Қандастар Ассамблея

АЛЫСТАН ЖЕТКЕН АҚИҚАТ

08.12.2012 2291
Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің туғанына 500 жыл толуына орай Тараз қаласында өткен жиындағы сөз Қадірлі қауым! Мәртебелі жиын! Қоғамымыздың рухани өміріндегі аса бір айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Атын бүгінде әлем білетін Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің мүшелді жылы өз елінде алғаш рет аталып отыр. Бұл – Әбу Нәсір әл-Фарабидің мыңжылдық салтанатынан кейінгі екінші бір ерекше жағдай. Бақсақ, ғасырлар бойы өз байлығымыздың қызығын өзіміз көре алмай келіппіз. Өз қазынамыздан өзіміз қол үзіп қалыппыз. Өз жақсымызды ағалаудың орнына кей ретте кісі ағасын көбірек жағалап кетіппіз. Сүйтіп, өзімізді өзіміз жете білмейтін, жете танымайтын жағдайға жетіппіз. Бұл – тек отаршылдық саясаттың ғана емес, сол қалыптастырған бодандық сананың өрескелдігі еді. Ұлы тарихшының аты мен мұрасының дәл осы көзде өз топырағына оралуы – бір жағынан оның «сап күміс те, қорғасын да, құйма таза алтын да ақыр түбі түспей қоймас әу бастағы қалпынан деген сөзінің растығын дәлелдесе, екінші жағынан «болар істің басына жақсы келер қасына» дегеннің нағыз үлгісі болып табылады. Өйткені, біздің жас тәуелсіздігімізді біреулер тарихи әділеттің қалпына келуі деп қабылдап, қуанып жүрсе, екінші біреулер жер астынан жік шыққандай, екі құлағы тік шыққандай көріп, қуарып жүр. Әр қилы астамшылдық қисыншылары әлі де аумақтық тұтастығымызға, мемлекеттілігіміздің тарихи негізділігіне, тәуелсіздігіміздің келешегіне күмән туғызуға тырысып бағуда. Ондай шоқылдарды шамшылдықпен емес, тарихи дерекпен, ғылыми дәйекпен тойтара аламыз. Бұл мәселеде отандық тарихнамамызға Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих – и Рашидиінің» алатын орны айырықша зор. Кейде ол ұлттық тарихи санамыздағы алапат жыртыққа жапсыратын жалғыз жамауымыздай болып елестейді. Көлемі жағынан соншалық қомақты емес бұл еңбек сонау Шыңғыс хан тұсынан қазақ хандығына дейінгі екі аралықтағы тарихи тағдырымыздың талай астарын ашып бере алады. Өйтетіні: ол ежелгі замандарда шығысқа қарай скиф, сармат, масагет, сақ, арыс, ас болып шашырай қоныстанын, кейін ғұн, үйсін, қаңлы, түркеш, түрік, оғыз, қыпшақ, монғол болып шығыстан батысқа қарай қайта ағылған көшпелі тайпалардың жолындағы соқпай өте алмайтындай құйқалы құнарлы өлкедегі шытырман оқиғалардың барысын баяндайды. Сол оқиғалардың қақ ортасында жүріп қана қоймай, олардың қалай өрістеуіне тікелей ықпал ете алған саяси топтың өз көзқарасын білдіреді. Сол арқылы бір кезде екі құрлықты бірдей қаусырып жатқан алып империялардың неге күйреп, оның орнында өз тәуелсіздігін көксеген ұлттық мемлекеттердің қалай пайда болатынын ашып береді. Ондай құрылымдардың қайткенде құлпырып, қайткенде құлдырайтынын нақты мысалдармен деректейді. Біз үшін бұл еңбектегі қазақ хандығының қалыптасу кезеңінің деректері қандай бағалы болса, сонымен қабаттаса өрбіп жатқан Алтын Орда, Дешті Қыпшақ, Шағатай Ұлысы, Моғолстан мемлекеттерінің құлдырауы мен құлауының егжей-тегжейлері де сондай бағалы. Олай болатыны – өткеннен өнеге іздегеннен гөрі тағлым іздеген тиімдірек. Тарих мақтану үшін емес, сақтану үшін керегірек. Әйтпесе, бұрынғылардың талай жерде маңдайларына соғылған сойқан жартастарға соқтықпай өтуге жетілмесек, бағзыдағылар кешкен базды қайта кешіп, олар киген таз телпекті біз де киюіміз әбден мүмкін. Бұл арада басын ашып айтатын мәселе: Мырза Мұхамед Хайдар Дулати құлпыру емес, құлдырау заманының куәгері болды. Жошы, Өгедей, Шағатай ұлыстарының тоғысында туып өсіп, өмір сүрген ол бұл үш ұлыстағы ғана емес, бір кезде Шыңғыс әулеті билік жүргізген барлық аймақтардағы ахуалдан жеткілікті хабардар болды. Оның үстіне, ол туып-өскен өлке – осы бір жаппай ыдыраудың ең күшті байқалған эпицентрінің бірі еді. Бұл мәселеде, әсіресе, сонау Шыңғыс заманынан Шығыс және Күнгей Жетісуға – Маңлай сүбеге ұлысбектікті атадан балаға мұра етіп келген Бабдаған, Ұратөба, Төлек, Болатшы, Құдайдат, Саид Ахмад, Мухамед шах, Саид Әли, Мұхамед Хусейіндердің үзілмеген желісін тікелей жалғастырған ұлы тарихшының өз тәжірибесінен ортаға салары тіптен мол еді. Ол аз болса, бір кезде отырықшы үрдіс пен көшпелі үрдіс бетпе-бет астасқан Шағатай ұлысының Маверенахр мен Моғолстанға бөлініп кетуіне бірден бір себепші болған айбынды әулеттен туып-өскен саясатшы хандық биліктің әбден ыдырап, феодалдық үстемдіктің бел ала бастаған кезеңін бастан кешті. Оның аталасы, Болатшы бабасының туған інісі, Шу, Талас өңірінің билеушісі, әйгілі әмір Қамар ад Дин Моғолстанда хан билігін құлату, Ақсақ Темірдің дала уәлаяттарына басып кіруін тойтару, ол үшін Ақ ордадағы Орысханмен, Алтын ордадағы Тоқтамыс ханмен одақтасып, көшпелі түркі тайпаларын біріктіріп, өз алдына мемлекет құру жолында күресті. Сол пиғыл Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тұсында күшейе түспесе, еш әлсіреген жоқ еді. Осындай екі ұдай заманда өмір сүрген ұлы тарихшы бөліне жарылушылықты емес мемлекеттік тұтастықты, орталық билікті әлсіретуді емес күшейтуді жақтады. Ол үшін мұсылманшылық пен отырықшылыққа сүйенуге шақырды. Оның бұл көзқарасы Дешті Қыпшақ, Моғолстандағы ахуалды да, жаңа қалыптасып жатқан қазақ хандығындағы жағдайды талдағанда да анық байқалады. Керей мен Жәнібектің Жетісуға ауып келуін, олардың балаларының билікшілік қызметін, әсіресе Қасым ханның ақылын, адамгершілігін, көрегендігін байыпты көрсеткен Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің қазақтармен болған шайқастарда Сұлтан Махмудтың жеңілістеріне апшып, Алаша хан аталған Сұлтан Ахмед пен Рәшид сұлтандардың жеңістеріне масаттануында да осындай сыр жатырғанды. Бұл бір жағынан Моғолстан билеушілеріне туған жиен, бір жағынан Маверенахр билеушісіне туған бөле болып табылатын тарихшының өз тегіне іш тартуынан емес, мемлекет табиғаты мен даму келешегіне деген өзіндік көзқарасынан өрбіп жатқан байлам еді. Ол елдің ел болып кетуінің алғы шарты – өз мемлекеттілігін нығайтып, оның бөліне жарылуына жол бермейтін күшті орталықтандырылған билік пен біріктіргіш қағидаларға мойын ұсынып, тұрақты ырзық айыру мен жаппай еңбекті қамтамасыз ете алатын отырықшы экономикамен шұғылдану деп түсінді. Оған ғалымның аталмыш еңбегіндегі пайымдаулары ғана емес, жеке басының одан арғы өмір жолы да толық дәлел бола алғандай. Моғолстан құлағаннан кейін ондағы тайпалардың бір парасы қазақ хандығына кірсе, бір парасы қырғыз халқын құрағаны, бір парасы Маверенахрда қалып, бүгінгі өзбек ұлтын қалыптастыруға атсалысқаны, бір парасы Үндістан ауып, Ұлы Моғол мемлекетін жасақтауға үлес қосқаны белгілі. Мырза Мұхамед Хайдар Дулати осы соңғы топтан табылды. Бұл ол үшін тек тағдырдың ісі ғана емес, саналы түрде жасалған салауатты таңдау сияқты. Кашмирді билеген кездегі саясаты да соны айғақтайтындай. Біз тарихты бізден бұрын не болып, кімдер өткенін білуге үшін ғана емес, ең алдымен, олардың қайсынан қандай өнеге, қандай тағлым ала алатындығымызды анықтау үшін зерттейміз. Бұл тұрғыдан келгенде, айтулы бабамыздың әлгіндей көзқарасының қисынсыз еместігін мойындауға мәжбүрміз. Халқымыздың одан бергідегі талайлы тағдыры бұған көзімізді әбден жеткізгендей болды. Мемлекеті болмай тұрып, қай халықтық да көгеріп, көркейе алмайтындығын, ол үшін үйреншікті үрдісінің емес, замана ағымының, адамзаттық даму көшінің айтқанына көбірек құлақ асу керектігін дәлелдеп берді. Ал, ұлы тарихшының келтірген деректерін пайымдасақ, мемлекетті билік пен байлыққа таласқан әлеуметтік өркөкіректік әлсіретеді екен. Билікке ұмытылғандардың құқайы билігі барлардың шамшылдығына ұласып, саяси текетірес ахуалды асқындырады екен. Ондай желікке берілген қауымдар жерінің байлығын, халқының қасиетін текке рәсуә етіп, барған сайын шиеленісе түсетін шетін оқиғалардың құрбандығына айналып, тіпті құрып кету қаупіне ұшырауы да ғажап емес екен. Ондай келеңсіздіктен біржолата арылатындай кезеңге енді жегіп отырмыз. Ол үшін өз мүддемізді өзіміз жүзеге асыра алатындай өз саяси кеңістігімізді, өз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Мұндай тарихи жауапкершілікті жете сезінуіміз үшін өткен жолдарымыздың тауқыметті тағлымдарын жетік білмегіміз шарт. Біз үшін сондай ұлағат ұсына алар ұлы ұстазымыздың михнатты еңбегі мен қиғылықты тағдырына тағзым ете отырып, артына қалдырған асыл мұрасын жаңа қоғам, жаңа ұрпаққа жан-жақты зерттеп-зерделеп беретін ғылыми қауымның бүгінгі жиыны мен алда тұрған асқаралы жұмыстарына үлкен табыс тілейміз. Рахмет! Шілде, 1999 жыл.  

Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің туғанына 500 жыл толуына
орай Тараз қаласында өткен жиындағы сөз

Қадірлі қауым!

Мәртебелі жиын!

Қоғамымыздың рухани өміріндегі аса бір айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Атын бүгінде әлем білетін Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің мүшелді жылы өз елінде алғаш рет аталып отыр. Бұл – Әбу Нәсір әл-Фарабидің мыңжылдық салтанатынан кейінгі екінші бір ерекше жағдай.

Бақсақ, ғасырлар бойы өз байлығымыздың қызығын өзіміз көре алмай келіппіз. Өз қазынамыздан өзіміз қол үзіп қалыппыз. Өз жақсымызды ағалаудың орнына кей ретте кісі ағасын көбірек жағалап кетіппіз. Сүйтіп, өзімізді өзіміз жете білмейтін, жете танымайтын жағдайға жетіппіз. Бұл – тек отаршылдық саясаттың ғана емес, сол қалыптастырған бодандық сананың өрескелдігі еді.

Ұлы тарихшының аты мен мұрасының дәл осы көзде өз топырағына оралуы – бір жағынан оның «сап күміс те, қорғасын да, құйма таза алтын да ақыр түбі түспей қоймас әу бастағы қалпынан деген сөзінің растығын дәлелдесе, екінші жағынан «болар істің басына жақсы келер қасына» дегеннің нағыз үлгісі болып табылады.

Өйткені, біздің жас тәуелсіздігімізді біреулер тарихи әділеттің қалпына келуі деп қабылдап, қуанып жүрсе, екінші біреулер жер астынан жік шыққандай, екі құлағы тік шыққандай көріп, қуарып жүр.

Әр қилы астамшылдық қисыншылары әлі де аумақтық тұтастығымызға, мемлекеттілігіміздің тарихи негізділігіне, тәуелсіздігіміздің келешегіне күмән туғызуға тырысып бағуда.

Ондай шоқылдарды шамшылдықпен емес, тарихи дерекпен, ғылыми дәйекпен тойтара аламыз.

Бұл мәселеде отандық тарихнамамызға Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих – и Рашидиінің» алатын орны айырықша зор. Кейде ол ұлттық тарихи санамыздағы алапат жыртыққа жапсыратын жалғыз жамауымыздай болып елестейді. Көлемі жағынан соншалық қомақты емес бұл еңбек сонау Шыңғыс хан тұсынан қазақ хандығына дейінгі екі аралықтағы тарихи тағдырымыздың талай астарын ашып бере алады.

Өйтетіні: ол ежелгі замандарда шығысқа қарай скиф, сармат, масагет, сақ, арыс, ас болып шашырай қоныстанын, кейін ғұн, үйсін, қаңлы, түркеш, түрік, оғыз, қыпшақ, монғол болып шығыстан батысқа қарай қайта ағылған көшпелі тайпалардың жолындағы соқпай өте алмайтындай құйқалы құнарлы өлкедегі шытырман оқиғалардың барысын баяндайды. Сол оқиғалардың қақ ортасында жүріп қана қоймай, олардың қалай өрістеуіне тікелей ықпал ете алған саяси топтың өз көзқарасын білдіреді. Сол арқылы бір кезде екі құрлықты бірдей қаусырып жатқан алып империялардың неге күйреп, оның орнында өз тәуелсіздігін көксеген ұлттық мемлекеттердің қалай пайда болатынын ашып береді.

Ондай құрылымдардың қайткенде құлпырып, қайткенде құлдырайтынын нақты мысалдармен деректейді.

Біз үшін бұл еңбектегі қазақ хандығының қалыптасу кезеңінің деректері қандай бағалы болса, сонымен қабаттаса өрбіп жатқан Алтын Орда, Дешті Қыпшақ, Шағатай Ұлысы, Моғолстан мемлекеттерінің құлдырауы мен құлауының егжей-тегжейлері де сондай бағалы.

Олай болатыны – өткеннен өнеге іздегеннен гөрі тағлым іздеген тиімдірек. Тарих мақтану үшін емес, сақтану үшін керегірек. Әйтпесе, бұрынғылардың талай жерде маңдайларына соғылған сойқан жартастарға соқтықпай өтуге жетілмесек, бағзыдағылар кешкен базды қайта кешіп, олар киген таз телпекті біз де киюіміз әбден мүмкін.

Бұл арада басын ашып айтатын мәселе: Мырза Мұхамед Хайдар Дулати құлпыру емес, құлдырау заманының куәгері болды. Жошы, Өгедей, Шағатай ұлыстарының тоғысында туып өсіп, өмір сүрген ол бұл үш ұлыстағы ғана емес, бір кезде Шыңғыс әулеті билік жүргізген барлық аймақтардағы ахуалдан жеткілікті хабардар болды. Оның үстіне, ол туып-өскен өлке – осы бір жаппай ыдыраудың ең күшті байқалған эпицентрінің бірі еді. Бұл мәселеде, әсіресе, сонау Шыңғыс заманынан Шығыс және Күнгей

Жетісуға – Маңлай сүбеге ұлысбектікті атадан балаға мұра етіп келген Бабдаған, Ұратөба, Төлек, Болатшы, Құдайдат, Саид Ахмад, Мухамед шах, Саид Әли, Мұхамед Хусейіндердің үзілмеген желісін тікелей жалғастырған ұлы тарихшының өз тәжірибесінен ортаға салары тіптен мол еді. Ол аз болса, бір кезде отырықшы үрдіс пен көшпелі үрдіс бетпе-бет астасқан Шағатай ұлысының Маверенахр мен Моғолстанға бөлініп кетуіне бірден бір себепші болған айбынды әулеттен туып-өскен саясатшы хандық биліктің әбден ыдырап, феодалдық үстемдіктің бел ала бастаған кезеңін бастан кешті. Оның аталасы, Болатшы бабасының туған інісі, Шу, Талас өңірінің билеушісі, әйгілі әмір Қамар ад Дин Моғолстанда хан билігін құлату, Ақсақ Темірдің дала уәлаяттарына басып кіруін тойтару, ол үшін Ақ ордадағы Орысханмен, Алтын ордадағы Тоқтамыс ханмен одақтасып, көшпелі түркі тайпаларын біріктіріп, өз алдына мемлекет құру жолында күресті. Сол пиғыл Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тұсында күшейе түспесе, еш әлсіреген жоқ еді. Осындай екі ұдай заманда өмір сүрген ұлы тарихшы бөліне жарылушылықты емес мемлекеттік тұтастықты, орталық билікті әлсіретуді емес күшейтуді жақтады. Ол үшін мұсылманшылық пен отырықшылыққа сүйенуге шақырды. Оның бұл көзқарасы Дешті Қыпшақ, Моғолстандағы ахуалды да, жаңа қалыптасып жатқан қазақ хандығындағы жағдайды талдағанда да анық байқалады. Керей мен Жәнібектің Жетісуға ауып келуін, олардың балаларының билікшілік қызметін, әсіресе Қасым ханның ақылын, адамгершілігін, көрегендігін байыпты көрсеткен Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің қазақтармен болған шайқастарда Сұлтан Махмудтың жеңілістеріне апшып, Алаша хан аталған Сұлтан Ахмед пен Рәшид сұлтандардың жеңістеріне масаттануында да осындай сыр жатырғанды. Бұл бір жағынан Моғолстан билеушілеріне туған жиен, бір жағынан Маверенахр билеушісіне туған бөле болып табылатын тарихшының өз тегіне іш тартуынан емес, мемлекет табиғаты мен даму келешегіне деген өзіндік көзқарасынан өрбіп жатқан байлам еді. Ол елдің ел болып кетуінің алғы шарты – өз мемлекеттілігін нығайтып, оның бөліне жарылуына жол бермейтін күшті орталықтандырылған билік пен біріктіргіш қағидаларға мойын ұсынып, тұрақты ырзық айыру мен жаппай еңбекті қамтамасыз ете алатын отырықшы экономикамен шұғылдану деп түсінді. Оған ғалымның аталмыш еңбегіндегі пайымдаулары ғана емес, жеке басының одан арғы өмір жолы да толық дәлел бола алғандай. Моғолстан құлағаннан кейін ондағы тайпалардың бір парасы қазақ хандығына кірсе, бір парасы қырғыз халқын құрағаны, бір парасы Маверенахрда қалып, бүгінгі өзбек ұлтын қалыптастыруға атсалысқаны, бір парасы Үндістан ауып, Ұлы Моғол мемлекетін жасақтауға үлес қосқаны белгілі. Мырза Мұхамед Хайдар Дулати осы соңғы топтан табылды. Бұл ол үшін тек тағдырдың ісі ғана емес, саналы түрде жасалған салауатты таңдау сияқты. Кашмирді билеген кездегі саясаты да соны айғақтайтындай.

Біз тарихты бізден бұрын не болып, кімдер өткенін білуге үшін ғана емес, ең алдымен, олардың қайсынан қандай өнеге, қандай тағлым ала алатындығымызды анықтау үшін зерттейміз.

Бұл тұрғыдан келгенде, айтулы бабамыздың әлгіндей көзқарасының қисынсыз еместігін мойындауға мәжбүрміз. Халқымыздың одан бергідегі талайлы тағдыры бұған көзімізді әбден жеткізгендей болды. Мемлекеті болмай тұрып, қай халықтық да көгеріп, көркейе алмайтындығын, ол үшін үйреншікті үрдісінің емес, замана ағымының, адамзаттық даму көшінің айтқанына көбірек құлақ асу керектігін дәлелдеп берді.

Ал, ұлы тарихшының келтірген деректерін пайымдасақ, мемлекетті билік пен байлыққа таласқан әлеуметтік өркөкіректік әлсіретеді екен. Билікке ұмытылғандардың құқайы билігі барлардың шамшылдығына ұласып, саяси текетірес ахуалды асқындырады екен. Ондай желікке берілген қауымдар жерінің байлығын, халқының қасиетін текке рәсуә етіп, барған сайын шиеленісе түсетін шетін оқиғалардың құрбандығына айналып, тіпті құрып кету қаупіне ұшырауы да ғажап емес екен.

Ондай келеңсіздіктен біржолата арылатындай кезеңге енді жегіп отырмыз. Ол үшін өз мүддемізді өзіміз жүзеге асыра алатындай өз саяси кеңістігімізді, өз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет.

Мұндай тарихи жауапкершілікті жете сезінуіміз үшін өткен жолдарымыздың тауқыметті тағлымдарын жетік білмегіміз шарт.

Біз үшін сондай ұлағат ұсына алар ұлы ұстазымыздың михнатты еңбегі мен қиғылықты тағдырына тағзым ете отырып, артына қалдырған асыл мұрасын жаңа қоғам, жаңа ұрпаққа жан-жақты зерттеп-зерделеп беретін ғылыми қауымның бүгінгі жиыны мен алда тұрған асқаралы жұмыстарына үлкен табыс тілейміз.

Рахмет!

Шілде, 1999 жыл.
 

Ұқсас материалдар