Қандастар Ассамблея

Өсу жолында

08.12.2012 7143
  ӨСУ ЖОЛЫНДА   Қазақ прозасының негізгі даму бағдары туралы   Қазақ әдебиетінің, оның нар жүгін арқалаған бастаушы жанры — қазақ прозасының соңғы жетіжылдық жемісіне көз жіберсек ең алдымен көңіл қуантарлық табыстарын байқамасқа болмайды. Жазушылардың IV-V съездерінің арасы қазақ прозасының ең жемісті жылдары шығарманың саны да мол, бірақ біз әдебиет табысына қуанғанда еш уақытта санмен өлшеген емеспіз. Біз әдебиеттің жетіліп дамуын, көркемдік жаңа сатыға көтерілуін айтамыз.   Қазақ прозасын тұтас қарағанда — прозаиктердің басым көпшілігі елеулі еңбек еткенін көреміз. Үлкені болсын, кішісі болсын әр жазушы-ақ, жаңа туындылар берді.   Әр жазушы-ақ кешегісінен бүгін ілгері аттады. Жазған кітаптары әрқайсысының творчестволық активіне елеулі үлес қосты, жазушыны көркем ойдың жаңа бір сатысына көтерді, сонымен бірге қазақ прозасын да толықтырып, молықтыра түсті.   Қазіргі оқушы қауымның кәдесіне жараған, көркемдік, рухани азығына айналған көптеген шығармалар жарық көрді. X. Есенжановтың «Ақ Жайық» циклі, Ә Нұрпеисовтың «Қан мен тер» трилогиясы сияқты көлемді, эпикалық туындылар, Ғ. Мұстафиннің «Көз көргені», С. Мұқановтың «Есею жылдары» сияқты мемуарлық шығармалар; З. Шашкиннің «Теміртау», «Сенім», Ғ. Слановтың «Асау арна», Ә. Шәріповтің «Партизан қызы», Т. Әлімқұловтың «Ақбоз ат», Ә. Сәрсенбаевтың «Капитан ұлы», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», Ө. Канахиннің «Дәмелі», «Маздақ», С. Бақбергеновтің «Қайран шешем», Д. Әбілевтің «Ақын арманы», Р. Райымқұловтың «Түйелі адамы», Қ. Қайсеновтің партизан повестері, С. Шаймерденов, С. Омаров, А. Хангельдин, Н. Ғабдуллин, Ә Нұршайықов, Ж. Тілеков, С. Бегалин, III. Құмарова Ж. Жұмақанов, Қ. Исабаев, С. Сарғасқаев және де өзге жазушылардың роман, повестері, көп жазушылардың әңгімелер кітабы дүниеге келді. Әрине, бұл аталған шығармалар арқалаған әлеуметтік жүгі жағынан да, я қазақ әдебиетіне қосқан көркемдік үлесі жағынан да бір-біріне тең емес. Бірақ бұлардың басым көпшілігі-ақ тақырыбы, зерттеген өмір құбылысы, жаңадан жасаған образдар галереясы, көркемдік құралы жағынан тұтас алғанда қазақ прозасына елеулі үлес қосты, оның ілгерілеп келе жатқан перспективасын танытты. Әдебиетіміздегі іздену жолдарының, өсу процестерінің, даму тенденцияларының айғағы болды. Сонымен бірге әр автордың әр дәрежедегі іздену, өсу, ілгерілеу жолдарын да танытты.   Барша кітаптарға мүшелеп жеке баға беруді қоя тұрып, жалпы қазіргі қазақ прозасын тұтас алғанда — соңғы жеті жылда одан бұрынғы қай кезеңмен салыстырғанда да әдебиетіміздің өсу процесінің едәуір жеделдегені байқалады.   Бұлайша қарқындап өсудің тағы бір куәсі — әдебиетке келген кейінгі толқын жаңа күш. Қазақ прозасының соңғы толқыны сан жағынан да, сапа жағынан да — дәстүрді жалғайтын жаңашылдықты, жас әдебиеттің ізденімпаз, өскелең қабілетін таныта келді. Олардың көбісі алдыңғылар шиырлаған кәнігі жолға оңай түсіп, көп дүрмектің соңында шаң жұтып қалмай, өнер жолындағы өз соқпағын іздеп, өз талантын сынай келеді. Бұл балғын жас сонар оқушы назарын бірден аударды. Аз уақыттың ішінде әдебиетімізге сіңіп, өз орнын алды. Қазақ прозасының елеусіз қалдыруға болмайтын жарастықты бір бұтағына айналды. Қ. Ысқақов пен Ш. Мұртазаевтың, Ә. Тарази мен С. Мұратбековтің С. Жүнісов пен P. Тоқтаровтың, Т. Жармағамбетов пен Е. Домбаевтың, Ә. Набиев пен Ж. Ахметовтің. С. Бердіқұловтың әңгіме, повестері болмаса бүгінгі қазақ прозасының балғын нұры бетіне шығып дәл осылай құлпырып тұрар ма еді.   Қазіргі уақыт елімізде тарихи оқиғаларға, қоғамымыз бастан кешкен асулы кезеңдер жайлы саяси, философиялық жинақтауларға толық кезең. Сондықтан да болар, совет әдебиеті реалистік болмыстың ойы мен қырына, биігі мен тұңғиық терең қабаттарына, қай тарихи кезеңге де шұқшия көз салады. Бәріне де зерттеушінің ойлы жанарымен үңіледі. Мен қазақ прозасының соңғы кездегі үлкен табысы деп оның әлеуметтік кең диапазонын айтар едім.   Қазақ прозаиктері біздің әр күніміздің тарихи кезең екенін, онда әлі түп шешімін тауып болмаған этикалық, моральдық, философиялық түбегейлі мәселелерді неғұрлым тезірек шешсек, соғұрлым адамзат аңсаған қоғамды жақындата түсетінімізді қазір қай кездегіден де тереңірек түсінді. Сондықтан да қазақ прозасының идеялық тереңдігі артты.   Жазушыларымыз қай кездегіден де батыл сөйлеп, шындықты батыл көрсете алатын болды. Бұл батылдық қоғам өмірін жіті аңғарып, жіті түсінетін рухани сергек, жаңаға елгезек, жауапкершілігі мол, көреген азаматқа тән парасатты батылдық. Бұл жазушының да әрбір совет азаматы сияқты осы өмірге қожалық сезімінен, сол өмірге шын жанашыр жауапкершілігінен туған батылдық. Мұндай батылдықсыз ешбір суреткер, ешбір шығарма азаматтық дауысқа ие бола алмайды.   Кейінгі қазақ прозасының ендігі бір үлкен табысы деп оның суреткерлік рухының шыңдалып, азаматтық даусының күшейгенін айтар едік. Сол арқылы оның арқалаған әлеуметтік жүгі ауырлады, бүгінгі тіршілігімізге тікелей атқаратын қызметі үлкейді.   Қазақ прозасы соңғы елу жылда жасалған жас проза. Аз уақытта ұзақ жол өткен өскелең проза. Біздің өсу жолымызда өзіміз сияқты жазба әдебиеті жас социалистік ұлттармен ұқсастығымыз аз емес. Сонымен бірге біздің даму жолымыз бүкіл советтік көркем ойдың дамуымен сабақтасып жатады. Бұл терең тамырласқан баянды байланыс. Бірақ біздің өз дәстүріміз, қайталанбас даму ерекшелігіміз де жоқ емес. Қандай дәстүр болмасын ол тек дамып, ілгерілеп отырса ғана өзін-өзі сақтай алатыны — белгілі шындық.   Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардың жақсы нышаны — оның ізденімпаздық рухының күшеюі, жазушылардың көркем сөзге жауапкершілігінің артуы. Бұл іздену сапары тар шеңберде, бір бағытта ғана үңгіп бара жатқан жоқ. Көркемдік құбылыстың көп саласын қамтып, түр жаңалығын ғана іздемей көркемдік құралдарының қилы-қилы қатпарын ақтарып келеді. Осы ізденудің жалпы нәтижесі — бүгінгі қазақ прозасының эмоциялық, байлығы мен қуаты, лирикалық тебіренісі, психологиялық тереңдігі артты. Бұл жаңалықтардың әсерін лирикаға бейім әңгіме, новелла, повестерден ғана емес, прозаның кең құлашты эпикалық формаларынан да көреміз. Және осы іздену жолында жүргендер — қашан да жаңалыққа бейім әдебиетіміздің соңғы жас буыны ғана емес, орта буын тіпті творчестволық ұзақ жол өткен аға буын өкілдерінін де үлкен ойлану, толғану үстінде жүргенін, бұрынғы шыққан төбесіне місе тұтпай, алдағы күнге дәмелене қарайтынын байқаймыз. Шығармадан шығармаға жаңа түр, өзіндік тәсіл, соны бояу іздеп қатайып болмаған дауыстарын әр регистрге салып сынап жүрген Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Ақан Нұрманов сияқты талапты әм талантты жастармен қатар әдебиетіміздің ана шетінен Ғабиден Мұстафинді мысалға алар едім. Мұстафин, Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлин сияқты творчестволық жолын европалық әдебиеттің дәрежесінен бастаған жоқ, ол жас әдебиеттің алғашқы балалық қадамымен бірге өсіп келе жатқан жазушы. Және оның бүкіл «балалық ауруын» басынан кешірді. «Өмір не өлімнен» «Шығанағы» бөлек болса, «Миллионерінен» «Қарағандысы» бөлек. Бұл алақолдық емес, жазушының қадам басқан сайын сатылап көтерілуі. Сондай-ақ ең кейінгі жазылған «Көз көргені» соның алдында ғана жазылған «Дауылдан кейіннен» — ілгерілегенін танытады. Шығармадан шығармаға жазушының көркемдік құралы молығып, өмір мен адам табиғатына тереңірек бойлайтын әлеуметтік және психологиялық көргендігі өткірленіп, реалистік шеберлігі тереңдеп келе жатқанын байқаймыз. Қазақ әдебиетінің ең қарт өкілдерінің бірін мысалға алып отырған себебім — бүгінгі әдебиетіміздің жасы бар, кәрісі бар, проза жанрының көлемдісі бар, шағыны бар — негізінен іздену үстінде екенін айтпақпын. Әрине, қашан да тірі әдебиет статикалық мызғымас халде қалған емес, бірақ соңғы кезде ізденушілердің қатары көбейді, өрісі кеңіді. Қазақ жазушылары өрелі, үлкен әдебиетінің артын ала жүретін шәкірттік, үйренушілік дәрежесінен бойы өсіп, бүгінгі күнгі көркем ой барлаушыларының алдыңғы сапына шыға бастады.   Мен қазақ прозасының «Абай жолы» эпопеясы шыққаннан кейінгі үлкен табысы деп оның көркемдік қуаты толысып, қазіргі заманғы маман (профессионал) әдебиет дәрежесіне еркін көтеріліп келе жатқанын айтар едім.   «Абай жолы» қазақ прозасының мерейін асырды. Сонысымен бірге қазақ үшін үлкен сын болды. Біз Әуезов қаламынан ұзақ уақыт толғатып, сирек туатын алып шығарма алдық. Бұл қуанышты жағдай жас прозаның алдына аса биік асу, салмағы зор міндет қойып берді. Я, бұл шығармадан кейін қазақ прозасына қойылатын критерий оқыс биіктеп кетті де жас әдебиеттің жотасына аса ауыр жүк артылды. Бірақ «Абай жолы» жапан даладағы шоқы емес еді, оған дейін баспалдақтан көтерілген талай асу белдері бар, қазақ әдебиеті атты үлкен жотаның биік шыңы болатын. «Абай жолынан» кейінгі проза оған дейінгі прозадан талантты жазушыны да, талантты шығарманы да көп туғызды. Ол өзінің алып тұлғасымен қазақ прозасының талай өскелі, өнгелі тұрған бүршік бұтақтарын тұншықтырып тастаған жоқ, қайта қазақ прозасының қаулап өсуіне берекелі көктемдей игі әсер етті. Біз дәл бүгін «Абай жолымен» тепе-тең түсетін жеке шығарманы атай алмасақ та, қазақ прозасының жалпы табысы — ұлы шығарманың ізін суытпағанын үлкен медет етеміз. Және ол проза көп бағытта ізденіп, мәуелі ағаштай бұтақ жайып, кеңейіп келеді.   Халқымыздың жаңа заман орнатқанына елу жыл толар қарсаңда совет адамы өзі, өз елі, өз қоғамы өткен қиын жолға қиядан үңілген тұста жазушыларымызды тарихи тақырыпқа ден қойды деп сынау әбестік болар. Өйткені, тарихи ұлы оқиғалар жайлы ойлану, зерттеу — халқымыздың рухани тілегінен, қоғамымыздың бүгінгі саяси-моральдық, философиялық ойымызға қойып отырған талабынан туындайтын әлеуметтік заказ. Кейінгі жылдары К. Федин, М. Стельмах, М. Айбек, Фатих Хусни, Т. Сыдықбеков сияқты бауырлас әдебиеттердің ірі өкілдерінің бұл тақырыпқа ерекше үңіліп, жемісті еңбек етіп жүргендігі осы шындықты растайтын сияқты. Қазір қаламгерлеріміз Ұлы Октябрь революциясының елу жылдық тойы алдында ерекше шабыт үстінде жүрген кезінде мына бір жай өте-мөте толғантуға тиіс. Ол еліміз өткен тарихи кезеңдер жайлы тақырыптарға қалай барып, қалай игеру жайы. Әрине, бұл салада совет әдебиеті өз алдына бір дербес мектеп, дербес дәстүр ашты, талай-талай озық шығармалар тудырды. Алайда, мұндай мол үлгі бұл тақырыптарды оңайлатпады. Өйткені әдебиет ашылғанды қайта ашу емес, белгілі бір өмірлік құбылыстың бұған дейін біз білмеген соны қыр, соны сырларын ашу. Осы ретте, қазақ прозашыларының алдында мынадай екі творчестволық проблема бар. Оның біреуі барша совет әдебиетіне ортақ проблема. Ол — тарихи өткен мен бүгінгі күн арасындағы дистанция, осыған байланысты суреткердің алдында ашылатын жаңа ракурс, жаңа перспектива, өткенге бүгінгі күн тұрғысынан үңілу. Әрбір тарихи ұлы оқиға жайлы сол оқиғаның тұсында немесе әлі ыстық-суығы басылмай тұрғанда жазылған шығарма мен арада бірнеше жылдар өткен соң жазылған шығарманың арасында айырма болатыны әбден даусыз. Өйткені, екеуін тудыратын екі түрлі принцип, екі түрлі талап. Біріншісі, өнер арқылы адамдардың жүрегін, отын, күш-жігерін болып жатқан тарихи күрес аренасына шақырып, әділеттің жағына шығару. Екіншісі, болып өткен тарихи құбылыстың түп себептерін үңіле зерттеп, орнаған жаңа дәуірдің тарихи заңдылықтарын ашу, халыққа өзі жеңген қиын майданды, өзі істеген ұлы ерлікті көрсетіп жаңа ерліктерге, өз қаны, өз терімен келген жеңісті одан әрі баянды етуге шақыру, өзі жеңген жауды егжей-тегжейлі көрсетіп, оның барлық құпиясын ашып, ондай өгей құбылыстың тағы да қайталанбауына жағдай жасау. Бұлар бір-біріне кереғар емес, бірінен-бірі өрбитін принциптер. Өткенге бүгінгі күн тұрғысынан қараудың түп діңгегі де сол. Бұл проблема совет әдебиетінің ең үздік туындыларында жемісті шешіліп келді. Алайда, бәр-бәр уақытта дұрыс шешіліп барша суреткер тегіс игеріп болған проблема емес. Бізде ойыншық жауды оңай жеңіп жатқан оңай күрес, оңай айқасты көрсеткен шығармалар әлі ұшырайды. Және олар Ұлы Октябрь, коллективтендіру, Отан соғысы сияқты еліміз бастан кешкен ең жауапты кезеңдер жайлы шығармалар боп шығады. Біз алған қамалды, біз жеңген жауды оңайлатпау керек. Тарих батырлықпен жасалады, батырлықпен сақталады, батырлықпен зерттеледі. Әшекейді, оңай жылтырақты ол сүймейді. Біз қазіргідей тұста тарихи оқиғаның атақ-даңқын жамылып, оңай шығып кете қойғыш жылпос конъюнктуризмге аса сақ болуымыз керек. Өйткені, уақыт біздің алдымызға ұлы міндетті — өзіміздің қолымызбен жазып шығу міндетін қойып отыр. Бұл жолда жылтырақ лакировкаға, ұшқалақтыққа, үстірттікке жол жоқ. Олар біздің ұлы тарихымыздың бәсін түсіреді.   Ұлы Октябрь тақырыбына жазатын қазақ жазушысының алдындағы екінші проблема — қазақ даласы және Октябрь. Революция қазақ даласына импортпен келген жоқ, қазақ қоғамының тарихи дамуының заңды нәтижесі болды. Алайда, қазақ даласында Октябрь революциясының жеңіп шығуының тарихи өзгешеліктері, дара сипаттары да бар.   Оны Қазақстанның феодализмнен бірден социализмге өткенімен-ақ түсіндіруге болады. Өзіміз күніге жүз қайталайтын осы тарихи шындық өзінің көркем бейнесін тауып болды ма? Жоқ. Қазақ тарихының осы бір өзгеше процесті үңіле зерттеп, көрсететін тұсы осы қазір. Адамзат қоғамының қазіргі дамуы, ғасырлар бойы отаршылдың тұзағында қылғынып келген халықтардың қазіргі күресі бұл проблеманың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті. Сондықтан да Қазақстан тарихы — әлеуметтік саяси мәні зор актуальды тақырып.   Біз қазақ прозаиктерінің соңғы жылдарда тарихи тақырыпта жазылған шығармаларынан алдымен осы екі проблеманың қалай шешілгенін іздейміз.   Қазақ оқушылары соңғы он жыл бойы жазушының қаламына телміріп, қашан бітеді деп асыға күткен шығармалардың бірі Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығы». Жазушы жуырда ғана ұзақ жылдық еңбегіне ақырғы нүкте қойды. «Ақ Жайық» — оқушыға бұрын проза жанрына ілікпеген, атымен соны аймақ туралы кітап. Орал өңірі ежелден қазақ тарихына көп бет қосқан өлке. Онда ежелден бері Россияда бар әлеуметтік құбылыстар да, қазақ даласында бар әлеуметтік құбылыстар да қоян-қолтық араласып келеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында да, азамат соғысы жылдарында да екі өмірдің аласапырандары осы өңірде тоғысып, жиынтық көрініс тапты. Ұлы Октябрь революциясы тұсында да осы кезде бар әр қилы саяси құбылыстар бұл өлкеде түгел ұшырасты. Сондықтан да, мұндағы оқиғалар қазақ даласына Ұлы Октябрьдің қалай келгенін толығырақ аша түседі. Автор да осыған тырысқан. Оның бас қаһарманы Хакім, орыс мектебінің шәкірті, қазақ даласының перзенті. Роман басталғанда ол екі әлемді де көріп жүр, екеуімен де етене араласа қойған жоқ қаланың әр қилы алабажақ өмірі бұл үшін бір соны дүние; соның бел ортасына енуге ынтық артта қазақ даласы, сахара өмірі; Хакім оны сағынады. Осындай әрі-сәрі жас жігіттің қаланы да, даланы да дүр сілкінтіп, оята келген ұлы оқиғаның тұсында қалай есейіп, қалай ат жалына қолы жетіп азамат болғаны — трилогияның өзегі. Саяси күрес мектебінен өтпеген қазақ жігітінің революцияға келу жолы қиын да күрделі процесс. Мұның өзі жазушыға Хакімнің көзімен сол кездегі қазақ даласының көп шындығын қамтуға мүмкіндік берген. Біз алғашқы кітаптан мысқалдап ер жетіп, төңірегіндегі кереғар, айқыш-ұйқыш шындықты аңыра танып келе жатқан жас жігітті көрсек, соңында азамат боп атқа қонған Хакімді көреміз. Жазушы Хакімнің аңғарымпаз, зерттеуші зердесі арқылы әуелі қазақ даласының қилы-қиян шындығын, ел басына туған тарихи кезеңде, бұл үшін де, бұның елі үшін де атымен соны тұрпатты Әбдірахман, Бақытжан Қаратаев сияқты қазақ азаматтарын сол арқылы революция сипатын тани бастайды. Күрес арнасынан тысқары бозбала жігіт үшін әлгі айтып отырған эволюциялық кезеңдердің әрқайсысының өзі әлденеше жылға созылатын ұзақ процесс. Бірақ, сол кездегі бүкіл өңірге жайылып келе жатқан революция дүрбелеңі жас жігіттің дүние танымын, заман танымын тездетті.   Жазушы Хакімнің революцияға келуі жолын сол кездегі қазақ даласының cан тарап саяси өмірінің елегінен өткізіп суреттейді. Жазушының өз романына болары болып, бояуы сіңген, саяси көзқарасы әбден қалыптасқан профессионал революционердің өмір жолы емес, ауылда өсіп, қалада оқыған қазақ жігітінің революция жылдарындағы өмір жолын өзек еткені, сол жылдардың шындығын жан-жақты мол қамтуына, әр қырынан көрсетуіне, сол кездегі саяси өмірді егжей-тегжей ашуына мүмкіндік жасаған әділетшіл семьяда туып, оқыған, көзі ашық, көңілі сергек Хакімді революцияға әкелген ұстаз революционерлердің түзік тағылымы ғана емес, сол кездегі қазақ даласының тарихи шындығы. Жазушы осы процесті жіті зерттеп, жіті аша алған. Бір орыс жұмысшысына жолыға сала революционер болып шыға келетін шұғылдық мұнда жоқ. X. Есенжанов жас жігіттің рухани өсу эволюциясын, оған революция жылдарының әсерін психологиялық дәйегімен пайымды суреттейді. Жас жігіттің есею, ер жету процесі, лунно танымының өсуі күрт, шұғыл емес, ұтылы-сатылы. Жігіттің көзқарасындағы осы сатылап өсуді нанымды суреттей алған жазушы оның революциялық әрекеттерінде ара-тұра шұғыл кетіп, қаһарманды ұрт қимылдатып алып отырады. Әрине, оның көбін сол кездің оқыс оқиғаға, шұғыл қимылға толы қауырт мезгіл екендігін айтып ақтауға болады. Алайда, ондай жауапты тапсырмаларды мінсіз орындау үшін көзқарастың дұрыстығымен қоса, революциялық іске, астыртын жұмысқа үйренген жытылық, тәжірибелілік керек. Хакімнің ондай мектептен өтпей жатып та ұрымтал қимылдап кете беретіні бар.   Ол кезде қазақ даласының революцияға қосылуына кедергі болған бірден-бір ішкі саяси күш — алашорда қозғалысы. Алашорданың тарихи аренаға шығуы да заңды, күйpeyi де заңды. Мұндай саяси құбылыс сол кезде орыс патшасының отаршылдығында болған қай ұлттың да тарихында кездеседі. Мұндай қозғалыс, мұндай партия Закавказье ұлттарында да, көрші Орта Азия ұлттарында да болған. Өйткені, отарлық езгі көрген ұлтта ұлтшылдық көзқарастың туындауы, оның басында сол ұлтта енді-енді тамыр-тамыр сала бастаған буржуазияшыл элементтердің болуы арғы-бергі тарихта көп кездесіп жүрген құбылыс. Алашорда қозғалысы да — осындай ұлтшыл-буржуазияшыл қозғалыс. Ол Россиядағы жаңа жағдайға байланысты, революция дүрбелеңі тұсында бөлек орда көтеріп, ту тігіп қалуды көздеді. Қазақ халқының алдында сол кезде: «Енді қайтпек керек?» — деген тарихи сауал тұрғанын олар да ұқты. Олар дербес ұлттық мемлекет құруды ойлады. Бірақ алашордашылар партиясында Қазақстандағы сол кездегі тарихи жағдайды түпкілікті өзгерте аларлық, пәлен ғасыр мешеу халде келген халықты прогресс жолына түсіре аларлық қауқар болмады. Оның үстіне бұл партияның көсемдері Россияның бұрынғы белгілі буржуазияшыл партияларының өкілдері еді; олар бұрынғы партияларының саяси платформаларына сол кездегі Қазақстанның тарихи жағдайынa пәрмені тие алатын соны ештеме қоса алмады; қысқасы, Қазақстанның тарихи дамуы мүддесіне лайық саяси партия бола алмады. Оның үстіне алашордашылардың көсемдерінің көбі бұрынғы байшыл-патриархалдық институттардың құлы боп қалды; өз араларында да алауыздық, халықтың жайынан бейхабар төрешілдік орын алды, белгілі бір саяси тактикасы, стратегиясы болмады; өздерінің дербес саяси орталығы жоқ, әрқайсысы әр аймақтағы ақ гвардияшыл генералдардың сахарадағы бір филиалы ретінде ғана қайрат етті. Мұндай партияның халықты өз маңына топтастыра алмауы, ұлт тарихына пәлендей өзгеріс жасай алмауы тарихи заңды мәселе. Алайда, сол тұс жайлы жазылған тарихи шығармада ескерусіз қала беретін елеусіз оқиға да емес. Қазақ даласының Ұлы Октябрь революциясына қосылу процесін сөз етсек, бұл құбылысты аттап өте алмасақ керек-ті. Өйткені, осы заманғы тарих үшін, азаттық алған жаңа ұлттар үшін совет ұлттары тарихындағы бұл беттердің сырларын түптеп ашудың әлеуметтік мәні зор. Бірақ осы кезге дейін біздің әдебиетімізде алашордашылар тақырыбы тым бір жақты, әсіресе күлкі планында шешіліп келді. Еліміз елу жылға толып, оның даму үрдісі өзге жұртқа өнеге болып отырған тұста біздің тарихымызда орын алған мұндай құбылысты әшейін ажуа ету жеткіліксіз, біз оның барша саяси астарын, тарихи дәйексіздігін, өмірсіздігін ашуымыз керек. Тарих бізге өзіміз жеңген жаудың кескінін жан-жақты да терең ашып беру міндетін қойып отыр. Ендеше, тарихтың бұл беттеріне де сайқымазақ емес, зерделі зерттеушінің жанарымен үңілуіміз керек. X. Есенжанов та осыны мақсат тұтқан. Оның романындағы алашордашылар үйреншікті әсіре бояудан біраз арылған. Алашорда өкілдерінің де бейнелері дараланып, нанымды, сенімді тұрпат тапқан. Жымпиты алашордасының басшылары айлалы да ересек Шанша Досмұхамбетов, ылғи тізеге салуды, ылғи әрекетті сүйетін Халел Досмұханбетов, Петербург оқуын тауысып, сылқым кейіптен әлі арыла алмай жүрген доктор Ыхлас Шұғылов, шаш ал десе бас алар аламан басы Абылаев, қолына билік берсе, қай өкіметке де қызмет етуге де әзір реакционер Арон Қаратаев, әрқайсысы дара құлық, дара қылыққа ие бейнелер. Олар алашорда құбылысының біраз сипаттарын, олардың мүддесінің халықтық мүддемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ашып берген. Бірақ жазушы бұл құбылыстың тарихи саяси кескінін дәл танып, дәл суреттегенмен, оның психологиялық кескініне көп бойламаған. Біздің халқымыздың бұл құбылысқа байланысты өз драмасы, өз трагедиясы бар. Олар да «азаттық», «бостандық», «еркіндік», «халық», «ұлт» деген сөздерді ту етті. Сол ұрандарға иланып, тар жол, тайғақ кешуге түскендер де болды. Бізге қазір осындай әзәзіл жолға түсіп арандағандардың да драмасын ашу керек. Өз тарихымызда орын алған саяси құбылыстың біз алдымен осы бір сипатын ашқанымыз жөн. Біз сонда ғана Октябрь жолының — Қазақстан үшін бірден-бір дұрыс жол болғанына айқынырақ көз жеткіземіз. Октябрь тақырыбындағы Григорий Мелехов, Рощин сияқты бейнелердің үлкен эстетикалық, философиялық маңызға ие болуының сыры да сонда. Олардың өмip жолы Октябрь революциясының тарихи заңдылығын әсерлі ашып берді. «Ақ Жайық» та, бұл тақырыптағы басқа шығармалар да, бұл құбылыстың осы бір қырын ашуға әлі күнге дәт қыла алмай келеді.   Осынау үлкен еңбекті оқи отырып, оның авторының суреткерлік ірі талантына қызыға, сүйсіне отырып, жазушы Хамза Есенжановтың суреткерлік шаруашылығының кейбір кемшіліктерін айтпай кете алмаймыз. Жазушы өзі жазып отырған материалды өте жақсы біледі, өте көп біледі. Дәуірдің тарихи шындығы бұл кітапта тасқын судай ақтарылып төгіліп жатады. Әдетте тасқын атаулының кей маңды көл қып кетсе, кей жотаны қызыл қайраң шөл қып кететін де мінезі бар. «Ақ Жайықта» да осындай мінез бар. Кейбір тараулары көк шалғынданып мәуелеп жатса, кей тараулары қызыл шағылданып кетеді. Оқушы көңілінің де бірде жазушының шұғылалы бояулы өмірінің суреттеріне масаттанып отырып, енді бір ауық құлазып қалатыны да сондықтан. Осындай ойдым-ойдым кету қаһармандардың іштей түлеу процесінің көрінуіне де, оқиға драматизмінің өрбуіне де әсер ететіні сөзсіз. Герой психологиясын оның жанындағы рухани процесі тарихи оқиғаның туындау, өсу-өрбу логикасын мөлдір жеткізе алатын серпінді пластика — қай-қай жазушылардың да, солардың ішінде Хамза Есенжановтың да қолына түгел түсе қоймай келе жатқан қазына.   Қанай үлкен тарихи тақырып болмасын бір жазушының, тіпті ол елден асқан ұлы жазушы болсын мейлі, өресіне түгел сыя бермейді, оның қыры мен сырын қандай ұлы талант болса да түгел сарқып, түгел тауысып кете алмайды. Әсіресе, бүкіл бір жаңа заман ашқан Октябрь тақырыбы. Біз бір тақырыптың әлі де талай ғасыр көркем творчествоның көзіне ілігетініне, бұл тақырыпқа әр дәуір, әр ұрпақ өзінше сусайтынына шексіз сенеміз. Біздің уақытымыз бұл тақырыптың барлық параллельдері мен барлық меридиандарына түгел көз салуды, барлық тереңіне түгел бойлауды, барлық қорын түгел шолуды міндеттеп отыр. Қазақ жазушылары да осындай кең қарымды еңбекке құлаш ұрған. Жалғыз «Ақ Жайықтың» ғана емес, «Көз көргеннің» де, «Қан мен тердің» де тақырыбы — Октябрь революциясы және қазақ даласы, қазақ халқының социализмге қалай аттанғаны. Бірақ бұл тақырыпты әр автор өзінше шешіп, өзінше меңгергені өз алдына, әр қырынан, әр қабатынан қарастырған. «Ақ Жайық» революцияның қызу майданы жүріп жатқан жылдарды, революцияның қақ ортасында жүрген жылдарды қамтыса, Ғ. Мұстафиннің «Көз көргені» революция сарынының алыс ауылға қалай жеткенін кеңінен шолады. «Ақ Жайықтың» қаһармандары ұлы оқиғаға қатысқан адамдар болса, «Көз көргеннің» қаһармандары — сол жылдардың сырт куәгері жас азамат. Роман соның революцияны қалай қабылдағаны, қалай өскені, жаңа заманға тап болған жас азаматтың өсу эволюциясы жайлы. Кітапта сонау жиырмасыншы жылдардың өмірі мен қазіргі алпысыншы жылдардың зерттеуші ойы тізе қосып, қатар көрініп отырады. Бірақ автор болған шындыққа зорлық жасамайды. Өмірлік фактының егжей-тегжейіне тереңдеп сүңгитін егде суреткер көзі сонау балауса азаматтың әсершіл де аңшыл жанарының аңдағанына қиянат қылмайды. Ғ. Мұстафин жиырмасыншы жылдар шындығын сонау жасөспірім Сарбаланың көзімен көріп, алпыстың асуынан асқан ақбас азаматтың көңілімен толғайды. Сонда бір кездегі Сарбаланың бір сырына түсінсе, бір сырына түсінбей сандалтқан алабажақ өмірі қазір сайдың тасындай сараланып, өзінің, өзімен қоса ұлтының іші-тысының қалай өзгергені жайлы шежіреге айналған. Егер X. Есенжанов сонау тарихи жылдардың шындығын мол қамту, мол қарауға, барынша мол мағыналы жинақтауларға ұмтылса, Ғ. Мұстафин сол тұстағы қазақ өмірінің әр қилы көріністерін барынша бажайлап, бақайшақтап шағын көрсеткен. «Ақ Жайықта» мол қарпымды синтез басым болса, «Көз көргенде» болмыстың ұңғыл-шұңғылын үңіле зерттеген анализ басым. «Ақ Жайық» — қазақ даласына Ұлы Октябрь революциясының қалай келгенінен шежіре шертсе, «Көз көрген» оны қазақ даласының қалай қабылдағанын, революция өзгерістерін бойына қалай сіңіргенін баяндайды. «Ақ Жайықтың» композициялық дамуына оқиға үстемдік етсе, «Көз көргеннің» желісін рухани есейіп келе жатқан жас азаматтың әсерлері өрбітеді. Бірақ Ғ. Мұстафиннің «Көз көргенін» жас адамның сырт көз әсерлерінің жиынтығы деп қарауға болмайды. Кітаптың өзегі — рухани процесс, жас азаматтың есею, жас қоғамның орнығу, кәрі халықтың өзгеру процесі халықтың, оның өкілінің жан диалектикасы. Сондықтан да бұл шығарма — нақтылы фактыларға құрылған, мемуарлық сипатына қарамастан — ел өмірін, герой өмірін көркемдік елегінен өткізген, үлкен жинақтауға жеткен көркем шығарма. Және соған қойылатын талаптың қай-қайсысын да көтере алады. Осы тұрғыдан алар болсақ — басты герой Сарбала әрекетінің бәсеңдігі мен оның сезім әсерінің, төңіректегі оқиғаға реакциясының кейбір шабандығы — кітаптың драмалық ширығуына біраз салқынын тигізген. Геройға іштей, рухани ширығу жетіңкіремей тұр.   Екі съезд арасындағы тарихи тақырыпқа жазылған елеулі шығармалардың бірі С. Мұқановтың «Есею жылдары» атты мемуарлық романы. Бұл одақ көлеміндегі оқушысына кеңінен таныс «Өмір мектебі» туындысының үшінші кітабы. Жазушы өзі куә болған тарихи драмалық оқиғаға толы ел өмірін, қиын да қызғылықты оқиғаларға бай өз өмірін суреттейді. Суреткер өмірін, суреткер тағдырын өзек етіп отыра, революциялық ұлы өзгерістерге толы дәуірдің сырын ашпақ болады. Үлкен жазушымыздың бұл көлемді еңбегінің алғашқы екі кітабы — жемісті де қызғылықты болғаны көпке мәлім. «Есею жылдарында» автор — қазақ халқының өміріне түбірлі өзгерістер енгізген жиырмасыншы жылдарды сөз етеді. Жазушы Қазақстан тарихында — өшпейтін із қалдырған көптеген революционерлердің, белгілі қоғам қайраткерлерінің бейнесін жасады. Сол бір революциялық пафосқа толы жылдардағы талай-талай әлеуметтік саяси оқиғалардан неше түрлі қызғылықты деректер берді. Автордың көргені көп. Кітаптың жақсы қасиеті — тарихта болған үлкен оқиғаларды қомақты қамтып, сонау ескіні сындырып, жаңаны енгізген от-екпінді ыстық жылдардың, қайнаған қызу күрес жылдарының естен кетпес нақты оқиғаларын қайта тірілтуінде. Кейде сабасынан асып кетсе — көркем шығармада жақсының өзі керісінше айналатын жағдай болады. Бұл шығармада — оқиғалар, фактылар тасқыны авторға әл бермей кеткен сияқты. Ұлан-асыр көп фактыны жазушы көркемдік елегінен өткізе алмай қалған.   Сыйлы, үлкен ақындарымыздың бірі Дихан Әбілев есейген шағында прозаға қарай ойысты. Жаңа жанрдағы алғашқы қаламын «Ақын арманы» атты көлемді романнан бастады. Бірден үлкен шығармадан және аса күрделі қиын тақырыптан бастады. Прозаға өзінің ақындық лебін жоғалтпай, жақсы-жақсы бояулармен келді. Алғашқы қалам сермесі Диханның түбі көшелі прозаик болатынын аңғартады. Бірақ жазушы өзін бірден қиынға салған. Сұлтанмахмұт өмірі қайталанбас ғажап өмір. Оның заманы, ақынның іздену, өсу жолы, философиясы — қазақ прозасында бұрын-соңды болмаған жаңаша шешім табуды қажет етеді. Ал, автор қазақ әдебиетінде сол тұсқа арналған шығармалар шиырлап тастаған үйреншікті соқпаққа түсіп кеткен.   Ал Сұлтанмахмұт басындағы хал — сол кездегі ауыл арасының үйреншікті тартыстары ғана емес, тарихи кереғар үлкен қозғалыстар тұсындағы — қазақтың жас интеллигенциясының қиын драмасы болатын. Ол тарихи жол айрыққа кеп толғанып, жас та болса басынан ел азаматына тән ауыр ойлар мен оқиғалар кешіп келді. Сонымен ерекше өмір кешкен, қайталанбас тағдыры, творчестволық қиын жолы бар Сұлтанмахмұт ашылмай қалды. Бұл үлкен асу бірінші ұмтылғанда авторға алдыра қоймаған.   X. Есенжанов пен Ғ. Мұстафиннің кітаптары Октябрь революциясының қазақ даласына қалай келгенінен шежіре шертсе, Әбдіжәміл Нұрпеисовтың «Қан мен тер» атты романы қазақ даласының Октябрьге қалай келгенін суреттейді. «Қан мен тер» қазақ әдебиетінің қатардағы кітабы емес, біздің социалистік реализм жолындағы жедел өсіп келе жатқан прозамызда ең өмірлі, өсімтал сипаттарын аңғартатын аса көрнекті құбылыс. Жазушы революция жылдарының қарсаңындағы қазақ өмірінің қат-қабаттарына, сан алуан адамдардың психологиясына, қоғамдық, әлеуметтік құбылыстардың терең қатпарына шын суреткердің көзімен үңілген. Романның әлеуметтік арқауы, халықтың революцияға келу жолы баяндау арқылы берілмеген, өмірдің өзін суреттеуден, бүкіл шығарманың көркемдік табиғатынан келіп шыққан.   Жазушы халықтың түбегейлі қасиеттерін, оның сарқылмас рухани күшін, жан сұлулығы мен қандай тар қапаста өмір тепкісінде жүрсе де айнымас гуманистік сипатын үлкен тебіреніс, шынайы шеберлікпен жеткізген. Құлашы кең талант ел өмірінің үлкен аумағын мол қамтып отырып, басты кейіпкерлері Еламан, Қалендерден бастап Судыр Ахмет, Қара қатынға дейін талай-талай сомдап соққан, қайталанбас характерлер жасады.   Бұл шығарма қазақ прозасының реализмді еркін меңгергенін, халық өмірінің қандай ірі, сүбелі құбылыстарын тереңнен толғауға көркемдік қуаты жететіндігін көрсетті.   Бұл романды біздің сыншылар қауымы әр қилы қабылдады. Үлкен шығарманың көркемдік сипатын, жазушы талантының табиғатын жете аңғара алмай, содан барып шығарманың барша салмағын пайымдай алмай жеңілге сайған, ұсақ-түйектің тасасынан үлкенді, тайызға малтығып тереңді көрмеген сындар да болды. Бұл біздің сыншыл дауымыздың балаңдығынан ғана болмас деп ойлаймын. «Нет пророка в своем отечестве» деген орыстың мақалы бар. Абзалы біз өзіміздің ең ірі шығармаларымызды — бүкіл одақтық сыншыл қауымның таразысынан өткесін ғана танып, қайтадан ашатын кезіміз болады. Бұған Әуезов тағдыры куә. «Қан мен тердің» орысшаға аударылған бірінші кітабын орыстың әдебиет қауымы жоғары бағалады.   «Сложность и правда жизни переданы в романе Абдижамила Нурпеисова именно потому, что отточенность художественной формы «Сумерек» свидетельствует о колоссальной работе над образами и над речестроем.   Эта титаническая работа по воссозданию казахских характеров, национальной психологии отлично выполнена автором. Этот роман — акт замечательного творческого дерзания. Исполненный огромной любви к родным степям роман непременно вызовет в нас ответную внутреннюю работу.   Роман «Сумерки»—работа честного, сильного художника. Ясная гражданственность Абдижамила Нурпеисова, мужественность и зрелость таланта помогли сотворению прекрасной книги», — деп жазды орыс сыншысы Фроловская.   Ал белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов былай деп жазады:   «Давно уже читаю книги Нурпеисова, давно влюблен в его талантливую, добротную прозу, многому у него научился...   Богатый, великолепный казахский язык, точные реалистические образы, проникновенная, несколько печальная степная поэзия, сложный психологизм и накаленный драматизм событий — все это предстает в романах Нурпеисова в едином сплаве, в мастерском изображени народной жизни и еще — в большой человечности и гражданственности самого автора».   Бұл романды орыстың қауымы да жақсы қарсы алды. Орысшаға аударылғанына жыл болмаса да кітаптың қазіргі тиражы үш миллионға жуықтады. Роман француз, чех тілдеріне аударылып жатыр.   Қазақ прозасының жасы елуден аз-ақ асты. Сондықтан да сол елу жылдың ар жақ, бер жағында халық өмірінің әдебиет шежіресіне түспеген ақ беттері аз емес. М. Қаратаевтың «Дала дабылы», Б. Тоқтаровтың «Жетісу жотасында», С. Бақбергеновтің «Қайран шешем» романдары, әрқайсысының әр сипатта көркемдік кемшілігі бола тұрса да — осы ақ беттерді толықтыра түседі.   Соңғы жылдардағы қазақ прозасының тағы бір жақсы нышаны бүгінгі күннің тақырыбына ден қоюында. Өз заманының мән-мағынасын ұғып, өз замандастарының сырын ашу — қай суреткердің болсын жан жүрегінің тілегі, азаматтық борышы.   Бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармаларға көз жүгіртсек олар қоғамдық, әлеуметтік өміріміздің сан-саласын қамтиды екен. Жұмысшылар өмірінен З. Шашкиннің «Темір тауы», Қ. Исабаевтың «Сұңқардың самғауы», Ө. Қанахиннің «Дәмелісі», Ш. Мұртазаевтың повестері, тың игерушілер, бүгінгі колхозшылар өмірінен Т. Әлімқұловтың «Ақбоз аты», З. Шашкиннің «Сенімі», А. Байтанаевтың «Жаңғырады даласы» С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйі». С. Мұратбековтің Ә. Нәбиевтің, Ә. Таразидың, Ж. Молдағалиевтің және өзгелердің әңгіме, повестері, ғалымдар өмірі, жалпы интеллигенция жайлы шығармалар да аз емес. Қазіргі шығып жатқан көп кітаптардың ең негізгі тақырыбы — осы бүгінгі күн. Бұл шынында да қазақ жазушыларын қатты толғантқан тақырып. Замандастарымыздың өміріне жазушыларымыздың жаппай назар аударуы — бүгінгі күн тақырыбын игеруде елеулі жаңалықтар да ала келді. Ол өндірістік проблеманы емес, әлеуметтік, адамгершілік, моральдық проблемаларды алға шығарады. Жазушыларымыз өндірістік процеске ғана емес, әлеуметтік, қоғамдық процестерге, геройдың жұмыс процесіне ғана емес, оның жан дүниесіне, моральдық бейнесіне тереңірек үңілетін болды. Соның нәтижесінде өзімізге сыр мінез, тілегі де, мұңы да таныс, жаны жақсы замандастарымызды аштық.   Т. Әлімқұловтың «Ақбоз атындағы» кешегі мен бүгінгі екі қилы өмірдің куәсі болған, үлкен қайрат, қажыр иесі, көп дүниені басынан кешкен салиқалы қазақ әйелінің жарқын бейнесі Гүлнәш пен үлкен өмірге енді дендеп еніп келе жатқан, жан сезімі нәзік, ой толғамы оралымды Елеусіз; З. Шашкиннің «Темір тауындағы» біліміне адамгершілігі сай, қажырлы, қайратты еңбеккерлер — бүгінгі қазақ интеллигенциясының тартымды бейнелері Қайыр мен Дәмеш; Ө. Қанахиннің «Дәмелі» романындағы соғыс жылдарында ел басына түскен ауыртпалықты қайыспай арқалаған, көп төзімді, кең мінезді қазақ әйелі Дәмелі; З. Қабдоловтың «Жалынындағы» тұлғасы да, мінезі де сомдап соққандай кесек, ақ деген жолынан таймайтын қатал мінезді принципшілдігіне сезімтал нәзік жаны мен адамға деген мейірбандығы қиыннан қиысып келіп қабысқан, қазақ жұмысшысының әдебиеттегі соны бейнесі — қарт мұнайшы Сардар Сұлтанов; С. Шаймерденовтің «Қарғашындағы» салмақты ойы мен лирикалық сезімі мол, бойында адамгершілік жылуы мол Сапар; Ә. Нұршайықовтың «Махаббат жырындағы» Павка Корчагин мен Мересьев тағдырын еске салатын, бірақ өзіндік ұлттық бөлек характері бар Әділхан.   Жас жазушы Ш. Мұртазаев жас та болса тағдыры қиын, кейде құлап барып түзелген, жандары саф таза сыршыл, қазақ жұмысшыларының кейінгі буынының, бұрын қазақ прозасының назарына ілікпеген, соны бейнелерін әкелді. Ал, С. Мұратбеков бүгінгі ауыл жастарының психологиясын жан-жақты үңгіп ашып келеді. Ш. Комарова қазақ қыздарының ертеден дәстүрлі образдарынан өзгеше, жаңаша тартымды бейнелерін жасап жүр. Бұл аталған жас жазушылар өз алдарындағы Б. Соқпақбаев, Қ. Ысқақовқа ілесе жастар бейнесін бұрынырақта қазақ әдебиетінде көбірек тараған дәстүрлі схемадан, жалған пафос немесе с

 

ӨСУ ЖОЛЫНДА

 

Қазақ прозасының негізгі

даму бағдары туралы

 

Қазақ әдебиетінің, оның нар жүгін арқалаған бастаушы жанры — қазақ прозасының соңғы жетіжылдық жемісіне көз жіберсек ең алдымен көңіл қуантарлық табыстарын байқамасқа болмайды. Жазушылардың IV-V съездерінің арасы қазақ прозасының ең жемісті жылдары шығарманың саны да мол, бірақ біз әдебиет табысына қуанғанда еш уақытта санмен өлшеген емеспіз. Біз әдебиеттің жетіліп дамуын, көркемдік жаңа сатыға көтерілуін айтамыз.

 

Қазақ прозасын тұтас қарағанда — прозаиктердің басым көпшілігі елеулі еңбек еткенін көреміз. Үлкені болсын, кішісі болсын әр жазушы-ақ, жаңа туындылар берді.

 

Әр жазушы-ақ кешегісінен бүгін ілгері аттады. Жазған кітаптары әрқайсысының творчестволық активіне елеулі үлес қосты, жазушыны көркем ойдың жаңа бір сатысына көтерді, сонымен бірге қазақ прозасын да толықтырып, молықтыра түсті.

 

Қазіргі оқушы қауымның кәдесіне жараған, көркемдік, рухани азығына айналған көптеген шығармалар жарық көрді. X. Есенжановтың «Ақ Жайық» циклі, Ә Нұрпеисовтың «Қан мен тер» трилогиясы сияқты көлемді, эпикалық туындылар, Ғ. Мұстафиннің «Көз көргені», С. Мұқановтың «Есею жылдары» сияқты мемуарлық шығармалар; З. Шашкиннің «Теміртау», «Сенім», Ғ. Слановтың «Асау арна», Ә. Шәріповтің «Партизан қызы», Т. Әлімқұловтың «Ақбоз ат», Ә. Сәрсенбаевтың «Капитан ұлы», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», Ө. Канахиннің «Дәмелі», «Маздақ», С. Бақбергеновтің «Қайран шешем», Д. Әбілевтің «Ақын арманы», Р. Райымқұловтың «Түйелі адамы», Қ. Қайсеновтің партизан повестері, С. Шаймерденов, С. Омаров, А. Хангельдин, Н. Ғабдуллин, Ә Нұршайықов, Ж. Тілеков, С. Бегалин, III. Құмарова Ж. Жұмақанов, Қ. Исабаев, С. Сарғасқаев және де өзге жазушылардың роман, повестері, көп жазушылардың әңгімелер кітабы дүниеге келді. Әрине, бұл аталған шығармалар арқалаған әлеуметтік жүгі жағынан да, я қазақ әдебиетіне қосқан көркемдік үлесі жағынан да бір-біріне тең емес. Бірақ бұлардың басым көпшілігі-ақ тақырыбы, зерттеген өмір құбылысы, жаңадан жасаған образдар галереясы, көркемдік құралы жағынан тұтас алғанда қазақ прозасына елеулі үлес қосты, оның ілгерілеп келе жатқан перспективасын танытты. Әдебиетіміздегі іздену жолдарының, өсу процестерінің, даму тенденцияларының айғағы болды. Сонымен бірге әр автордың әр дәрежедегі іздену, өсу, ілгерілеу жолдарын да танытты.

 

Барша кітаптарға мүшелеп жеке баға беруді қоя тұрып, жалпы қазіргі қазақ прозасын тұтас алғанда — соңғы жеті жылда одан бұрынғы қай кезеңмен салыстырғанда да әдебиетіміздің өсу процесінің едәуір жеделдегені байқалады.

 

Бұлайша қарқындап өсудің тағы бір куәсі — әдебиетке келген кейінгі толқын жаңа күш. Қазақ прозасының соңғы толқыны сан жағынан да, сапа жағынан да — дәстүрді жалғайтын жаңашылдықты, жас әдебиеттің ізденімпаз, өскелең қабілетін таныта келді. Олардың көбісі алдыңғылар шиырлаған кәнігі жолға оңай түсіп, көп дүрмектің соңында шаң жұтып қалмай, өнер жолындағы өз соқпағын іздеп, өз талантын сынай келеді. Бұл балғын жас сонар оқушы назарын бірден аударды. Аз уақыттың ішінде әдебиетімізге сіңіп, өз орнын алды. Қазақ прозасының елеусіз қалдыруға болмайтын жарастықты бір бұтағына айналды. Қ. Ысқақов пен Ш. Мұртазаевтың, Ә. Тарази мен С. Мұратбековтің С. Жүнісов пен P. Тоқтаровтың, Т. Жармағамбетов пен Е. Домбаевтың, Ә. Набиев пен Ж. Ахметовтің. С. Бердіқұловтың әңгіме, повестері болмаса бүгінгі қазақ прозасының балғын нұры бетіне шығып дәл осылай құлпырып тұрар ма еді.

 

Қазіргі уақыт елімізде тарихи оқиғаларға, қоғамымыз бастан кешкен асулы кезеңдер жайлы саяси, философиялық жинақтауларға толық кезең. Сондықтан да болар, совет әдебиеті реалистік болмыстың ойы мен қырына, биігі мен тұңғиық терең қабаттарына, қай тарихи кезеңге де шұқшия көз салады. Бәріне де зерттеушінің ойлы жанарымен үңіледі. Мен қазақ прозасының соңғы кездегі үлкен табысы деп оның әлеуметтік кең диапазонын айтар едім.

 

Қазақ прозаиктері біздің әр күніміздің тарихи кезең екенін, онда әлі түп шешімін тауып болмаған этикалық, моральдық, философиялық түбегейлі мәселелерді неғұрлым тезірек шешсек, соғұрлым адамзат аңсаған қоғамды жақындата түсетінімізді қазір қай кездегіден де тереңірек түсінді. Сондықтан да қазақ прозасының идеялық тереңдігі артты.

 

Жазушыларымыз қай кездегіден де батыл сөйлеп, шындықты батыл көрсете алатын болды. Бұл батылдық қоғам өмірін жіті аңғарып, жіті түсінетін рухани сергек, жаңаға елгезек, жауапкершілігі мол, көреген азаматқа тән парасатты батылдық. Бұл жазушының да әрбір совет азаматы сияқты осы өмірге қожалық сезімінен, сол өмірге шын жанашыр жауапкершілігінен туған батылдық. Мұндай батылдықсыз ешбір суреткер, ешбір шығарма азаматтық дауысқа ие бола алмайды.

 

Кейінгі қазақ прозасының ендігі бір үлкен табысы деп оның суреткерлік рухының шыңдалып, азаматтық даусының күшейгенін айтар едік. Сол арқылы оның арқалаған әлеуметтік жүгі ауырлады, бүгінгі тіршілігімізге тікелей атқаратын қызметі үлкейді.

 

Қазақ прозасы соңғы елу жылда жасалған жас проза. Аз уақытта ұзақ жол өткен өскелең проза. Біздің өсу жолымызда өзіміз сияқты жазба әдебиеті жас социалистік ұлттармен ұқсастығымыз аз емес. Сонымен бірге біздің даму жолымыз бүкіл советтік көркем ойдың дамуымен сабақтасып жатады. Бұл терең тамырласқан баянды байланыс. Бірақ біздің өз дәстүріміз, қайталанбас даму ерекшелігіміз де жоқ емес. Қандай дәстүр болмасын ол тек дамып, ілгерілеп отырса ғана өзін-өзі сақтай алатыны — белгілі шындық.

 

Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардың жақсы нышаны — оның ізденімпаздық рухының күшеюі, жазушылардың көркем сөзге жауапкершілігінің артуы. Бұл іздену сапары тар шеңберде, бір бағытта ғана үңгіп бара жатқан жоқ. Көркемдік құбылыстың көп саласын қамтып, түр жаңалығын ғана іздемей көркемдік құралдарының қилы-қилы қатпарын ақтарып келеді. Осы ізденудің жалпы нәтижесі — бүгінгі қазақ прозасының эмоциялық, байлығы мен қуаты, лирикалық тебіренісі, психологиялық тереңдігі артты. Бұл жаңалықтардың әсерін лирикаға бейім әңгіме, новелла, повестерден ғана емес, прозаның кең құлашты эпикалық формаларынан да көреміз. Және осы іздену жолында жүргендер — қашан да жаңалыққа бейім әдебиетіміздің соңғы жас буыны ғана емес, орта буын тіпті творчестволық ұзақ жол өткен аға буын өкілдерінін де үлкен ойлану, толғану үстінде жүргенін, бұрынғы шыққан төбесіне місе тұтпай, алдағы күнге дәмелене қарайтынын байқаймыз. Шығармадан шығармаға жаңа түр, өзіндік тәсіл, соны бояу іздеп қатайып болмаған дауыстарын әр регистрге салып сынап жүрген Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Ақан Нұрманов сияқты талапты әм талантты жастармен қатар әдебиетіміздің ана шетінен Ғабиден Мұстафинді мысалға алар едім. Мұстафин, Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлин сияқты творчестволық жолын европалық әдебиеттің дәрежесінен бастаған жоқ, ол жас әдебиеттің алғашқы балалық қадамымен бірге өсіп келе жатқан жазушы. Және оның бүкіл «балалық ауруын» басынан кешірді. «Өмір не өлімнен» «Шығанағы» бөлек болса, «Миллионерінен» «Қарағандысы» бөлек. Бұл алақолдық емес, жазушының қадам басқан сайын сатылап көтерілуі. Сондай-ақ ең кейінгі жазылған «Көз көргені» соның алдында ғана жазылған «Дауылдан кейіннен» — ілгерілегенін танытады. Шығармадан шығармаға жазушының көркемдік құралы молығып, өмір мен адам табиғатына тереңірек бойлайтын әлеуметтік және психологиялық көргендігі өткірленіп, реалистік шеберлігі тереңдеп келе жатқанын байқаймыз. Қазақ әдебиетінің ең қарт өкілдерінің бірін мысалға алып отырған себебім — бүгінгі әдебиетіміздің жасы бар, кәрісі бар, проза жанрының көлемдісі бар, шағыны бар — негізінен іздену үстінде екенін айтпақпын. Әрине, қашан да тірі әдебиет статикалық мызғымас халде қалған емес, бірақ соңғы кезде ізденушілердің қатары көбейді, өрісі кеңіді. Қазақ жазушылары өрелі, үлкен әдебиетінің артын ала жүретін шәкірттік, үйренушілік дәрежесінен бойы өсіп, бүгінгі күнгі көркем ой барлаушыларының алдыңғы сапына шыға бастады.

 

Мен қазақ прозасының «Абай жолы» эпопеясы шыққаннан кейінгі үлкен табысы деп оның көркемдік қуаты толысып, қазіргі заманғы маман (профессионал) әдебиет дәрежесіне еркін көтеріліп келе жатқанын айтар едім.

 

«Абай жолы» қазақ прозасының мерейін асырды. Сонысымен бірге қазақ үшін үлкен сын болды. Біз Әуезов қаламынан ұзақ уақыт толғатып, сирек туатын алып шығарма алдық. Бұл қуанышты жағдай жас прозаның алдына аса биік асу, салмағы зор міндет қойып берді. Я, бұл шығармадан кейін қазақ прозасына қойылатын критерий оқыс биіктеп кетті де жас әдебиеттің жотасына аса ауыр жүк артылды. Бірақ «Абай жолы» жапан даладағы шоқы емес еді, оған дейін баспалдақтан көтерілген талай асу белдері бар, қазақ әдебиеті атты үлкен жотаның биік шыңы болатын. «Абай жолынан» кейінгі проза оған дейінгі прозадан талантты жазушыны да, талантты шығарманы да көп туғызды. Ол өзінің алып тұлғасымен қазақ прозасының талай өскелі, өнгелі тұрған бүршік бұтақтарын тұншықтырып тастаған жоқ, қайта қазақ прозасының қаулап өсуіне берекелі көктемдей игі әсер етті. Біз дәл бүгін «Абай жолымен» тепе-тең түсетін жеке шығарманы атай алмасақ та, қазақ прозасының жалпы табысы — ұлы шығарманың ізін суытпағанын үлкен медет етеміз. Және ол проза көп бағытта ізденіп, мәуелі ағаштай бұтақ жайып, кеңейіп келеді.

 

Халқымыздың жаңа заман орнатқанына елу жыл толар қарсаңда совет адамы өзі, өз елі, өз қоғамы өткен қиын жолға қиядан үңілген тұста жазушыларымызды тарихи тақырыпқа ден қойды деп сынау әбестік болар. Өйткені, тарихи ұлы оқиғалар жайлы ойлану, зерттеу — халқымыздың рухани тілегінен, қоғамымыздың бүгінгі саяси-моральдық, философиялық ойымызға қойып отырған талабынан туындайтын әлеуметтік заказ. Кейінгі жылдары К. Федин, М. Стельмах, М. Айбек, Фатих Хусни, Т. Сыдықбеков сияқты бауырлас әдебиеттердің ірі өкілдерінің бұл тақырыпқа ерекше үңіліп, жемісті еңбек етіп жүргендігі осы шындықты растайтын сияқты. Қазір қаламгерлеріміз Ұлы Октябрь революциясының елу жылдық тойы алдында ерекше шабыт үстінде жүрген кезінде мына бір жай өте-мөте толғантуға тиіс. Ол еліміз өткен тарихи кезеңдер жайлы тақырыптарға қалай барып, қалай игеру жайы. Әрине, бұл салада совет әдебиеті өз алдына бір дербес мектеп, дербес дәстүр ашты, талай-талай озық шығармалар тудырды. Алайда, мұндай мол үлгі бұл тақырыптарды оңайлатпады. Өйткені әдебиет ашылғанды қайта ашу емес, белгілі бір өмірлік құбылыстың бұған дейін біз білмеген соны қыр, соны сырларын ашу. Осы ретте, қазақ прозашыларының алдында мынадай екі творчестволық проблема бар. Оның біреуі барша совет әдебиетіне ортақ проблема. Ол — тарихи өткен мен бүгінгі күн арасындағы дистанция, осыған байланысты суреткердің алдында ашылатын жаңа ракурс, жаңа перспектива, өткенге бүгінгі күн тұрғысынан үңілу. Әрбір тарихи ұлы оқиға жайлы сол оқиғаның тұсында немесе әлі ыстық-суығы басылмай тұрғанда жазылған шығарма мен арада бірнеше жылдар өткен соң жазылған шығарманың арасында айырма болатыны әбден даусыз. Өйткені, екеуін тудыратын екі түрлі принцип, екі түрлі талап. Біріншісі, өнер арқылы адамдардың жүрегін, отын, күш-жігерін болып жатқан тарихи күрес аренасына шақырып, әділеттің жағына шығару. Екіншісі, болып өткен тарихи құбылыстың түп себептерін үңіле зерттеп, орнаған жаңа дәуірдің тарихи заңдылықтарын ашу, халыққа өзі жеңген қиын майданды, өзі істеген ұлы ерлікті көрсетіп жаңа ерліктерге, өз қаны, өз терімен келген жеңісті одан әрі баянды етуге шақыру, өзі жеңген жауды егжей-тегжейлі көрсетіп, оның барлық құпиясын ашып, ондай өгей құбылыстың тағы да қайталанбауына жағдай жасау. Бұлар бір-біріне кереғар емес, бірінен-бірі өрбитін принциптер. Өткенге бүгінгі күн тұрғысынан қараудың түп діңгегі де сол. Бұл проблема совет әдебиетінің ең үздік туындыларында жемісті шешіліп келді. Алайда, бәр-бәр уақытта дұрыс шешіліп барша суреткер тегіс игеріп болған проблема емес. Бізде ойыншық жауды оңай жеңіп жатқан оңай күрес, оңай айқасты көрсеткен шығармалар әлі ұшырайды. Және олар Ұлы Октябрь, коллективтендіру, Отан соғысы сияқты еліміз бастан кешкен ең жауапты кезеңдер жайлы шығармалар боп шығады. Біз алған қамалды, біз жеңген жауды оңайлатпау керек. Тарих батырлықпен жасалады, батырлықпен сақталады, батырлықпен зерттеледі. Әшекейді, оңай жылтырақты ол сүймейді. Біз қазіргідей тұста тарихи оқиғаның атақ-даңқын жамылып, оңай шығып кете қойғыш жылпос конъюнктуризмге аса сақ болуымыз керек. Өйткені, уақыт біздің алдымызға ұлы міндетті — өзіміздің қолымызбен жазып шығу міндетін қойып отыр. Бұл жолда жылтырақ лакировкаға, ұшқалақтыққа, үстірттікке жол жоқ. Олар біздің ұлы тарихымыздың бәсін түсіреді.

 

Ұлы Октябрь тақырыбына жазатын қазақ жазушысының алдындағы екінші проблема — қазақ даласы және Октябрь. Революция қазақ даласына импортпен келген жоқ, қазақ қоғамының тарихи дамуының заңды нәтижесі болды. Алайда, қазақ даласында Октябрь революциясының жеңіп шығуының тарихи өзгешеліктері, дара сипаттары да бар.

 

Оны Қазақстанның феодализмнен бірден социализмге өткенімен-ақ түсіндіруге болады. Өзіміз күніге жүз қайталайтын осы тарихи шындық өзінің көркем бейнесін тауып болды ма? Жоқ. Қазақ тарихының осы бір өзгеше процесті үңіле зерттеп, көрсететін тұсы осы қазір. Адамзат қоғамының қазіргі дамуы, ғасырлар бойы отаршылдың тұзағында қылғынып келген халықтардың қазіргі күресі бұл проблеманың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті. Сондықтан да Қазақстан тарихы — әлеуметтік саяси мәні зор актуальды тақырып.

 

Біз қазақ прозаиктерінің соңғы жылдарда тарихи тақырыпта жазылған шығармаларынан алдымен осы екі проблеманың қалай шешілгенін іздейміз.

 

Қазақ оқушылары соңғы он жыл бойы жазушының қаламына телміріп, қашан бітеді деп асыға күткен шығармалардың бірі Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығы». Жазушы жуырда ғана ұзақ жылдық еңбегіне ақырғы нүкте қойды. «Ақ Жайық» — оқушыға бұрын проза жанрына ілікпеген, атымен соны аймақ туралы кітап. Орал өңірі ежелден қазақ тарихына көп бет қосқан өлке. Онда ежелден бері Россияда бар әлеуметтік құбылыстар да, қазақ даласында бар әлеуметтік құбылыстар да қоян-қолтық араласып келеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында да, азамат соғысы жылдарында да екі өмірдің аласапырандары осы өңірде тоғысып, жиынтық көрініс тапты. Ұлы Октябрь революциясы тұсында да осы кезде бар әр қилы саяси құбылыстар бұл өлкеде түгел ұшырасты. Сондықтан да, мұндағы оқиғалар қазақ даласына Ұлы Октябрьдің қалай келгенін толығырақ аша түседі. Автор да осыған тырысқан. Оның бас қаһарманы Хакім, орыс мектебінің шәкірті, қазақ даласының перзенті. Роман басталғанда ол екі әлемді де көріп жүр, екеуімен де етене араласа қойған жоқ қаланың әр қилы алабажақ өмірі бұл үшін бір соны дүние; соның бел ортасына енуге ынтық артта қазақ даласы, сахара өмірі; Хакім оны сағынады. Осындай әрі-сәрі жас жігіттің қаланы да, даланы да дүр сілкінтіп, оята келген ұлы оқиғаның тұсында қалай есейіп, қалай ат жалына қолы жетіп азамат болғаны — трилогияның өзегі. Саяси күрес мектебінен өтпеген қазақ жігітінің революцияға келу жолы қиын да күрделі процесс. Мұның өзі жазушыға Хакімнің көзімен сол кездегі қазақ даласының көп шындығын қамтуға мүмкіндік берген. Біз алғашқы кітаптан мысқалдап ер жетіп, төңірегіндегі кереғар, айқыш-ұйқыш шындықты аңыра танып келе жатқан жас жігітті көрсек, соңында азамат боп атқа қонған Хакімді көреміз. Жазушы Хакімнің аңғарымпаз, зерттеуші зердесі арқылы әуелі қазақ даласының қилы-қиян шындығын, ел басына туған тарихи кезеңде, бұл үшін де, бұның елі үшін де атымен соны тұрпатты Әбдірахман, Бақытжан Қаратаев сияқты қазақ азаматтарын сол арқылы революция сипатын тани бастайды. Күрес арнасынан тысқары бозбала жігіт үшін әлгі айтып отырған эволюциялық кезеңдердің әрқайсысының өзі әлденеше жылға созылатын ұзақ процесс. Бірақ, сол кездегі бүкіл өңірге жайылып келе жатқан революция дүрбелеңі жас жігіттің дүние танымын, заман танымын тездетті.

 

Жазушы Хакімнің революцияға келуі жолын сол кездегі қазақ даласының cан тарап саяси өмірінің елегінен өткізіп суреттейді. Жазушының өз романына болары болып, бояуы сіңген, саяси көзқарасы әбден қалыптасқан профессионал революционердің өмір жолы емес, ауылда өсіп, қалада оқыған қазақ жігітінің революция жылдарындағы өмір жолын өзек еткені, сол жылдардың шындығын жан-жақты мол қамтуына, әр қырынан көрсетуіне, сол кездегі саяси өмірді егжей-тегжей ашуына мүмкіндік жасаған әділетшіл семьяда туып, оқыған, көзі ашық, көңілі сергек Хакімді революцияға әкелген ұстаз революционерлердің түзік тағылымы ғана емес, сол кездегі қазақ даласының тарихи шындығы. Жазушы осы процесті жіті зерттеп, жіті аша алған. Бір орыс жұмысшысына жолыға сала революционер болып шыға келетін шұғылдық мұнда жоқ. X. Есенжанов жас жігіттің рухани өсу эволюциясын, оған революция жылдарының әсерін психологиялық дәйегімен пайымды суреттейді. Жас жігіттің есею, ер жету процесі, лунно танымының өсуі күрт, шұғыл емес, ұтылы-сатылы. Жігіттің көзқарасындағы осы сатылап өсуді нанымды суреттей алған жазушы оның революциялық әрекеттерінде ара-тұра шұғыл кетіп, қаһарманды ұрт қимылдатып алып отырады. Әрине, оның көбін сол кездің оқыс оқиғаға, шұғыл қимылға толы қауырт мезгіл екендігін айтып ақтауға болады. Алайда, ондай жауапты тапсырмаларды мінсіз орындау үшін көзқарастың дұрыстығымен қоса, революциялық іске, астыртын жұмысқа үйренген жытылық, тәжірибелілік керек. Хакімнің ондай мектептен өтпей жатып та ұрымтал қимылдап кете беретіні бар.

 

Ол кезде қазақ даласының революцияға қосылуына кедергі болған бірден-бір ішкі саяси күш — алашорда қозғалысы. Алашорданың тарихи аренаға шығуы да заңды, күйpeyi де заңды. Мұндай саяси құбылыс сол кезде орыс патшасының отаршылдығында болған қай ұлттың да тарихында кездеседі. Мұндай қозғалыс, мұндай партия Закавказье ұлттарында да, көрші Орта Азия ұлттарында да болған. Өйткені, отарлық езгі көрген ұлтта ұлтшылдық көзқарастың туындауы, оның басында сол ұлтта енді-енді тамыр-тамыр сала бастаған буржуазияшыл элементтердің болуы арғы-бергі тарихта көп кездесіп жүрген құбылыс. Алашорда қозғалысы да — осындай ұлтшыл-буржуазияшыл қозғалыс. Ол Россиядағы жаңа жағдайға байланысты, революция дүрбелеңі тұсында бөлек орда көтеріп, ту тігіп қалуды көздеді. Қазақ халқының алдында сол кезде: «Енді қайтпек керек?» — деген тарихи сауал тұрғанын олар да ұқты. Олар дербес ұлттық мемлекет құруды ойлады. Бірақ алашордашылар партиясында Қазақстандағы сол кездегі тарихи жағдайды түпкілікті өзгерте аларлық, пәлен ғасыр мешеу халде келген халықты прогресс жолына түсіре аларлық қауқар болмады. Оның үстіне бұл партияның көсемдері Россияның бұрынғы белгілі буржуазияшыл партияларының өкілдері еді; олар бұрынғы партияларының саяси платформаларына сол кездегі Қазақстанның тарихи жағдайынa пәрмені тие алатын соны ештеме қоса алмады; қысқасы, Қазақстанның тарихи дамуы мүддесіне лайық саяси партия бола алмады. Оның үстіне алашордашылардың көсемдерінің көбі бұрынғы байшыл-патриархалдық институттардың құлы боп қалды; өз араларында да алауыздық, халықтың жайынан бейхабар төрешілдік орын алды, белгілі бір саяси тактикасы, стратегиясы болмады; өздерінің дербес саяси орталығы жоқ, әрқайсысы әр аймақтағы ақ гвардияшыл генералдардың сахарадағы бір филиалы ретінде ғана қайрат етті. Мұндай партияның халықты өз маңына топтастыра алмауы, ұлт тарихына пәлендей өзгеріс жасай алмауы тарихи заңды мәселе. Алайда, сол тұс жайлы жазылған тарихи шығармада ескерусіз қала беретін елеусіз оқиға да емес. Қазақ даласының Ұлы Октябрь революциясына қосылу процесін сөз етсек, бұл құбылысты аттап өте алмасақ керек-ті. Өйткені, осы заманғы тарих үшін, азаттық алған жаңа ұлттар үшін совет ұлттары тарихындағы бұл беттердің сырларын түптеп ашудың әлеуметтік мәні зор. Бірақ осы кезге дейін біздің әдебиетімізде алашордашылар тақырыбы тым бір жақты, әсіресе күлкі планында шешіліп келді. Еліміз елу жылға толып, оның даму үрдісі өзге жұртқа өнеге болып отырған тұста біздің тарихымызда орын алған мұндай құбылысты әшейін ажуа ету жеткіліксіз, біз оның барша саяси астарын, тарихи дәйексіздігін, өмірсіздігін ашуымыз керек. Тарих бізге өзіміз жеңген жаудың кескінін жан-жақты да терең ашып беру міндетін қойып отыр. Ендеше, тарихтың бұл беттеріне де сайқымазақ емес, зерделі зерттеушінің жанарымен үңілуіміз керек. X. Есенжанов та осыны мақсат тұтқан. Оның романындағы алашордашылар үйреншікті әсіре бояудан біраз арылған. Алашорда өкілдерінің де бейнелері дараланып, нанымды, сенімді тұрпат тапқан. Жымпиты алашордасының басшылары айлалы да ересек Шанша Досмұхамбетов, ылғи тізеге салуды, ылғи әрекетті сүйетін Халел Досмұханбетов, Петербург оқуын тауысып, сылқым кейіптен әлі арыла алмай жүрген доктор Ыхлас Шұғылов, шаш ал десе бас алар аламан басы Абылаев, қолына билік берсе, қай өкіметке де қызмет етуге де әзір реакционер Арон Қаратаев, әрқайсысы дара құлық, дара қылыққа ие бейнелер. Олар алашорда құбылысының біраз сипаттарын, олардың мүддесінің халықтық мүддемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ашып берген. Бірақ жазушы бұл құбылыстың тарихи саяси кескінін дәл танып, дәл суреттегенмен, оның психологиялық кескініне көп бойламаған. Біздің халқымыздың бұл құбылысқа байланысты өз драмасы, өз трагедиясы бар. Олар да «азаттық», «бостандық», «еркіндік», «халық», «ұлт» деген сөздерді ту етті. Сол ұрандарға иланып, тар жол, тайғақ кешуге түскендер де болды. Бізге қазір осындай әзәзіл жолға түсіп арандағандардың да драмасын ашу керек. Өз тарихымызда орын алған саяси құбылыстың біз алдымен осы бір сипатын ашқанымыз жөн. Біз сонда ғана Октябрь жолының — Қазақстан үшін бірден-бір дұрыс жол болғанына айқынырақ көз жеткіземіз. Октябрь тақырыбындағы Григорий Мелехов, Рощин сияқты бейнелердің үлкен эстетикалық, философиялық маңызға ие болуының сыры да сонда. Олардың өмip жолы Октябрь революциясының тарихи заңдылығын әсерлі ашып берді. «Ақ Жайық» та, бұл тақырыптағы басқа шығармалар да, бұл құбылыстың осы бір қырын ашуға әлі күнге дәт қыла алмай келеді.

 

Осынау үлкен еңбекті оқи отырып, оның авторының суреткерлік ірі талантына қызыға, сүйсіне отырып, жазушы Хамза Есенжановтың суреткерлік шаруашылығының кейбір кемшіліктерін айтпай кете алмаймыз. Жазушы өзі жазып отырған материалды өте жақсы біледі, өте көп біледі. Дәуірдің тарихи шындығы бұл кітапта тасқын судай ақтарылып төгіліп жатады. Әдетте тасқын атаулының кей маңды көл қып кетсе, кей жотаны қызыл қайраң шөл қып кететін де мінезі бар. «Ақ Жайықта» да осындай мінез бар. Кейбір тараулары көк шалғынданып мәуелеп жатса, кей тараулары қызыл шағылданып кетеді. Оқушы көңілінің де бірде жазушының шұғылалы бояулы өмірінің суреттеріне масаттанып отырып, енді бір ауық құлазып қалатыны да сондықтан. Осындай ойдым-ойдым кету қаһармандардың іштей түлеу процесінің көрінуіне де, оқиға драматизмінің өрбуіне де әсер ететіні сөзсіз. Герой психологиясын оның жанындағы рухани процесі тарихи оқиғаның туындау, өсу-өрбу логикасын мөлдір жеткізе алатын серпінді пластика — қай-қай жазушылардың да, солардың ішінде Хамза Есенжановтың да қолына түгел түсе қоймай келе жатқан қазына.

 

Қанай үлкен тарихи тақырып болмасын бір жазушының, тіпті ол елден асқан ұлы жазушы болсын мейлі, өресіне түгел сыя бермейді, оның қыры мен сырын қандай ұлы талант болса да түгел сарқып, түгел тауысып кете алмайды. Әсіресе, бүкіл бір жаңа заман ашқан Октябрь тақырыбы. Біз бір тақырыптың әлі де талай ғасыр көркем творчествоның көзіне ілігетініне, бұл тақырыпқа әр дәуір, әр ұрпақ өзінше сусайтынына шексіз сенеміз. Біздің уақытымыз бұл тақырыптың барлық параллельдері мен барлық меридиандарына түгел көз салуды, барлық тереңіне түгел бойлауды, барлық қорын түгел шолуды міндеттеп отыр. Қазақ жазушылары да осындай кең қарымды еңбекке құлаш ұрған. Жалғыз «Ақ Жайық

Ұқсас материалдар