Қандастар Ассамблея

Сырбай Мәуленов

21.11.2014 34994
СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ Халықтық қасиет

 

СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ

 

Халықтық қасиет

 

Совет жазушыларының екінші съезіне қазақ әдебиеті өзінің өскелең бағытында елеулі табыстармен келмек. Соңғы жиырма-отыз жылда қазақ әдебиетінің проза, драматургия сияқты басты жанрлар алғашқы пайда болу дәуірінен қарыштап өсіп, әдебиетіміздің үлкен келелі саласына айналды. Қазақ әдебиетінде бұрыннан өріс алған поэзия жанры да осы уақыттың ішінде жаңа белестерге шығып, зор ілгерілегені мәлім. Жазушылар съезінің алдында әдебиетіміздің әр жанрындағы жеткен табыстарымыз да,өсуге бөгет болып келген кемшіліктеріміз де творчестволық жолмен кең талқыға түсуге тиісті. Сонымен бірге, съезд алдында жеке ақын-жазушылардың өсу жолдары, жеке кітаптары да кеңінен талқыланғаны жөн.

 

Біз сөз еткелі отырған «Жолдас» атты өлеңдер жинағының авторы Сырбай Мәуленов — соңғы жылдары қазақ әдебиетінде өнімді еңбек етіп келе жатқан ақындардың бірі. С. Мәуленовтің соғыстан кейінгі шыққан кітаптары қазақ поэзиясының кейбір табыстары мен кемшіліктерін аңғартады. Қазақ әдебиетінде елеулі шығармалар жазған, оқушыларға аты мәлім ақындар аз емес. Олардың көбінің-ақ әдебиетте өзіндік орны, әрқайсысының өз стилін танытарлық даусы бар. С. Мәуленов поэзиясының да өзгеге ұқсамас ерекше сыры, ажары бар. Бірақ біз оның соңғы өлеңдерін сөз еткенде жалпы қазақ поэзиясына тән көз қуантарлық табыстарын, қынжылтар кемшіліктерін аңғарамыз. Сондықтан да осы жинақпен байланысты біздің поэзиямызға, көптеген ақындарымызға ортақ мәселелерді қозғай кетуді жөн көрдік.

 

Біздің байқауымызша, С. Мәуленов поэзиясының өзгеден дара қасиеті оның эпикалық күшінде, өлеңдегі халық поэзиясына тән тегеуірінді жігерінде сияқты. Осы қасиет ақынның адам сезіміне арналған алғашқы көзге «нәзік» көрінетін лирикаларынан да байқалады.

 

Аңсадың, ғой, білем, мені

Алыс жүрген кездерімде,

Жасырсаң да сағынышың

Жазулы тұр көздеріңде.

 

Міне, махаббатқа арналған осы бір шумақ өлеңде әрі нәзік сезім, әрі толқынды қайрат жатыр. Мұндай өлеңдерден ақынның сыры ғана емес, сонымен бірге өлеңінің мінезі де танылады. Соңғы кезде поэзия туралы сөз қозғағанда өлең мінезіне жеткілікті көңіл бөлмей жүрміз. Кейбір ақынды өзгелерге ұқсатпайтын, ол ақынның көңіл күйін, ой түкпірін танытып қана қоймай, сонымен бірге, оның жырларының мінезін ашатын нағыз поэзиялық сырлар болады. Өлеңге ерекше ажар беретін де, қасиетін танытатын да осы сыр.

 

Өлеңіммен жылды қуып құйғытып,

Мен келемін өткен күнге өкінбей.

Жаңа жылда, жаңа жырлар тұр күтіп

Календардың қол тимеген бетіндей.

 

Осы шумақтағы ақын тапқан образ жаңалығын былай қойғанда, өлеңнің екпіні, қызуы, жалынды сөздердің орынды қиысуы ақын даусының айрықшалығын танытып тұр.

 

С. Мәуленов жырындағы тағы бір қасиет: ақын халық байлығын, халық мұрасын өте орынды пайдаланады. Ол өз жырын халық өлеңіне әдейі ұқсатқысы келмейді, ел аузындағы сөздерді жинап өлең қиыстыруға тырыспайды. Көп жырларында халық өлеңінің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, өз көңілінде қорытып, айтар сөзінің әшекейі айшықсыз, қарапайымдығымен-ақ ойды тербететін дәрежеге көтереді. Жинақтағы «Бастай» деген өлең тосын көзге жай жеңіл жазыла салынған сияқты. Бірақ бұл өлеңде халық өлеңінің қарапайымдылық, үндік, тілге орамды қасиеттері өте айқын сезіледі. Өлеңнің оқығанда тілге жеңіл, еркін есіп отыратыны да осы пікірге айғақ.

 

Балалықтың бірге өтті

Жақсы күні, жақсы айы.

Болдың бізге құрметті,

Бал мінезді Батсайы.

 

Осы сияқты өлеңдер С. Мәуленов жинағында аз емес, олар ақынды орыс әдебиетіндегі Исаковский, Твардовский традицияларына жақындатады. Екі мәселені ескерткіміз келеді. Орыс әдебиетінің үлгілі ақындарынан үйренгенде біздің сыншыларымыз көбіне сыртқы жалаң еліктеуді, кейде тіпті сюжет ұқсастығын, образ ұқсастықтарын көре қойып, соны мақтауға ыңғайлы тұрады. Шын мағынасындағы үйрену олай болмасқа керек. Ақынның жақсы дәстүрді қуалауы, яғни әрпін емес рухын меңгере білуі керек. Егер М. Исаковский, А. Твардовский өлеңдері орыс поэзиясының халықтық қасиетін, жай толқытар терең сырын, әсем сазын табиғи түрде бойына сіңірсе, қазақ ақыны да қазақтың халық поэзиясындағы асыл қасиеттерді бойына сіңіре білуі керек — сонда ғана өз поэзиясындағы халықтық жағын тереңдете түспек.

 

Екіншіден, жасыратыны жоқ, көптеген қазақ ақындары халық поэзиясына ұқсастықты ар көреді. Фольклордан ат-тонын ала қашады. Мұның бәрі үстірт ойдан туған нәрсе. Шынында да біздің советтік поэзиямыздың мұнарлы бір көзі оның халық поэзиясына жақындығында. Бұл пікіріміз поэзиядағы жаңалыққа қарсы ұғынылмасқа тиіс. Әр түрлі жақсы ақындардың көп болуы шарт. Ал, солардың кейбіреулерінің өлеңдерінде халық жырының сарыны басым болса, ол айып емес.

 

Халық жырына табиғи жақындық С. Мәуленов өлеңіне ерекше сипат, ажар береді. Поэзиясының пафосын күшейтіп, жарқын бейне, тегеуірінді қайрат береді.

 

Соңғы төрт-бес жылдың ішінде қазақ әдебиетінде, әдеби сынымызда өлеңді сюжетке, нақтылы фактінің төңірегіне құру туралы көп сөз болып жүр. Бұл көтерілген мәселелер қазақ поэзиясына елеулі пайдасын тигізді. Орынсыз шарықтауға, айқайлы пафосқа құрылған, пікірі бұлдыр өлеңдер орынды сыналды. Бірақ көп ақындарымыз нақтылы өлең жазуға тырысып, поэзияның қанатын қысқартып алған сияқты. Поэзияның міндеті мен прозаның міндетін шатастыруға болмайды. Поэзияның қашанда көлемі шағын, ол аз сөзбен ойды түйіп тастайды, оның образдылық жүйесі де бөлек. Поэзияда әрбір кішкентай фактіден оқушыны толғантарлық терең қорытынды шығаруға тиіс. Жалынды пафос, асқақ ойлар, толғаулар, өткенге, болашаққа ой жүгірту поэзиясының үлесі. Ал, кейбір жеке фактілерге құрылған шағын көріністерді ғана бере алатын екпіні бәсең, қадамы тар, дәрменсіз өлеңдер поэзиямызды жоғарыда айтылған қасиеттерден біраз жүдетіп тастады. Осы арнаға Сырбай да соға кеткен сияқты. Ақынның соңғы жинағында «Суы осы Нұраның» деген өлең бар. Бұл өлеңде ақынды шахтер үйіне шақырғаны, шахтер үйінің баспалдағы көп екені, шахтер әйелінің есік ашқаны айтылады. Ал, өлеңдегі айтайын деген барлық ойын С. Мәуленов былай түйеді:

 

Баста керек жол қатты,

Қалдым бір кез су сұрап.

Салқын суды саулатты

Кранды ағай бір бұрап.

Орнынан ол тұрып

Деді: «Шырақ бұлағың

Өз үйінде отырып

Су ішеді Нұрадан».

 

Ақын бұл өлеңінде не айтпақ, оқушыға қандай ой тастамақ болған? Тек шахтер үйіне су өткізілгенін хабарламақ болса, оған бола өлең жазудың қажеті қанша? Үйге су трубасының өткізілуі біздің оқушыларымыз үшін таң қаларлық жаңалық болып па? Қарт шахтердің — көпті көрген совет адамының ақын аңғарарлық, поэзия тілінде жанып көрінерлік абзал қасиеттері қайда? Ол бұл өлеңнен табылмайды. Сондықтан да өлең поэзиялық қасиетінен айрылып, газет бетіндегі хроника дәрежесінде қалған. Жинақта мұндай өлең аз болғанмен біздің шұқшия тоқталып отырған себебіміз: соңғы кезде кейбір ақындарымыз, әсіресе жас ақындарымыз өлеңді өмір туралы жазуды осылай тар түсініп, тым «нақтылы» өлеңдерге құмартыңқырап жүр. Ал, мұндай тақырып тарлығы, ой жүдеулігі, өлең қанатсыздығы кейде кездесін қалғанмен де негізінен Сырбай поэзиясына тән емес. Оның ақындық бетін көрсететін де бұл өлеңдер емес. Ақынның негізгі қасиеті, ой-өрісінің кеңдігі, поэзиясының терең сыры, айырықша көркі мынадай өлеңдерінен көрінеді.

 

«Жаңа бақыт жыл құсы

Келеді әні жыл басы, —

Жас ананың тұңғышы

Жас сәбидің құрдасы,

Ашылмаған кендердің

Ашуға тас-темірін,

Айтылмаған ерлердің

Жырлауға жас өмірін.

Үлпілдеген жас бұлттан

Жаңа жауған қары бар,

Көрісуге асыққан

Келе жатыр январь.

 

Міне, бұл өлеңнен еркін шабыт, алғыр қиял танылады, жанды жадырата жайдары леп еседі. Поэтикалық образға бөленген ой сезіледі.

 

Ұсақ өлеңдердің ерекше бір қасиеті: ақын ойының лирикалық герой арқылы, көбінесе өз атынан сөйлейді, нәрсеге өз қатынасын, өз көзқарасын, өз сезімін толғайды. Өз атынан сөйлеу, «мен» деп айту сәтті шыққан жағдайда ақын жырын оқушыға жақындата түседі. Ал, сәтсіз болса, оқушы ақын пікірін, ақын сезімін қабылдамайды. Біздің әдебиет сынымызда соңғы кезге дейін лирикалық геройға тиісті баға берілмей келді. Ақын қандай нәрсені өз атынан жазу керек, қай жерде «мен» деп айту керек деген таластар да жоқ емес. Егер де ақын «мен» деп айтса, өз атынан сөйлесе, өз сезімін айтса, тар шеңберде қалып қояды, жеке бастың сезімін жырлайды деген пікірлер де бар. Меніңше, «ақынның қандай нәрсені өз атынан айтуы керек?» деген талас болмасқа тиіс. Өлеңнің тар шеңберде қалып қоюы, не болмаса өлең маңызының терең болуы ақынның өз атынан көптің сезімін бере білуінде. Өз басына жақын, өз басының сезімін қайғы-қуанышын жырласа да, немесе көпке ортақ саяси мәселелерді жырласа да тар шеңберде қалып қоюға болады. Ал, кейде жеке бастың қайғысын не қуанышын жырлауда, көпке ортақ тіл, көптің көңіліне жол табуға болады. Мысалы, осы жинағындағы Сырбай Мәуленовтің «Ұлыма», «Әкеме» деген өлеңдері жеке бастағы, ақынның өз басындағы жағдайда құрылған сияқты. Ақын өз қайғысын, өз қуанышын жырлай отырып, көптің көңілін толғантар ой тастаған.

 

Көз жұмдың былтырғы өткен апрельде

Табытың түсірілді тақыр жерге.

Жастықтың жалынымен бір жалғасып

Ұзарған кәрі өмірің жатыр менде.

 

Мұнда ақын өз әкесін көпке ортақ әке етуге, не болмаса әркімнің басында ондай жағдайдың боларын айтуға тырыспайды, алдыңғы екі жолда өлеңдегі оқиға өз басында болғанын нақтылы анық айтады. Осы жеке адамның қайғысы оның болашаққа сенімі әшекейсіз, бірақ көркем берілгендіктен өлеңдегі сезімді оқушының жүрегіне жақын етеді.

 

Сырбай Мәуленов поэзиясының біз байқаған негізгі қасиеттері осындай. «Жолдас» ақынның бесінші кітабы. Сондықтан да бұл кітаптағы кемшіліктер мен жетістіктер ақын жолын анығырақ аңғартатын сияқты. Жинақта саяси лирикалар елеулі орын алады. Мәуленов әдебиетке алғаш келген күнінен бастап саяси лирикаға бой ұрған ақын. Бұл жинақтағы «Ауыр күнде», «Келе жатыр январь», «23-нші февраль», «Бақытты біздің балалық»,»Украина» атты өлеңдер сәтті шыққан. Мұнда ақын әр өлеңде жаңа образ тың ойлар айтқан. Саяси жырды жүрекпен толқып шыққан лирикалық сезіммен шебер ұштастыра білген. Бірақ бұл жанрда әлі де ақын көп ізденуі керек сияқты. «Сенің даңқың», «Бастаушымыз партия», «Ант» өлеңдері әлсіз шыққан. Бұл өлеңдерде соны пікір, тың образдар жоқтың қасы. Ақын көпке мәлім, айтылып жүрген шындықты поэзиялық бейнеге бөлмей, біркелкі ұйқастырып қана шыққан. Саяси лирика жазу өте ауыр, құрметті. Ол ақыннан еліміздің өміріндегі әрбір үлкен оқиғаға терең тұрғыдан қарап, оны бейнелеуге соны образдар табуды талап етеді.

 

Жалпы жинақтағы кейбір өлеңдер ақын мүмкіншілігінен төмен шыққан, кейде С. Мәуленовтің өлең формасына салақ қарайтыны да байқалады. Мысалы: «Білмеймін аты-жөніңді» деген өлең кейбір сәтті жолдарына қарамастан, әлі бітпеген, образы бір жүйеге түсіп ойы қорытылмаған. Мұндағы үш шумақ бір-бірін заңды өрбітіп, қабысып тұрмайды. Әрқайсысы әр ойдың ұштығын көрсетіп, әр өлеңнен алынған шумақтарға ұқсайды. «Грецияға», «Қара көз», «Аманкелді» колхозында» деген өлеңдер де жеңіл қалқынды жазылған. Ақын ойының тереңінен емес, бер жағындағы тайызынан шыққан. Ысылған ақынның мұндай өлеңдерді жинаққа кіргізуі орынсыз болған.

 

Қазақ поэзиясында соңғы жылдары шабан тартқан жанр поэма. Соңғы он шақты жылдың ішінде оқушылар қабылдаған сәтті поэмалардың саны аз. Поэма жазуға Мәуленов та біраздан талаптанып жүр. «Жолдас» жинағына ақынның үш поэмасы кірген. Бұдан бұрын да үш-төрт ұсақ поэмасы басылған. Бірақ С. Мәуленов поэма жанрын меңгере алмай жүр. Осы жинақтағы «Секретарь», «Бір күн, бір түн» поэмалары нашар жазылған. Бұл екі поэмада ақын совет адамдарының ерлік еңбегін суреттемек болады. Бірақ жеке ұсақ оқиғалардың төңірегінен шыға алмай, жырының тынысын тарылтып алған. «Секретарь» поэмасында обком секретары Әлімовтің еткен еңбегі сөз болады. Бірақ ақын партия қызметкерінің образын аша алмаған. Поэмада Әлімовтің ішкі дүниесі мен, асқақ ой-арманымен, қуаныш-күйінішімен таныса алмаймыз. Ақын парторгтың күнделікті жұмысын шабытсыз тізе берген. Үлкен пафосқа көтеріле алмай, жеке детальдермен образ жасамақ болып сәтсіздікке ұшыраған.

 

«Жол жаман боп келеді,

Алпысқа бір қоя алмай,

Әйтпесе осы жерлерде

Орғыр еді қояндай».

Секретарь қалды ұғып

Шофердің бұл арманын.

Түзеуге жазға қалдырып,

Ойлады бір сәт жол қамын.

 

Бұл екі шумақтың көркемдігі онша мықты болмағанмен, секретарь мінезіндегі бір қасиетті аңғартып кетеді. Бірақ бұл жеке деталь ғана. Мұндай детальдер образ жасай алмай, тек образды толықтыруы ғана мүмкін. Ал, секретарьдың образында үлкен арна, тұтас жота жоқ. Оның бұдан арғы әрекеті былай беріледі:

 

Секретарь бюрода

Шешпек болды бұл істі.

Содан кейін біржола

Ойы — бастау жұмысты.

...Мал қорасын салалық

Бұл колхозда тұрақты.

Деген сөзге қадалып

Жұрт пікірін ұнатты.

...Сіздерге келдім оқуға

Бір лекция кешкілік.

Бұл ұсыныс мақұл ма? —

— Бәрекелде! — десті жұрт...

 

Мінекей Әлімовтің барлық іс-әрекеті осындай жүдеу сөздермен статистикалық түрде баяндала берді. Поэманың көркемдік жағы да нашар. Ақын барлық шеберлігінен, сөз байлығынан айырылып қалған сияқты. «Бір күн бір түн» поэмасы да осы дәрежеде шыққан.

 

Бұл поэмалардың сәтсіз шығу себебі неде? Әрине, көлемінің аздығынан емес, өйткені Сырбай — аз өлеңде көп нәрсе айта алатын ақын. Сөз жоқ, ақын жазып отырған ойын жете зерттемеген. Геройларының өміріне тереңдеп кірмеген. Поэма жазғанда алдына анық мақсат қоя алмаған сияқты. Оқушыға нені айтамын, совет адамының қандай жаңашыл қасиетін тыңнан ашып, қандай ой саламын деген сұрақты шешіп алмаған. Тек жеке фактілерді алып содан поэма құрастырып шығуға тырысқан сияқты. Бұл поэмалардың сәтсіздігін Сырбайдың сюжет құруда шеберлігі аздығынан көруге де болмайды. Өйткені сюжетті қарапайым «Өлмес өмір» поэмасын ақын әсерлі, күшті шығарған. Біздіңше, ақынның сәтсіздікке ұшырауының және бір себебі: ол ойында пісіп, әбден толғантқан, айтпасқа шыдамайтын нәрсені жазбай, жаңа ғана ұштығы көрініп келе жатқан, көңілде сараланып болмаған нәрсені айтуға асыққан.

 

Жинақтағы үшінші поэма—«Өлмес өмір». Бұл көлемі шағын болғанмен әсерлі үлкен отты сөздермен жазылған. Ақынның оң жамбасына келіп қалған поэма осы. Мұнда поэманың геройы — Фучиктің бар өмірі бастан-аяқ баяндалмай, ақын чехословак халқының ер ұлының басындағы ең бір қиын, шешуші кезеңін алып, соны жыр етеді. Осы қиын кезеңдегі Фучик басындағы асыл қасиетті аз ғана сөзбен шебер ашқан. Поэмада Фучик өз халқына, Коммунистік партияға деген жалынды зор махаббаты, халқына өлмес ерлігі, кесек ірі мінезі, қайыспас ерлігі, терең ойы терең суреттелген.

 

Тұрды оның әлі талай алдында сын,

Көтеріп төсегінен алды басын.

Арманы құлшындырған алға сүйреп,

Ұстады қолға отты қарындашын.

Жep мен көк қарауытты күйінгендей

Сезгендей тұтқын жанның күйін нендей.

Арманын толғай берді, толғай берді,

Түйіліп ойға батып түк үндемей.

 

Поэманың көркемдік жағы да шебер шыққан. Мұнда ақынның жалынды пафосы, сөз байлығы, өлең еркіндігі молынан танылады. Егер де жоғарыда біз сөз еткен «Секретарь» поэмасында пейзаж:

 

Ескі ауылдың жұртына

Болған талай инағаш.

Қалып жатыр қылтия

Қаздия өскен жиде ағаш, —

 

деген суреті нашар, құнарсыз сөздермен берілсе, ақын «Өлмес өмір» поэмасында гестапоның тас түрмесін шебер суреттеп қана қоймай, жай суреттің өзіне Фучиктің ызасын, түрменің сұсын сыйғызып жібереді.

 

Ызғары мүмкін емес шешінгендей,

Жері жоқ аяқты да көсілгендей

Бір жанып, бір сөнеді сықсима шам

Біржола үмітіңді өшіргендей.

 

Мәуленов поэзиясының жақсылық жағы мен кемшіліктері осындай. Ақын жырының жақсы үлгісі қазақ поэзиясына ортақ болса, оның кемшіліктері де көп ақындарымызға тән. Ақын қазір өсу, іздену жолында. Осы жолда өз поэзиясындағы кемшіліктерден арылып, жақсысын жетілтіп, ілгерілей беруіне тілектеспіз.

 

1954