Қандастар Ассамблея

Федор Достоевский

08.12.2012 20089
  ФЕДОР ДОСТОЕВСКИЙ   Жапа шеккендер мен қорлық көргендердің жыршысы   Ол бір ұлы талант — күн сияқты — әлемге ортақ. Ол өзін туғызған ұлттық меншігінде қалмай, барша халықтың қазынасына айналады. Федор Михайлович Достоевский сондай талант иесі. Оның туғанына жүз елу жыл толған ұлы мерекесін бүкіл дүние жүзі халықтары асқан құрметпен атап жатқаны да соның айғағы. Әрине, күн ортақ, ай ортақ; озық ой ортақ, биік талант ортақ. Әйтсе де әр ұлы перзент өз халқына жақынырақ. Сонымен қоса, қайсыбір ірі тұлғалардың өмірлеріне өшпестей із қалдырған екінші мекені екінші жұрты болады. Ұлы Байрон үшін Греция, Лермонтов үшін Кавказ өмір сапарын түгесіп оққа ұшқан, топырақ тартқан қаралы жер ғана емес, екі алыптың өз таланттарына от берген екінші бір рухани отаны сияқты. Украин перзенті Тарас Шевченко өмірдің ең ауыр тақсіретін тартқан шер-шеменді жылдарын қазақ даласында өткізді, қазақ халқы ұлы кобзарьдың есімін қалайша ардақтағаны барша жұртқа аян. Бауырлас халықтардың бетке ұстар азаматтарын алаламай, аңдусыз құрметтейтін абзал салтымыз бар. Бірақ солардың ішінде, жоғарыда аталғандардай, тағдыр жолы әкеліп табыстырған адамдар сол елге ерекше ыстық, бір табан жақын болатыны даусыз. Қазақ халқы үшін дәл сондай ыстық, тонның ішкі бауындай адам Федор Михайлович Достоевский.   «Өлі үйі» аталған Омбының тар қапас түрмесінен шыққаннан кейін Достоевский Семейге келді. Онда патша заманындағы солдаттың қызметтің бар тақсіретін тартты. Одан кіші офицер дәрежесіне көтерілді. Бірақ Семей Достоевский үшін ауыр қызмет орны, азап мекені ғана болған жоқ. Түңілдірген жаман аурудан кейін беті бері қараған адамдай — ол өз өмірінің бірден-бір берік мақсатына — ұзақ жыл қол үзіп кеткен жазушылық еңбегіне қайтып оралды. «Степанчиково селосы мен оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» сияқты кейін әлемге әйгілі болған шығармаларын жазды. «Өлі үйіндегі жазылған жайттар» атты кітабының негізін де осы Семейде қағазға түсірген болатын Бұл кітаптың ұлы жазушы творчествосындағы орны ерекше. Жазушы бұл шығармасында Омбының тар қапас түрмесіне «Өлі үй» деген ат қойып, патша түрмесінің бар шындығын, ондағы бақытсыз жандардың аянышты халін, әділетсіз, қатігез сергелдеңге салған қоғамнан, қауымнан алыстап, адам санатынан шығарып тастаған тірі өліктердің не бір қилы тағдырларын, олардың естен кетпес характерлерін қанын сорғалатып, ып-ыстық күйінде жеткізген.   Осы Семей қаласында жазушы жүрегінде үлкен сезім тұтанып, талай сергелдеңнен өтіп барып, тұңғыш рет жар сүйді.   Он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында «Бейшаралар» романымен Ресейдің көзі ашық оқушы қауымының жүрегін тебірентіп, бірден жарқырап шыққан жас жазушы, «Ұлы Гогольдің мұрагері» атанып, озық қауымды үміткер еткен жазушы Петрашевский басқарған үйірмеге қатысқаны үшін өлім жазасына бұйырылды. Одан өлім жазасы каторгаға ауыстырылып, ол кездегі қиян шет қараңғы түкпір Омбы түрмесіне келіп түсті де суға батқан тастай үні шықпай жоқ боп кетті. Жарқ етіп сөнген таланттар аз ба! Оны өз елі ұмыта бастаған-ды. Міне сол кезде, Семей қаласында бұрынғы сөнген шырақ қайта тұтанды. Көрмегенін көріп, өмірдің ең қатал талқысынан шынығып, қайта түлеген Достоевский біздің қазақ топырағында жүргенде жазуын бастады. Өмірінің осы бір үлкен асуын, айрықша межесін жазушы еш уақытта да ұмытпай, есінде сақтап өткен болар деп ойлаймын. Ал, бүгінгі біз болсақ өз топырағымыздың Достоевский талантының қайта тұтануына куә болғанын мақтаныш етеміз. Әрине, Достоевскийді бізге ерекше жақын етіп тұрған оның біраз жылдық өмірінің Қазақстан жерінде өтуі ғана емес. Басынан-ақ ғаріп пенен ғасірдің жапа шеккендер мен қорлық көрген, зар кешкендердің жыршысы һәм жоқшысы болған жазушы патша отаршыларының тепкісіндегі қазақ халқының мұң-мұқтажын да жүрегімен сезді.Халық бойындағы таланттың қайнар бұлағын бітеп тұрған қараңғылықты да көре білді. Және сол қайнар бұлақтың ыршып атқан жалғыз сызат көзін де аңғарды. Оған таңырқады да, шын жүрегімен сүйсінді де.   Достоевский үшін қараңғы далада жалғыз шырақ боп жылтырап Шоқан көрінді.   Достоевский мен Шоқанның достығы... Бұл бір жағынан тарихқа белгілі талай-талай ірі азаматтардың достығына ұқсас та, екінші жағынан оларға ұқсамайтын, оқшау, ғажайып достық. Тағдыр Шоқан мен Достоевскийді ұзақ жылдар қатар жүргізіп, бір-біріне сыралғы қылып біте қайнастырған жоқ. Әуел баста, жаңылмасам, жалғыз рет Омбыда, содан кейін Семейде бірнеше мәрте, соңында Петербургте үзіп-жұлып қысқа кездесіп жүрді. Бірақ бір көргеннен өшпестей ғашық болған жырдағы жастардай — бұлар да алғашқы танысқаннан-ақ бір-біріне ықыласы қатты құлаған жандар. Алғашқы әсер, алғашқы сезім екеуін де алдамаған. Ұшырасқан сайын екеуінің бір-біріне деген достық пейілі, жақындық сезімі арта түскен. Ал, кездесу аралықтарындағы екеуінің бір-біріне жазған хаттары қандай! Сол сарғайған хат-қағаздар екі ер-азаматтың арасындағы айнымас достықты, айрықша бір пейілдестікті паш еткен жоқ па!? Тіпті мәдениеті биік адамдардың сезімін білдіруге қымсынып әзіл-оспаққа саятын жеңіл қалжыңында қанша жылылық, іштен тепсінген ықылас-мейір жатыр.   Бірақ Достоевский кейде өз сезімін ашық айтуға ұялмайды. «Неге екенін білмеймін, мен сені туған інімнен артық көремін», — дейді Шоқанға жазған бір хатында. Адам жанының ең терең де нәзік зерттеушісі өз сезіміне түсіне алмай қалыпты. «Неге екенін білмеймін...» Құдіретті сезім шынында да «Неге екенін» білгізбейді. Ойлап-толғауға, есепке салып өлшеуге келтірмей, топан суындай өн бойыңды басып кетеді. Соған қарағанда Достоевский мен Шоқан достығы — ой-пікірдің қабысуы, білім дәрежесінің теңдестігі, талғам табысуы ғана емес, әлдеқайда тереңде, рухани, адамгершілік тереңінде жатқан бір үндестік болу керек.   Кешегі кер замандағы түнек торлаған аспанында жарқ етіп сөнген жұлдызы, қыршын кеткен аяулы ғазиз жасы Шоқанның ең жақын досын қазақ халқы қалай құрмет тұтып қастерлемесін. Достоевскийдің көркем сөздегі данышпандығына барша халықтармен бірге құлдық ұра отырып, оны ерекше іні тартатын себептеріміздің тағы да бірі...   Оны басынан айталық. Он тоғызыншы ғасыр орыс әдебиеті үшін алтын ғасыр болғаны мәлім. Ескінің соңы Карамзин, Жуковский, жаңа дәуірдің басы Пушкин, Лермонтов, Гоголь. Одан әрі орыс әдебиетін алып арнаға салып кеңітіп әкеткен Тургенев, Толстой, Некрасов, Чеховтер жиырмасыншы ғасырдың басындағы Максим Горькийге ұласады. Осы суреткерлердің әрқайсысы бір дәуір, әдебиеттегі асқар белес. Міне осы алыптардың жуан ортасында Федор Достоевский тұр. Және осы күнге дейін дүние жүзі жазушылары еліктеуден, қызықтаудан танбайтын ғажайып құбылыс күйінде тұр.   Достоевский өзінің бір сөзінде: «Біз бәріміз де Гогольдің «Шинелінен шықтық», — деп еді. Осы сөздің екі алуан мағынасы бар сияқты. Біріншіден, Пушкинді жалғаған Гогольден орыс прозасының тамаша реалистік мектебі басталады. Орыс әдебиетінің кейінгі түлектері сол мектепті жедел дамытып, сыншыл реализмді шыңына жеткізді.   Ал, екіншіден десек, — Достоевский Гогольдің өзге шығармаларын қойып, «Шинельді» бекерге атап отырған жоқ. «Шинель» — Гоголь творчествосындағы оқшау тұрған жаңашыл шығарма. Батырлық, ерлікке толы «Тарас Бульбаны» жазған Гоголь «Шинельде» көзге ілінбейтін, елеусіз қалған кішкене, жұпыны пенденің тіршілігіне көз жүгіртті. Мүсәпір адамды шығарманың басты кейіпкері етіп шығарудан қорықпады. Бұл әдебиеттің қарапайым халыққа, көптің бірі атанған бейнетқорға бет бұруы, демократиялануының басы еді.   Гогольдің «шинелін» киіп», оның осы дәстүрін суытпай жалғап әкеткен Достоевский болды. Жазушының алғаш рет атын әйгілі еткен «Бейшаралар» («Бедные люди») романындағы Макар Девушкин «Шинельдегі» Акакий Акакиевичпен сыбайлас. Тағдырлары, қоғамдық жағдайлары жақын осы екі кейіпкер арасында айырма да жоқ емес. Достоевский Гоголь бастаған «кішкентай адам» тақырыбын әрі қарай дамытып әкетті. Бірақ «Шинельдегідей» кішкентай адамдардың аянышты халін мүсіркеп қана қоймай, олардың ішінде тұнып жатқан жан қазынасын, үлкен рухани қуатын, адамгершілік бұлағын аша білді.   Достоевскийдің осы қасиеті жайлы ойлағанда Абайдың бір өлеңі еріксіз есіме келеді.   Батырды айтсам, ел шауып алған талап, Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап. Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін Тыңдар ердің бір сөзін мыңға балап.   Абайдың ойы Достоевскийдің жазушылық идеясымен үндесін жатыр. Салтыков пен Толстойды оқыған Абай сөз жоқ Достоевскийді де оқыған деп ойлаймыз. Болашақ ұлы жазушы Омбыдан Семейге келгенде Абай он төрт жасар шамасында о да Семейде Ахмет Ырзаның медресесінде оқып жүрген кезі. Со кезде-ақ жан-жағын бағдарлай бастаған болашақ ұлы ақын Достоевскиймен және қапысын тапса оған соқпай кетпейтін Шоқанмен кездесе алды ма, жоқ па?.. Ол жайлы бізде тарихи деректер жоқ.   Бірақ гәп онда емес сияқты. Жазушының бар өмірі, халыққа берері шығармасы десек — екі ұлы ойшылдың шығармаларынан тамырласып жатқан үндестік табамыз. Абай алысқан күштілер мен жуандардың әлсізге жасаған озбырлығы мен қиянатына қарсы Достоевский де алысып өтті. Қазақтың ұлы ақыны да орыстың осы ұлы жазушысы сияқты кем-кетік пен көңілдің жебеушісі болды.   Достоевскийдің жазушылық өнері жайлы дүние жүзінде талай жүз кітап жазылған. Бірақ барлық эстетикалық ләззатты, жан-жүрегіңді от пен суға салып тыпыршытатын әсер мен сезім мұхитын жазушының өз шығармалары ғана береді. Жастау кезімде «Қылмыс пен жазаны» оқып шығып біраз күн қиналғаным бар. Ұйықтап кетсем Раскольников сияқты кісі өлтіріп, қалай жалтарып құтылудың амалын таппай қиналам... Әрине, кейбір қорқынышты нәрселер түске кіретіні болады. Бірақ кісі өлтірген оқиғаның бәрі жұрттың түсіне кіре бермейді. Қазіргі батыстың қып-қызыл қырғын атыс пен кісі өліміне толы романдары мен кинолары да пәлендей әсер етпей ұмыт боп кете береді. Достоевскийдің күші адамды өлтіру процесін суреттеуінде емес, Раскольниковты қинаған әр күйзелісін сұмдық терең және өткір етіп бере білуінде болса керек. Оқушының түсіне кіретін де сол күйзеліс болар.   Достоевский шығармалары, оның философиясы жайлы дүние жүзі жүз жыл бойы жазып, айтысып келеді. Ол айтыс әлі тоқтаған да жоқ. Демек Достоевский шығармаларының ыстығы әлі суымаған. Жоғарыдағы аталған «Қылмыс пен жаза» романында жазушы Раскольников образы, Раскольников тағдыры арқылы озбырлық пен өктемдікке, адамның адамға үстемдік құруына күйрете соққы береді. Раскольниковтың кемпірді өлтіруі өзін өлтірумен тең боп шығады. Сол арқылы ол өз бойындағы адамгершілікті өлтіреді. Өзгелер үшін өзін құрбан етіп, басып қорлыққа байлаған Соня Мармеладованың идеологиясы жеңіп шығады. Әрине, Достоевский геройларының жеңісі шығарманың бетінде емес, тереңінде. Өйткені ол іс-харекет жеңісі емес, адамгершіліктің, гуманизмнің жеңісі.   Ұлы таланттың қолынан аталғандардан басқа да «Егілгендер мен езілгендер», «Ағайынды Қарамазовтар», «Жындар», «Жас өспірім» т. б. әйгілі шығармалар туды.   Жазушы шығармаларының бізді әлі күнге дейін тебірентіп, толқытатын негізгі бір арқауы — мейірім. Оның адам баласына деген мейірбандығында шек жоқ. Осы өлшеусіз, кейде тіпті, талғаусыз мейірбандық оны әділетсіз қоғамды революциялық жолмен өзгертуге қарсы болуға дейін апарғаны мәлім. Достоевский көзқарасындағы қайшылықтар оның өз басының меншігі болса, Достоевский шығармаларындағы тамаша қазыналар халықтікі. Ұлы гуманист дүниенің барлық ыстығы мен суығын, аязы мен ызғарын буы бұрқыраған жалаңаш жүрегімен қабылдады. Адам баласының бар қасіреті сол мейірбанды ұлы жүрекке қылқандай қадалып жатты. Осы арада тағы да: «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден» деген Абай зары еріксіз есіңе түседі.   Кешегі қазақ халқының көңілі ашық болса да көзі қараңғы заманында Достоевский Шоқанға «өз халқыңның көзі ашық жоқшысы бол» деп мәслихат беріп еді. Ол тегін айтылған сөз емес-ті. Ұлы жазушының өзі де жапа шеккендер мен қорлыққа түскендердің, кем-кетік пен қам көңілдің айнымас жоқшысы болып өтті. Оның өлмес мұрасы әлі күнге дейін адамгершілік пен гуманизмнің жарқын туын биік көтеріп, озбырлық пен өктемдікке, қиянат пен жалғандыққа қарсы күрес сапында келеді.   1971

 

ФЕДОР ДОСТОЕВСКИЙ

 

Жапа шеккендер мен қорлық

көргендердің жыршысы

 

Ол бір ұлы талант — күн сияқты — әлемге ортақ. Ол өзін туғызған ұлттық меншігінде қалмай, барша халықтың қазынасына айналады. Федор Михайлович Достоевский сондай талант иесі. Оның туғанына жүз елу жыл толған ұлы мерекесін бүкіл дүние жүзі халықтары асқан құрметпен атап жатқаны да соның айғағы. Әрине, күн ортақ, ай ортақ; озық ой ортақ, биік талант ортақ. Әйтсе де әр ұлы перзент өз халқына жақынырақ. Сонымен қоса, қайсыбір ірі тұлғалардың өмірлеріне өшпестей із қалдырған екінші мекені екінші жұрты болады. Ұлы Байрон үшін Греция, Лермонтов үшін Кавказ өмір сапарын түгесіп оққа ұшқан, топырақ тартқан қаралы жер ғана емес, екі алыптың өз таланттарына от берген екінші бір рухани отаны сияқты. Украин перзенті Тарас Шевченко өмірдің ең ауыр тақсіретін тартқан шер-шеменді жылдарын қазақ даласында өткізді, қазақ халқы ұлы кобзарьдың есімін қалайша ардақтағаны барша жұртқа аян. Бауырлас халықтардың бетке ұстар азаматтарын алаламай, аңдусыз құрметтейтін абзал салтымыз бар. Бірақ солардың ішінде, жоғарыда аталғандардай, тағдыр жолы әкеліп табыстырған адамдар сол елге ерекше ыстық, бір табан жақын болатыны даусыз. Қазақ халқы үшін дәл сондай ыстық, тонның ішкі бауындай адам Федор Михайлович Достоевский.

 

«Өлі үйі» аталған Омбының тар қапас түрмесінен шыққаннан кейін Достоевский Семейге келді. Онда патша заманындағы солдаттың қызметтің бар тақсіретін тартты. Одан кіші офицер дәрежесіне көтерілді. Бірақ Семей Достоевский үшін ауыр қызмет орны, азап мекені ғана болған жоқ. Түңілдірген жаман аурудан кейін беті бері қараған адамдай — ол өз өмірінің бірден-бір берік мақсатына — ұзақ жыл қол үзіп кеткен жазушылық еңбегіне қайтып оралды. «Степанчиково селосы мен оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» сияқты кейін әлемге әйгілі болған шығармаларын жазды. «Өлі үйіндегі жазылған жайттар» атты кітабының негізін де осы Семейде қағазға түсірген болатын Бұл кітаптың ұлы жазушы творчествосындағы орны ерекше. Жазушы бұл шығармасында Омбының тар қапас түрмесіне «Өлі үй» деген ат қойып, патша түрмесінің бар шындығын, ондағы бақытсыз жандардың аянышты халін, әділетсіз, қатігез сергелдеңге салған қоғамнан, қауымнан алыстап, адам санатынан шығарып тастаған тірі өліктердің не бір қилы тағдырларын, олардың естен кетпес характерлерін қанын сорғалатып, ып-ыстық күйінде жеткізген.

 

Осы Семей қаласында жазушы жүрегінде үлкен сезім тұтанып, талай сергелдеңнен өтіп барып, тұңғыш рет жар сүйді.

 

Он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында «Бейшаралар» романымен Ресейдің көзі ашық оқушы қауымының жүрегін тебірентіп, бірден жарқырап шыққан жас жазушы, «Ұлы Гогольдің мұрагері» атанып, озық қауымды үміткер еткен жазушы Петрашевский басқарған үйірмеге қатысқаны үшін өлім жазасына бұйырылды. Одан өлім жазасы каторгаға ауыстырылып, ол кездегі қиян шет қараңғы түкпір Омбы түрмесіне келіп түсті де суға батқан тастай үні шықпай жоқ боп кетті. Жарқ етіп сөнген таланттар аз ба! Оны өз елі ұмыта бастаған-ды. Міне сол кезде, Семей қаласында бұрынғы сөнген шырақ қайта тұтанды. Көрмегенін көріп, өмірдің ең қатал талқысынан шынығып, қайта түлеген Достоевский біздің қазақ топырағында жүргенде жазуын бастады. Өмірінің осы бір үлкен асуын, айрықша межесін жазушы еш уақытта да ұмытпай, есінде сақтап өткен болар деп ойлаймын. Ал, бүгінгі біз болсақ өз топырағымыздың Достоевский талантының қайта тұтануына куә болғанын мақтаныш етеміз. Әрине, Достоевскийді бізге ерекше жақын етіп тұрған оның біраз жылдық өмірінің Қазақстан жерінде өтуі ғана емес. Басынан-ақ ғаріп пенен ғасірдің жапа шеккендер мен қорлық көрген, зар кешкендердің жыршысы һәм жоқшысы болған жазушы патша отаршыларының тепкісіндегі қазақ халқының мұң-мұқтажын да жүрегімен сезді.Халық бойындағы таланттың қайнар бұлағын бітеп тұрған қараңғылықты да көре білді. Және сол қайнар бұлақтың ыршып атқан жалғыз сызат көзін де аңғарды. Оған таңырқады да, шын жүрегімен сүйсінді де.

 

Достоевский үшін қараңғы далада жалғыз шырақ боп жылтырап Шоқан көрінді.

 

Достоевский мен Шоқанның достығы... Бұл бір жағынан тарихқа белгілі талай-талай ірі азаматтардың достығына ұқсас та, екінші жағынан оларға ұқсамайтын, оқшау, ғажайып достық. Тағдыр Шоқан мен Достоевскийді ұзақ жылдар қатар жүргізіп, бір-біріне сыралғы қылып біте қайнастырған жоқ. Әуел баста, жаңылмасам, жалғыз рет Омбыда, содан кейін Семейде бірнеше мәрте, соңында Петербургте үзіп-жұлып қысқа кездесіп жүрді. Бірақ бір көргеннен өшпестей ғашық болған жырдағы жастардай — бұлар да алғашқы танысқаннан-ақ бір-біріне ықыласы қатты құлаған жандар. Алғашқы әсер, алғашқы сезім екеуін де алдамаған. Ұшырасқан сайын екеуінің бір-біріне деген достық пейілі, жақындық сезімі арта түскен. Ал, кездесу аралықтарындағы екеуінің бір-біріне жазған хаттары қандай! Сол сарғайған хат-қағаздар екі ер-азаматтың арасындағы айнымас достықты, айрықша бір пейілдестікті паш еткен жоқ па!? Тіпті мәдениеті биік адамдардың сезімін білдіруге қымсынып әзіл-оспаққа саятын жеңіл қалжыңында қанша жылылық, іштен тепсінген ықылас-мейір жатыр.

 

Бірақ Достоевский кейде өз сезімін ашық айтуға ұялмайды. «Неге екенін білмеймін, мен сені туған інімнен артық көремін», — дейді Шоқанға жазған бір хатында. Адам жанының ең терең де нәзік зерттеушісі өз сезіміне түсіне алмай қалыпты. «Неге екенін білмеймін...» Құдіретті сезім шынында да «Неге екенін» білгізбейді. Ойлап-толғауға, есепке салып өлшеуге келтірмей, топан суындай өн бойыңды басып кетеді. Соған қарағанда Достоевский мен Шоқан достығы — ой-пікірдің қабысуы, білім дәрежесінің теңдестігі, талғам табысуы ғана емес, әлдеқайда тереңде, рухани, адамгершілік тереңінде жатқан бір үндестік болу керек.

 

Кешегі кер замандағы түнек торлаған аспанында жарқ етіп сөнген жұлдызы, қыршын кеткен аяулы ғазиз жасы Шоқанның ең жақын досын қазақ халқы қалай құрмет тұтып қастерлемесін. Достоевскийдің көркем сөздегі данышпандығына барша халықтармен бірге құлдық ұра отырып, оны ерекше іні тартатын себептеріміздің тағы да бірі...

 

Оны басынан айталық. Он тоғызыншы ғасыр орыс әдебиеті үшін алтын ғасыр болғаны мәлім. Ескінің соңы Карамзин, Жуковский, жаңа дәуірдің басы Пушкин, Лермонтов, Гоголь. Одан әрі орыс әдебиетін алып арнаға салып кеңітіп әкеткен Тургенев, Толстой, Некрасов, Чеховтер жиырмасыншы ғасырдың басындағы Максим Горькийге ұласады. Осы суреткерлердің әрқайсысы бір дәуір, әдебиеттегі асқар белес. Міне осы алыптардың жуан ортасында Федор Достоевский тұр. Және осы күнге дейін дүние жүзі жазушылары еліктеуден, қызықтаудан танбайтын ғажайып құбылыс күйінде тұр.

 

Достоевский өзінің бір сөзінде: «Біз бәріміз де Гогольдің «Шинелінен шықтық», — деп еді. Осы сөздің екі алуан мағынасы бар сияқты. Біріншіден, Пушкинді жалғаған Гогольден орыс прозасының тамаша реалистік мектебі басталады. Орыс әдебиетінің кейінгі түлектері сол мектепті жедел дамытып, сыншыл реализмді шыңына жеткізді.

 

Ал, екіншіден десек, — Достоевский Гогольдің өзге шығармаларын қойып, «Шинельді» бекерге атап отырған жоқ. «Шинель» — Гоголь творчествосындағы оқшау тұрған жаңашыл шығарма. Батырлық, ерлікке толы «Тарас Бульбаны» жазған Гоголь «Шинельде» көзге ілінбейтін, елеусіз қалған кішкене, жұпыны пенденің тіршілігіне көз жүгіртті. Мүсәпір адамды шығарманың басты кейіпкері етіп шығарудан қорықпады. Бұл әдебиеттің қарапайым халыққа, көптің бірі атанған бейнетқорға бет бұруы, демократиялануының басы еді.

 

Гогольдің «шинелін» киіп», оның осы дәстүрін суытпай жалғап әкеткен Достоевский болды. Жазушының алғаш рет атын әйгілі еткен «Бейшаралар» («Бедные люди») романындағы Макар Девушкин «Шинельдегі» Акакий Акакиевичпен сыбайлас. Тағдырлары, қоғамдық жағдайлары жақын осы екі кейіпкер арасында айырма да жоқ емес. Достоевский Гоголь бастаған «кішкентай адам» тақырыбын әрі қарай дамытып әкетті. Бірақ «Шинельдегідей» кішкентай адамдардың аянышты халін мүсіркеп қана қоймай, олардың ішінде тұнып жатқан жан қазынасын, үлкен рухани қуатын, адамгершілік бұлағын аша білді.

 

Достоевскийдің осы қасиеті жайлы ойлағанда Абайдың бір өлеңі еріксіз есіме келеді.

 

Батырды айтсам, ел шауып

алған талап,

Қызды айтсам, қызықты

айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек

әңгіме үшін

Тыңдар ердің бір сөзін

мыңға балап.

 

Абайдың ойы Достоевскийдің жазушылық идеясымен үндесін жатыр. Салтыков пен Толстойды оқыған Абай сөз жоқ Достоевскийді де оқыған деп ойлаймыз. Болашақ ұлы жазушы Омбыдан Семейге келгенде Абай он төрт жасар шамасында о да Семейде Ахмет Ырзаның медресесінде оқып жүрген кезі. Со кезде-ақ жан-жағын бағдарлай бастаған болашақ ұлы ақын Достоевскиймен және қапысын тапса оған соқпай кетпейтін Шоқанмен кездесе алды ма, жоқ па?.. Ол жайлы бізде тарихи деректер жоқ.

 

Бірақ гәп онда емес сияқты. Жазушының бар өмірі, халыққа берері шығармасы десек — екі ұлы ойшылдың шығармаларынан тамырласып жатқан үндестік табамыз. Абай алысқан күштілер мен жуандардың әлсізге жасаған озбырлығы мен қиянатына қарсы Достоевский де алысып өтті. Қазақтың ұлы ақыны да орыстың осы ұлы жазушысы сияқты кем-кетік пен көңілдің жебеушісі болды.

 

Достоевскийдің жазушылық өнері жайлы дүние жүзінде талай жүз кітап жазылған. Бірақ барлық эстетикалық ләззатты, жан-жүрегіңді от пен суға салып тыпыршытатын әсер мен сезім мұхитын жазушының өз шығармалары ғана береді. Жастау кезімде «Қылмыс пен жазаны» оқып шығып біраз күн қиналғаным бар. Ұйықтап кетсем Раскольников сияқты кісі өлтіріп, қалай жалтарып құтылудың амалын таппай қиналам... Әрине, кейбір қорқынышты нәрселер түске кіретіні болады. Бірақ кісі өлтірген оқиғаның бәрі жұрттың түсіне кіре бермейді. Қазіргі батыстың қып-қызыл қырғын атыс пен кісі өліміне толы романдары мен кинолары да пәлендей әсер етпей ұмыт боп кете береді. Достоевскийдің күші адамды өлтіру процесін суреттеуінде емес, Раскольниковты қинаған әр күйзелісін сұмдық терең және өткір етіп бере білуінде болса керек. Оқушының түсіне кіретін де сол күйзеліс болар.

 

Достоевский шығармалары, оның философиясы жайлы дүние жүзі жүз жыл бойы жазып, айтысып келеді. Ол айтыс әлі тоқтаған да жоқ. Демек Достоевский шығармаларының ыстығы әлі суымаған. Жоғарыдағы аталған «Қылмыс пен жаза» романында жазушы Раскольников образы, Раскольников тағдыры арқылы озбырлық пен өктемдікке, адамның адамға үстемдік құруына күйрете соққы береді. Раскольниковтың кемпірді өлтіруі өзін өлтірумен тең боп шығады. Сол арқылы ол өз бойындағы адамгершілікті өлтіреді. Өзгелер үшін өзін құрбан етіп, басып қорлыққа байлаған Соня Мармеладованың идеологиясы жеңіп шығады. Әрине, Достоевский геройларының жеңісі шығарманың бетінде емес, тереңінде. Өйткені ол іс-харекет жеңісі емес, адамгершіліктің, гуманизмнің жеңісі.

 

Ұлы таланттың қолынан аталғандардан басқа да «Егілгендер мен езілгендер», «Ағайынды Қарамазовтар», «Жындар», «Жас өспірім» т. б. әйгілі шығармалар туды.

 

Жазушы шығармаларының бізді әлі күнге дейін тебірентіп, толқытатын негізгі бір арқауы — мейірім. Оның адам баласына деген мейірбандығында шек жоқ. Осы өлшеусіз, кейде тіпті, талғаусыз мейірбандық оны әділетсіз қоғамды революциялық жолмен өзгертуге қарсы болуға дейін апарғаны мәлім. Достоевский көзқарасындағы қайшылықтар оның өз басының меншігі болса, Достоевский шығармаларындағы тамаша қазыналар халықтікі. Ұлы гуманист дүниенің барлық ыстығы мен суығын, аязы мен ызғарын буы бұрқыраған жалаңаш жүрегімен қабылдады. Адам баласының бар қасіреті сол мейірбанды ұлы жүрекке қылқандай қадалып жатты. Осы арада тағы да: «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден» деген Абай зары еріксіз есіңе түседі.

 

Кешегі қазақ халқының көңілі ашық болса да көзі қараңғы заманында Достоевский Шоқанға «өз халқыңның көзі ашық жоқшысы бол» деп мәслихат беріп еді. Ол тегін айтылған сөз емес-ті. Ұлы жазушының өзі де жапа шеккендер мен қорлыққа түскендердің, кем-кетік пен қам көңілдің айнымас жоқшысы болып өтті. Оның өлмес мұрасы әлі күнге дейін адамгершілік пен гуманизмнің жарқын туын биік көтеріп, озбырлық пен өктемдікке, қиянат пен жалғандыққа қарсы күрес сапында келеді.

 

1971