Қандастар Ассамблея

Театр туралы

08.12.2012 91443
  Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі. Бүтін ел шаруасын, қоғам құрылысын социалдық негізде қайта жасауға қол қойған үстіміздегі дәуірде өнердің, өнер ішінде әдебиеттің, театрдың орны өзгеше. Бұлар — өнердің төңкерісшілдері. Салт-сананың социалшылдық бағытқа бастаушысы, ұйыстырушысы. Киімі ұлттық, сүйегі пролетариаттық мәдениеттің майданы, өнердің өндірісі. Үстіміздегі дәуірде мәдениеттің, өнердің басын осылай ашалап алған соң өнер, мәдениеттің қай саласына болса да қоятын шартымыздың беті бірыңғайланады. Қазақстан мемлекет театры төрт жасқа толып келеді. Театр кеңесшіл Қазақстанның бес жасында туған театр. Қазіргі дәуірдегі құрылыстың, қоғамның, шаруаның, мәдениеттің, салт-сананың өрлеу, өсу қарқынына Қарағанда, бұл жас театрға аз жас емес. Дәуір жас. Тұрмыс, мәдени жағдайымызға, жоқтан бар болғанына, мұқтаждықтың молдығына қарағанда театр әлі жас, әлі бала. Бірақ дәл шынын айтқанда, алдымен театрдың өзі олжа. Театр — Қазақстан табысының бірі. Октябрь жемісінің бір ұшқыны. Мәдениет майданымызда арнаулы бір арна. Бұл олжа — Қазақстан еңбекшілерінікі. Театрдың өз олжасы да аз емес. Негіз салынды. «Ауыл арасы» қылжақ қазақтан әртістер шықты. Театр өзін жұртқа танытты. Әлеумет алдына шықты. Тарихи жұмыстар істеді. Шамасынша бұрынғы тұлдыр жоқтан байлыққа келді. Анайылықтан өнерге қосылды. Өгіз аянмен болса да қазақ театры осы күнге шейін өрлеудің, өсудің жолында келді. Бірақ театрдың өгіз аяңы осы кезде бәсеңдеуге айналды. Тасбақа аяңға түсті. Айналамыздағы құрылыстың, өрлеу-өсудің қарқынына ілесе алмай болдыруға айналды, мұны осы жазғы көрсеткен ойындарына қарап айтамыз. «Театрда дағдарыс» деп ұялмастан айтуға аузымыз ыңғайланып қояды. Илайым айтқанымыз келмесін! Қалайда театрдың қазіргі күйі көптің кеңесін керек қылады. Көп болып көмектесіп, театрдың жұмысына жәрдем беруді тілейді. Театр туралы жұртшылық пікірі көтерілу керек дейміз. Сол көптің бірі болып, өз пікірімізді айтқымыз келеді. Айтқанда, театрымыздағы бір кемшіліктердің бастыларын айтып, кемшілікті қалай жоюды, театрды қалай жөндеуді сөз қылмақшы боламыз. Театрдың ең үлкен кемшілігі — өз орнын тауып отырған жоқ. Ол орнын жоғарыда айттық. Театр — социалдық құрылыстың бір қаруы, еңбекшілердің сана-сезімін ұйыстырушы дедік. Алдымен театрдың осы негізді жоспары жоқ. Әрісі Кеңес Одағының, берісі Қазақстанның бесжылдықтарының белгілі көші болмай сыртта қалатын театр, өнер біздікі емес, бес жылдық жоспардың жөні мен жұмысын белгілемеген театр, еңбекшілерге театр бола алмайды. Бесжылдық жоспар шаруаны қалай жаңаласа, онымен бірге мәдениет, өнер, әдебиет майдандары да бес жылдығын жасамай болмайды. Өнерлі кәсіп, ауыл шаруалары бес жылда қанша зауыт салса, машина алса, ұйымдасса, театр да бес жылдықтың ішінде көпшіліктің сана-сезіміне қаншалық жаңа тәрбие беретіндігін белгілеу керек. Театр жоспары осы негізде жасалса, сонан соң іс жүзіндегі өзге жұмыстардың өзі менмұндалап туып отырмақшы. Театрды сөз қылғанда қолға алатын мәселенің қабырғалысы осы жоспар мәселесі демекпіз. Енді театрдың жай- жабдығына келелік. Алдымен театрдың үйін сөз қылсақ, Алматы жағдайында онша өкініш келтірерлік үйі жаман емес. Орта сауда үйі бар. Әсіресе жазғы сахнасы жақсы. Жасатқаны абиыр болған. Тек мына қыста сол сахнаны шірітпеудің амалын істеу керек. Ал қысқы үйінің қысаң екені байқалады. Оған сыймай жатқан халқымыз да шамалы. Бірақ түбінде театр көркейеді. Көруші жұрты көбейеді. Түбінде тарлық қылады да, өр тістер айналып-үйіріліп, киініп-жасанып жататын бөлек- бөлек бөлме, келген көп рахаттанып демалып, сусындап, тамақтанып, өзді-өзіне меймандасып жататын залдар болса, әрине, жақсы болар еді ғой. Болса оған қарсылығымыз жоқ. Әңгіменің үлкені — ойын-сауықта (репертуарда), біздің қай жұмысымыз болса да артында қоры жоқ, қордасыз, мұрасыз жаңадан жағалып жатқан жаңа жұмыстар. Әсіресе әдебиет, әдебиет ішінде театр әдебиеті бізде өте мұқтаждықта. Театр әдебиеттің туғаны төңкерістен бері ғана, бар кітаптарымыздың салт-санаға үлгі, ұйыстырушы болары аз. Көбінің саны бар, сапасы жоқ. Әсіресе бүгінгі тілекке қабысатын ойын жабдығы жоқ. Бірсыпыра кітабымыз салт- сана жағынан бағыты теріс. Еңбекшілер жұртшылығының тілегін таппайды. Керегіне жарамайды. Жүрегін айнытады. Көп кітабымыз — көркемдік жағынан көже. Көрген көпшілікті театрдан тоңын айналдырып үркітетіндер. Мазмұннан жұрдай, жалаңаш. Өнер жоқ. Өнеге жоқ. Көрімдік беріп көрген жұрт көнектен шошыған биедей безіп жоғалады. Жалғыз ойын кітабымыз ғана емес, ойынымыздың, өлеңіміздің, әніміздің, мәніміздің көбі осылай. Жасыратын қылық жоқ. Ойын-сауықта жаңалық жоқ, көбі ескі. Ескірді. Алжыды. Ескі өмірдің де жақсы айнасы, түзу сыншысы бола алмаған сыңаржақтар, жарымжандар. Жаңа өмірге жанаспайтындар. Күнбе-күнгі тілектен, тұрмыстан ұзап артта қалғандар. Осы күнгі өмірді бастамақ түгіл жұртта қалғандар. Міне, осындайларды тулақтай сүйреп күнде сабаудың астына, күнде көптің аддына таға берген соң, елді де ер қашты қылып, әртістердің де жанын қинап келеміз. Міне, қопа қайда. Театр мәселесінің ең жанды жері — осы репертуар. Жұртшылықтың жауапты жері де осы. Театрға жоғары жоспарды жасаған соң оның жаны да, жабдығы да осы репертуар. Репертуарымыздың жайы жоғары айтқан. Олай болса, жұртшылық болып жаңадан қолға алатын жұмыс — жаңадан репертуар жасау мәселесі. Бұған кеңес жұртшылығы кең қатыссын, бұған жазушылар жұртшылығы толық жауапты. Іске кіріссін. Пролетариат, қара шаруа, жазушылар ұйымы жазушыларды іске жексін. Жазушыларға театр мұрындық болсын. Оқу комиссариаты басшылық қылсын. Мәдени көшті пайдалана білсін, бастай білсін. Театрды көпшілікке коммунистік тәрбиенің күшті құралы қыламыз десек, тезден бұл жұмысты қолға алуымыз керек. Ойын-сауықтың ақсақ жағынын бірі — ән-күй бөлімі; ән-күй театрдың ең жанды бөлімі. Бұл жөнде әнші-күйшіміздің саны бірталай болса да, салмағы көңілдегідей емес; ән-күйдегі соңғы табыс — Ковалев бастаған екі-үш хор, рояль дейтіндер бар. Мұнда бұрынғы жалғыз-жалғыз жамырамадан көрі қосылып айтудың біраз реттелгені, жиналғандығы бар екені рас. Бірақ көпті көңілдендіріп отырған хор жоқ. Жасар жаңалығы жоқ. Қазақша хор ескі екі-үш әннен асқан жоқ. Затаевичтің еңбегі арқылы жиһан жүзіне тарап жатқан мыңдаған әніміз бар деп мақтанамыз. Өзге елде мақтайды. Мәскеу газеттері мақтаған Қызыл жар хоры қайда? Қазақстан театрында бұлар неге болмайды? Неге іске баспады? Әндердің театрдың үйренуіне көнбейтіндігіне таң-тамашамыз. Салынатын әндер әртістердің өз ауылдарынікі... Оңтүстік, Күнбатыс Қазақстан әндері, әйтеуір, әншілерге көнбейді. Әншілерде жат ән, жаңа ән салу жоқ. Жинау жоқ. Қарулану, үйрену жоқ. Домбырашылар Кіші жүздің ірі сарынды, мазмұнды көркем күйлерін, Адайдың марштарын неге тартпайды? Орал, Бөкей баласы Мұхит әндерін тыңдамай тыянақтар ма. Бұларды әншілеріміз неге үйренбейді, неге өзінше түрлемейді? Бізше, театрдағыларда талант бар. Талап жоқ. Ыңырану бар, ынта жоқ. Істің көзін тауып соңына түсу жоқ. Өзге жұртшылықтан да,өз арасында да бір-біріне көмек жоқ, көтермеші жоқ. Айталық, бүгінде қазақта асқан әнші—Әміре. Дауыс бар. Тәжірибе бар. Сахнада үш-төрт жыл Мәскеу, Париж, Орта Азия, Қазақстан түгел— Әміренің аралаған жері. Осы Әміреде қанша табыс бар? Өшті деуге болмас, өсті ме? Жоқ. Әміренің жүгі әлі орнында. Баяғы Семейдің қымызшы базарындағы Әміре —өлі Әміре. Әлі «Ағашаяқ». Әміре әлі «ағаш» күйінде, Әміреде талант, талабы болса, «Ағашаяқтан» басқа әндерді салуға, өндеуге, ажарлауға мұршасы келмейтін себебі не? Қалыбек — күлдіргі (комик) шал да болады. Кемпір де болады. Қыз да, келіншек те болады. Кұс болып шақырады. Ешкі болып бақырады. Бір өзі бір үйдің іші болып, бір уақиғаны («пьесешені») жалғыз өзі түгел атқарып шығады. Сонда Қалыбектің басында тымақ үстінде шекпен болса да «кемпір» дейсің. Үстінде жейде, басында тақия болса да ешкі дейсің. Осындай талант «өгіз сатқан шалдан» неге аса алмайды? Мұндай «жанды фельетон» жан-жағындағы жаңа өмірді неге сынамайды? Неге үлгі қылмайды? Ешкі, құс, кемпір, келіншек болып, көріп отырған көпшілікті талтүсте адастырып әкететін күшті әртіс Қалыбек комсомол, коммунист, конпескеленген бай, қызы қашқан шал неге болмайды? Бүгінгі солардың жақсысын да, жаманын да жұрт алдына неге шығармайды? Өзге әртіс, ақын, әншілерге де айтарымыз осы. Театрдың көркею жағының бір шеті — әртістердің өзінің өсуінде, өздерінің қарулануында. Ән-күй, күлдіргі сықақ декламациялардың көбеюінде, жаңадан жаға тууында. Ән-күйді айтқанда ойға келетін бір нәрсе — оркестр. Тегінде, сахнаға жарайтын күшті күйшілер —оркестр. Жеке- жеке домбыра көп дүрмекті қыздыра алмайтынына көз жетті. Театрда ойнаушы аз. Осы күнгі бары үлкенірек пьесеге жетпейді. Бір ойында әртіс неше қайтара туады. Ойыншы өзін-өзі зорлайды. Рөл атқармайды; мойнынан парыз түсіреді. Мұндайдан жақсы дәметуге де болмайды. Қолдағы бар әртістеріміздің көбі ойыншы емес, тойшы. Әуесқойлар. Бірқатары әншілер, күйшілер, өлеңшілер —Иса, Әміре, Бісмілда, Құрманбек, Манарбек, Базарбайлар әртіс емес, айқайшылар. Ә деген даусы жаңа шәкірттер. Театрда жаратылысынан жорға әртіс аз. Қалыбек, Серке, Елубайлар — әртіс деп ауыз толтыратындарымыз — осылар. Бұлар кәдімгі әртістер. Бірақ бұлар да бір-бір белгілі (Қалыбек — аңқау, арамза шал; Серке — іші мерез, атқамінер; Елубай — бақсы, молда) типтері (нұсқындары) болмаса, онан өзгені ойнай алмай жүр. Ойнауға талап еткені жөн шығар, бірақ өзін-өзі зорлау да жақсы емес. Театрға жан беретін — әйел әртіс. Көрікті, күшті дауысты, жақсы ойнаушы әйелі жоқ театр — жарымжан. Көпті қанағаттандыра алмайды. Әйелден ойнаушы табу мәселесі — театрға ең керекті мәселе. Театр жабдықтан жұрдай. Киімнен сырдай. Бір-екі көнетоз шапанды шал да киеді, кемпір де киеді, қыз да киеді. Семейдің сыпырма бөркі мен саптама етігін бөкей де киеді. Адай да киеді. Найман тымақты орыс та киеді. Ноғай да киеді. Керекті жабдық (декорация) жоққа тән. Жалбыратып әкеліп ұстайтын жарты қанат үй бар. Бар бетке ұстар осы. Ол да тозуға айналды. Жабдық, киім-кешекті молайтудың қамына жөндеп кіріспей болмайды. Театрда ойынның әртүрлі жабдығы, Қазақстан киімдерінің барлық белгісі болмай жарымаймыз. Бұған ақша аясақ, еш нәрсе таба алмаймыз. Бұған қаражат берудің үстіне жұртшылық көмегі керек. Әртістердің өз айтуынша: «оқып жүрміз» дейді. Не оқып, не қойғаны, театр өнерінен қанша хабардар болғаны белгісіз. Не даусында, не қимылында өзгеріс көрінбейді. Оқудың аз болса да ұққаны, жұққаны сезілмейді. Әмірелердің ән әлібін оқып сауаты шыға қойды ма екен? Қараңғы. Тегінде үйретпей өнер болмайды. Оқу комиссариатының қыстан бері студия ашуы орынды-ақ. Оқуды жөндеп күшейту керек. Өнер мектебін өркендетпей өнеріміз үлгі бере алмайды. Кеңірек мектеп ашып, көбірек адам дайындау керек. Ол мектептерді қайыршылатпай оқытушы, жабдық, қаражат жағынан қамсыз ету керек. Мұнымен қатар үлкен қалалардағы ән-күй, өнер мектептеріне, консерваторияларға, кино, театрларға, олардың студияларына қазақтың талапты ұлы-қызын кіргізу керек. Бар әртісті оқытып тәрбиелеу керек. Осындай мәдени күштерді, өнер адамдарын дайындау оқу комиссариатының бес жылдығының бір көрнектісі болу керек. Театрдың қысқы мезгілге қанша дайындығы бары бізге белгісіз. Театр ойыны негізінен өзгермей, жаңаланбай, жазғы мезгілдегісіндей болса, онда жақсы емес. Онда театрда — дағдарыс. Қалайда қысқы мезгілге театрдың қандай дайындығы бар, не істелді, не істелмекші — театрдағылар жұрт алдында айтуы керек шығар. Біз негізгі кемшіліктерді ғана сөз қылдық сөз қылғанда бір айта кететін нәрсе, театр директоры Жұмат жолдастың жүгін жеңілдету керек сияқты. Театрдың ұсақ-түйек, шаруа мәселелері директорға, әрине, қолбайлау. Театрдың жалпы жұмысына, басшылығына кедергі келтіреді. Сондықтан, біздің ойымызша, директордың бір мықты орынбасары болу керек дейміз. Сонымен, сөз сіргесін жиярда айтарымыз — театр қазіргі дәуірдегі өз міндетін түгел ашып алсын. Өз орнын білсін, еңбекшілер жұртшылығы театр жұмысына жөндеп жәрдем берсін. 1929 жыл.  

 

Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі. Бүтін ел шаруасын, қоғам құрылысын социалдық негізде қайта жасауға қол қойған үстіміздегі дәуірде өнердің, өнер ішінде әдебиеттің, театрдың орны өзгеше. Бұлар — өнердің төңкерісшілдері. Салт-сананың социалшылдық бағытқа бастаушысы, ұйыстырушысы. Киімі ұлттық, сүйегі пролетариаттық мәдениеттің майданы, өнердің өндірісі. Үстіміздегі дәуірде мәдениеттің, өнердің басын осылай ашалап алған соң өнер, мәдениеттің қай саласына болса да қоятын шартымыздың беті бірыңғайланады.

Қазақстан мемлекет театры төрт жасқа толып келеді. Театр кеңесшіл Қазақстанның бес жасында туған театр. Қазіргі дәуірдегі құрылыстың, қоғамның, шаруаның, мәдениеттің, салт-сананың өрлеу, өсу қарқынына Қарағанда, бұл жас театрға аз жас емес. Дәуір жас. Тұрмыс, мәдени жағдайымызға, жоқтан бар болғанына, мұқтаждықтың молдығына қарағанда театр әлі жас, әлі бала.

Бірақ дәл шынын айтқанда, алдымен театрдың өзі олжа. Театр — Қазақстан табысының бірі. Октябрь жемісінің бір ұшқыны. Мәдениет майданымызда арнаулы бір арна. Бұл олжа — Қазақстан еңбекшілерінікі.

Театрдың өз олжасы да аз емес. Негіз салынды. «Ауыл арасы» қылжақ қазақтан әртістер шықты. Театр өзін жұртқа танытты. Әлеумет алдына шықты. Тарихи жұмыстар істеді. Шамасынша бұрынғы тұлдыр жоқтан байлыққа келді. Анайылықтан өнерге қосылды. Өгіз аянмен болса да қазақ театры осы күнге шейін өрлеудің, өсудің жолында келді.

Бірақ театрдың өгіз аяңы осы кезде бәсеңдеуге айналды. Тасбақа аяңға түсті. Айналамыздағы құрылыстың, өрлеу-өсудің қарқынына ілесе алмай болдыруға айналды, мұны осы жазғы көрсеткен ойындарына қарап айтамыз. «Театрда дағдарыс» деп ұялмастан айтуға аузымыз ыңғайланып қояды. Илайым айтқанымыз келмесін!

Қалайда театрдың қазіргі күйі көптің кеңесін керек қылады. Көп болып көмектесіп, театрдың жұмысына жәрдем беруді тілейді. Театр туралы жұртшылық пікірі көтерілу керек дейміз. Сол көптің бірі болып, өз пікірімізді айтқымыз келеді. Айтқанда, театрымыздағы бір кемшіліктердің бастыларын айтып, кемшілікті қалай жоюды, театрды қалай жөндеуді сөз қылмақшы боламыз.

Театрдың ең үлкен кемшілігі — өз орнын тауып отырған жоқ. Ол орнын жоғарыда айттық. Театр — социалдық құрылыстың бір қаруы, еңбекшілердің сана-сезімін ұйыстырушы дедік. Алдымен театрдың осы негізді жоспары жоқ. Әрісі Кеңес Одағының, берісі Қазақстанның бесжылдықтарының белгілі көші болмай сыртта қалатын театр, өнер біздікі емес, бес жылдық жоспардың жөні мен жұмысын белгілемеген театр, еңбекшілерге театр бола алмайды. Бесжылдық жоспар шаруаны қалай жаңаласа, онымен бірге мәдениет, өнер, әдебиет майдандары да бес жылдығын жасамай болмайды. Өнерлі кәсіп, ауыл шаруалары бес жылда қанша зауыт салса, машина алса, ұйымдасса, театр да бес жылдықтың ішінде көпшіліктің сана-сезіміне қаншалық жаңа тәрбие беретіндігін белгілеу керек. Театр жоспары осы негізде жасалса, сонан соң іс жүзіндегі өзге жұмыстардың өзі менмұндалап туып отырмақшы.

Театрды сөз қылғанда қолға алатын мәселенің қабырғалысы осы жоспар мәселесі демекпіз. Енді театрдың жай- жабдығына келелік. Алдымен театрдың үйін сөз қылсақ, Алматы жағдайында онша өкініш келтірерлік үйі жаман емес. Орта сауда үйі бар.

Әсіресе жазғы сахнасы жақсы. Жасатқаны абиыр болған. Тек мына қыста сол сахнаны шірітпеудің амалын істеу керек. Ал қысқы үйінің қысаң екені байқалады. Оған сыймай жатқан халқымыз да шамалы. Бірақ түбінде театр көркейеді. Көруші жұрты көбейеді. Түбінде тарлық қылады да, өр тістер айналып-үйіріліп, киініп-жасанып жататын бөлек- бөлек бөлме, келген көп рахаттанып демалып, сусындап, тамақтанып, өзді-өзіне меймандасып жататын залдар болса, әрине, жақсы болар еді ғой. Болса оған қарсылығымыз жоқ.

Әңгіменің үлкені — ойын-сауықта (репертуарда), біздің қай жұмысымыз болса да артында қоры жоқ, қордасыз, мұрасыз жаңадан жағалып жатқан жаңа жұмыстар. Әсіресе әдебиет, әдебиет ішінде театр әдебиеті бізде өте мұқтаждықта. Театр әдебиеттің туғаны төңкерістен бері ғана, бар кітаптарымыздың салт-санаға үлгі, ұйыстырушы болары аз. Көбінің саны бар, сапасы жоқ. Әсіресе бүгінгі тілекке қабысатын ойын жабдығы жоқ. Бірсыпыра кітабымыз салт- сана жағынан бағыты теріс. Еңбекшілер жұртшылығының тілегін таппайды. Керегіне жарамайды. Жүрегін айнытады. Көп кітабымыз — көркемдік жағынан көже. Көрген көпшілікті театрдан тоңын айналдырып үркітетіндер. Мазмұннан жұрдай, жалаңаш. Өнер жоқ. Өнеге жоқ. Көрімдік беріп көрген жұрт көнектен шошыған биедей безіп жоғалады. Жалғыз ойын кітабымыз ғана емес, ойынымыздың, өлеңіміздің, әніміздің, мәніміздің көбі осылай. Жасыратын қылық жоқ.

Ойын-сауықта жаңалық жоқ, көбі ескі. Ескірді. Алжыды. Ескі өмірдің де жақсы айнасы, түзу сыншысы бола алмаған сыңаржақтар, жарымжандар. Жаңа өмірге жанаспайтындар. Күнбе-күнгі тілектен, тұрмыстан ұзап артта қалғандар. Осы күнгі өмірді бастамақ түгіл жұртта қалғандар. Міне, осындайларды тулақтай сүйреп күнде сабаудың астына, күнде көптің аддына таға берген соң, елді де ер қашты қылып, әртістердің де жанын қинап келеміз. Міне, қопа қайда.

Театр мәселесінің ең жанды жері — осы репертуар. Жұртшылықтың жауапты жері де осы. Театрға жоғары жоспарды жасаған соң оның жаны да, жабдығы да осы репертуар. Репертуарымыздың жайы жоғары айтқан. Олай болса, жұртшылық болып жаңадан қолға алатын жұмыс — жаңадан репертуар жасау мәселесі. Бұған кеңес жұртшылығы кең қатыссын, бұған жазушылар жұртшылығы толық жауапты. Іске кіріссін. Пролетариат, қара шаруа, жазушылар ұйымы жазушыларды іске жексін. Жазушыларға театр мұрындық болсын. Оқу комиссариаты басшылық қылсын. Мәдени көшті пайдалана білсін, бастай білсін. Театрды көпшілікке коммунистік тәрбиенің күшті құралы қыламыз десек, тезден бұл жұмысты қолға алуымыз керек.

Ойын-сауықтың ақсақ жағынын бірі — ән-күй бөлімі; ән-күй театрдың ең жанды бөлімі. Бұл жөнде әнші-күйшіміздің саны бірталай болса да, салмағы көңілдегідей емес; ән-күйдегі соңғы табыс — Ковалев бастаған екі-үш хор, рояль дейтіндер бар. Мұнда бұрынғы жалғыз-жалғыз жамырамадан көрі қосылып айтудың біраз реттелгені, жиналғандығы бар екені рас. Бірақ көпті көңілдендіріп отырған хор жоқ. Жасар жаңалығы жоқ. Қазақша хор ескі екі-үш әннен асқан жоқ. Затаевичтің еңбегі арқылы жиһан жүзіне тарап жатқан мыңдаған әніміз бар деп мақтанамыз. Өзге елде мақтайды. Мәскеу газеттері мақтаған Қызыл жар хоры қайда? Қазақстан театрында бұлар неге болмайды? Неге іске баспады? Әндердің театрдың үйренуіне көнбейтіндігіне таң-тамашамыз. Салынатын әндер әртістердің өз ауылдарынікі... Оңтүстік, Күнбатыс Қазақстан әндері, әйтеуір, әншілерге көнбейді. Әншілерде жат ән, жаңа ән салу жоқ. Жинау жоқ. Қарулану, үйрену жоқ. Домбырашылар Кіші жүздің ірі сарынды, мазмұнды көркем күйлерін, Адайдың марштарын неге тартпайды? Орал, Бөкей баласы Мұхит әндерін тыңдамай тыянақтар ма. Бұларды әншілеріміз неге үйренбейді, неге өзінше түрлемейді?

Бізше, театрдағыларда талант бар. Талап жоқ. Ыңырану бар, ынта жоқ. Істің көзін тауып соңына түсу жоқ. Өзге жұртшылықтан да,өз арасында да бір-біріне көмек жоқ, көтермеші жоқ. Айталық, бүгінде қазақта асқан әнші—Әміре. Дауыс бар. Тәжірибе бар. Сахнада үш-төрт жыл Мәскеу, Париж, Орта Азия, Қазақстан түгел— Әміренің аралаған жері. Осы Әміреде қанша табыс бар? Өшті деуге болмас, өсті ме? Жоқ. Әміренің жүгі әлі орнында. Баяғы Семейдің қымызшы базарындағы Әміре —өлі Әміре. Әлі «Ағашаяқ». Әміре әлі «ағаш» күйінде, Әміреде талант, талабы болса, «Ағашаяқтан» басқа әндерді салуға, өндеуге, ажарлауға мұршасы келмейтін себебі не?

Қалыбек — күлдіргі (комик) шал да болады. Кемпір де болады. Қыз да, келіншек те болады. Кұс болып шақырады. Ешкі болып бақырады. Бір өзі бір үйдің іші болып, бір уақиғаны («пьесешені») жалғыз өзі түгел атқарып шығады. Сонда Қалыбектің басында тымақ үстінде шекпен болса да «кемпір» дейсің. Үстінде жейде, басында тақия болса да ешкі дейсің. Осындай талант «өгіз сатқан шалдан» неге аса алмайды? Мұндай «жанды фельетон» жан-жағындағы жаңа өмірді неге сынамайды? Неге үлгі қылмайды? Ешкі, құс, кемпір, келіншек болып, көріп отырған көпшілікті талтүсте адастырып әкететін күшті әртіс Қалыбек комсомол, коммунист, конпескеленген бай, қызы қашқан шал неге болмайды? Бүгінгі солардың жақсысын да, жаманын да жұрт алдына неге шығармайды?

Өзге әртіс, ақын, әншілерге де айтарымыз осы. Театрдың көркею жағының бір шеті — әртістердің өзінің өсуінде, өздерінің қарулануында. Ән-күй, күлдіргі сықақ декламациялардың көбеюінде, жаңадан жаға тууында.

Ән-күйді айтқанда ойға келетін бір нәрсе — оркестр. Тегінде, сахнаға жарайтын күшті күйшілер —оркестр. Жеке- жеке домбыра көп дүрмекті қыздыра алмайтынына көз жетті.

Театрда ойнаушы аз. Осы күнгі бары үлкенірек пьесеге жетпейді. Бір ойында әртіс неше қайтара туады. Ойыншы өзін-өзі зорлайды. Рөл атқармайды; мойнынан парыз түсіреді. Мұндайдан жақсы дәметуге де болмайды.

Қолдағы бар әртістеріміздің көбі ойыншы емес, тойшы. Әуесқойлар. Бірқатары әншілер, күйшілер, өлеңшілер —Иса, Әміре, Бісмілда, Құрманбек, Манарбек, Базарбайлар әртіс емес, айқайшылар. Ә деген даусы жаңа шәкірттер. Театрда жаратылысынан жорға әртіс аз. Қалыбек, Серке, Елубайлар — әртіс деп ауыз толтыратындарымыз — осылар. Бұлар кәдімгі әртістер. Бірақ бұлар да бір-бір белгілі (Қалыбек — аңқау, арамза шал; Серке — іші мерез, атқамінер; Елубай — бақсы, молда) типтері (нұсқындары) болмаса, онан өзгені ойнай алмай жүр. Ойнауға талап еткені жөн шығар, бірақ өзін-өзі зорлау да жақсы емес.

Театрға жан беретін — әйел әртіс. Көрікті, күшті дауысты, жақсы ойнаушы әйелі жоқ театр — жарымжан. Көпті қанағаттандыра алмайды. Әйелден ойнаушы табу мәселесі — театрға ең керекті мәселе.

Театр жабдықтан жұрдай. Киімнен сырдай. Бір-екі көнетоз шапанды шал да киеді, кемпір де киеді, қыз да киеді. Семейдің сыпырма бөркі мен саптама етігін бөкей де киеді. Адай да киеді. Найман тымақты орыс та киеді. Ноғай да киеді.

Керекті жабдық (декорация) жоққа тән. Жалбыратып әкеліп ұстайтын жарты қанат үй бар. Бар бетке ұстар осы. Ол да тозуға айналды. Жабдық, киім-кешекті молайтудың қамына жөндеп кіріспей болмайды. Театрда ойынның әртүрлі жабдығы, Қазақстан киімдерінің барлық белгісі болмай жарымаймыз. Бұған ақша аясақ, еш нәрсе таба алмаймыз. Бұған қаражат берудің үстіне жұртшылық көмегі керек.

Әртістердің өз айтуынша: «оқып жүрміз» дейді. Не оқып, не қойғаны, театр өнерінен қанша хабардар болғаны белгісіз. Не даусында, не қимылында өзгеріс көрінбейді. Оқудың аз болса да ұққаны, жұққаны сезілмейді. Әмірелердің ән әлібін оқып сауаты шыға қойды ма екен? Қараңғы.

Тегінде үйретпей өнер болмайды. Оқу комиссариатының қыстан бері студия ашуы орынды-ақ. Оқуды жөндеп күшейту керек. Өнер мектебін өркендетпей өнеріміз үлгі бере алмайды. Кеңірек мектеп ашып, көбірек адам дайындау керек. Ол мектептерді қайыршылатпай оқытушы, жабдық, қаражат жағынан қамсыз ету керек. Мұнымен қатар үлкен қалалардағы ән-күй, өнер мектептеріне, консерваторияларға, кино, театрларға, олардың студияларына қазақтың талапты ұлы-қызын кіргізу керек. Бар әртісті оқытып тәрбиелеу керек. Осындай мәдени күштерді, өнер адамдарын дайындау оқу комиссариатының бес жылдығының бір көрнектісі болу керек.

Театрдың қысқы мезгілге қанша дайындығы бары бізге белгісіз. Театр ойыны негізінен өзгермей, жаңаланбай, жазғы мезгілдегісіндей болса, онда жақсы емес. Онда театрда — дағдарыс. Қалайда қысқы мезгілге театрдың қандай дайындығы бар, не істелді, не істелмекші — театрдағылар жұрт алдында айтуы керек шығар. Біз негізгі кемшіліктерді ғана сөз қылдық сөз қылғанда бір айта кететін нәрсе, театр директоры Жұмат жолдастың жүгін жеңілдету керек сияқты. Театрдың ұсақ-түйек, шаруа мәселелері директорға, әрине, қолбайлау. Театрдың жалпы жұмысына, басшылығына кедергі келтіреді. Сондықтан, біздің ойымызша, директордың бір мықты орынбасары болу керек дейміз.

Сонымен, сөз сіргесін жиярда айтарымыз — театр қазіргі дәуірдегі өз міндетін түгел ашып алсын. Өз орнын білсін, еңбекшілер жұртшылығы театр жұмысына жөндеп жәрдем берсін.

1929 жыл.

 

Ұқсас материалдар