Қандастар Ассамблея

Қазақ поэзиясындағы азаматтық лирика туралы

08.12.2012 4614
  Қазақ поэзиясындағы азаматтық лирика туралы   (Қазақстан Жазушылар одағының III съезінде сөйлеген сөзі)   I   Жолдас Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында поэзиямыздың хал-жайы туралы кеңінен шолып, көп жағдайда шығармаларға конкретті түрде тоқталып, материалды мол қамтып айтып кетті. Бұл баяндамадан кейін маған айтатын сөздің өзі де аз қалған тәрізді. Осымен жалғас жолдас Мұқановтың баяндамасы жайында сәл ғана айта кететінім: меніңше, осынша мол қамтылған баяндамада поэзиямыздың кейбір проблемалық мәселелеріне Сәбең дәлдеп, талдап тоқтала өткені жөн болатын еді. Мысалы: поэзиямыздың 15 жылдық өсу жолындағы жеткен қазіргі дәрежесіндегі шеберлік, форма, мазмұн, уақиғалы шығармамен уақиғасыз шығарма жайында, поэмалар түрінің спецификасын талдап адам образын жасау жағы қалай боп келгенін түсіндіргені жөн болатын еді. Әрине, уақыты да болмаған шығар, бірақ тоқталуы қажет еді. Бұл туралы мүмкін басқа сөйлеуші жолдастар толықтырар. Мен қазақ поэзиясындағы лирика туралы бір-екі ауыз ғана сөз айтқым келеді. Қазақ совет жазушыларының II съезінен бастап осы III съезіне дейінгі 15 жылдың ішінде поэзиямыз идеялық көркемдік жағынан біраз жетістіктерге жетіп, едәуір марқайды. Поэзиямызда мазмұн мен тақырып кеңеюі, адам образын жасауға бой ұру жағы жанданыңқырап өлеңнің мәдениеті өсу дәрежесі артты. Поэзиямыздың бұлайша өркендей бастауы ақындарымыздың өмір шындығына үңіле қарай білулері арқасында, сонымен қабат орыс әдебиетінің классиктерімен осы күнгі алдыңғы қатардағы талантты орыс ақындарынан үйрену нәтижесінде туды.   Біздің қазақ ақындары ұлы М. Горький мен В. Маяковскийдің творчестволық традициясымен өсті. Ақындарымыздың өсу кезеңдерінде оқытушыларын сүйіндіргендей тәуір шығармаларын берумен бірге, шеберлік жағынан бағзы бір кемшіліктері де болмай қойған жоқ.   II   1930 жылдар мен 1940 жылдардағы өсу кезеңдерінде поэзиямыздың көрнекті ақындары ауызға аларлықтай алуан-алуан азаматтық саяси лирикалар туғызды. Мысалы: бұл тұстарда Сәбит Мұқановтың «Сөз – советтік армия», «Колхозды ауыл осындай» атты өлеңдері; Асқар Тоқмағамбетовтің «Күшті болса көкте кім, күшті болмақ жерде сол», «Ең жоғары» атты өлеңдері; Әбділда Тәжібаевтың «Сырдария», «Айнабұлақ» жырлары; Ғали Ормановтың лирикалары; Жұмағали Саиннің «Жетім серті», «Құлыншақ» өлеңдері; Қасым Аманжоловтың «Жауынгер жыры» тағы да сол сияқты Әбу Сәрсенбаевтың, Қалижан Бекхожиннің, Диқан Әбілевтің талай өлеңдері поэзиямыздың сол кездегі дәрежесіне тәуірлік жағынан айғақ бола алады. Әрине, бұл авторлардың басқа өлеңдерінде кемшілік жоқ деп айтуға тағы да болмайды. Бірақ, ол өз алдына бір мәселе. Ал, менің айтайын деп отырғаным жалпы сол кезеңдегі поэзиямыздағы жалынды жырлардың өркендей бастаған шағын айта кеткім келгендігі. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ ақындарымыз халқымыздың екпінді еңбегін, елімізде болып жатқан алуан түрлі жетістіктерді, күнделік ел қимылын іле-шала жырлап отырғанын көреміз. Соған байланысты бұл тұстағы жалынды жырларымыздың елімізге белсенді еңбек еткенін көреміз. Ақындарымыздың жалынды саяси жырлары үнемі елге еңбек етуде. Сол себепті оның маңызы өте күшті.   III   Ұлы Отан соғысы тұсында қазақ ақындарының бірқатары соғыста, бірқатары тылда жүрсе де өз шығармаларымен Отан тілегіне, жеңіс мүддесіне елеулі үн қосты. Олар халқымызға дем беріп, майдандағы ерлерімізге рухани күш құйып талай тамаша жырлар туғызды. Қаламдары өткірлене түсті, патриоттық идеяны бар дауыспен жырлай түсті. Отан халқын жүрегімен сүйіп, совет жерінің топырағын мадақтай сипаттады.   Ақын Қасым Аманжолов:   Уа, дариға, алтын бесік туған жер! Қадіріңді келсем білмей кеше гөр! Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей Ақын болмай тасың болсам мен егер, –   деп жырлады. Осыған қанаттас ақын Жұмағали Саин:   Россия, уа Россия, туған жерім! Сөнбес күнім, бақытым мәңгі менің. Өз жүрегім, өз жаным, өз Отаным Деп атайды атыңды қазақ сенің, –   деп Советтік Россияны мадақтай ұлы орыс халқы мен қазақ халқының мәңгі достығын сипаттайды.   Әбу Сәрсенбаев өзі майданнан қайтып келе жатып Советтік Россия жерінің шетіне жеткенде:   Пай, пай, шіркін, неткен шандоз Ардақты өлке табиғатың, Кетігіңе болып кірпіш Қаланбақшы солдат ақын! –   деп сайраса, Отан соғысы біткеннен кейін Москва туралы бір өлеңінде Қалижан Бекхожин:   Баладай басымды иіп мейіріміне Жүрегімді алдына тостым анық, Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне, Мен қазақпын, адаммын москвалық!   деген өлең жолдарын жалындата жырлайды.   Мінеки, Отан соғысы кездеріндегі және соғыс бітісімен іле-шала жазылған қысқа өлеңдердің кейбір патриоттық нұсқалары осылай келеді. Бұларды мен тек мысал үшін ғана алып отырмын. Бірақ бұлардан да басқа біздің тылда болған ірі-ірі ақындарымыз: Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов тағы басқа жолдастар сандаған жақсы өлеңдермен халқымыздың рухани тілегін орындап отырды.   IV   Отан соғысы біткеннен кейінгі еліміздің бейбітшілік өміріне, қажырлы еңбегіне ақындарымыз ұдайы үн қосып отырды. Өндіріс тақырыбына жазылған Сырбай Мәуленовтің Магнитогорск туралы жазылған өлеңдері, Қалижан Бекхожиннің Жезқазған жырлары, Мұзафар Әлімбаевтың Қарағанды жырлары, жас ақын Мақсұт Байсейітовтің соңғы кездегі жазылған Қарағанды жайындағы өлеңдері, Ғали Ормановтың, Жұбан Молдағалиевтің, Аманжол Шәмкеновтің колхоз даласы туралы, егін жайлы жазылған өлеңдері туды. Ақындарымыз лирикалық қысқа өлеңдерді ойға, уақиғаға құрып жазуды дамыта бастады. Осымен қатар кейбір жас ақындарымыз жалынды, лепті үгіт өлеңдерінен аулақ болуға бой ұрып, «жан сезімін, көңіл күйін жазамыз» дегенсіп, пікірлерін, ойларын ашық келтіре алмай, кейде бұлыңғыр, күңгірттікке соқтырып, өлеңдерін түсініксіз етіп алады. Мысалы, жас ақындарымыздың бірі Тәкен Әлімқұлов «Сапар» деген 1950 жылы шыққан жинағындағы «Қаратау» атты өлеңінде былай дейді.   Артып ап адамзаттың бар үмітін Талай көш өтпеді ме, талай дүркін, Қаратау салмайтын ба еді ойлы көзін Кімдерден дәметпеген көңіл шіркін!   Осында Қаратау бүкіл адамзаттың бар үмітін қалайынша арқалап тұрғанына мен қайран далам? Қаратауды автор қанша жақсы көрсе де, бұлай айту қате болады. Адамзаттың бар үмітін арқалап тұрған Қаратау емес! Сол өлеңінде:   Анамның ұрлап алып бір тал шашын Орап ем Қаратаудың малта тасын, Майданнан қайта ап келдім екеуін де Жат жерге қалдыруға қимаған сын... –   дейді Тәкен. Біріншіден, анасының шашын ұрлағанда кім болады? Неге ұрлады? Ол шашпен малта тасты орағанда не болып шығады? Тастың салмағына үзіліп кетпейтін не қылған шаш ол, арқан ба, сым ба? Ал, майданнан сол екеуін қайта алып келуі де ерлік болған ба? Мұның бәрін бұлай қойғанда, бұл бақсылықтың, ертегінің алдамшы аңызының салдарынан туған мификалық, діни шірік ұғым емес пе? Меніңше дәл солай. Олай болса, мұндағы идеяны дұрыс деп кім айтады? Айтпайды! Бұл – күңгірт, шытырман, алдамшы ойдың сағымы. Менімше бұлай болудың себебі: кейбір жас ақындар лириканы нәзік сезімге құрамыз, ашық пікірлі тікелей жазылатын пафосты өлеңнен қашамыз. Әйтпесе құрғақ айқай боп кетеді де шалғай түсініп идея жағынан осындай қаталдықтарға ұшырап кетеді. Сондықтан бізге өресін кең жайып өріс ала өскен пафосты саяси лириканы, актуальды тақырыпқа жазылатын өлеңдерді күшейте түсуіміз керек. Бұл әдебиеттегі партиялық идея үшін күресуіміз керек. Бұл ретте үстіміздегі жылдың 1 сентябрінде шыққан «Правда» газетінде «Идеологиялық жұмыстың дәрежесін көтерелік» деген мақаланы еске алуымыз жөн. Бұл мақалада жақында болып өткен Ленинград обком партиясының пленумына қатысушылар әдебиет жайында былай депті:   «Участники пленума говорили о том, что писатели должны обсуждать основные вопросы советской литературы бороться с попытками увести литературу в сторону от жизни и борьбы советского народа, от актуальных вопросов политики партии и Советского государства».   Міне, көрдіңіз бе, менің әлі де болса күнделік өмірімізде ұдайы үн қосып отыратын жалынды жырларды, саяси идеясы биік, көркемдігі күшті азаматтық саяси лириканы күшейте беруіміз керек дейтінім осы. Бізде осындай пафосты жырлар көптен бері-ақ жазылып келе жатса да, солардың образды сөздері, терең пікірлері, өткір тілдері және тақырып жағы кеңге құлаш сермей алмай, өресі тарлау боп жатқанын айтқым келеді. Яғни масштабы кең емес, тарлау. Бізде мысалы: Алексей Сурковтың «Миру мир» өлеңі сияқты, Николай Тихоновтың «Статуя самофракийской победы» өлеңіндей, Николай Грибачевтың «Непокоренная Кореясы» сияқты, Микола Бажанның «Английское, впечатлениесіндей», Мурза Турсун-Заданың «Индийские баллады» тәрізді, Самед Вургунның «Негр сөйлейдісі» тәрізді масштабы кең өлеңдерді жазуымыз қажет. Міне бізде осы жағы жетпей жатыр. Бұл ретте біздер жалынды жырлардың өткірлігінен жетістіріп, Маяковский айтқандай: даламды найзаға теңеуіміз керек.   V   Аударма туралы бір-екі сөз. Шығарма қай тілден қай тілге аударылса да, аударма мәселесі, оның ішінде поэзияның аудармасы ете қиын. Және де аударманың принциптік түйіні осы күнге дейін толық шешіле қойған жоқ. Шығарманы автордың түп нұсқасының дәрежесіне жеткізіп, аударылған еңбекті әлі күнге көре алмай келеміз. Көрсек те кемде-кем, қадау-қадау қаламдар болса керек.   Мысалы: Шекспирдің орыс тіліне аударылған шығармалары қанша рет аударылса да әлі күнге автордың түп нұсқасымен тайталаса түседі деп ешкім айтпаған тәрізді. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты дастанының Бальмонт аударған түрі мен Петренко аударған вариантын қарасаңыз екеуінің аудармасының көркемдік жағы екі түрлі. Петренко түп нұсқаға жақындау, ал, енді Бальмонттың аудармасы көркемдік жағынан жоғары. Және Бальмонт 16 буынмен аударған, ал, Петренко аудармасында өлеңнің әр жолы 7-8 буынмен аударылған. Маған көркемдік жағынан Бальмонт аудармасы ұнайды. Қазақ ақындары Пушкинді, Лермонтовты, Маяковскийді тағы-тағы көп ақындарды аударды. Аударманың сапалық жағы, көркемдік жағы, түп нұсқаға дәлдік жағы бір бөлек мәселе, өйткені ол бірден-бір алда тұрған міндет. Мен ол жағын айтпаймын, мәселе қалай аударуда. Біреулер айтады: «Жолма-жол, дәлме-дәл аудару керек»деп, енді біреулер: «Мазмұнын сақтай отыра еркін аудару керек» дейді. Бұл ретте, мысалы Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Отеллосын» мазмұнын сақтай отыра еркін аударды. Ал, Тургеневтің «Дворян ұясын» автордың өз сөйлемін өзгертпестен дәлдей аударды. Екі аударманың қайсысы жақсы, қайсысы халыққа ұғымды десек, меніңше «Отеллоның» аудармасы жақсы дер едім. Осымен жалғас біздің қазақ сыншылары қазақ ақындары аударған Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің шығармаларын сынағанда әр сөздің сирағынан алады да, әр сөйлемнің орайына олай емес, бұлай деп әр сөздің, әр ұйқастың әр жолдардағы орнын іздеп жабысады да, мынау жаман, мынау жақсы деп үкім жасай қояды және жеңіл үкім жасайды. Талдамайды, творчестволық көзбен қарап қорытынды жасамайды. Бұлайша тұжырым жасауды менің қолдамағым келеді. Менің аударма туралы пікірім былай:   1) Меніңше, бір тілден екінші тілге аударғанда поэзияның қазақ ұғымының орайына келетін жолдарын түп нұсқаның өзінше аударып, келмейтін жерін сол шумақтағы басқа жолға ауыстырып, мазмұнын дәл сақтай отыра ақындық шеберлік пен сөз образдарын, бояуларын ауытқытпай түсіріп, шығармалық көркемдік қасиетін қамти отыра, логикасын айқын беруге тырысу қажет. 2) Аударылып отырған шығарма қай халықтың тілінде жазылса да, қазақ тіліне аударылғанда қазақ оқушыларына түсінікті болып шығуы қажет. Және де түп нұсқадағы автордың колоритін бұзбай аудару шарт.   VI   Сөзімді аяқтай келе өзім туралы айтарым мынау: Осы съезде менің кейбір поэмам жайында кейбір жолдастар әр түрлі пікір айтты. Менің шығармаларымдағы некен-саяқ болған кемшіліктерді көрсеткеніне рахмет айтамын және олардың көпшілігін қабылдаймын, қабылдаумен қабат жөндеймін және көбі жөнделіп те қойған. Адал жүрекпен көмек бергісі келіп, кемшіліктерді дәл көрсеткен жерлерін қабылдаймын, ал енді жақсы жағымды көргісі келмей, жалаң жаламен сұғанақтық істегісі келген біреулер болса, оны өрескел деп ойлаймын.   1) Хамит Ерғалиев жолдас менің 1946 жылы жазылған «Астық» деген поэмамның кемшіліктерін өңін айналдыра көрсетсе де, негізінен дұрыс көрсетті, оны мойындаймын. Бірақ, бұл менің шығармаларымның негізгі өрі емес, қабырғалысы да емес.   2) «Жапанды орман жаңғыртты» деген поэмам 6 жыл бойында жазылған күннен бастап Қазақстан жұртшылығына да, орыс тіліне аударылып 1949 жылы Москвада «Әдебиет газетіне» және 1950 жылы «Октябрь» журналының 1-санына басылған күннен бері Одақ көлемінде де дұрыс деп табылған поэма еді. Мұның сол үшін республикалық бәйгі де алғаны мәлім. Мәселе онда емес, мақталған шығармаларды да сынауға болады, бұл поэманың да кемшілігі бар. Оны өзім де білем. Бірақ ол кемшілік тап Ерғалиев пен жолдас Мұқанов айтқандай емес. Олар айтқандай бұл ұзын өлең ғана емес, поэма. Поэманың кемшілігі өз алдына болсын, ал поэманың принципі туралы пікір алысуға болады ғой деймін. Мен осыны өзімше өз шығармалық әдісіммен жаздым. Осыны қолдаймын. Поэманың кемшілігін айтуға болады, бірақ оны поэма емес ұзын өлең деп әдейі кеміткісі келгендерге қосылмаймын.   3) Жолдас Сәбит Мұқановқа яки Хамит Ерғалиевке мен мынандай сұрау қойған болар едім: поэма деп нені айтамыз, өлең деп нені айтамыз? Олай дейтінім: «Жапанды орман жаңғырттыны» олар поэма емес деді ғой, оларша мың жолдан жазылса поэма болады да, ал енді жүз жолдап жазылса поэма болмайтын тәрізді. Олай болса Степан Шипачевтің «Домик в Шушенском» деген поэмасы 168 жол, Николай Тихоновтың «Киров с нами» деген поэмасы 154 жол, Самед Вургунның «Негр говорит» атты поэмасы 200 жол шамасы, ал, менің «Жапанды орман жаңғыртты» поэмам 400 жол. Ал енді уақиғалық жағына келсек жоғарыда аталған поэмаларда қаншалық қою уақиға бар? Демек, олар тектес поэмалар жазуға болады.   4) «Қырда туған құрыш» атты поэмам туралы Парамоновтың образы шығыңқырамай қалғанын мойындаймын. Мен оны Москвадағы жолдастардың көрсетуімен жөндегем, әлі де жөндеймін. Бірақ, негізінен бұл поэма шыққан деп ойлаймын. Бұл жөнінде Сергей Смирновтың осы съезде айтқан пікіріне қосылам. Бұл поэма Москвада талқыланып өтіп «Советский писатель» баспасының планына енген, қазір орысшаға аударылып жатыр. Менің ендігі айтарым адал сындарға алғыс! Барды барша, жоқты жоқша көре біліп, әрқайсымыздың шығармамызға досша қарап жәрдемдесе өселік!   1954  

 

Қазақ поэзиясындағы азаматтық лирика туралы
 
(Қазақстан Жазушылар одағының III съезінде сөйлеген сөзі)
 
I
 
Жолдас Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында поэзиямыздың хал-жайы туралы кеңінен шолып, көп жағдайда шығармаларға конкретті түрде тоқталып, материалды мол қамтып айтып кетті. Бұл баяндамадан кейін маған айтатын сөздің өзі де аз қалған тәрізді. Осымен жалғас жолдас Мұқановтың баяндамасы жайында сәл ғана айта кететінім: меніңше, осынша мол қамтылған баяндамада поэзиямыздың кейбір проблемалық мәселелеріне Сәбең дәлдеп, талдап тоқтала өткені жөн болатын еді. Мысалы: поэзиямыздың 15 жылдық өсу жолындағы жеткен қазіргі дәрежесіндегі шеберлік, форма, мазмұн, уақиғалы шығармамен уақиғасыз шығарма жайында, поэмалар түрінің спецификасын талдап адам образын жасау жағы қалай боп келгенін түсіндіргені жөн болатын еді. Әрине, уақыты да болмаған шығар, бірақ тоқталуы қажет еді. Бұл туралы мүмкін басқа сөйлеуші жолдастар толықтырар. Мен қазақ поэзиясындағы лирика туралы бір-екі ауыз ғана сөз айтқым келеді. Қазақ совет жазушыларының II съезінен бастап осы III съезіне дейінгі 15 жылдың ішінде поэзиямыз идеялық көркемдік жағынан біраз жетістіктерге жетіп, едәуір марқайды. Поэзиямызда мазмұн мен тақырып кеңеюі, адам образын жасауға бой ұру жағы жанданыңқырап өлеңнің мәдениеті өсу дәрежесі артты. Поэзиямыздың бұлайша өркендей бастауы ақындарымыздың өмір шындығына үңіле қарай білулері арқасында, сонымен қабат орыс әдебиетінің классиктерімен осы күнгі алдыңғы қатардағы талантты орыс ақындарынан үйрену нәтижесінде туды.
 
Біздің қазақ ақындары ұлы М. Горький мен В. Маяковскийдің творчестволық традициясымен өсті. Ақындарымыздың өсу кезеңдерінде оқытушыларын сүйіндіргендей тәуір шығармаларын берумен бірге, шеберлік жағынан бағзы бір кемшіліктері де болмай қойған жоқ.
 
II
 
1930 жылдар мен 1940 жылдардағы өсу кезеңдерінде поэзиямыздың көрнекті ақындары ауызға аларлықтай алуан-алуан азаматтық саяси лирикалар туғызды. Мысалы: бұл тұстарда Сәбит Мұқановтың «Сөз – советтік армия», «Колхозды ауыл осындай» атты өлеңдері; Асқар Тоқмағамбетовтің «Күшті болса көкте кім, күшті болмақ жерде сол», «Ең жоғары» атты өлеңдері; Әбділда Тәжібаевтың «Сырдария», «Айнабұлақ» жырлары; Ғали Ормановтың лирикалары; Жұмағали Саиннің «Жетім серті», «Құлыншақ» өлеңдері; Қасым Аманжоловтың «Жауынгер жыры» тағы да сол сияқты Әбу Сәрсенбаевтың, Қалижан Бекхожиннің, Диқан Әбілевтің талай өлеңдері поэзиямыздың сол кездегі дәрежесіне тәуірлік жағынан айғақ бола алады. Әрине, бұл авторлардың басқа өлеңдерінде кемшілік жоқ деп айтуға тағы да болмайды. Бірақ, ол өз алдына бір мәселе. Ал, менің айтайын деп отырғаным жалпы сол кезеңдегі поэзиямыздағы жалынды жырлардың өркендей бастаған шағын айта кеткім келгендігі. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ ақындарымыз халқымыздың екпінді еңбегін, елімізде болып жатқан алуан түрлі жетістіктерді, күнделік ел қимылын іле-шала жырлап отырғанын көреміз. Соған байланысты бұл тұстағы жалынды жырларымыздың елімізге белсенді еңбек еткенін көреміз. Ақындарымыздың жалынды саяси жырлары үнемі елге еңбек етуде. Сол себепті оның маңызы өте күшті.
 
III
 
Ұлы Отан соғысы тұсында қазақ ақындарының бірқатары соғыста, бірқатары тылда жүрсе де өз шығармаларымен Отан тілегіне, жеңіс мүддесіне елеулі үн қосты. Олар халқымызға дем беріп, майдандағы ерлерімізге рухани күш құйып талай тамаша жырлар туғызды. Қаламдары өткірлене түсті, патриоттық идеяны бар дауыспен жырлай түсті. Отан халқын жүрегімен сүйіп, совет жерінің топырағын мадақтай сипаттады.
 
Ақын Қасым Аманжолов:
 
Уа, дариға, алтын бесік туған жер!
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей
Ақын болмай тасың болсам мен егер, –
 
деп жырлады. Осыған қанаттас ақын Жұмағали Саин:
 
Россия, уа Россия, туған жерім!
Сөнбес күнім, бақытым мәңгі менің.
Өз жүрегім, өз жаным, өз Отаным
Деп атайды атыңды қазақ сенің, –
 
деп Советтік Россияны мадақтай ұлы орыс халқы мен қазақ халқының мәңгі достығын сипаттайды.
 
Әбу Сәрсенбаев өзі майданнан қайтып келе жатып Советтік Россия жерінің шетіне жеткенде:
 
Пай, пай, шіркін, неткен шандоз
Ардақты өлке табиғатың,
Кетігіңе болып кірпіш
Қаланбақшы солдат ақын! –
 
деп сайраса, Отан соғысы біткеннен кейін Москва туралы бір өлеңінде Қалижан Бекхожин:
 
Баладай басымды иіп мейіріміне
Жүрегімді алдына тостым анық,
Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне,
Мен қазақпын, адаммын москвалық!
 
деген өлең жолдарын жалындата жырлайды.
 
Мінеки, Отан соғысы кездеріндегі және соғыс бітісімен іле-шала жазылған қысқа өлеңдердің кейбір патриоттық нұсқалары осылай келеді. Бұларды мен тек мысал үшін ғана алып отырмын. Бірақ бұлардан да басқа біздің тылда болған ірі-ірі ақындарымыз: Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов тағы басқа жолдастар сандаған жақсы өлеңдермен халқымыздың рухани тілегін орындап отырды.
 
IV
 
Отан соғысы біткеннен кейінгі еліміздің бейбітшілік өміріне, қажырлы еңбегіне ақындарымыз ұдайы үн қосып отырды. Өндіріс тақырыбына жазылған Сырбай Мәуленовтің Магнитогорск туралы жазылған өлеңдері, Қалижан Бекхожиннің Жезқазған жырлары, Мұзафар Әлімбаевтың Қарағанды жырлары, жас ақын Мақсұт Байсейітовтің соңғы кездегі жазылған Қарағанды жайындағы өлеңдері, Ғали Ормановтың, Жұбан Молдағалиевтің, Аманжол Шәмкеновтің колхоз даласы туралы, егін жайлы жазылған өлеңдері туды. Ақындарымыз лирикалық қысқа өлеңдерді ойға, уақиғаға құрып жазуды дамыта бастады. Осымен қатар кейбір жас ақындарымыз жалынды, лепті үгіт өлеңдерінен аулақ болуға бой ұрып, «жан сезімін, көңіл күйін жазамыз» дегенсіп, пікірлерін, ойларын ашық келтіре алмай, кейде бұлыңғыр, күңгірттікке соқтырып, өлеңдерін түсініксіз етіп алады. Мысалы, жас ақындарымыздың бірі Тәкен Әлімқұлов «Сапар» деген 1950 жылы шыққан жинағындағы «Қаратау» атты өлеңінде былай дейді.
 
Артып ап адамзаттың бар үмітін
Талай көш өтпеді ме, талай дүркін,
Қаратау салмайтын ба еді ойлы көзін
Кімдерден дәметпеген көңіл шіркін!
 
Осында Қаратау бүкіл адамзаттың бар үмітін қалайынша арқалап тұрғанына мен қайран далам? Қаратауды автор қанша жақсы көрсе де, бұлай айту қате болады. Адамзаттың бар үмітін арқалап тұрған Қаратау емес! Сол өлеңінде:
 
Анамның ұрлап алып бір тал шашын
Орап ем Қаратаудың малта тасын,
Майданнан қайта ап келдім екеуін де
Жат жерге қалдыруға қимаған сын... –
 
дейді Тәкен. Біріншіден, анасының шашын ұрлағанда кім болады? Неге ұрлады? Ол шашпен малта тасты орағанда не болып шығады? Тастың салмағына үзіліп кетпейтін не қылған шаш ол, арқан ба, сым ба? Ал, майданнан сол екеуін қайта алып келуі де ерлік болған ба? Мұның бәрін бұлай қойғанда, бұл бақсылықтың, ертегінің алдамшы аңызының салдарынан туған мификалық, діни шірік ұғым емес пе? Меніңше дәл солай. Олай болса, мұндағы идеяны дұрыс деп кім айтады? Айтпайды! Бұл – күңгірт, шытырман, алдамшы ойдың сағымы. Менімше бұлай болудың себебі: кейбір жас ақындар лириканы нәзік сезімге құрамыз, ашық пікірлі тікелей жазылатын пафосты өлеңнен қашамыз. Әйтпесе құрғақ айқай боп кетеді де шалғай түсініп идея жағынан осындай қаталдықтарға ұшырап кетеді. Сондықтан бізге өресін кең жайып өріс ала өскен пафосты саяси лириканы, актуальды тақырыпқа жазылатын өлеңдерді күшейте түсуіміз керек. Бұл әдебиеттегі партиялық идея үшін күресуіміз керек. Бұл ретте үстіміздегі жылдың 1 сентябрінде шыққан «Правда» газетінде «Идеологиялық жұмыстың дәрежесін көтерелік» деген мақаланы еске алуымыз жөн. Бұл мақалада жақында болып өткен Ленинград обком партиясының пленумына қатысушылар әдебиет жайында былай депті:
 
«Участники пленума говорили о том, что писатели должны обсуждать основные вопросы советской литературы бороться с попытками увести литературу в сторону от жизни и борьбы советского народа, от актуальных вопросов политики партии и Советского государства».
 
Міне, көрдіңіз бе, менің әлі де болса күнделік өмірімізде ұдайы үн қосып отыратын жалынды жырларды, саяси идеясы биік, көркемдігі күшті азаматтық саяси лириканы күшейте беруіміз керек дейтінім осы. Бізде осындай пафосты жырлар көптен бері-ақ жазылып келе жатса да, солардың образды сөздері, терең пікірлері, өткір тілдері және тақырып жағы кеңге құлаш сермей алмай, өресі тарлау боп жатқанын айтқым келеді. Яғни масштабы кең емес, тарлау. Бізде мысалы: Алексей Сурковтың «Миру мир» өлеңі сияқты, Николай Тихоновтың «Статуя самофракийской победы» өлеңіндей, Николай Грибачевтың «Непокоренная Кореясы» сияқты, Микола Бажанның «Английское, впечатлениесіндей», Мурза Турсун-Заданың «Индийские баллады» тәрізді, Самед Вургунның «Негр сөйлейдісі» тәрізді масштабы кең өлеңдерді жазуымыз қажет. Міне бізде осы жағы жетпей жатыр. Бұл ретте біздер жалынды жырлардың өткірлігінен жетістіріп, Маяковский айтқандай: даламды найзаға теңеуіміз керек.
 
V
 
Аударма туралы бір-екі сөз. Шығарма қай тілден қай тілге аударылса да, аударма мәселесі, оның ішінде поэзияның аудармасы ете қиын. Және де аударманың принциптік түйіні осы күнге дейін толық шешіле қойған жоқ. Шығарманы автордың түп нұсқасының дәрежесіне жеткізіп, аударылған еңбекті әлі күнге көре алмай келеміз. Көрсек те кемде-кем, қадау-қадау қаламдар болса керек.
 
Мысалы: Шекспирдің орыс тіліне аударылған шығармалары қанша рет аударылса да әлі күнге автордың түп нұсқасымен тайталаса түседі деп ешкім айтпаған тәрізді. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты дастанының Бальмонт аударған түрі мен Петренко аударған вариантын қарасаңыз екеуінің аудармасының көркемдік жағы екі түрлі. Петренко түп нұсқаға жақындау, ал, енді Бальмонттың аудармасы көркемдік жағынан жоғары. Және Бальмонт 16 буынмен аударған, ал, Петренко аудармасында өлеңнің әр жолы 7-8 буынмен аударылған. Маған көркемдік жағынан Бальмонт аудармасы ұнайды. Қазақ ақындары Пушкинді, Лермонтовты, Маяковскийді тағы-тағы көп ақындарды аударды. Аударманың сапалық жағы, көркемдік жағы, түп нұсқаға дәлдік жағы бір бөлек мәселе, өйткені ол бірден-бір алда тұрған міндет. Мен ол жағын айтпаймын, мәселе қалай аударуда. Біреулер айтады: «Жолма-жол, дәлме-дәл аудару керек»деп, енді біреулер: «Мазмұнын сақтай отыра еркін аудару керек» дейді. Бұл ретте, мысалы Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Отеллосын» мазмұнын сақтай отыра еркін аударды. Ал, Тургеневтің «Дворян ұясын» автордың өз сөйлемін өзгертпестен дәлдей аударды. Екі аударманың қайсысы жақсы, қайсысы халыққа ұғымды десек, меніңше «Отеллоның» аудармасы жақсы дер едім. Осымен жалғас біздің қазақ сыншылары қазақ ақындары аударған Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің шығармаларын сынағанда әр сөздің сирағынан алады да, әр сөйлемнің орайына олай емес, бұлай деп әр сөздің, әр ұйқастың әр жолдардағы орнын іздеп жабысады да, мынау жаман, мынау жақсы деп үкім жасай қояды және жеңіл үкім жасайды. Талдамайды, творчестволық көзбен қарап қорытынды жасамайды. Бұлайша тұжырым жасауды менің қолдамағым келеді. Менің аударма туралы пікірім былай:
 
1) Меніңше, бір тілден екінші тілге аударғанда поэзияның қазақ ұғымының орайына келетін жолдарын түп нұсқаның өзінше аударып, келмейтін жерін сол шумақтағы басқа жолға ауыстырып, мазмұнын дәл сақтай отыра ақындық шеберлік пен сөз образдарын, бояуларын ауытқытпай түсіріп, шығармалық көркемдік қасиетін қамти отыра, логикасын айқын беруге тырысу қажет.
2) Аударылып отырған шығарма қай халықтың тілінде жазылса да, қазақ тіліне аударылғанда қазақ оқушыларына түсінікті болып шығуы қажет. Және де түп нұсқадағы автордың колоритін бұзбай аудару шарт.
 
VI
 
Сөзімді аяқтай келе өзім туралы айтарым мынау:
Осы съезде менің кейбір поэмам жайында кейбір жолдастар әр түрлі пікір айтты. Менің шығармаларымдағы некен-саяқ болған кемшіліктерді көрсеткеніне рахмет айтамын және олардың көпшілігін қабылдаймын, қабылдаумен қабат жөндеймін және көбі жөнделіп те қойған. Адал жүрекпен көмек бергісі келіп, кемшіліктерді дәл көрсеткен жерлерін қабылдаймын, ал енді жақсы жағымды көргісі келмей, жалаң жаламен сұғанақтық істегісі келген біреулер болса, оны өрескел деп ойлаймын.
 
1) Хамит Ерғалиев жолдас менің 1946 жылы жазылған «Астық» деген поэмамның кемшіліктерін өңін айналдыра көрсетсе де, негізінен дұрыс көрсетті, оны мойындаймын. Бірақ, бұл менің шығармаларымның негізгі өрі емес, қабырғалысы да емес.
 
2) «Жапанды орман жаңғыртты» деген поэмам 6 жыл бойында жазылған күннен бастап Қазақстан жұртшылығына да, орыс тіліне аударылып 1949 жылы Москвада «Әдебиет газетіне» және 1950 жылы «Октябрь» журналының 1-санына басылған күннен бері Одақ көлемінде де дұрыс деп табылған поэма еді. Мұның сол үшін республикалық бәйгі де алғаны мәлім. Мәселе онда емес, мақталған шығармаларды да сынауға болады, бұл поэманың да кемшілігі бар. Оны өзім де білем. Бірақ ол кемшілік тап Ерғалиев пен жолдас Мұқанов айтқандай емес. Олар айтқандай бұл ұзын өлең ғана емес, поэма. Поэманың кемшілігі өз алдына болсын, ал поэманың принципі туралы пікір алысуға болады ғой деймін. Мен осыны өзімше өз шығармалық әдісіммен жаздым. Осыны қолдаймын. Поэманың кемшілігін айтуға болады, бірақ оны поэма емес ұзын өлең деп әдейі кеміткісі келгендерге қосылмаймын.
 
3) Жолдас Сәбит Мұқановқа яки Хамит Ерғалиевке мен мынандай сұрау қойған болар едім: поэма деп нені айтамыз, өлең деп нені айтамыз? Олай дейтінім: «Жапанды орман жаңғырттыны» олар поэма емес деді ғой, оларша мың жолдан жазылса поэма болады да, ал енді жүз жолдап жазылса поэма болмайтын тәрізді. Олай болса Степан Шипачевтің «Домик в Шушенском» деген поэмасы 168 жол, Николай Тихоновтың «Киров с нами» деген поэмасы 154 жол, Самед Вургунның «Негр говорит» атты поэмасы 200 жол шамасы, ал, менің «Жапанды орман жаңғыртты» поэмам 400 жол. Ал енді уақиғалық жағына келсек жоғарыда аталған поэмаларда қаншалық қою уақиға бар? Демек, олар тектес поэмалар жазуға болады.
 
4) «Қырда туған құрыш» атты поэмам туралы Парамоновтың образы шығыңқырамай қалғанын мойындаймын. Мен оны Москвадағы жолдастардың көрсетуімен жөндегем, әлі де жөндеймін. Бірақ, негізінен бұл поэма шыққан деп ойлаймын. Бұл жөнінде Сергей Смирновтың осы съезде айтқан пікіріне қосылам. Бұл поэма Москвада талқыланып өтіп «Советский писатель» баспасының планына енген, қазір орысшаға аударылып жатыр. Менің ендігі айтарым адал сындарға алғыс! Барды барша, жоқты жоқша көре біліп, әрқайсымыздың шығармамызға досша қарап жәрдемдесе өселік!
 
1954
 

Ұқсас материалдар