Қандастар Ассамблея

Терең тебіренейік

08.12.2012 2132
  ТЕРЕҢ ТЕБІРЕНЕЙІК   Абзалында, әркімнің-ақ болашақ жылға тартқан үміті, алдан күткен дәмесі әжептәуір болады. Алдағы жылда арқалаймын деген жүгін де молырақ мөлшерлейді. Бірақ соның бәрі ойлаған жерден шыға бермейді. Бұған көп жазушылардың «Жаңа жыл анкетасы-ақ» куә. Мәрелі жерге жете алмай жатсақ та жоспарымыздың ізі болғаны жақсы. Талапты ерге нұр жауар. Үміт пен талап барда кісі ілгері қарай жылжи бермек.   Біз қазір елу жыл мәресінің соңғы айналымына шықтық. Кеше ғана өткен алпыс алты әдебиет үшін үлкен мейрам алдындағы жүгі ауыр жыл болуға тиіс еді. Қай саладан да солай болды ғой деп ойлаймын. Соның ішінде біз сөз еткелі отырған проза да дәл осы жылы қарнымызды ашырған жоқ. Әрине, міндет көп, мақсат үлкен. Сөйтсе де, қазақ прозасының бүгінгі хәлі ауыз тұщырлық.   Көпке белгілі прозаның эпикалық үлкен саласы соңғы жылдары теориялық үлкен дауға ілікті. Дүние жүзілік ірі жиындарда роман жанрының тұсына үлкен сұрақ белгісі қойылып, бұл жанрдың болашақ өмірі бар ма, жоқ па деген қып-қызыл талас туды. Әсіресе, батыста мықты деген жазушылардың өзі прозаның кішігірім формасына қарай ойыса бастады. Бұл даудың тереңіне сүңгіп кеткен адам қайтадан оп-оңай жол тауып шыға алмайды. Сондықтан да, мен жаңа жылда жұрттың басын қатырмай, бер жағынан қайтқым келеді.   Үлкен сөздің төтесі — прозаның роман формасын, эпикалық түрін әзір біздің оқушы жатырқаған жоқ. Қайта ол өмірді мол қарпып, жан-жақты һәм терең танытатын көркем ой құралына айналып отыр. М. Әуезовтің «Абай жолы» бастаған тамаша дәстүр қазақ прозасында кең өріс алып келеді. Ендігінің ағасы, ақсақал жазушымыз Сәбит Мұқанов кешегі қазақ өмірін мол қамтыған, халқымыздың ұлттық сипатын соны көзбен қызғылықты ашқан әсем туындысы «Өмір мектебінің» үшінші кітабын бітірді. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығының» төрт кітабы да қазір оқушы қолында. Әбдіжәмил Нұрпеисов көпке мәлім «Қан мен тер» трилогиясына соңғы нүктесін қойды. Бұл — замандас, құрдас жазушының мені қатты таңдантқан да, қатты қуантқан да еңбегі. Осы үлкен еңбек, алдыңғы айтылған қазақ прозасының эпикалық түрін жақсы жалғастырып, соны жаңа бір белеске қарай бастаған дүние болар деп ойлаймын. Бұл туындының үлкен өмірі енді басталып келеді. Кітап қазір француз, чех тілдерінде шыққалы жатыр. Жуырда ғана автордың Москва, Ленинградтың талғамы биік, сыншыл оқырмандарымен аса жылы кездесуі біраз нәрсені анықтайтын сияқты.   Осы аталған үш трилогияға жалғаса жазылып жатқан Ғабит Мүсреповтің «Оянған өлкесі» мен Ғабиден Мұстафиннің «Көз кергенін» қоссақ... Қалай? Проза жанрының эпикалық саласы бізде пәлендей ойсырап тұрмаған сияқты.   Біздің жас прозамыз да үлкен үміт күттіреді. Бар қадарынша өмірді тереңірек зерттеп, байсалды баяндайтын ағалардың прозасына олар жас жүректің ыстық лүпілін ала келді. Бұларда жастыққа тән балауса сезіммен бірге кемшілікті байқағыш «тосын көз», кертартпалыққа, керенаулыққа төзімсіз қызу қан бар. Кейде «ыстықтау қауып» жатса да жанды жерде енетін өткір проблемаларды батыл көтеруге тырысады. Көбісі-ақ, көркемдік форма жағынан мазасыз іздену үстінде. Жас жазушылардың көп шығармаларын сүйсініп қабылдап, әдебиет активіне қоссақ та біздіңше олар әзір: «Мен әдебиетке келдім. Мінекей, жазатын қабілетім бар. Көрдің бе?» — деген сөзді айтты. Иә, көрдік. Қуандық.   Бірақ нағыз мықты туындыларыңды алдан, азапты да жемісті еңбектеріңнен күтеміз.   Әрине, жаңа жылға қадам басып, өткен жылдарға қайрылып көз тастағанда, барымызды жоқ деп айта алмаймыз. Бар, жақсы нәрселер бар. Бірақ...   Осы «бірақ» оңай «бірақ» емес. Көптеп шығып жатқан сүреңсіз кітаптарды, шалажансар туындыларды айтпай-ақ қоялық. Белгілі стандартқа машықтанып алған, қара дүрсінмен төпей беретін жазушыларды да былай шығарып қоя тұралық. Ал жалпы прозамыздың, яғни оның танылған немесе жаңа танылып келе жатқан талантты өкілдерінің іздену жолы қалай? Осылардың әрбір туындысы әдебиетке шын жаңалық болып келіп жатыр ма? Бізде жап-жақсы, тіпті, жақсы шығармалар туып жатады. Бірақ әдебиет үшін таң қалдырарлық тосын, шын мәнінде жаңалық болып келіп жатқан шығармалар ше? Дәл осы араға келгенде... ай, қиналып қаламыз.   Ондайда санауға келген бір қолдың саусағының өзі көптік етеді.   «Іздену» деген — жазушылар қауымына үйреншікті сөз. Бірақ іздену біткен жерде жазушы таусылып, жазудан қалатыны және белгілі. Сондықтан да, жаңа жылға тілек — ізденейік! Ерінбей, жалықпай іздене берейік. Жаңа кітапқа кіріскенде барымызды соған сарқып сығып беретіндей, содан кейін қалам ұстамайтындай сезімде болайық. Әйтеуір, осы кітаптан аянбайық. Кейінгісін көре жатармыз.   1967

 

ТЕРЕҢ ТЕБІРЕНЕЙІК

 

Абзалында, әркімнің-ақ болашақ жылға тартқан үміті, алдан күткен дәмесі әжептәуір болады. Алдағы жылда арқалаймын деген жүгін де молырақ мөлшерлейді. Бірақ соның бәрі ойлаған жерден шыға бермейді. Бұған көп жазушылардың «Жаңа жыл анкетасы-ақ» куә. Мәрелі жерге жете алмай жатсақ та жоспарымыздың ізі болғаны жақсы. Талапты ерге нұр жауар. Үміт пен талап барда кісі ілгері қарай жылжи бермек.

 

Біз қазір елу жыл мәресінің соңғы айналымына шықтық. Кеше ғана өткен алпыс алты әдебиет үшін үлкен мейрам алдындағы жүгі ауыр жыл болуға тиіс еді. Қай саладан да солай болды ғой деп ойлаймын. Соның ішінде біз сөз еткелі отырған проза да дәл осы жылы қарнымызды ашырған жоқ. Әрине, міндет көп, мақсат үлкен. Сөйтсе де, қазақ прозасының бүгінгі хәлі ауыз тұщырлық.

 

Көпке белгілі прозаның эпикалық үлкен саласы соңғы жылдары теориялық үлкен дауға ілікті. Дүние жүзілік ірі жиындарда роман жанрының тұсына үлкен сұрақ белгісі қойылып, бұл жанрдың болашақ өмірі бар ма, жоқ па деген қып-қызыл талас туды. Әсіресе, батыста мықты деген жазушылардың өзі прозаның кішігірім формасына қарай ойыса бастады. Бұл даудың тереңіне сүңгіп кеткен адам қайтадан оп-оңай жол тауып шыға алмайды. Сондықтан да, мен жаңа жылда жұрттың басын қатырмай, бер жағынан қайтқым келеді.

 

Үлкен сөздің төтесі — прозаның роман формасын, эпикалық түрін әзір біздің оқушы жатырқаған жоқ. Қайта ол өмірді мол қарпып, жан-жақты һәм терең танытатын көркем ой құралына айналып отыр. М. Әуезовтің «Абай жолы» бастаған тамаша дәстүр қазақ прозасында кең өріс алып келеді. Ендігінің ағасы, ақсақал жазушымыз Сәбит Мұқанов кешегі қазақ өмірін мол қамтыған, халқымыздың ұлттық сипатын соны көзбен қызғылықты ашқан әсем туындысы «Өмір мектебінің» үшінші кітабын бітірді. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығының» төрт кітабы да қазір оқушы қолында. Әбдіжәмил Нұрпеисов көпке мәлім «Қан мен тер» трилогиясына соңғы нүктесін қойды. Бұл — замандас, құрдас жазушының мені қатты таңдантқан да, қатты қуантқан да еңбегі. Осы үлкен еңбек, алдыңғы айтылған қазақ прозасының эпикалық түрін жақсы жалғастырып, соны жаңа бір белеске қарай бастаған дүние болар деп ойлаймын. Бұл туындының үлкен өмірі енді басталып келеді. Кітап қазір француз, чех тілдерінде шыққалы жатыр. Жуырда ғана автордың Москва, Ленинградтың талғамы биік, сыншыл оқырмандарымен аса жылы кездесуі біраз нәрсені анықтайтын сияқты.

 

Осы аталған үш трилогияға жалғаса жазылып жатқан Ғабит Мүсреповтің «Оянған өлкесі» мен Ғабиден Мұстафиннің «Көз кергенін» қоссақ... Қалай? Проза жанрының эпикалық саласы бізде пәлендей ойсырап тұрмаған сияқты.

 

Біздің жас прозамыз да үлкен үміт күттіреді. Бар қадарынша өмірді тереңірек зерттеп, байсалды баяндайтын ағалардың прозасына олар жас жүректің ыстық лүпілін ала келді. Бұларда жастыққа тән балауса сезіммен бірге кемшілікті байқағыш «тосын көз», кертартпалыққа, керенаулыққа төзімсіз қызу қан бар. Кейде «ыстықтау қауып» жатса да жанды жерде енетін өткір проблемаларды батыл көтеруге тырысады. Көбісі-ақ, көркемдік форма жағынан мазасыз іздену үстінде. Жас жазушылардың көп шығармаларын сүйсініп қабылдап, әдебиет активіне қоссақ та біздіңше олар әзір: «Мен әдебиетке келдім. Мінекей, жазатын қабілетім бар. Көрдің бе?» — деген сөзді айтты. Иә, көрдік. Қуандық.

 

Бірақ нағыз мықты туындыларыңды алдан, азапты да жемісті еңбектеріңнен күтеміз.

 

Әрине, жаңа жылға қадам басып, өткен жылдарға қайрылып көз тастағанда, барымызды жоқ деп айта алмаймыз. Бар, жақсы нәрселер бар. Бірақ...

 

Осы «бірақ» оңай «бірақ» емес. Көптеп шығып жатқан сүреңсіз кітаптарды, шалажансар туындыларды айтпай-ақ қоялық. Белгілі стандартқа машықтанып алған, қара дүрсінмен төпей беретін жазушыларды да былай шығарып қоя тұралық. Ал жалпы прозамыздың, яғни оның танылған немесе жаңа танылып келе жатқан талантты өкілдерінің іздену жолы қалай? Осылардың әрбір туындысы әдебиетке шын жаңалық болып келіп жатыр ма? Бізде жап-жақсы, тіпті, жақсы шығармалар туып жатады. Бірақ әдебиет үшін таң қалдырарлық тосын, шын мәнінде жаңалық болып келіп жатқан шығармалар ше? Дәл осы араға келгенде... ай, қиналып қаламыз.

 

Ондайда санауға келген бір қолдың саусағының өзі көптік етеді.

 

«Іздену» деген — жазушылар қауымына үйреншікті сөз. Бірақ іздену біткен жерде жазушы таусылып, жазудан қалатыны және белгілі. Сондықтан да, жаңа жылға тілек — ізденейік! Ерінбей, жалықпай іздене берейік. Жаңа кітапқа кіріскенде барымызды соған сарқып сығып беретіндей, содан кейін қалам ұстамайтындай сезімде болайық. Әйтеуір, осы кітаптан аянбайық. Кейінгісін көре жатармыз.

 

1967

Ұқсас материалдар