Қандастар Ассамблея

Қасым Аманжолов

08.12.2012 7501
  ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ   Ақын мінезі   Қасым өзінің бір өлеңінде:   Өлеңім менің; бөбегім, Өзіме тартқан секілді, —   деген еді. Ақын жырларын қайта-қайта оқығанда, жатталып қалған көп жолдарын еске түсіргенде осы сөздің растығына көзім жеткендей болады. Шын жазушы өз шығармасында ақыл-ойын, көрген-білгенін, өмірден түйгенін сарқып беретін болса, сонымен бірге сол шығармада өз мінезін де аңғартады. Автордың бар болмысы көрінеді. Қасым өлеңдерінде автордың мінезі әсіресе айқын байқалатын. «Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға», «Көкшетау», «Елге хат» сияқты толып жатқан өлеңдерінен ер жүрек өжет адамның ерлігі өсіп тұрса, «Туған ел» сияқты өлеңдерден дархан еркіндікті сезесіз. «Күлемін де жылаймын», «Өзім туралы» деген өлеңдерден терең толғанатын ойшыл мінез танысаңыз, «Ралиға жауап», «Ағайға» деген өлеңдерін оқығанда мейірімі мол, жанашыр, аса бауырмал жанмен сырласқандай боласыз. Ақжарқын, әзілқой, ойнақы жырлары және көп. Осының бәрі кешегі өзімізбен бірге жүрген сырлас досымыз Қасымның бойында бар мінездер еді.   Қасыммен 1947 жылы жас жазушылардың мәслихатында таныстым да 1948 жылы әскерден босанып Алматыға келген соң ақын өмірінің соңына дейін жұп жазбай дос болдық. Осы жылдардағы талай шығармаларының қалай туғанына куә болдым. Көп өлеңдерінің тұңғыш тыңдаушысы да болып едім. Әрине, жиі араласып, бірге жүргендіктен оның көп мінездері үйреншікті болып, біраз жайттарды елемеген де сияқтымын. Дегенмен уақыт елегінен өтіп, екшеліп қалған ақын өмірінің елестерінен естелік жазбақ ойым бар. Әзірге Қасым мінезінің бір ғана қырын — оның адал, мәймөңкесіз тура кісі болғанын аңғартатын бір-екі эпизодты айтқым келеді.   Алматыға келген алғашқы жылдары Қасыммен көрші тұрдық. Екеуміз күнбе-күн кездесіп тұратынбыз. 1949 жылы «Жастар дауысы» деген атпен жас ақындардың ортақ жинағы шықты.   Сонымен ішінде менің де өлеңдерім бар еді. Қасым сол өлеңдерім жөнінде маған ешнәрсе айтпаған-ды. Бір күні көшеде келе жатып маған:   — Тахауи, мен саған бір сөз айтайын, — деді. — Жуырда «Социалистік Қазақстанда» «Жастар даусы» туралы менің мақалам шығады. Сен менімен дос болғандықтан жылы сөз дәметіп өз атыңды іздейсің ғой, сол мақаладан. Бірақ сен одан өз атыңды таба алмайсың. Мен сенің өлеңдерің туралы еш нәрсе айтқаным жоқ.   — Ендеше өзіме айт пікіріңді, Қасеке, — дедім мен.   — Соны өзіңе айтайын деп келе жатырмын ғой. Сенің өлеңдеріңде ой бар, әп-әдемі пікір де бар, — деп Қасекең аз емеусіретіп алды да сөз аяғын қатайтып жіберді. — Бірақ сөздерің оралымсыз. Еркін төгіліп тұрмайды. Өлең табиғаты музыкадай сыңғырлап, құйылып тұрған ұшқыр сөзді қалайды.   — Сонда, Қасеке, өлеңде ой болмау керек пе, — дедім мен, шамасы сасқаным болу керек.   — Ойдың көкесі өлеңде болады, бала. Ойың қанша терең болса, соншалық тілге жеңіл болу керек. Жұрт тамсанып, бірден жаттап алғандай болсын. Өлеңде екі сөздің арасынан ұшқын шашырап тұрсын. Олай болмаса сөздің қиыспағаны.   Қасекең содан кейін иығымнан құшақтады да өзінің жайдары күлкісімен жымия қарап:   — Асылы сен өлеңді қойғаның дұрыс. Басқа жанрға ауыс, — деді.   «Сен ренжіме», «көңіліңе ауыр алма» деп мені жұбатқан жоқ. Қасым мәймөңкені білмеуші еді. Шындықты көзге бақырайтып айтатын да, көтере алмаса «жасық неме» екен ғой деп ондай адамнан түңіліп кететін.   Қасымның осы сөзінен кейін мен өлең жазып әлек болмадым. Қазір әдебиетке көз жібере отырып: он бес-жиырма жыл бойы өлеңнің де, өзінің де мазасын кетіріп, одан-бұдан сөз құрастырып татымсыз жинақ шығарып жүрген ақындық дарымаған жандарды көріп: «Апырмай, осыларға дер кезінде ақыл айтушы болмады ма екен, әлде айтқан ақылды тыңдамады ма екен» деп қайран болам.   Қасым соңына ерген жастардан адалдық, шындыққа келгенде қатал болуды талап ететін. Өлеңінің не өзінің мінін тура айтсаң көңіліне ауыр алмайтын. Менің бір сөзім Қасекеңе ауыр тигені әлі есімде. Жазушылар одағында, сол 1949 жылы, бір жас ақынның шығармасын талқыладық. Балалық, болу керек, мен ол шығарманы ыстықтай қауып, құлап түстім. «Керемет жаңалық» деп бой бермедім. Қасым, Ғали сияқты ақындар сол шығарманы салқын қарсы алды. Біраз сын айтты. Мен оларға қарсы дау айта келіп: «Бұл жаңалық болғандықтан сіздерге түсініксіз болуы мүмкін. Белинский айтқан: Державинге табынушылар Пушкин жаңа шыққанда оған қарсы болады. Өйткені олардың рухани өмірі Державин шығармасына байланысты еді, ал Пушкин шығармасының салтанаты оларға рухани өлім сияқты еді деген. Мен мұны жаңалықты түсіну қиын деген мағынада айтып тұрмын», — дедім. Аяғын қанша жұмсартқанмен аңдамай ауыр сөз айтыппын.   Қасым менің сөзіме қарсы пікірлерін дәлелдей келіп, сөз аяғында «біздің рухани өміріміз әлі ұзақ болу керек. Сен байқамай айтқан боларсың», — деп ескертіп кетті.   Мәжілістен екеуміз бірге қайттық. Бірақ Қасым өзге біреу болса кек тұтып кететін әлгі сөзді елеген жоқ. Жол бойы да, кейін де «сен солай деп едің-ау» деген сөз аузынан шыққан емес.   Аңғырттық, білместігіңе кешірімі мол Қасым жалған сөйлеп жалтарғаныңды еш уақытта кешірмейтін. Бір-бірінің жауырын жаба тоқитын жалған достық оның жанына жат еді. Қасымның талант иелерін танып, талай жас талапқа көмек берген ұстаз екені мәлім. Ақын өлеңді ғана емес, адамды жақсы танитын. «Қасекелеп» елпілдеп келген талай жарамсақтарды бойына дарытпады. Бір ғажабы солардың шикілігін бірден білетін. Өйткені ол жалған нәрсені бірден сезіп, тез тіксініп қалушы еді.   Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр.   1964  

 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

 

Ақын мінезі

 

Қасым өзінің бір өлеңінде:

 

Өлеңім менің; бөбегім,

Өзіме тартқан секілді, —

 

деген еді. Ақын жырларын қайта-қайта оқығанда, жатталып қалған көп жолдарын еске түсіргенде осы сөздің растығына көзім жеткендей болады. Шын жазушы өз шығармасында ақыл-ойын, көрген-білгенін, өмірден түйгенін сарқып беретін болса, сонымен бірге сол шығармада өз мінезін де аңғартады. Автордың бар болмысы көрінеді. Қасым өлеңдерінде автордың мінезі әсіресе айқын байқалатын. «Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға», «Көкшетау», «Елге хат» сияқты толып жатқан өлеңдерінен ер жүрек өжет адамның ерлігі өсіп тұрса, «Туған ел» сияқты өлеңдерден дархан еркіндікті сезесіз. «Күлемін де жылаймын», «Өзім туралы» деген өлеңдерден терең толғанатын ойшыл мінез танысаңыз, «Ралиға жауап», «Ағайға» деген өлеңдерін оқығанда мейірімі мол, жанашыр, аса бауырмал жанмен сырласқандай боласыз. Ақжарқын, әзілқой, ойнақы жырлары және көп. Осының бәрі кешегі өзімізбен бірге жүрген сырлас досымыз Қасымның бойында бар мінездер еді.

 

Қасыммен 1947 жылы жас жазушылардың мәслихатында таныстым да 1948 жылы әскерден босанып Алматыға келген соң ақын өмірінің соңына дейін жұп жазбай дос болдық. Осы жылдардағы талай шығармаларының қалай туғанына куә болдым. Көп өлеңдерінің тұңғыш тыңдаушысы да болып едім. Әрине, жиі араласып, бірге жүргендіктен оның көп мінездері үйреншікті болып, біраз жайттарды елемеген де сияқтымын. Дегенмен уақыт елегінен өтіп, екшеліп қалған ақын өмірінің елестерінен естелік жазбақ ойым бар. Әзірге Қасым мінезінің бір ғана қырын — оның адал, мәймөңкесіз тура кісі болғанын аңғартатын бір-екі эпизодты айтқым келеді.

 

Алматыға келген алғашқы жылдары Қасыммен көрші тұрдық. Екеуміз күнбе-күн кездесіп тұратынбыз. 1949 жылы «Жастар дауысы» деген атпен жас ақындардың ортақ жинағы шықты.

 

Сонымен ішінде менің де өлеңдерім бар еді. Қасым сол өлеңдерім жөнінде маған ешнәрсе айтпаған-ды. Бір күні көшеде келе жатып маған:

 

— Тахауи, мен саған бір сөз айтайын, — деді. — Жуырда «Социалистік Қазақстанда» «Жастар даусы» туралы менің мақалам шығады. Сен менімен дос болғандықтан жылы сөз дәметіп өз атыңды іздейсің ғой, сол мақаладан. Бірақ сен одан өз атыңды таба алмайсың. Мен сенің өлеңдерің туралы еш нәрсе айтқаным жоқ.

 

— Ендеше өзіме айт пікіріңді, Қасеке, — дедім мен.

 

— Соны өзіңе айтайын деп келе жатырмын ғой. Сенің өлеңдеріңде ой бар, әп-әдемі пікір де бар, — деп Қасекең аз емеусіретіп алды да сөз аяғын қатайтып жіберді. — Бірақ сөздерің оралымсыз. Еркін төгіліп тұрмайды. Өлең табиғаты музыкадай сыңғырлап, құйылып тұрған ұшқыр сөзді қалайды.

 

— Сонда, Қасеке, өлеңде ой болмау керек пе, — дедім мен, шамасы сасқаным болу керек.

 

— Ойдың көкесі өлеңде болады, бала. Ойың қанша терең болса, соншалық тілге жеңіл болу керек. Жұрт тамсанып, бірден жаттап алғандай болсын. Өлеңде екі сөздің арасынан ұшқын шашырап тұрсын. Олай болмаса сөздің қиыспағаны.

 

Қасекең содан кейін иығымнан құшақтады да өзінің жайдары күлкісімен жымия қарап:

 

— Асылы сен өлеңді қойғаның дұрыс. Басқа жанрға ауыс, — деді.

 

«Сен ренжіме», «көңіліңе ауыр алма» деп мені жұбатқан жоқ. Қасым мәймөңкені білмеуші еді. Шындықты көзге бақырайтып айтатын да, көтере алмаса «жасық неме» екен ғой деп ондай адамнан түңіліп кететін.

 

Қасымның осы сөзінен кейін мен өлең жазып әлек болмадым. Қазір әдебиетке көз жібере отырып: он бес-жиырма жыл бойы өлеңнің де, өзінің де мазасын кетіріп, одан-бұдан сөз құрастырып татымсыз жинақ шығарып жүрген ақындық дарымаған жандарды көріп: «Апырмай, осыларға дер кезінде ақыл айтушы болмады ма екен, әлде айтқан ақылды тыңдамады ма екен» деп қайран болам.

 

Қасым соңына ерген жастардан адалдық, шындыққа келгенде қатал болуды талап ететін. Өлеңінің не өзінің мінін тура айтсаң көңіліне ауыр алмайтын. Менің бір сөзім Қасекеңе ауыр тигені әлі есімде. Жазушылар одағында, сол 1949 жылы, бір жас ақынның шығармасын талқыладық. Балалық, болу керек, мен ол шығарманы ыстықтай қауып, құлап түстім. «Керемет жаңалық» деп бой бермедім. Қасым, Ғали сияқты ақындар сол шығарманы салқын қарсы алды. Біраз сын айтты. Мен оларға қарсы дау айта келіп: «Бұл жаңалық болғандықтан сіздерге түсініксіз болуы мүмкін. Белинский айтқан: Державинге табынушылар Пушкин жаңа шыққанда оған қарсы болады. Өйткені олардың рухани өмірі Державин шығармасына байланысты еді, ал Пушкин шығармасының салтанаты оларға рухани өлім сияқты еді деген. Мен мұны жаңалықты түсіну қиын деген мағынада айтып тұрмын», — дедім. Аяғын қанша жұмсартқанмен аңдамай ауыр сөз айтыппын.

 

Қасым менің сөзіме қарсы пікірлерін дәлелдей келіп, сөз аяғында «біздің рухани өміріміз әлі ұзақ болу керек. Сен байқамай айтқан боларсың», — деп ескертіп кетті.

 

Мәжілістен екеуміз бірге қайттық. Бірақ Қасым өзге біреу болса кек тұтып кететін әлгі сөзді елеген жоқ. Жол бойы да, кейін де «сен солай деп едің-ау» деген сөз аузынан шыққан емес.

 

Аңғырттық, білместігіңе кешірімі мол Қасым жалған сөйлеп жалтарғаныңды еш уақытта кешірмейтін. Бір-бірінің жауырын жаба тоқитын жалған достық оның жанына жат еді. Қасымның талант иелерін танып, талай жас талапқа көмек берген ұстаз екені мәлім. Ақын өлеңді ғана емес, адамды жақсы танитын. «Қасекелеп» елпілдеп келген талай жарамсақтарды бойына дарытпады. Бір ғажабы солардың шикілігін бірден білетін. Өйткені ол жалған нәрсені бірден сезіп, тез тіксініп қалушы еді.

 

Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр.

 

1964

 

Ұқсас материалдар