізумен келеді. Ол өз принциптерінен бір сәт тайғанап немесе дария төсіндегі желді күнгі желкенсіз қайықтай қалтылдап көрген емес.
Бейімбет Майлин мен Әбділда Тәжібаев, Баубек Бұлқышев пен Абдолла Жұмағалиев, Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаев тәрбиеленген «Лениншіл жастың» мөлдір арманға баулыр мәңгі жас отауына бүгінгі ерен журналистер де лек-легімен ұмтылуы көп жайларды аңғартқандай.
Бүгінгі күні «байқатпай жүріп бойды алған» өмір алқабының елу атты еңселі биігіне шығып, тегеурінді қос-қолына жиырма бес жыл бойы әдебиет пен журналистика атты төгілген құйрық-жалымен айды да қалқалар қанатты қос тұлпарды қатар ұстаған, ел дегенде ішкен асын жерге қойып, адамгершілік дегенде жалғыз атын жаутаңдаған жаяуға мінгізіп жіберуге бар азамат, қазақ жазушысы Сейдахмет Бердіқұловты біз осылай танимыз, осындай деп білеміз.
Осындай ұлдары бар халық қалайша бақытты болмайды!

«Тыңда, Қастек. Қаскелең, тыңда далам!
Тыңда, жақпар жоталар шың қамаған!
Өзің қосқан бәйгеге бір жүйрігің
келді ортаңа сүрінбей сыннан аман!

Бәйге деген - от кешу, сынар жорық,
Жан аярлар жүрмейді бұған көніп.
Баяғыда түлеген бір балапан
ұясына оралды қыран болып!

Қырандарға мәңгі жат күңкіл, егес,
Бірақ аспан деген де кіл Күн емес.
Сұңқарларды баптаған бұл ортаға
басқа болып оралу мүмкін емес!

Пәк даланың жота мен жоны да ардай,
қаны жатқа батырлық оғы бардай.
Бұл қастерлі мекенді басу – күнә
ең алдымен Азамат болып алмай!

Ұл өсірген жанының оты жалын,
аялаған үкілеп тотыларын,
елдігіме нәр берген қасиетіңнен
айналайын, киелі топырағым!

Күн секілді шашатын нұрын сатпай.
Құт мекеннің теңеуін тұрмын таппай.
Мен өзім де бір аунап алсам ба екен
желісіне оралған құлыншақтай...
1983

 

Ұқсас материалдар